Әліби Бекжанов: Ескі әдіспен еңсе тіктелмейді

2450

0

Дариядағы су деңгейінің жылдан-жылға төмен болуы диқан қауымын, әсіресе күріш егуге бейімделген шаруашылықтарды алаңдатып отыр. Жуырда өткен «Дала күні» семинар-кеңесінде осы мәселе жан-жақты талқыланды. Су үнемдеудің жаңа әдісін меңгеріп, шаруасын жүргізіп отырған шаруашылық иелері тәжірибелерін ортаға салған еді. Жалпы, су тапшылығымен қалай күрескен жөн? Егін шаруашылығын қалай дамытамыз? Жалағаш ауданы  «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжановпен сұхбаттасқан едік.

– Сіз басшылық ететін шаруа қожалығы тың әдіс-тәсілдерді қолға алыпты. Ол туралы қандай ой бөлісесіз?

– Жалпы су тапшылығы біздің шаруашылық үшін кейінгі он жылдың көлемінде өткір мәселеге айналды. Өйткені, егіндік жеріміз каналдың аяғында орналасқан. Сондықтан лазерлік жер тегістеу әдісін пайдаланып, су үнемдеуді қолға алуға тура келді. Қазір он жыл болды, дән себердің алдында лазерлік жер тегістеу тәсілін қолданамыз. Сондай-ақ, күріш дәнін топыраққа дискілеп енгізу арқылы егіледі. Мұны облыста тек біздің шаруашылық ғана іске асырып жүр. Бұл әдіс жерді тегістеуге, суды үнемдеуге, мол әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тыңайтқыш пен тұқымды үнемдеп егуге де үлкен септігін тигізіп отыр. Бұл салада  жиырма бір жылдай тәжірибем бар. Алғашқы кезде 25-30 центнерден өнім алған едім. Қазір жаңа технологияның арқасында ең жоғары өнімді 97 центнерге жеткіздік, орташа өнім – 70-80 центнерді құрады.  Былтыр судың аздығына байланысты орташа  73 центнерден өнім алдық. 2020 жылы орташа өнім 80 центнерге жетті. Біздің өңір негізінен күріштің «Лидер», «Янтарь» сортын егеді. Мен өз тәжірибемде осы сұрыптардың өнімін  97 центнерден асыра алмадым. Соған байланысты қазір тың технологиямен егуді қолға алдым және бірнеше жыл бұрын Украинадан  күріштің бірнеше сортын алып келгенмін, соны тәжірибе жасап, егіп жатырмын. Оң нәтиже беріп, 100 центнерден өнім берсе, алдағы уақытта аудандастырып, соған бейімделіп жұмыс істейтін боламыз. Осы егін шаруашылығында жүрген жиырма жылдан астам уақытта облыс көлеміндегі барлық шаруашылықтарды білемін деп айта аламын. Көбісі әлі сол баяғы кеңестік кезеңнің әдісімен егін егеді, өнімдері 40-50 центнерден аспайды. Есесіне, олардың жағдайы қиын. Ескі әдіс еңсені тіктемейді. Олай дейтін себебіміз, біз 60 центнерден төмен өнім алсақ, шығынымызды жаппаймыз. Сондықтан мол өнім алу маңызды. Егін көлемін көбейтіп, пайда табамын деу жаңсақ пікір. Керісінше, аз жерден мол өнім алудың маңызы зор. Ол үшін жаңа технологияны енгізіп,  мүмкіндігін пайдалану керек. Суға байланысты мынаны айтқым келеді. Менің мамандығым инженер-гидротехник. Көктемнің басында дарияда су мол болды. Қаншама су босқа кетті. Мына «Шіркейлі» каналына суды он күн бұрын бергенде біз биылғы су тапшылығынан шығып кетер едік. Егін егуде біздің мамандар әлі бұрынғы «сәуірдің 25-інде дән себу керек» деген кеңестік түсінікпен  қалған. Жоқ, олай емес. Суды осыдан он күн ерте бергенде күріш ерте егілер еді, егін ерте пісер еді. Сәуірдің басында ауа райы егін егуге қолайлы болды. Қазір енді «Шіркейлі» каналын ашқасын су жетпей отыр. Оның үстіне бір жағынан бидай, бір жағынан жоңышқа суарып жатырмыз. Сосын су қайдан жетсін.

– Өткен семинарда қант қызылшасын егу туралы айттыңыз?

– Иә, суды үнемдеуге байланысты ауыл шаруашылығын әртараптандыру маңызды болып отыр. Осы орайда қант қызылшасын бір гектар жерге тамшылатып суару және тағы бір гектарға суармалы әдіспен егілуде. Бұл дақыл дұрыс деп ойлаймын. Қант қызылшасы кезінде егілген. Қанттылығы 28 процент болған. Ал Жамбыл облысында 18 процент екен. Оларда 5 мың гектарға егіледі. Жаңақорған,  Шиелі,  Жалағаш, басқа да аудандардан  бос жерлерді игеріп, егуге болады. Бірақ оған мемлекеттен қолдау керек. Заманауи техника керек. Біздің техникалар негізінен күрішке бейімделген. Қант қызылшасын тәжірибе ретінде енді қолға алдық.  Егер оң нәтиже беріп, өнім жақсы болып жатса, онда қант шығаратын зауыт керек.

– Өңірге картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сырттан тасымалданады. Осыларды өзімізде неге игермеске?

– Қырыққабаттың біздің жерге шығуы қиындау. Ал картоп, сәбізді егуге болады. Кезінде біздің совхоз екті. Әрине, бос, тың жерге егу керек. Былтыр 5 шақырым жерге электр энергиясын тартып, насос апарып қойдым. Биыл тамшылатып суару әдісімен 20 гектар жерге картоп, төрт гектар сәбіз егуді қолға алдық. Әкімшіліктен әртараптандыру керек деп айтып жатады, бірақ немен әртараптандыру керек, не егуге болады, оны айта алмайды. Жоңышқа, саплер егіңдер дейді. Бірақ ол нәтиже бермейді. Ал картоп, сәбіз жақсы шығады. Тұқымдық картопты, егетін техниканы әкеліп қойдық. Баяғы қолдап егіп, қолдап жинау, яғни, ескі әдіс енді қиын. Ол дәуір кетті. Қазір бәрі арнайы техниканы, жаңа технологияны қажет етеді.

– Алма бағыңыз да бар екен. Жеміс-жидектерге де тәуелділіктен арылуға бола ма?

– 2018 жылы тамшылатып суару әдісімен 5 гектар жерге алма ектік. Қазір оң нәтиже беріп тұр. Ол жерде 4-5 адам тұрақты жұмыс істейді. Болашақта жүзім егу де жоспарда тұр. Жылыжай орнатып, қауын-қарбыздың көшетін даярлау да ойда бар.

– Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маман ретінде қандай ой қосасыз?

– Біздің облыс аграрлық аймақ болып есептеледі. Неге тыңайтқыш шығаратын, не қант шығаратын зауыт салмасқа? Шаруалар тыңайтқышты сырттан сатып алады. Ал ол өнімнің қымбаттауына әсер етеді. Одан бөлек, көп шаруашылық инвесторға тәуелді. Техника бағасы шарықтап тұр. Оның қосалқы бөлшектері де сырттан келетіндіктен қымбатқа түседі. Содан келіп, өндірілген өнім де қымбат болады. Мәселен, қазір 1 гектар күрішке кететін шығын 500 мың теңгені құрайды. Жоғарыда айттым, 25 гектар тамшылатып суарумен егін егіп жатырмын. Сол жерге 60-70 миллион теңге салдым. Жалпы, біздің ел ауыл шаруашылығын құлдыратып алды. Жер асты байлығын алғанға, оны шет елге сатқанға мәз болды. Сол қаржыларды ауыл шаруашылығын дамытуға салғанда жағдай басқаша болар еді.  Азық-түлік нарқы да халыққа салмағын салмаған болар еді.

– Ашық пікіріңізге рахмет! Еңбектеріңізге табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан

Айнұр БАТТАЛОВА, «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<