№1 мәселе шешімін таппақ

668

0

Қазіргі күнімізді сусыз, жарықсыз, қыстың күні жылусыз елестету мүмкін емес. Ал ең бірінші кезектегі қажеттілікте мәселе туындаса, ол дереу шешімін табуы тиіс. Әйтпесе, тіршілікте кедергі болып, жұмыс тоқтап қалады.

Күннің қатты ысуына байланысты бірер күн шамасында «КРЭК» АҚ компаниясының қосалқы станциясында 35 кВ әуе желісінде жүктеме тоғының күрт көбейді, сымдар қызып, үзілу салдарынан қаланың бірқатар бөлігінде жарық сөніп, ауызсу да ақпай қалды. Тасбөгет, Сәулет, Бәйтерек, Шанхай шағын аудандарында уақытша электр жарығын беру тоқтатылды.

Тұрғындар үшін қолайсыздық тудырған жағдайға байланысты облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

–    Мархабат Жайымбетұлы, кейінгі кездегі аптап ыстық қала халқын әбіржіткені рас. Күн райының қатты ысуынан электр сымдары қызып, жарық болмады. Дамыған заманда электр энергиясыз тіршілік жоқ. Шамалы уақытқа орын алған апаттық жағдай онсыз да қатты ыстықтан шаршаған тұрғындардың шамына тигенін де жасыра алмаймыз. Осы саланың маманы ретінде жағдайды қалай түсіндіресіз?

–    Қаладағы электр желілерінің қолданылғанына 50-60  жыл болған, әбден тозығы жеткен. Жүктемесі екі есеге көбейгендіктен, 370 Амперге жеткенде спираль секілді қатты қызады. Соның әсерінен «КРЭК» АҚ компаниясының қосалқы станциясында ақаулар орын алды. Л-31 деген 35 кВ желіде сым үзілді. Салдарынан 5-6 сағатқа дейін жарық болмады. Қаланың біраз бөлігі, жарықсыз, сусыз қалды. Мұның себеп-салдарына тоқталайын. 2018 жылдан бері қосалқы станцияларды жөндеуге жоба-сметалық құжаттары дайындалып, былтыр республикадан қаржы әкеліп, 4 млрд 800 млн теңгеге жұмыс істелуі тиіс болатын. Конкурстан ұтып алған басқа аймақтың мекемесі өз міндеттемесін орындамай, яғни жұмысты атқармай жөндеу жасамады. Биыл біз ол мекемені сотқа беріп, бөлінген 462 млн теңге авансты қайтаруға жұмыс жасап жатырмыз. Былтыр қосалқы станцияларға жөндеу жүргізілгенде мұндай қолайсыздық орын алмас еді. Осы орайда облыс әкімінің шешімімен шұғыл түрде 500 млн теңге қаржы бөлінетін болады. «Силикатная», «Промышленная»,  «Комсомол»   қосалқы станцияларына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, алдағы қысқа кіреміз деген ойымыз бар. Айта кету керек, қазір жүктеме 2-3 есеге артты. Бұрын қажетті энергия 100 көпқабатты тұрғын үйге есептелген болса, қазір қосалқы станцияларға 200-300 үй қосылып отыр.

Қарапайым мысалмен түсіндірер болсақ, 5 келілік целлофан қалтаға 10-15 келі зат салғанда ол үзілмей ме? Бұл да сол секілді жағдай. Бәйтерек аумағын қамтитын Л-32 электр желісі үзіліп, оны жөндедік. Ертесіне тағы да үзілді. Бізде  түскі сағат 14.00 мен 18.00, кешкі 20.00 мен 23.00 аралығында жүктеме артады. Түскі уақытта кондиционер, кешке жарық қосылғанда жүктеме көбейеді. 

Айтылып өткен қондырғылар мен электр желілерінің тозығы 70%, іске қосылған уақыты осыдан 50-60 жыл бұрын. Сондықтан бірінші кезекте қосалқы станцияларды қайтадан жөндеп, қысқа әзір болуымыз керек.

– «Қыстың қамын жазда ойла» деген тәмсіл бар халық даналығында. Алдағы жылу беру маусымына әзірлік қандай?

–    Қысқа дайындықты бастау үшін үлкен жоспарымыз бар. КРЭК мекемесінің өз қаражаты есебінен және  жоғарыда айтып кеткендей, облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, қосалқы станциялар мен желілерді жөндесек, қысқа дайынбыз. Бір-екі жыл ішінде жоспардағы жұмыстарды орындай алсақ, қалаға үздіксіз электр энергиясын беруге болады.

–    Бұл ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы ма? Толығымен жөндеуге қанша қаражат қажет?

–    Біз Үкімет деңгейінде де, министрлікке де бұл мәселені айтып келеміз. Төрт қосалқы станцияны жөндеуге 4 млрд 800 млн теңге бөлінген болатын. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Қала бойынша барлығын жаңарту үшін бізге 9 млрд теңгеге жуық қаражат керек. Аудандардағы жағдай да мүлдем сын көтермейді, барлығының тозығы жетіп тұр. Қазір біз сотқа берген мекеменің ісі қаралуда. Оған берілген 462 млн теңгені қайтаруымыз керек. Содан кейін қайтадан конкурс жариялап, жергілікті тәжірибелі мекемелер ұтып, сапалы жөндеу жұмыстарын атқарады деген ойдамыз.

– Аймақтағы жалғыз жылу-электр орталығының тозығы жеткендіктен, жаңа жылу-электр орталығын уақытылы салу – маңызды мәселелердің бірі. Осыған байланысты тез арада инвестор тарту қажеттігін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың өңірге сапары кезінде мәселе етіп көтерген болатын. Бұл мәселе қалай шешілуде?

–    Облыста 215 млрд теңгеге 240 мегаватт қуаты бар жаңа жылу электр орталығын салу алдағы жоспардың еншісінде. Қазір айта кету керек, конкурстың конверттері ашылды. Кім бағаны төмендетіп береді. Сол жылу-электр орталығын салады. Қазіргі таңда 2 инвестор конкурсқа қатысуға рұқсатын алып, 13 шілдеде жеңімпаз анықталады. Біздің осындай қуанышты хабарымыз бар.

–    Оның құрылысы қашан басталмақ?

– Биыл жоба-сметалық құжаттары дайындалып болса, ол кем дегенде 5-6 ай уақыт алады. Келер жылдың басында басталады деген ойдамыз. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін салып болу межесі бар.

–    Бұл қаланы толық жарықпен қамтамасыз ете ала ма?

–    Жаңа жылу орталығының қуаты 240 мегаватт құрайды. Облысты толығымен жарықпен қамтамасыз етуге қауқары жетеді. Өйткені бүгінге облыс 150 мегаватт қуат тұтынса, оның ішінде қала 80 мегаватт электр энергиясын тұтынуда. Бұл жоспар іске асса, алдағы 40-50 жылға электр энергиясынан мәселе туындамайды. Біз де үлкен шаруа атқарылды деп ауыз толтырып айта аламыз.

–    Жаңа жылу электр орталығы іске қосылса, қаладағы көпқабатты үйлерге ыстық су беріле ме?

–    Сол жағалаудағы 30 шақты көпқабатты тұрғын үйге пилоттық жоба ретінде жасау жоспарда бар.  Біз бұл мәселені салыстырмалы түрде де қарастырамыз. Мәселен, тұрғындар үшін орталықтандырылған ыстық су арзан ба, әлде өз үйіне орнатылған аристон құрылғысымен жылитын су ма? Біраз елдің тәжірибесін көрдік.  Оңтүстік Кореяның әр пәтерінде су жылытқыш құрал қойылған. Оларға сол тиімді, үнемді екен.

–    Жарық сөнгенде ауызсу да тоқтап қалды. Неліктен?

–    Бас су тоғанында екі  жерде су тоқтады. Соған орай мәселе орын алды. Бір жерде жарық сөнгенде екіншісінде де сөніп қалады. Өйткені қорғаныш  құрылғысы жоқ. Болашақта 2-3 жақтан электр энергиясы тартылса, жарық сөнсе 10-15 секундқа ғана үзіліс болады. Жарықтың сөнуіне байланысты ауызсу да уақытша  ақпай қалды.

–    «Су жүйесі» мекемесінің жұмысына қадағалау жасап отырасыздар ма? Судың сапасы, оның қысымы дегендей…

–    Бұл да – өте өзекті мәселе. Қала бойынша қажеттілік 105 мың текше метр. Ал адам басына тәуліктік қажеттілік 140 литрді құрайды. Бұл халықаралық норма болып есептеледі. Қалаға қажетті ауызсуды қыста толықтай жерасты су көздері скважиналардан аламыз. Ал жаз айларында халық бау-бақша суаруға пайдаланатындықтан, ауызсу көлемі өседі. Осыған сәйкес қазірдің өзінде 32 мың текше метрін Сырдариядан,  70 мыңын скважиналардан аламыз. Туындаған мәселелер аяқсудың болмауынан  орын алды. Сонымен қатар дайын 30 скважинаға насостар сатып алынады. Бұдан басқа осы жылы аяқсу бойынша 31 скважина қаздырудамыз. Әсіресе шет аймақтарға, арығы жоқ жерлерге апарамыз. Келер күзге дейін осы мәселелерді шешеміз деген ойдамыз. Қорыта келе, болашақта 140 мың текше метрге дейін су тұтынуын қамтамасыз ету үшін скважина санын 146-ға дейін жеткізуіміз қажет.

– Қаржысы қалай шешілмек?

– Жалпы біздің есебіміз бойынша тәулігіне қалаға қажетті 140 мың текше метр ауызсу беру үшін 4,5 млрд теңге ақша керек. Сол жағалау аймағынан «Тораңғылсай» жерасты су кен орнын да зерттеп, ол жақтан тәулігіне 47 мың текше метрден астам су алуға болатынын анықтап отырмыз. Сондықтан осы қажетті қаржыларды республикадан берілетін трансферттері арқылы қарастырып, келер жылдың бюджетіне кіргіземіз деген үміт бар. Қазір аяқсумен қамтамасыз ету қалада 40-45 процентті құрайды. Оны 70-80-ге жеткізсек, үлкен жұмыс жасалған болар еді.

– Осы айтылған жұмыстардың нәтижесін халық қашан көреді?

– Биыл күзге дейін аталған мәселенің 55-60 процентін шешеміз деп отырмыз. Республикадан  қаржы бөлінсе, ауызсу, аяқсу жайы да жақсарады.

Сұхбаттасқан

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<