«Ақтаңдақтарға баға беретін уақыт жетті»

1296

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХ ғасырдың 1920-1950 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңын халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең деп атап, тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғаны белгілі.  Осындай комиссиялар өңірлерде де құрылып, жұмыс топтары құпия қорларда зерттеу жүргізіп, көптеген материалдарға қол жеткізуде. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында осы комиссияның мүшесі, тарихшы ғалым, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры Сағат Тайманмен сұхбаттасқан едік.

– Тарихтағы ақтаңдақтарды анықтаудағы жұмыс тобының бағыт-бағдары, ізденіс барысы қалай болып жатыр?

– Жұмысшы топ құрамындағы ғалымдар құпия құжаттармен жұмыс жүргізуде. Мысалы, облыстық полиция департаменті мұрағатында ақтауға жатпайтын азаматтардың қылмыстық істері 499 адамға  қатысты, 263 дана  қылмыстық іс-құжат,  Германияда әскери тұтқында болған және өз еліне қайта оралған бұрынғы КСРО  азаматтары туралы 418 адамға қатысты, 418 дана қылмыстық іс-құжат бар. Өңірлік жұмыс тобы «ақталуға жатпайды» деген 12-қормен жұмыс жүргізуде. Жұмыс барысында бүгінге дейін ақтауға жатпайтын азаматтар туралы 100-ге жуық іс қаралып, 200-ге жуық адам ақтауға ұсынылды.

Соғыс жылдары кеңестік әскери тұтқындар қатарынан құрылған «Түркістан легионы» сарбаздарының істері негізінде азаматтарды ақтау бойынша ұсыныстар әзірленуде. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде неміс лагерьлеріндегі милиондаған кеңестік тұтқындар ашық аспан астында ұсталды, тамақтары үсіген капуста, картоп болды. 

– Тарихтан белгілі, соғыс басталған сәтте-ақ кеңес өкіметінің тұтқынға түскен өз азаматтарынан біржолата бас тартып, әскери тұтқындардың құқықтарын анықтаған халықаралық Гаага және Женева конвенцияларын мойындамауы олардың жағдайын қиындата түсті емес пе?

– Иә,  әсіресе, бұл жағдай түркістандық соғыс тұтқындарына қатты әсер етті. 1941 жылдың желтоқсан айында Польшадағы түркітілдес халықтардың өкілдері шоғырланған Ченстохан концлагеріндегі 30 мың адамнан 2 мыңы ғана тірі қалған екен. Соғыстың алғашқы жылдарында түркі халықтары өкілдерін «мен мұсылманмын» деп айтқандарына қарамастан, фашистер оларды  итке талатып, өлтіріп жіберген.

Неміс концлагерьлеріндегі түркістандықтардың қандай жағдайда тұтқынға түскені жөнінде М.Шоқайдың Францияның Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институты кітапханасынының жеке архивтік қорындағы тұтқындардан алған мағлұматтары негізінде жазылған «1941 жылғы Мұстафа Шоқайдың Германиядағы қызметі: әскери тұтқындармен – Түркістан тұрғындарымен байланыстары» деген құжатта көрсетілген. Сондағы деректерге сүйенсек, соғыс басталғаннан кейін жалпы мобилизация бойынша майданға алынған түркістандықтардың оннан тоғызы винтовка ұстауды да білмеген.  Көпшілігі орысша айтылатын әскери команда тілін түсінбеген. Стратегиялық қателіктер, әскер командирлерінің тәжірибесіздігінен майдан котелдарында жазықсыз қырғынға ұшыраған. Жауынгерлер жараланып немесе контузия алып, жауға еш қайрат қыла алмай тұтқынға түскен. Соғыс кезінде қазақ, өзбек, қырғыз, т.б түрік мұсылман халықтарының өкілдері мылтықпен, оқ-дәрімен жұрттың ең соңынан жабдықталған. Мысалы, қызылордалық Әнуарбек Өтебеков 1942 жылы Харьков маңында аяғынан жараланып, тұтқынға түскен.

– Соғыстың алғашқы айларынан бастап тұтқынға түскен түркі халықтары өкілдерінен «Түркістан легионы» атты ерікті армия тобын жасақтау қолға алынғаны белгілі. Легионға енгендердің құжаттарын қарап отырып қандай ой түюге болады?  

– Архивтердегі парақтары әбден сарғайған қылмыстық істердің артындағы түрлі тағдырлар көз алдыңнан тізбектеліп өтеді. «Түркістан легионына» кіргендердің бірі ашаршылық пен аурудан аман қалып, бір күнге болса да өмірін ұзартуға тырысқан. «Бір реті болар» деп болашаққа үміт артқандар да бар. Екіншілерінің соғысқа дейін өміріне күшпен ұжымдастыру, тәркілеу, саяси репрессия, бай баласы, молда баласы деген айыптармен қуғындалу әсер еткен. Өздері немесе әкелері, ағалары шаруалар көтерілісіне қатысқаны үшін жазалауға ұшырағандардың ішінде реніш болғанын да ашып айтқан жөн.

Әскери қайта даярлықтан өткен легионерлерді неміс командованиесі алғашқы кезде неміс-кеңес майданында және Сум, Брянск облысы ормандарындағы партизандарға қарсы пайдаланбақшы болды. Алайда легионерлер ретін тауып, партизандарға немесе кеңестер жағына рота-ротамен өтіп кетіп отырды. 1943 жылы «Түркістан легионы» алғашқы батальонының Құрамысов бастаған 1-ротасы кеңес армиясы жағына толығымен өтіп кетеді. Осыдан кейін неміс әскери басшылығы легионерлерге сенімсіздікпен қарап, оларды толық қарусыздандырып, Албанияға, Францияға, ағылшын-американ әскеріне қарсы қорғаныстың құрылыс жұмыстарына пайдаланған. Ал 1944 жылы легионерлердің көпшілігі албан, югослав, француз партизандары жағына өтіп, олармен бірге неміс фашистеріне қарсы соғысып, жылдың аяғында кеңес әскерінің қатарында жаумен шайқасқан. Олардың көпшілігі айып батальондарында болып, өз кінәсін қанмен жуған, жауынгерлік медальдармен марапатталған. Солардың бірі қызылордалық Тұрсын Мамраймов 1944 жылы қыркүйекте югослав партизандарына өз еркімен беріліп, кеңес әскері қатарында айып батальонында фашистік Германияға қарсы әскери қимылдарға қатысқан. Вена қаласы маңында ауыр жараланып, 1945 жылы маусымда ІІІ топтағы мүгедек болып армия қатарынан босатылады. Алайда елге келген соң тұтқындалып, 58-бап негізінде ТуркВО әскери трибуналы сотының шешімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылған.

Әскери тұтқында, «Түркістан легионында» болғандардың көпшілігі майдандағы шайқастарға қатыспаған. Олар сол жерде молда, аспаз, атқосшы қызметтерін атқарған. Мысалы, жаңақорғандық Қали Мамадиев 1942 жылы 26-27 мамырда ауыр жараланып, қарусыз, госпитальға барар жолда немістерге тұтқынға түскен. Лагерь лазаретінде емделген соң қыркүйек айында Польшадағы Вениаминов лагеріне жіберіліп, ішкі шаруашылық жұмыстарды атқарған. 1943 жылы Батыс Германияның Киль қаласына «Түркістан легионына» жұмысшы батальонына жіберіледі. Немістерге қызмет етуден бас тартқандар табан астында атылғасын Мамадиев амалсыз келісті. Бірақ кеңес армиясына қарсы соғыспаған. Қару ұстамаған. Немістерге ант бермеген. Осы жұмысшы батальонда 1943 жылдың қыркүйегінен 1945 жылдың наурызына дейін қызмет атқарған. Денсаулығына байланысты еңбек етуден бас тартқасын айып лагеріне отырғызылып, 1945 жылы 5 мамырда ағылшындар азат етіп, Кеңес үкіметіне берілген.

– Елге қайтып оралған түркістандық тұтқындардың тағдыры бәрімізге аян. Дегенмен олар тартқан жаза туралы айтып берсеңіз…   

– Соғыс аяғында түркістандық легионерлердің біразын одақтастар әскері тұтқынға алып, олар 1945 жылдың күзіне дейін Америкада, Англияда лагерьлерде болған. Бірақ көпшілігі елге қайтуға асықты. Олар немістер жағында қандай әрекет еткеніне байланысты РКСФР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша түрлі жазаға тартылды. Бірі 3 жылдан 7 жылға дейін, екіншілері 10 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге сотталып, соғыстан кейін кеңестік ИТЛ-да азап шекті.

Тек біршамасы 1953-1954 жылдар аралығында еріксіз легионерлер қатарында, кейін партизандар және кеңес әскерінде болып, айыбын қанмен жуғандар рақымшылыққа ілігіп, үйлеріне қайтарылды. Алайда, рақымшылық жасалғанымен, олардың соғыста болды деген құқы қайтарылмады. Рақымшылыққа ілінбегендері кеңестік лагерьлерде қайтыс болды. Тіпті 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы бойынша да бұл азаматтардың көпшілігі ақталмады.

– Тәуелсіз елдің тарихына «Түркістан легионына» қатысқандардың бұрынғыдай «сатқын» атауымен енбеуі үшін қандай қадам жасалуы тиіс деп ойлайсыз?

– Ұлттық сана тұрғысынан саралайтын болсақ, оларды «сатқын» деп бағалау тек социалистік мемлекетін қанмен тұрғызған кеңестік билікке ғана тән. Большевиктер ұйымдастырған ұжымдастыру, кәмпескелеу, аштық, геноцид, шаруалар наразылықтарын басу кезіндегі жаппай қыру, жазалау, дүркін-дүркін саяси репрессиялар, күштеп қоныстандыру, лагерьлер жүйесіндегі қанды қырғындарды есепке алсақ, кімнің жау, кімнің дос, кімнің сатқын екені айқын көрініп тұр. Сондықтан біріншіден, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңының 6-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек. Ондағы б-тармақшасындағы «…Ұлы Отан соғысы кезiнде осындай әрекеттер жасауына басқыншылар мен Отанын сатқандарға» деген сөйлемді алып тастау керек. Екіншіден, «Түркістан легионына» және түркістандық соғыс тұтқындарына ешкімге жалтақтамай мемлекеттік деңгейде саяси баға беретін уақыт жетті.

– Архив деректері біздің өңірдегі түрмелер, ату жазасы орындалған орындар туралы не дейді?

– Қазалыда және Қызылордада НКВД-ның шағын түрмелері (сотқа дейінгі тергеу істерін жүргізетін қамау үйлері) болғаны анықталды. Қазалыда шағын қамау үйі шамамен теміржол вокзалы, Қызылордада қазіргі Қызылорда және Байқоңыр қаласы бойынша ҰҚКД  ауласы маңында орналасқан. Қармақшы ауданы, 10-ауылда колхоз төрағасы болған тұңғыш әйел Ақбала Күнтуарова 58-2 баппен сотталып, осы түрмеде қайтыс болған деген деректер табылды. Алайда бұл қамау үйінің де фотосуреттері табылмады, бүгінде ол ғимараттар бұзылып, орнына жаңа құрылыстар салынып кеткен. Айыпталғандардың отбасы мүшелері қамалғаны туралы толық мәлімет жоқ.

Соғыстан кейін Тасбөгетте жапон соғыс тұтқындарының лагері болған. Тұтқындар плотина (бөгет) құрылысына тартылған. Олардың барактары бөгет құрылысы маңында болған, кейін бұзылып кеткен.

Тағы бір болжам Арал теңізіндегі «Барсакелмес» аралында лагерь болған делінеді. Алайда нақты құжаттардың болмауынан бұл дәлелденбей отыр.

Кеңестік билікке қарсы  көтеріліске қатысқандар, репрессияға ұшырап «халық жауы» атанғандар Қызылорда қаласынан 8 шақырымдай жердегі Қарауылтөбедегі «Ұшағаш», Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 27 шақырымдай жерде орналасқан «Бірқазан» станциясының маңындағы  «Қоңыртөбе» және Қызылорда қаласындағы қазіргі «Арай» шағын ауданы, «Ақмешіт» шағын ауданындағы славян қорымы жанында 40 молда атылған деген деректер бар. Алайда осы жерлерде кімдердің атылғаны туралы нақты мәлімет жоқтың қасы. Қызылорда және Байқоңыр қаласы бойынша ҰҚКД  архивінде үкімді орындаушылардың есебі сақталмаған, «есеп «А» бөліміне жіберілді» деген жазбалар ғана кездеседі.

Өңірлік комиссия бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын жалғастырады.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<