Айтбай Жандарбеков, Шиелі ауданының әкімі: «Әрбір жетістік – ел бірлігінің жемісі»

134

0

Фото: Шиелі ауданы

Жері шұрайлы, елі шырайлы Сырдың қасиетті өңірінің бірі – Шиелі. Қарт Қаратау мен Сырдария өзені аралығын ен жайлаған киелі өлкенің қай кезде де ынтымағы мен берекесі тасыған. Халқы ертеден ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, егін және мал шаруашылығымен айналысып, жарқын жетістікке жетіп келеді. Сонымен қатар кейінгі кезде Шиелі өндіріс пен өнеркәсіп жағынан да өзге аудандардан көш ілгері. Республика бойынша санаулы жерде ғана бой көтерген цемент зауытының біреуі ауданда орналасуы – үлкен жетістік. Жалпы шырайлы өлкеде шынайы еңбектің нәтижесі ерекше көрінеді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік маңызы бар ауданның бүгінгі ахуалы, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы білу үшін аудан әкімі Айтбай Жандарбековпен арнайы жүздесіп, сұхбаттасқан едік.

– Айтбай Насриддинұлы, аудан әкімі қызметіне келге­ніңізге жыл толған жоқ. Бірақ қызметтік баспалдағыңызға қарасақ, осы жермен байла­нысты екен, яғни, ауданда түр­лі қызметтер атқардыңыз. Демек,  бұл жердің ой-шұқы­ры, қыр-сырына әбден қа­нық­­сыз, өзекті мәселеле­рімен де жақсы таныссыз деп ойлай­мыз. Сіз келгелі аудан бюд­жетінде өсім бар ма? Эконо­микалық ахуалы қандай?

– Ауданымызға қош кел­діңіз! «Сыр бойы» газетінің об­лысымызда, оның ішінде біздің өңіріміз үшін де орны ерекше. Өйткені сіздер біздің атқарып жатқан жұмысымызды тасқа басып, халыққа нақты ақпарат жеткізушісіздер. Сондықтан  ар­­найы келгеніңізге алғыс ай­тамын.

Жалпы аудан бір кент, 22 ауылдық округтен құралады. Халық саны 86 мыңға жуық, оның ішінде экономикалық бел­сенді тұрғын саны – 36 501.  Биылғы 1 маусымға ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін статистика ор­гандары қорытындылады. Жал­пы экономикалық тұрғыдан ал­ғанда  тұрақты жағдай қалып­тасты деп бағалануда. Аудандық бюджеттің кірістері биылға не­сиелерді қоса есептегенде 12 млрд 955 млн 138 мың теңгеге бекітілді. Бүгінгі  жағдай бо­йын­ша түзетілген бюджет не­сиелерді қоса есептегенде 13 млрд 53 млн 30 мың теңге­ге нақ­тыланды. Кірістер несие­лер­ді қоса есептегенде  болжам­дал­­ған 4,9 млрд теңгенің ор­ны­на 5,4 млрд  теңгеге немесе 108,6 пайызға, оның ішінде ау­дандық бюджеттің өз кірі­сі болжамдалған 2,3 млрд тең­ге­нің орнына 3,4 млрд  теңге бо­лып 151,5 пайызға орындал­ды. Бюджет шығысы есеп­ті мерзімде 4,9 млрд  теңгеге жос­парланды. Мамыр айының қоры­тындысымен 97,2 пайызға орын­далды. Бұл ауқымды қа­ражат халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын жақсар­туға жұмсалуда. Аудан экономи­ка­сына тікелей ықпал ететін бар­лық макроэкономикалық көр­сет­кіштерде де айтарлықтай өсім қалыптасты. Атап айт­сам, биылғы 5 айда 29,4 млрд  тең­ге­нің өнеркәсіп өнімі өнді­ріл­ді. Оның ішінде өңдеу өнер­кә­сібінің көлемі 24,3 млрд  тең­геге жетіп, 133,6 пайызға, ауыл ша­руашылығында 3,9 млрд  тең­генің өнімі өндірілді, инвес­ти­ция тарту көлемі 21,9 млрд тең­гені құрады, пайдалануға бе­рілген тұрғын үйлердің жал­пы ауданы 22 941 шаршы метр (106 пайыз), құрылыс жұмыс­та­рының көлемі 7,6 млрд  теңге (162,9 пайыз) және бөлшек сауда көлемі 5,1 млрд  теңгеге жетіп,  117,5 пайыз болды.

– Шағын және орта кәсіп­керлікті қолдау, инвести­ция тарту – аймақтың экономика­лық-әлеуметтік дамуының бас­ты тетіктері. Кәсіпке бейім аза­маттардың жаңашылды­ғы қандай?

– Биыл 5 айда 6306 шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тісі тіркелді. Мемлекеттік бағ­дар­ламалар бойынша жобалық құны 998,2 млн теңгені құрай­тын 55 жоба шағын несие қа­ра­жатын алды. Мәселен, биз­нес­ті дамыту және қолдауға ар­налған Ұлттық жоба аясында 4 жоба (191 млн теңге), Аграр­лық не­сие корпорациясы арқы­лы 12 жоба  508 млн теңге көле­мін­де несие  алды. Соны­мен қатар  «Қызылорда» Өңірлік ин­вес­тиция орталығы арқылы 1 жо­баға 50 млн  теңге,  «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойын­ша  38 жобаға 249,2 млн теңге жеңілдетілген несие берілді.  Міне, осының бәрінде ұмтылыс, азаматтардың жаңа идеялары бар.

Жыл сайын ауданда жүзеге асырылатын инвестициялық жо­балардың саны артып келе­ді. Биыл жобалық құны 70,2 млрд теңгені құрайтын 9 ірі ин­вестициялық жобаны жүзе­ге асыру жоспарланды. Бұл жо­балар іске қосылғанда 233 адам тұрақты жұмыспен қам­тылады. Бір-екеуіне тоқта­лып өтейін. «Тесис» ЖШС-ның қуаттылығы 40 МВт күн-электр станциясын салу жо­­ба­сы­ның  құны – 11,5 млрд тең­ге.  Іске қосылғанда 10 адам тұрақты жұмыспен қам­тылады. Мемлекеттік қолдау ша­расы ретінде 80 гектар жер телімі табысталды.  Қазіргі таңда сыртқы қоршау жұмыстары жүр­гізіліп, ішкі жолдар салын­ды. Күн панелдерін орнатуға арналған бағаналар қойылуда. 85 адам жұмыспен қамтылуда. Төртінші тоқсанда іске қосу жоспарланған.

Айтбай Жандарбеков, Шиелі ауданының әкімі: «Әрбір жетістік – ел бірлігінің жемісі»

«Табиғи тас Қызылорда» ЖШС-ның «Жоғары сортты әк өндіру және қиыршық тас өндіру зауыты» жобасының  құны – 12,3 млрд теңге. Қазіргі кезде құжаттары әзірленіп, аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылып, министрліктен келісім алуға жолданды. Мемлекеттік қолдау  шарасы ретінде индустриялдық аймақтан 10 гектар  жер телімі сұралуда.

«Ақмая» ШҚ-ның «Күріш ақтау зауыты» жобасы да бар. Жоба құны – 300 млн теңге. Бү­гінде зауытқа қажетті құрал-жаб­дықтар Қытайдан сатып алы­нып, жеткізілуде.

– Биыл ауданда шаруалар­дың жайы қалай?

– Әрине, ахуал есеппен ек­шеленеді ғой. Көрсеткіштер тө­мен емес. Мәселе жоқ деп те ай­та алмаймыз. Өйткені еңбек бол­ған жерде жетістікпен қатар, атқарылар іс жүреді. Бес айда ауыл шаруашылығы саласы бо­йынша 3,9 млрд теңгенің өні­мі өндіріліп, тиісті кезеңмен са­лыс­тырғанда 101,9 пайызды құ­рады. Мал шаруашылығында төрт түлікте өсім бар. Ірі қара  87 795, қой мен ешкі 150 156, түйе 1 985, жылқы 30 492 басты құрады.

Егін шаруашылығына тоқ­талсам, биыл 31512 гек­тарға егін егу межеленді. Оның ішінде дәнді дақылдар үлесі 14783 гектар, майлы да­қылдар 1130 гектар, мал азы­ғы дақылдары 10332 гек­тар, картоп, көкөніс, бақша дақыл­дары  5267 гектар. Күріш­тің үлесі – 12 500 гектар. Әр­тараптандыру мақсатында би­дай, жүгері, соя, арпа, күн­бағыс, картоп, көкөніс, бақша да­қылының егін көлемі ұлғай­ды. Былтыр су үнемдеу бойын­ша 6268 гектар жер лазерлік тегістеуден өтсе, биыл лазер­лік тегістеу жұмыстары 9000 гек­тарға ұлғайды. Тамшы­ла­тып сурару әдісі жақсы қол­данылуда. Қазіргі кезде 670  тех­ника егін егу науқанына қа­ты­суда. Кейінгі 4 жылда ау­данда техника паркі 65 пайызға жаңарды. Бұл – жақсы нәтиже! Еңбеккерлердің ізденісі.

Ал жанар-жағармай мәселе­сіне келсек, көктемгі егін егу дала жұмыстарына Шиелі ау­да­нына мемлекет тарапынан 1749,2 тонна арзандатылған ди­зель отыны бөлініп, оператор «РК-Мұнай» ЖШС-нен литрі 254 теңгеден жанар-жағармай алуда.

Жыл басында жаңадан 2 жүк тиегіш, 6 трактор барлығы 8  жаңа техника әкелініп, 156 млн теңгеден аса  инвестиция тартылды.

– Инфрақұрылым,  құры­лыс саласы бойынша қандай жаңалығыңыз бар?

– Бұл бағытта ауқымды жұ­мыстар баршылық. Мәселен, Шиелі кентінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде рес­­публикалық бюджеттен жо­балық құны 363 млн теңгені құрайтын спорт комплексінің құрылысын бастауға 254 млн теңге, «Бестам» ауылында жо­ба­лық құны 461 млн теңгені құ­райтын 150 орындық клубтың құрылысына 346 млн теңге бө­лініп, жұмыс жүргізілуде.

Шиелі кентінде тұрғындарға жайлы және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақ­са­тында көпқабатты тұрғын үй­лердің ауласын абаттандыру, тұрғын үйлердің сыртқы қаба­тын қаптау жұмыстары қарқын алды.  Оған былтыр 83, 8  млн  тең­ге, биыл 88,9 млн теңге бө­лінді.

Шиелі кентінде 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі ғима­ратының құрылысына «Ауыл­дық денсаулық сақтауды мо­дер­ни­зациялау» Ұлттық  жо­ба­сы аясында 2,3 млрд теңге қар­жы­ның, биылғы жылға 1,3 млрд тең­гесі қаралып, жұмыс жүр­гізілуде. Сондай-ақ көпбейінді орталық  аурухана ғимаратына блок қосып, МРТ құрылысын орнатуға 733 млн теңге бөлінді.

 Шиелі ауданы аумағында­ғы автомобиль жолдарының жал­пы ұзындығы 323,4 шақы­рым­ды құрайды. Оның 80 ша­қырымы республикалық, 98 ша­қырымы облыстық және 145,4 шақырымы аудандық ма­ңыз­да­ғы автомобиль жолы сана­тын­да. Аудандық маңыз­дағы 145,4 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының бү­гін­ге 130,4 шақырымы (89,7 па­йыз) жақсы және қанағат­та­нарлық жағдайда. Ал облыс­тық және республикалық ма­ңыз­­дағы жолдар 100 пайыз ас­­фальт­талған.

Аудан бойынша елді ме­кендердегі 114,23 шақырым жол­ды қайта құрылымдау, күр­делі және орташа жөндеу жұ­мыстарына қажетті барлығы 11 млрд-тан астам теңгеге бюд­жет­тік өтінім тапсырылып, тиіс­­ті қаржы бөлінді.

Газдандыру бойынша  бізде 15 елді мекен табиғи газбен қам­тылған. Аудан бойынша ел­­ді мекендерді газдандыру үле­сі халық санына шаққанда 80 пайызды құрайды. Жыл ба­сында екі елді мекенді «кө­гіл­дір отынға» қостық. Ал са­па­лы ауызсумен 86 мың­нан аса тұрғын 100 пайыз қам­та­ма­сыз етілген. Оның ішін­де ор­та­лық­тандырылған ауызсу жү­йесі­мен 22 елді мекен, жер­гілікті су көздері (скважина) арқылы 12 елді мекен, «Темір­жолСу-Қы­зылорда» ЖШС-мен 3 елді мекен қамтылған.

Үкімет қаулысымен бекітіл­ген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес ха­лық саны 200 адамға дейінгі елді мекендерге су тұшытқыш кешенді блок-модульдер орна­ту қажет делінген. Биыл «Ақ­там» және «Тоғайлы» елді ме­­кен­деріне су тұшытқыш ке­шен­­ді блок-модульдер орна­туға аудандық бюджеттен 42 млн теңге қар­жы бөлініп, су тұшыт­қыш қон­дырғылар орнатылды.

– Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – халықты әлеуметтік қорғау. Осы орайда атқарылып жат­қан жұмыстарға тоқталса­ңыз…

– Статистика мәліметі бо­йынша, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды, яғни, 1833 адам. Аудан бойынша ха­лық саны – 85945 адам. Эко­номикалық тұрғыдан бел­сенді халық саны жоғарыда ай­­тып өткенімдей, 36501, жұ­мыс­пен қамтылғаны – 34668. Оның ішінде, жалдамалы қыз­­мет­керлер – 17668, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 17000. Былтыр аз қамтамасыз етілген азаматтарға, яғни, 469 отба­­сының 2664 мүшесіне 210 млн 784,2 мың теңге төленсе, биыл бюджеттен барлығы 1 млрд 83 млн теңге қаржы қарал­ды. Есепті жылдың 1 мамырына 200 отбасының 1091 мүшесіне 43,8 млн теңге тағайындалып, 189 отбасының 1009 мүшесіне 35,4 млн теңге атаулы әлеумет­тік көмек төленді. 1-6 жасты қо­са алғанға дейінгі әрбір ба­лаға ай сайынғы қосымша тө­лем үшін жыл басынан 149 от­ба­сынан 281 балаға 4,7 млн  теңге қаржы берілді. Бюджет қа­ра­жатын заң талаптарын сақ­тай отырып, тиімді жұмсау мақ­са­тында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тұрмыс жағдайын қосымша зерттеу үшін жұмысшы топ құрылып, мо­ниторинг жұмыстары жүргі­зілді.  Қорытындысында  атаулы әлеуметтік көмек алушылар са­ны өткен жылдың есепті ке­зеңімен салыстырғанда 47,5 па­йызға төмендеді.

«Мансап» орталығына биыл 3031 азамат жұмыс іздеуші ре­тінде тіркеліп, 516 азамат тұ­рақты жұмысқа орналас­ты­рыл­са, 1345 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бизнес-идеяларды да­мытуға қайтарымсыз грант бе­ру жоспарына сәйкес 145 аза­матқа 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз гранттар беру жос­парланып отыр. Мүгедектігі бар адамдарды жеке оңалту бағ­дарламасы бойынша биыл 4 ай­да 801 адамға гигиеналық және техникалық құралдар жеткізіліп берілді, яғни, 97,9 пайызға орын­далды.

– «Сұлутөбе», Жаназар ба­тыр, «1 Мамыр»  ауылдары ау­дан орталығынан шалғай ор­на­ласқан. Сол ауылдар, яғни шет елді мекендер  қанша­лық­ты сіздің назарыңызда?

– Сұрағыңызды түсіндім. Мемлекет басшысының Жар­лы­ғына сәйкес, жылына екі рет тұрғындармен кездесу өткі­зе­міз. Жақында ғана кестеге сәй­кес тұрғындармен кездесіп қайттым. Бір ескеретін нәрсе, «Сұлутөбе» ауылдық округі үш елді мекеннен тұрады. Жоға­ры­да айтып өттім, аудан бір кент, 22 ауылдық округтен құ­ралады. Сондықтан бөлінетін қаржыны салыстырып, халық санына қарай бағыттап оты­ра­мыз. Мысалы, «Бидайкөл» ауы­лында  бес мың тұрғын бар, ал Балаби ауылында 3644, Ш.Қо­­да­мановта 3368  адам бар,  «Сұ­лутөбе» ауылдық округінде  үш елді мекен болғанымен, тұр­­ғын саны – 3012. Бірақ соған қа­ра­мастан тұрғындардың та­лап-тілегін орындауға жұмыс жа­­сап отырмыз. Мысалы, был­тыр кездесуде Жаназар ба­тыр ауы­лының тұрғындары ауыл пас­порты орнатылатын арка тұр­­ғызуды өтінді. Оны қо­йып бердік. Ал жол жайына кел­сек, күрделі жөндеуге жоба дайын­­­далып, тиісті басқарма­ларға берілді. 2021 жылы клуб­ты 30 млн-ға күрделі жөн­деу­ден өткіздік. 20 млн тең­геге ба­ла­лар ойын алаңы са­лын­ды. Биыл «Тағзым» алаңын са­луға кон­курс жарияланды. Түн­гі жа­­рық шамдарын күтіп-ұс­тау­ға қаржы бөлінді. Ал «1 Ма­мыр» елді мекеніне былтыр 41 млн теңге бөлінді. Ол жер­де де балалар ойын алаңы, 2021 жылы аллея са­лынып, аяқсу шешімін тап­қан. Газ­дандырудың екінші ке­зе­ңін­де «Сұлутөбе» ауылдық ок­­ругі «кө­гілдір отынға» қосы­лады деп отырмыз.

– Халықпен қаншалықты жиі кездесесіз? Қаншалықты ашықсыз? Тұрғындардың жиі көтеретін мәселесі қан­дай?

– Менің негізгі ұстанымым – қарапайымдылық, іскерлік, жауапкершілік, ашықтық. «Ха­лық үніне құлақ асатын үкімет» қағидасына сәйкес  кездесулер өткізіп тұрамын. Одан бөлек,  апта сайын тұрғындарды қа­былдау  өткіземін. Белгіленген кестеге қарамастан келген кі­сімен жүздесіп, мәселесін тың­даймын. Күнделікті халықпен біргемін. Осыдан он-он бес жыл бұрын отбасылық мәселе кө­терілетін, яғни, зейнетақы, жалақы, жәрдемақы уақытылы берілмеді деген секілді. Қазір олай емес, елді мекендердің газ, қоғамдық көлік сияқты әлеу­меттік  мәселе айтылады. Шы­нында кейбір ауылдарда қо­ғамдық көлік мәселесі бар. Бізде автопарк жоқ. Бәсеке­лес­тік ортаға берілген. Сондықтан былтырдан бері бюджеттен қаржы бөліп, субсидиялап отыр­мыз. Өйткені адамдардың әлеу­меттік жағдайы бірдей емес, қоғамдық көлік керек. Аяқсу мәселесі де жиі көтерілетін еді, оны шешіп келеміз.

– Алдағы жоспарлар ту­ра­лы айтсаңыз…

– Жалпы әр адамның мақ­саты, алға қойған жоспары бо­лады. Оның үстіне аудан әкім­дерін сайлау пилоттық жо­басы бойынша былтыр осы қыз­метке келдім. Өзімнің сай­лауалды бағдарламам, жос­парым бар. Соны орындауым керек. Ауданымыз жыл сайын же­тіс­тікке толы жұмыстар­мен аймақта өзіндік орнын алып келеді. Әлеуметтік-экономи­ка­лық даму бағытындағы тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жос­парлы түрде жүзеге асыры­латын болады. Біздің негізгі міндетіміз – халықтың әл-ау­қатын арттыру. Елдің еңсесін тік ететін күш – бірлік. Сол жол­да аянбай қызмет ете берейік дегім келеді.

– Уақыт бөліп, сұхбат бер­геніңізге рақмет! Іргелі ау­дан­ның ірі жетістіктері көп болсын дейміз.

Сұхбаттасқан

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

Қызылорда-Шиелі-Қызылорда.