«Аграрлық сала қолдаусыз қалған емес»

2191

0

Тәуелсіздік жылдарында Сыр өңірінің аграрлық саласында көптеген өзгеріс болды. Елдегілер бірқатар қиындықты бастан кешті. Бұрынғы жылдардағы ілгері шаруашылықтардың өзі тоқырап қалғандай еді. Ертеңгі күннен зор үміт күткен елдегілер сол ауыртпалықты көтере білді. Көптеген кедергіні еңсерді. Бүгінде аймақтың аграрлық саласында жаңашыл жобаларға жол ашылды. Іргелі компаниялар саны артты. Облыстың ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламановпен сұхбат Тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістер өлшемін сабақтайды.

– Бекмырза Қайыпұлы, егемендіктің алғашқы жылдарында елдің жағдайынан хабардармыз. Шын мәнінде, ел  қандай көңіл күйде қарсы алды деп ойлайсыз?

– Тәуелсіздік таңы атқанына ширек ғасырдан астам уақыт өте шыққан екен. Күні кешегідей барлығы көз алдымда тұр. Тоқсаныншы жылдарға дейін мен шалғайда жатқан Қуаңдария ауылында директор қызметін атқардым. Ауылда 50 мыңға тарта қой болды. Елмен бірге шаруашылықтың жағдайын түзеуге күш салдым. Еңбегіміздің жемісін көрдік. Шаруашылық алдыңғы қатардан көрінді. Тоқсаныншы жылдардың басында халық депутаттары аудандық кеңесінде төраға қызметін атқардым. 1993 жылы қайтадан шаруашылық жұмысына ауысып, жергілікті тұрғындар ұсынысымен 1994 жылы ІІІ Интернационал колхозына төраға қызметіне келдім.

Аталған ауыл бұрыннан шаруасы шалқыған берекелі тіршілігімен ерекшеленетін. Сан түрлі ұлт өкілдері мекендеген елді мекен тұрғындары кеңестік кезеңде толайым табыстарға кенелді. Сондықтан маған жүктелген міндет ауыр екенін түсіндім. Шаруашылық жұмысын ширатуға барынша күш салдық.  Уақытпен санасқан жоқпыз.  Рас, ол уақытта ақша мәселесі қиын еді.  Аласапыран уақыт. Істің көзін таба білмесең, бәр кері кетеді.  Ауыр тисе де жұмыла еңбек еттік. Шаруашылықтың бұрынғы іскерлік байланысын жандандыруға мән бердік. Өздерің білетіндей, Қармақшының қасында орналасқан Байқоңыр қаласында қаншама әскери мекемелер бар. Сол мекемелермен байланыс орнатуға көңіл бөлінді. Оларға күріш, азық-түлік, ет өнімдерін алып бардық. Орнына жанармай секілді дүниелерге айырбас жасалды. Осының әсері шығар, шаруашылық бұрынғы биігінен төмендеген жоқ. Халықтың жағдайы жақсы болды. Елді мекенде күріш, сүт, ет өнімдерін өңдейтін цехтар қалыпты жұмыс жасады. Ол жергілікті тұрғындарға арзан бағада берілді.

– Тоқсаныншы жылдардың ортасында елімізде халықтың әлеуметтік ахуалы төмен болғанын білеміз. Сіз сол уақытта аудан әкімі қызметін атқарған едіңіз…

– 1995 жылы Қармақшы ауданының әкімі қызметіне келдім. Бұдан бұрын ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. Ал әкімдік қызметтің жүгі ауыр. Онда аудандағы ауқымды мәселелерді шешуге тура келеді. Ол уақытта ақша дегенің қат. Жабайы бартер деген бар. Алатын затыңа мал және басқа заттармен есептесуге тура келеді. Мәселен, бір сиырға 200 литрлік бөшкемен мотор майы алынады. Бір қойға керзі етік келеді. Болмаса, ол екі сабынға бағаланатын. Басқа амал жоқ. Осындай қадамға баруға тура келді. Әрине, оның зардабы аз тиген жоқ. Жайылым төсін толтырған мыңғырған малдан әп-сәтте көз жазып қалдық.

Не керек, сол уақытта елдің арасында түрлі әңгімелер айтылып жүрді. Соған қарамастан халық ертеңгі күнге зор үміт артты. Жағдайды жақсарту жолында хал-қадерінше еңбек етті. Қазір мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Аудан әкімі қызметін атқаратын кезім. Таңертең жұмысқа бет түзегенде ойланып келемін. Кейде алдымнан мұң-мұқтажын айтқан тұрғындар шығады. Арасында балаларын еріткен әйелдер де бар. Оларды әкімшілік ғимаратында қабылдап, өзіміздің уәжімізді айтамыз. «Егемендікті жаңа алып жатырмыз. Қиындық уақытша ғой. Алдағы уақытта бәрі жақсарады. Сеніңіздер» деген сөзбен жұбатамыз.

Қай кезде де халқымыз сабырлы қалпынан тайған емес. Береке-бірліктің арқасында ауыртпалықты еңсеріп келеміз. Кейін облыста басшылық қызмет атқарғанда, Сенатта депутат болған кезімде жерлестеріммен талай мәрте жүздестім. Сол уақытта бұрын әкімшілікке жағдайын айтып келген тұрғындармен жолығудың сәті түскен еді.  Жүздесу барысында өткен оқиғаларға оралып әңгіме еткен жайымыз бар. Бүгінгі күнге шүкірлік еттік. Елдің алдағы күндерде жағдайымыз бұдан да жақсы болатынына сенім артатынын байқаған едім. Ашығын айтайық, кейінгі жылдарда елдің жағдайы жақсарды. Оны халықтың тұрмыс-тіршілігінен байқау қиын емес. Еңбек еткенге жол ашық. Барлық мүмкіндік бар.

Әкім қызметінде жүргенде ауданда өндірісті дамытуға күш салдым. Бұл жөнінен Қармақшы ауданы облыста алдыңғы қатарға қосылды. Бірнеше мәрте облыста үздік көрсеткішке жеттік. Арнайы марапатқа ие болдық.

2001 жылы облыстың аграрлық саласына инвестор ретінде келген «Шапағат» ЖШС-де директор қызметін атқардым. Оған Сырдария, Жалағаш аудандарындағы көптеген шаруашылық қарады.

2004 жылы облысқа Икрам Адырбеков әкім қызметіне келгеннен кейін маған облыс әкімінің орынбасары болуға ұсыныс түсті. Бұл қызмет атқарған кезеңде өңірде көптеген жобалар жүзеге асты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу бағытында игілікті істер жүзеге асырылды. Бұл аймақта су ресурстарын жүйелі пайдалануға үлкен септігін тигізді.

– Айта кетерлігі, сол бір тұста күріш тұқымына байланысты көптеген мәселелер кездесті. Оны шешудің амалы қандай болды?

– Расын айтқанда, 2000 жылдан кейін күріш сортына байланысты түрлі қиындықтар туындады. Жергілікті сорт пирикуляриоз ауруына шалдықты. Соның салдарынан біршама бөлігі жарамсыз күйге түскенін білеміз. Оны дәрілеу кейін шықты. Дәріні ұшақпен себуің қажет.

Күрішке байланысты проблема елдегі ағайынның тіршілігіне елеулі әсер етті. Сортты жаңартуға қол қысқа. Ол уақытта облыс орталығында орналасқан күріш ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасы оған сай келмейді.

2008 жылы сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедпен ақылдаса отырып, күріш шаруашылығы саласында оң бетбұрыс жасалды. Бұл мақсатта Ресейдің Краснодар өлкесіндегі бұрынғы бүкілодақтық күріш ғылыми-зерттеу институтымен әріптестік байланыс орнатуға назар аударылды. Жергілікті мамандар және ғалымдармен бірге барып қайттық. Кеңестік кезеңде ол өңірден жеткізілген «Кубань» сорты Сыр топырағына жақсы бейімделгенін алдыңғы толқын жақсы біледі.

Ресейге сапарымыз барысында біздің жердің топырағына, климатына, суына сәйкес күріш сорттары таңдалды. Қаржы мәселесі де оңтайлы шешілді. Осылайша күріш сорттарын жеткізіп алдық. Ол жергілікті диқандарға таратылды. Қуанарлығы, ол сорттар жергілікті топыраққа бірден сіңісіп, алғашқы жылдың өзінде мол өнімге негіз қаланды. Қызылордалық егіншілер бүгінгі күнге дейін сол сорттарды егіп, өнімділікті арттыруға қол жеткізіп келеді.

Сол кезеңде аздаған уақыт облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жетекшілік жасадым. Одан кейін Жаңақорған ауданына әкім болып бардым.

Бұл уақытта елдің жағдайы жақсарып қалған еді. Десе де, шешілмеген түйткілдер кездесетін. Солардың бірі – жол мәселесі. Көптеген ауылға тек тас төселген екен. Кейбірінде ұзақ жылдан бері жөндеу жүргізілмеген. Осы бағытта нақты істер атқарылды. Ауданда жолдың жағдайы біршама жақсарды. Тіпті, аудан орталығының өзінде шеткі көшелерде асфальт түгілі тас төселмегенін көзіміз көрді. Әрине, барлығын бюджет есебінен жөндеп беру мүмкін емес. Сондықтан жүк көлігі бар жергілікті кәсіпкерлермен жүздестік. Ақылдаса отырып, аталған көшелерге тас төсеу ісі жолға қойылды. Оған қажетті қиыршық тас жергілікті аумақта өндіріледі.

Осылайша аталған мәселеге байланысты көптеген түйткілдің түйіні тарқатылды. Бір-екі жыл бұрын ауданға тағы жол түсті. Байқағаным, кезінде біз тас төсеген көшелерге асфальт салынған екен. Осының барлығы еліміздің дәулеті тасып, экономикалық жағдайының жақсарғаны емес пе?

Сол бір жылдарда ауданда жаңадан мектеп салу кеңінен қанат жайды. Оған дейін типтік жобадағы білім ошақтары санаулы болатын. Көптеген мектептерге күрделі жөндеу жасалды. Қазір аудандағы барлық ауылға жолыңыз түсе қалса, жаңа мектептер бірден көзге түседі. Сол кезеңде және одан бергі жылдарда Жаңақорғанда мәдениет ошақтары, медициналық бекеттер салынды.

Ауданда Шалқия кентінің жағдайы мәз емес-ті. Кезінде өндіріс орны жұмыс жасағанда бой көтерген ғимараттар сол жылдарда қаңырап бос қалған еді. Көпқабатты үйде үш-төрт пәтер қалған. Оған жылу, су беруге болмайды. Өндіріс орнын қайтадан іске қосу мүмкіндіктері сол кезеңдерде қарастырылды. Әрине, оған қомақты қаржы қажет екені белгілі. Қазір бұл мақсатта тиісті жұмыстар қолға алынуда. Алдағы уақытта өз шешімін табады деген үміттемін. Бүгінде «Байкен-U», «СКЗ-U» секілді уран өндіретін және күкірт қышқылы зауыты аудан экономикасына оң әсерін тигізіп келеді.

– Ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған маман ретінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуы жөнінде көзқарасыңыз қандай? Алдағы уақытта қандай мәселелерге көңіл бөлінуі тиіс?

– Шындығын айтайық, қазір өңірдің аграрлық саласында көптеген оңды өзгерістер бар. Мәселен, өнім өндіру бойынша іс ілгері басты. Күріш өнімділігі едәуір артты. Диқандар әр гектардан 50-60 центнерден дән жинауда. Оған қандай жағдайлар негіз қалады? Бүгінде тұқым, техника жағдайы өте жақсы.

Бұрынғы жылдарда егін алқабында ескі комбайн, тракторлар жиі көзге ұшырасатын еді. Олардың жүргенінен тұрғаны көп болатын. Бұл астықты ысырапсыз жинауға көп кедергісін келтіретін. Егіннің үштен біріне жуығы далада қалып қоятын. Қазіргі жаңа техникалардың жұмыс жасау деңгейі жоғары, ешқандай масақ қалдырмайды. Бүгінде егін алқабында кезінде арман болған «John Deere», «Claas» комбайндар зырылдап жүр. Бұрын әрбір шаруашылықтағы 5-6 бригаданың әрбірінде 4 жаткадан келеді. Қазір сол жұмыстың барлығын небәрі 2 «McDonald’s» жаткасы атқарып жүр.

– Депутаттық қызмет – үлкен жауапкершілік. Сол жылдардан қандай ой бөліскен болар едіңіз?

– Қазіргі кезде ауыл өмірінде оң өзгерістер бар. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының септігі зор. Жалпы, елімізде 6 мыңнан астам елді мекен бар. Бағдарлама олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына негіз қалады. Ауылдардың 2,5 мыңға жуығы тіректі, қалғаны серіктес елді мекендер санатына енгізілді. Ал шалғайда жатқан кейбір ауылдар келешегі жоқ деп танылды. Біздің өңірде бір тәуірі көпшілігі шоғырланып орналасқан. Әрбірінде егін, мал шаруашылығы секілді тіршілігі бар. Бағдарламаның ауылдардағы жол, мектеп, су секілді әлеуметтік проблемасын шешу бағытында оң әсері бар. Дегенмен ендігі кезекте бағдарлама аясында елді мекендерде өндіріс орындарын ашуға мән берілгені дұрыс деп санаймын.

2012 жылы облыстық мәслихатқа депутат болып сайланып, оған хатшы ретінде сенім білдірді. Ал 2014 жылы ҚР Парламенті Сенатына депутаттыққа сайландым. Сол жылдарда ел өміріндегі көптеген маңызды мәселелердің оң шешілуіне атсалыстым. Сенатта экономика және ауыл шаруашылығы комитеттерінде мүше болдым.

Мен депутат болған кезеңде қабылданған барлық заңды тізбектеп шығу мүмкін емес. Солардың арасынан өзіме жақын ауыл шаруашылығы саласында берілетін субсидия мәселесіне байланысты кеңінен талқылау өткізілді. Оған байланысты сан түрлі пікірлер айтылды. Рас, негізінен аграрлық салаға бейімделген Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында ірі шаруашылықтар көп. Аталған құрылымдар субсидияға көбірек қол жеткізіп жататын. Өйткені, олардың мүмкіндігі мол, Мұндай шаруашылықтар саны біздің өңірде аз. Сондықтан кезінде субсидияны өндірген өніміне байланысты берейік деген ұсыныс жеткізген едім.

Десе де, бұған байланысты әлі де кейбір олқылықтар кездеседі. Соған қарамастан мемлекет тарапынан берілетін бұл көмек еліміздің аграрлық саласының дамуына елеулі серпін алып келді. Жалпы, субсидия әрбір шаруашылықтың аяғынан тұрғанша берілетін көмегі ғой. Бұл Сыр өңіріндегі күріш егетін диқандарға көп көмегін тигізді.

Сондай-ақ, өңірдің мал шаруашылығы саласында да оңды өзгерістер көрініс беріп отыр. Қазалы ауданындағы «Рза» секілді іргелі компаниялар өзгелерге үлгі ретінде көрсетуге болады. Шаруашылықта негізінен асылтұқымды сиырлар күтімге алынған. Одан алынған өнімдерді өңдеу ісі жолға қойылған.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл сала біршама тоқырап қалғаны белгілі. Оған байланысты кереғар пікірлер айтқан жағдайлар кездесті. Мал өсіруге көп қаржы қажет екені рас. Кезінде кейбір азаматтар «Мұндай шығын шығарғанша ол өнімдерді арзан бағада неге сырттан тасымаймыз» деген ұшқары пікір айтқанын естіген едік. Уақыт өте келе оған көзқарас түзелді. Оған берілетін субсидия шаруалардың еңсе тіктеуіне септігін тигізді.

– Қазір Сырдария өзеніндегі су жағдайы ділгір мәселеге айналды…

– Бұл – мемлекетаралық деңгейде шешілетін мәселе. Байқасаңыз, Орта Азия атырабында жатқан төрт мемлекеттің шекарасынан өтетін дарияның бойында қаншама су қоймасы салынған. Климаттық жағдайға байланысты кейінгі жылдарда судың төмендеуі байқалып отыр. Сондай-ақ, оның бойында тұратын халық саны көбейді. Егін көлемі артты.

Қайсыбір жылдарда мол суды қайда жіберетінімізді білмей абдырап қалғанымыз есте. Сондай сәттерде артық суды жинап, оны кейіннен тиісті мақсатына жұмсау қажет.

Жақында Мемлекет басшысы тарапынан өңірде «Қараөзек» су қоймасын салу жөнінде тиісті шешім қабылданды. Ол егіс уақытында Қазалы ауданындағы күріш шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізетіні белгілі. Ал облыс орталығына дейінгі аралықта «Күміскеткен» су қоймасын салу мәселесі де көтеріліп келеді. Дегенмен мамандар дария арқылы келетін судың балансын шығару қажет деп санаймын. Атап айтқанда, Аралға жеткізілетін, егінге қажетті және артық судың мөлшері есептелуі тиіс. Сол арқылы өзекті мәселенің толық шешімін табуға болады.

Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік жылдарында аймақтың аграрлық саласы қолдаусыз қалған емес. Атқарылған әрбір жаңашыл жоба – мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың оң нәтижесі. Сондықтан алдағы кезеңде де осындай байыпты бастамалар жалғасын табады деген үміттемін.

Сұхбаттасқан

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»   

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<