Айбар Қасенәлі: Тарихты зерттеу нәтижелерімен түсіндіретін деңгейге жетуіміз керек

2412

0

Археология қазба жұмы­сы­мен шектелмеуі керек. Көбіне жұмыс нәтижесін халыққа жеткізу жағы ескерілмей жатады. Қандай зерттеулер жүруде? Олардың ғылым үшін маңызы қаншалықты? Қандай тарихи орындар ашылуда? Былтырдан бастап «Abai TV» телеарнасында осы жұмыстарды кеңінен насихаттау мақсатында «Қазба қазыналары» атты жоба жүзеге асуда. Қазіргі уақытта жобаның түсірілім тобы өңірімізде жүріп жатқан қазба жұмыстарын түсіруде. Осы орайда жоба жетекшісі, археолог Айбар Қасенәлімен сұхбаттасқан едік…

– «Қазба қазыналары» қандай жоба?

– Көп жағдайда салалық журналистика мамандары болмағаннан кейін, археология көп жазыла бермейді. Біз саланы жете білеміз және журналистикаға бейімдеп, халыққа ақпарат береміз. Бұған дейін Балапан арнасында «Жұмбақ жер» деген хабарымыз болды. 2017-2018 жылдары екі жыл қатарынан жүрді. Ол кезде де Қызылордаға келіп, Жанкент, Қышқала, Сығанаққа барып, балаларға арналған хабарлар түсірдік. Бір сөзбен, болып жатқан зерттеулерді өзіміз халыққа жеткіземіз. Биыл қазба барысын толық көрсету мақсатында 20 түсірілім жос­парланған. Қазақстанда жү­ріп жатқан зерттеулерді барынша көрсететін боламыз. Қазір Жанкент, Шірік-Рабат, Бәбіш молла қалашықтарын, Түгіскен қорымын түсірдік. Қышқаланы, ЮНЕСКО-ның алдын ала тізімінде тұр­ған бірегей ескерткіш – Сауыс­қандық петро­глифтерін тү­сіреміз. Облыста осы ескерт­кіш­терді қамтитын төрт бағ­дарлама жоспарланған. Сыр өңірінде ескерткіш көп. Бірақ маңыздылығы жа­ғынан бірегейлері бар. Мысалы, Шірік-Рабат. Оның ішінде Шірік-Рабаттың өзі, Қабылдың қамалы, Бәбіш молла кесенесі – барлығы бір мәдениеттің ескерткіштері. Шірік-Рабатта 2000 жылдардан бастап зерттеу жүріп жатыр. Бірақ әлі де ашылмаған тұстары көп. Мысалы, Шірік-Рабатты сақтардың астанасы дейміз. Бірақ оның ортасында үлкен обалар тұр. Ерте замандарда тоналған. Бірақ ғылыми тұрғыда қазылмаған.

– Ол обаларды қазу бізге не береді?

– Ескерткіштің қай мәде­ниетке жататынын, мерзімін анықтауға мүмкіндік береді. Біз, мысалы, Шірік-Рабатты сақтардың астанасы деп жүрміз. Бірақ бұл орындар оның тек астана ғана емес, сакралды орын болғанын көрсетеді. Олар сонда апарып патшаларын жерлеген, түрлі рәсімдер өткізген. Сол обалар неге зерттелмейді? Соны қолға алу керек. Бұл облыс тарапынан жүзеге асса тіпті жақсы. Қазір облыс тарапынан үш ескерткіш зерттеліп жатыр – Жанкент, Бәбіш молла, Асанас. Қышқала да – өте қызықты ескерткіш. Алтын орда кезеңіне жатады. Қазір сол дәуірге мән беріп отыр. Алтын орда дегенде Жошы хан, Алаша хан секілді Ұлытау өңірінің ескерткіштерін айтамыз ғой. Нақты археологияда Алтын орда қабаты деп ажыратып алатын ескерткіштер өте аз. Ал, Қышқаланы Алпамыс батыр жырындағы Баршынкентпен салыстырады. Гүлбаршын анамыздың атымен сәйкестендіреді. Қыш­қала – Алтын орда дәуірінің Сыр өңіріндегі бірден бір ескерткіші. Оған облыс дең­гейінде зерттеулерді жандандыратын болса, туристік нысан ретінде де әлеуеті жоғары. Өйткені облыс орта­лығына жақын.

Бірақ Шірік-Рабат бәрібір зерттеуді қажет етеді. Өйткені орта ғасыр қалалары сол сақ дәуірінен бастау алады. Одан әрі Жалағаш ауданында Түгіскен қорымы бар. Қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі тайпалардың, шамамен Бе­ғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіші. Түгіскен – Беғазы-Дәндібай – Ертіс жағасындағы Қараоба, бұлар сол замандағы адамдардың миграциясын көрсетеді. Бұл миграция жер­леу ескерткіштерін салу дәс­түрі, оларға материал дайын­дау, олардың ішіндегі жүр­гізілген рәсімдердің бір-бірімен байланысып жатуынан байқалады. Түгіскен солтүстік және оңтүстік болып бөлінеді. Түстігі қола, оңтүстігі темір дәуіріне тиесілі. Кірпіш дайындау әдісі сол жерден басталады. Кейін ол Шірік-Рабатта, Қышқалада, барлық ортағасырлық мәдениеттерде кездеседі. Бірақ бастауы сол қола дәуірінде жатыр.

– Қазба жұмыстары туралы сөз болғанда жұртшылық түсіне бермейтін нәрсенің бірі мәдени қабаттарға қатысты. Көне қалалардың астыңғы деңгейін зерттеу үшін үстіңгі қабат бұзыла ма?

– Қаланың барлық аумағын қазу міндет емес. Қамалын зерттеу үшін бір тілік салынып, астыңғы мәдени қабат қай уақыттан басталғанын көріп аласың. Сосын орталығындағы цитадель, шаһристанға бір қазба саласың. Кейде үстіңгі қабатты алып тастап, төменгі қабатқа түсесің. Бірақ бұл – барлық табылған нәрсені ғылыми құжаттағаннан кейін жасалатын нәрсе. Суретін, сызбасын алып, құжатқа енгізген соң ғана. Өйткені оның астында қандай жәдігер, қандай мәдени қабат бар екенін ешкім білмейді. Ол үшін барлау қазбасы деген болады. Ортасына бір тілік салып, не бар екенін көріп алады. Егер қазу керек болса толық фиксациядан кейін үстіңгі қабат алынады.

– Соңғы жылдары жазба тарихымызға деген көз­қарасты өзгертетіндей архео­логиялық ашулар болды ма?

– Бұл мәселені тас дәуі­рінен бастасақ. Бұрын зерттелген, бірақ мынадай жаңалық бар. Қазақстан жеріне адамдардың қашаннан бастап қоныстанғандығы. Тас дәуірін зерттеушілер 1 млн жылға жуық уақыт бұрын адамдар осы ел аумағында өмір сүрді деген болжам. Қазір Германия, АҚШ, Франция, Ресей ғалымдары Қазақстан териториясында көне адамның сүйегін табу бойынша зерт­теулерді өзекті санап отыр. Мысалы, Қырғызстанда Тесік­тастан көне адам сүйегі, Сібірде, Алтайда Денисов адамының сүйегі табылды. Енді екеуінің ортасындағы тау сілемдерінде адамның сүйегі болуы мүмкін. Осы мәселе ежелгі адамдар миграциясын глобалды түрде қарауға мүмкіндік береді. Сол тұрғыдан Қазақстан – өте перспективалы аймақ.

Екінші, қола дәуірінің соңында орталық Қазақстанда қалалар мәдениеті қалып­тасады. Беғазы-Дәндібай мәде­ниетінің Кент, Ақкезең, Бұғылы деген үлкен қалалары бар. Бұл орындар сол кезеңде шаруашылықтың, металлур­гияның дамығанын көрсетеді. Сол кезде үстем тап өкілдері, мүлік теңсіздігі, қазіргі қоғамның барлық көріністері пайда бола бастады. Ол да соңғы жылдардағы зерттеулер нәтижесінде өзінің дәлел-дәйегін тауып отыр.

Сақтарға келер болсақ, біз сақтарды көшпелі деп келдік. Бірақ сақтар толық көшпелі болмаған. Сыр өңірінде отырықшы сақтар болғаны өздігінен түсінікті. Арқадағы сақтардың да қыстақтары табылып жатыр. Демек, толық көшпелі болмаған. Бір бөлігі ғана көшіп отырған. Бұл да соңғы жылдардағы археологияда ашылып жатқан жаңалықтың бірі. Көп жылдар сақ археологиясы жерлеу орындарына ғана негізделіп келді. Жерлеу  дүниетанымнан хабар береді. Ал жаңа қоныстардың ашылуы шаруашылығы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігінен хабар бере бастайды.

Орта ғасырдан Алтын орданы айтсақ болады. Алаша хан, Жошы ханның айналасында алып-қашпа әңгіме көп. Осыған байланысты зерттеу жүргіздік. Қазір Жошы хан ескерткішінің нақты жасын қою, генетикасын ажырату бойынша жұмыс жүріп жатыр.

– Жошы хан ескерткіші бұрын зерттелмеген бе?

– Бұрын зерттелген, әрине. Бірақ ол кезде методика басқа болды. Нақты жасын анықтайтын радиометриялық әдіс деген сияқтылар болған жоқ. Генетиканың өзі енді пайда болып жатыр. Маған Әлкей Марғұлан сияқтылар буын архео­логтардың жұмы­сын кө­леңкеде қалдырып жатыр­сыңдар деп сын айтады. Бірақ қазіргі жаңа мүмкіндіктерді пайдалану керек. Сол арқылы тарихты саусақпен емес, зерттеу нәтижелерімен түсіндіретін деңгейге жетуіміз керек. Енді бір мәселе – қазақ заманының ескерткіштері. Атап айтқанда, 17-19 ғасырлар. Археологтар көбіне баяғыда қазақ ескерткіштеріне мән бермей өтетінбіз. Мән бермегенде, ғылымда ондай талап болмайтын. Қазір 18-19 ғасырдағы қазақ қыстақтары қандай дерек беретінін ешкім білмейді. Бұрынғыдан жеткен әңгіме ғана бар. Бірақ оны ғылымға айналдыру бір бөлек нәрсе. Тұрғын үйлері, қоралары, тұрмыс-тір­шіліктері қандай болды? Бұл жерлеу ескерткіштерін қазбалау деген сөз емес. Қыстақтардың шаруашылығы қандай болды, қанша мал ұстады, мұның барлығы – ғылымға айналуы керек нәрсе. Бәріне ғылыми негіз керек. Негізі археологияны саясатқа араластырмайды. Дегенмен, Қазақстан территориясында мемлекет бол­маған деген әңгімелер көп. Мысалы, солтүстікте қазақтар баяғыдан өмір сүрді. Бірақ қыстақтарын зерттемейінше оны дәлелдей алмайсың. Бір жағынан ол зерттеулер осындай идеологиялық негіз болады. Екінші жағынан – таза ғылым. Біз сақтарды айтып отырмыз. Қазақтар да сол қоныстар үстіне үй салған. Демек, екі жарым мың жыл бұрынғы қыстақ салу дәстүрі үзіліп қалса да, кейін қайта жалғасқан. Сақтар мен қазақтардың шаруашылығы шамалас. Үй салу техникасы, орын таңдау бойынша ұқсас.

– Археологиялық ескерт­кіш­терді қорғау өте өзекті мәселенің бірі болып отыр. Жақында Арқарлы асуындағы петроглифтерге қатысты мә­селе көтерілді. Ол жердің қиыршық тас өндіретін кәсіп­орынға бе­рілгені, петро­глифтердің та­рихи ескерткіш ретінде мәр­тебесі әлі анық­тал­ма­ғаны белгілі болды. Осындай жағдайлар көп пе?

– Оған ұқсас жағдай көп болып жатыр. Мысалы, сол кәсіпорын Арқарлыда ескерткіш барын білмеді. Білсе де, оған білмеген тиімді болар еді. Біз әлі күнге Қазақстанда қанша ескерткіш барын білмейміз. Мәдениет министрлігінің рес­публикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысандары тізімі бар. Облыс әкімдіктерінде жер­гілікті маңызы бар орындар тізімі болады. Үшінші тізім – алдын ала есепте түрған тарихи-мәдени нысандар. Көп жағдайда осы үш тізімнің ішінде 80 процентке жуығы – археологиялық ескерткіштер. Тағы бір мәселе – ол тізімдердегі бірқатар ескерткіштердің бар-жоғы белгісіз. Қағаз жүзінде бар, іс жүзінде болмай шығуы мүмкін. Бұл жұмыс әлі толық атқарылған жоқ. Қазір цифрлық дәуірге аяқ бастық. Бірақ әлі күнге археология ескерткіштерінің электронды базасы жасақталмаған. Әңгіме Арқарлыдан шығып жатыр ғой. Ол мәселе неге туындап отыр? Өйткені жер бөлген кезде ол жерде ескерткіш барын ешкім айтпаған. Ортақ база болып, ол архитектура, тағы да басқа жауапты жергілікті органдарға қолжетімді болса, ондай мәселе болмас еді. Қай жерде ескерткіш бары, территориясы көрініп тұрар еді.

– Ескерткіштердің толық­қанды қорғау аймағы бекітілмеген бе?

– Бірінде бар, бірінде жоқ. Осы мәселені көзіміз көріп тұр ғой. Сондықтан Қазақстан археологиясының порталын ашуды өзіміз қолға алдық. Қоғамдық бастама ретінде. Жұмыстар бітсе, биыл іске қосамыз. Порталда барлық ақпарат: ескерткіштер, кітап­ханалар, экспедициялар, энциклопедия, археологиялық карта болады. Әр кезеңде мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жүріп отырады. Мысалы, «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», оның ішінде «Сакралды Қазақстан». Осындай бағдарламалар аясында археологияға қаражат бөлінеді, адамдар жұмыс істейді, кітаптарын шығарады. Еңбектер жазады. Бірақ әрі қарай насихаттау мәселесі жетпей жатады. Көрсету жағы кемшін. Біз өзіміз жасамаған соң басқа біреулер келіп істейді. Ол жұртқа қате жетіп жатады. Сондықтан түсінетін адам жасағаны жөн. Бір жағынан ол – заман талабы. Ғылымнан да қол үзбеу, насихатын да жүргізу, еңбегіңді де жариялап отыру керек. Қазіргі мамандар жан-жақты болуы тиіс.

– Цифрлық дәуірге аяқ бастық дейміз. Археологияда зерттеу жүргізу технологиясы қаншалықты жаңарды?

– Ғылым дамуына байланыс­ты жаңа зерттеу әдіс-тәсілдеріне көштік. Жәдігердің жылын, жасын анықтау деген сияқты. Өкінішке қарай Қазақстанда лаборатория жоқ. Біз ДНК тестін шетелде жасатамыз. Табылған деректі сыртқа неге шығарады деп қарсы шығып жатқандар да бар. Бірақ бұл қалыпты нәрсе. Адам үйінде күрек болмаса да көршісінен сұрамай ма? Сол лабораторияны өзімізде де ашуға болады. Мүмкін бір жағы мәселе кадрға тірелетін де шығар. Бірақ сырттан оқып келген мамандар да бар. АҚШ-та оқып жатқан жастар да бар. Тіпті болмаса, өзіміз оқытып, бір лаборатория ашып қойсақ, барлық археолог табылған нәрсесін соларға зерттеуге берер еді. Елімізде жыл са­йын қаншама экспедиция жүреді. Мен өзім жұмыс ыңғайына байланысты түгендегенімде, 2018 жылдың өзінде 150-ден астам экспедиция болды.

– Ал солармен табылған материалдар қайда кетіп жатыр? Оны кім қадағалайды?

– Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау туралы заң бар. Бірақ оның жүзеге асырылуы – бөлек мәселе. Бұрын қанша экспедиция барын ешкім білмейтін. Қазір механизм жасалды. Археологтар экспедицияға шығу үшін алдын ала Мәдениет министрлігіне хабарлама жібе­реді. Қазба жұмысынан кейін не таптың соның барлығын тізімдеп, министрлікке өткізуің керек.

– Бірақ археолог тізімге қоспаған нәрселер де болуы мүмкін ғой?

– Ол археологтың ар-ожданына, кәсібилігі мен адамгершілігіне байланысты.

– Бұл өте қиын мәселе ғой?

– Қиын. Бірақ басқа механизм жоқ. Басқаша қалай істейсің?

– Мүмкін бір бақылау жүргізу керек шығар?

– Бұрын инспекция болған. Кейін оны зерттеу-сақтау орта­лықтарына ауыстырды. Бұл орталықтар облыстардағы мә­дениет басқармаларының ес­керт­кіштерге жауапты ме­кемесі. Қазбаны кім қалай жүргізіп жатқанын солар қада­ғалайды. Бірақ олардың құзыретінде біреудің экспедициясын тексеру жоқ. Сондықтан ол – таза тек археологтардың өздеріне байланысты нәрсе. Біреу тапсырып, біреу тапсырмауы мүмкін. Бірақ мұның өзі бір бөлек, ешкімге ескертпей де қазба жүргізіп жатқандар қанша?

– Сонда қазбамен алдын ала ескертусіз кімдер айналысады?

– Бізде археологияны қар­жы­ландырудың бірнеше көзі бар. Біріншісі – Мәдениет және спорт немесе Білім және ғылым министрліктері. Екеуі жұмыстарын бөлек жүргізеді. Археологиядан алынған дерек ғылым министрлігіне кетеді, бірақ ескерткіштерге мәдениет министрлігі жауапты. Осындай бір сәйкессіздік болып тұр. Бұдан бөлек үлкен кен орындарын игеріп жатқан корпорациялар бар. Олар өз жерін кеңейткен кезде, айталық жаңа карьер салу үшін арнайы экспедиция жіберіп, экспертиза жүргізеді. Археологиялық ескерткіштер бар болса, оны қаздырады немесе карьер салмайды. Қазба жүргізген жағдайда ол – кәдімгі археологиялық жұмыс. Ол жұмысты бірақ министрлік те, жергілікті әкімдік те білмеуі мүмкін. Осылайша ескерілмей қалады. Жеке кәсіпкерлер, меценаттар, өз тарихын зерттеуге құштар әрі соған жағдайы келетін адамдар да археологтарды қар­жы­ландырып, қазба жүргізуі мүмкін. Егер мен жеке адамға жұмыс жасап жүрген кәсіби этикасы бар археолог болсам, барып министрлікке, басқармаға ескертемін. Бірақ ескертпей жатқан археологтар да бар шығар. Бұл – өте кең проблема. ЮНЕСКО, Жапония, Германияның зерттеу институттары сияқты халықаралық ұйымдар да бар. Олар да Қазақстанда зерттеулерді қаржыландырып, жеке археологтармен шығып жұмыс істей беруі мүмкін. Оған қоса ешқандай қаржыландырусыз, заңсыз жұмыс жасайтындар бар. Олар да металл іздегішін алып, ескерткіштерді қопарып қазып жатыр. Оларға қатысты Қылмыстық кодексте арнайы бап бар.

– Халықаралық ұйымдар бізден акредиттеуден өтпей ме?

– Олардың қызметіне архео­логтар жауап береді. Өйткені археологтармен тікелей жұмыс істейді. Бірақ қазба жұмыстары үшін лицензия керек. Қанша жерден білікті маман болса да, лицензиясыз жұмыс заңсыз болып саналады. Лицензияны Мәдениет министрлігі береді. Ол үшін үш жыл еңбек өтілі, арнайы білім керек. Лицензия заңды тұлғаларға беріледі. Жеке тұлға алды, жұмыс істеді дегенді естімеппін. Қазір Қазақстандағы бірінші кезектегі мәселе осы. Бізде құрылыс компаниялары да лицензия алып, өз шаруаларымен айналыса береді. Демек, археологияны бәсекелестік ортаға салып жіберген. Ішінде ең көбі – жеке мекемелер. Лицензияның өзінде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ қазба жұмыстарының есебін алу, кім не тапты, қайда, қалай жұмыс жасап жатыр деген нәрсе реттелуі керек. Бұл тұрғыдан Мәдениет және спорт министрлігінің құзыреті жеткіліксіз болып отыр. Өйткені жеке кәсіпкерлер қызметі түрлі заңдармен қорғалады. Ол заңнан аттап өте алмаймыз. Бұл да – бір сәйкессіздік.

– Бұл мемлекет деңгейінде шешілуі керек мәселе ме?

– Мысалы, Қызылорда облысында қазір нақты бес экспедиция бар: Жанкент, Бәбіш молла, Қышқала, Сығанақ, Асанас. Әр облыста жоқ дегенде 5 экспедиция болғанның өзінде, орта есеппен ел бойынша жүзден асады. Оларды түгендеп шығу қиын шаруа емес. Министрлік неге қиналатынын түсінбеймін. Мысалы, олар облысқа осы мақсатта хат жібереді. Басқарма облыс қаржыландыратын экспедицияларды біледі. Бірақ министрлік қандай экспедиция шығаратынын білмейді. Содан шатыс басталады. Оны археологтар ортасын жете танитын адам сұрастырып-ақ біліп алауына болады. «Қазба қазыналары» жобасы аясында біз өзіміз солай біліп алып жатырмыз. Бірақ орталықтанған ресми ақпарат еш жерде жоқ. Бұл қағазбастылыққа әкеліп отыр. Ойластырса, оңтайландыру жолдарын табуға болады. Бұрындары «Археологические открытия» де­ген журнал шығып тұрды. Ол жерде кімде «открытый лист» бар, сол екі беттен ақпарат беріп отыратын. Мына жерді қаздық, мынадай дерек шықты деп. Осылайша жұмыс ауқымын шамалап отыратын.

– Бізге де сол сияқты жүйе керек шығар.

– Қазір біз соның бәрін жүйелеп, 1964 жылдан бастап сайтымызға салып жатырмыз. «Мәдени мұра» жобасы кезіндегі, басқа да жұмыстарды түгендеп, сандық форматқа көшірудеміз. Өйткені ортақ база керек. Археологияның таза ғылыми жағы бар да, прак­тикалық мәселе де бар. Тарихымызбен мақтанумен бірге ескерткіштерімізді сақтау да керек. Бәрібір бір күндері барлығы зерттеліп бітеді. Ескерткіштердің саны шектеулі. Сайтта қысқаша ақпараты, бейнеролигімен бір­ге археологиялық карта да бар. Ескерткіштер үш маркермен берілген. Жасыл – толық тексерілген, ақпараты бар. Сары – жартылай тексерілген. Қызыл – тексерілмеген. Мысалы, сіз өзіңіз сайтқа тіркейтін болсаңыз, ол ақпарат қызыл болып тұрады. Өйткені сайт әкімшілігі оның бар-жоғын әлі тексерген жоқ. Мәдени құндылығы қаншалық екенін білмейміз. Тағы бір айта кетерлігі, карта үш сатыдан тұрады. Бірінші сатыдағы 300-дей ескерткіш барлығына қолжетімді болады. Берел, Сауран, Сығанақ сияқты орындарды жасыра алмаймыз ғой қазір. Ақпараты интернетте онсыз да жетеді. Екінші сатыда облыс деңгейінде немесе ескерткіш түріне қарай шектеу қоямыз. Ал үшінші сатыдағы ескерткіштер кәсіби мамандар үшін ғана қолжетімді болады. Әйтпесе, мұның бәрі – «қара археологтар» үшін дайын ақпарат. Сен тіркеп қоясың, олар барып заңсыз қазба жүргізуі мүмкін. Мысалы, Қазақстанда жалпы саны 25 мыңдай ескерткіш бар. Бірақ олардың қандай екенін, қай облыста екенін ешкім нақты білмейді. Біз соның барлығын нақтылап, ортақ база жасаймыз.

– Сонда «қара археологтар» әдетте не іздейді? Алтын ба?

– Алтын іздейтіндер де бар. Кейбіреу үшін бұл – хобби, өзінің ішкі эгосын қанағаттандыру. Халықта ескерткіштерді қорғау мәдениеті қалыптаспаған. Әсі­­ресе шығыс, солтүстік аймақ­­тарда көп кездеседі. Қорық­пайтыны сонша, OLX сияқты сауда платформа­ла­рына шы­ғарып саудалап та жүр. Ал Еуропада мұндай әуесқойлардың әре­кеті заң­дас­тырылған. Олар ескерт­кіштерінің бәрін тү­гендеп қойған. Егер территориясына кірсең, білмей қалдым деп ақтала алмайсың. Екіншіден, олар жоқ жерден бірдеңе тауып жатса, әуесқойларға сыйақысын береді. Ғылымға қосқан үлес ретінде қарайды. Көбі интернеттен қазба жұмысы қалай жүретінін, Еуропада әуесқойлардың емін-еркін жүргенін көреді. Сосын сондай әрекеттерге барады. Мысалы, біреулер келіп «сақ дәуірінің қанжары бар, қаншаға сатып аласың?» деп сұраған да жағдай болды. Ол адам оны қайдан тауып алды? Өзі қазып алды ма әлде археологтардан ба? Металл іздегішпен ескерткіштерге шығатын адамдар онысын қылмыс деп ойламауы мүмкін. Өйткені түсіндіру жұмысы кемшін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Биболат СӘТЖАН

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<