Баланың жан әлемі – ашылмаған арал

2611

0

Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды» деп атап көрсеткен болатын. Бұл орайда 2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы болып жарияланды.

Жартығасырлық ұстаздық жолында бала тәрбиесіне байланысты бірнеше әдістемелік құралдар мен шығармашылық еңбек жазған, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР  Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Рахат Наурызбаеваның есімі Сыр жұртшылығына ғана емес, республика көлемінде белгілі. Балалар әдебиетінде өзіндік бедерлі қолтаңбасы бар ардагер ұстазбен әңгімелесіп, тақырыпты тарқатып көрген едік.

– Рахат апай, біз ес білгелі сіздің балалар әдебиетіне сіңірген еңбегіңіз жайлы хабардармыз. Негізі, бұл бағытқа қалам тар­туыңыз қай уақыттан басталды?

– Мен Қазалы стансасында, шаруа отбасында дүниеге кел­дім. №420 мектептің 7-сыныбын біті­рісімен, М.Мәметова атын­дағы қыздар педагогикалық учи­ли­щесіне түсіп, одан соң 1961-1965 жылдар аралығында Абай атындағы мемлекеттік пе­да­гогикалық институтында оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімі мамандығын алдым. Өмірімнің мәніне айналған ұстаздық жолым осылай басталды. Қатардағы көп мұғалімнің бі­рі емес, әйгілі ағартушы Ы.Ал­тын­саринше айтқанда, шәкірт жү­регіне шамнан шырақ жағатын шы­найы ұстаз болуды мақсат ет­тім. Әр жылдары облыс, аудан мектептерінде, М.Мәметова атын­дағы педагогикалық училищеде, Қорқыт ата атындағы университетте, «Сейхун» академиясында, тағы басқа оқу орындарында дәріс беріп, шәкірт тәрбиеледім.

Иә, енді сауалыңа келсек, ұстаз­дық етумен қатар, шығар­машылық жұмыстармен терең шұғылдануға тырыстым. Әсіресе, орта мектептерде мұғалім болып жүрген кезімде «балалардың білімге деген ынтасын арттыруда не істеуге болады?» деген ой көбірек мазалайтын. Күн сайын өтетін жаңа сабағыма көрнекі құралдар әзірлеймін. Ол да жеткіліксіз сияқты. Ойлана ке­ле, білімімді, тәжірибемді шы­ғар­­машылықпен ұштастырып, тәр­­биелік мәні бар дүниелер жасау­ды ұйғардым. Осылайша қолыма қа­лам алып, балалар әдебиетіне бет бұрған едім.

– Шығармашылыққа келген адам бірден еркін көсіліп ке­те алмайды. Ол үшін кейде бі­реудің «бәрекелді» деген сөзі керек сияқты болып тұрады. Ал сізге алғаш батасын берген кім болды?

– Иә, рас айтасың, шынында әдебиет деген – өзінше бір телегей теңіз әлем ғой. Сондықтан оған тосыннан келіп қосыла кету оңай емес. Өзім де сондай ойда жүрген болатынмын. Алайда  сол 1978 жылы қазіргі «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінде әйгілі ақын Асқар Тоқмағамбетовтің шығар­машылығыма ақ жол тілеп:

«Сәт сапар! Өскелең өмірдің өрен жүйріктері саңлақтанып са­рапқа салынып жатыр. Біреу өлең жазып, біреу ән шырқап, өз талантын көптің алдына салуда.  Соның бірі – Рахат Наурызбаева. Рахаттың жастайынан өлең жазуға құмар әрі құштар болғандығы көрініп тұрады. Оған мына жас қаламынан туған сәби жырлар куә. Рахаттағы қасиет – іздену, оқу жағы көп. Таланттың талпыну, ізденумен қанаты қатаяды. Сондықтан өзі өмірде ұстаз, өлеңде шәкірт Рахаттың сөз зергері болуды көздеуі көңілге қуаныш ұя­латады. Жолың болсын, Рахат қарындас!» – деп пікір білдіруі жастық жалынымды оятып, әде­биетке деген құштарлығымды арттыра түскендей.

– Шығармашылық дүниеле­ріңіз 1980 жылдан бастап баспадан жарық көрген екен. Осы жа­йында тарқата айтып беріңізші…

– Иә, ең алғаш 1980 жылы «Жалын» баспасынан «Бастау» атты жыр жинағым жарыққа шықты. Одан соң 1985 жылы «Аққозы», 1993 жылы «Сергек Серік» атты көркем шығармаларым жас оқыр­мандармен қауышты. «Ана тілі» баспасынан «Үй ішімізбен қа­зақша үйренейік» қосымша оқу­лығым, «Атамұра» баспасынан Ш.Құлманова, М.Оразалиева, Б.Сү­лейменованың авторлығымен шыққан 2-3-сыныптарға арналған «Музыка» пәні оқулығына  «Жыл басы кім болады?», «Аңдардың айтысы» атты музыкалық ертегім мен сюжетті шығармам енгізілді. Сондай-ақ, «Алақаныңда алтын бар» жантану іліміне көмекші оқу құралым, «Алма берсем аласың ба?» атты балаларға арналған су­ретті кітабым жарық көрді. Бұл еңбектерім сол уақытта үлкен сұ­ранысқа ие болып, облыс мек­теп­терінде бастауыш сынып ба­ла­ларын оқытуда кеңінен қолда­нылды.

«Білім» баспасынан «Ақ батамен өс, балам!», «Мектептегі сах­на сабақтары», «Бастауыш мек­тепте халықтық тәлім-тәрбие беру­дің шы­ғармашылық жолдары», «Ғылым ордасы» баспасынан «Сүйім­бикенің қоштасу дұ­ғасы», «Әуен әлемінде» сияқты туын­ды­ларымның  жас мұғалім­дердің тәжірибесін толықтыруына көп көмегі тиді деп ойлаймын. Сонымен қатар, «Балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұм­сауының алдын алуда педагог­тің  рөлі», «Балалар мен жасөспі­рім­дерді эвристикалық әдістермен көркемдік-шығармашылыққа бау­лу», «Ғажайып әлем» атты кітап­тарым да әлі күнге дейін тәрбиелік мәнін жойған жоқ.

Жалпы баланы кішкентай ке­зінен бастап, қоғамның толық­қанды мүшесі болғанға дейін үздіксіз дамытып отыру қажет. Осы тұрғыдан келгенде адамды алға қарай ұм­тылдырып, арман-мұратына жете­лейтін – шығармашылық ойлау мен іс-әрекет.

– Облыстық радио арқылы қазақ тілінің аясын кеңейтуге атсалыстым деп қалдыңыз…

– Ол 1989-1990 жылдар болатын. Облыстық радиотораптан «Кел, қазақша үйренейік!» атты ап­тасына  5 күн арнайы хабар әзір­леніп, арнаулы бағдарлама аясында сабақ жүргіздім. Қаланың бірқатар мекемелерінде қызмет ететін өзге ұлт өкілдеріне, ын­талы азаматтарға «Білім» қоға­мы­ның лекторы ре­тінде қазақ тілі­нен сабақ бердім. Күнделікті сабақтардың нәтижесін радио- теледидардан арнаулы хабар дайындап көрсетіп отырды. Бұдан бөлек, педагогикалық тақырыпта «Тәрбие туралы толғаулар» атты хабар жүргізген болатынбыз.

– Педагогика саласында ғы­лыми-зерттеу еңбектеріңіз қол­дау тауып,  докторлық дәрежесіне көтерілдіңіз. Бұл бағытта қандай тақырыпты негізге алдыңыз?

– Мұғалім жоғары білімді маман болса да әрдайым ізденісте жүруі тиіс. Жаңашыл, шығармашылыққа қабілетті болуы қажет. Осы орайда әйгілі Қазан университеті жа­нындағы Біліктілікті жетілдіру факультетінде бірнеше рет дәріс алып, ұстаздық жолымдағы жиған-терген тәжірибеммен ұштастырып отырдым. Соның нәтижесінде, 1994-1997 жылдар  аралығында Қазан университетінің «Татар тілі» мен «Педагогика» кафедраларында ғылыми-зерттеу жұмысымен ай­налысып, 1997 жылы «Балабақша – мектеп – жоғары оқу орны» жүйе­сінде «Жеке тұлғаны шы­ғар­ма­шылық бағытта, ұрпақтар сабақ­­тастығын қамтып тәрбиелеу» деген тақырыпта кандидаттық дис­сер­тация қорғап, педагогика ғы­лымдарының кандидаты ата­ғын иелендім. Ал 2009 жылы осы университеттің педагогика кафед­расында «Оқушыларды халық өнері арқылы көркемдік-шығармашылық іс-әрекетке эвристикалық оқыту­дың педагогикалық жүйесі» тақы­рыбында докторлық диссертациямды сәтті қорғап шықтым.

Ә.Тәжібаев атындағы облыс­­тық әмбебап-ғылыми кітапханасы жа­нындағы «Рауан» шы­ғар­­ма­шы­лық орталығының құр­метті мү­шесі, өзім еңбек еткен Қы­зыл­орда гу­ма­нитарлық универ­си­те­ті­нің «Шам­­шырақ» шығарма­шылық үйір­­месінің көркемдік ке­ңесшісі ретінде жас­тарды шы­ғар­ма­шы­лыққа бау­луға еңбек ет­тім. Қазір зейнет­кермін. Соның өзінде қаламызда өтіп жатқан қо­ғамдық шаралардан қалыс қалмай, жақсыны көрмек үшін деп жаңа бастамаларға қолдау танытып отырамын.

– Биыл ел тәуелсіздігіне – 30 жыл. Сіздер кешегі кеңестік идеологияның тәрбие сатысынан өттіңіздер. Осы тұрғыдан келгенде, тәуелсіз елдің ұрпақтарын тәрбиелеуде қандай да бір қиын­дықтар орын алды ма?

– Өте орынды сұрақ. Иә, әри­не, екі бөлек қоғам, оның үстіне 70 жыл салтанат құрған ке­ңес­тік кезеңнен кейін егеменді елдің  құ­рылымын қалыптастыру оңай емес екені бел­гілі ғой. Сол сияқты, тәрбиелік жұмыстар да түгелге жуық жаңа бағытқа қарай өзгерді. Тәуелсіз елдің ұрпақтарын тәрбиелеуде ту­ған өлкеміздің тарихын тере­ңірек танытып, ұлттық құнды­лықта­ры­мызды ұлықтау мәселесі  басты орында тұрды. Осыған дейін ұмыт бола бастаған салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз қайта оралып, бі­лім, мә­дениет саласының жаңа тыны­сы ашылды.

Дәл қажетті тұсында Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ақпарат кеңістігінде кеңінен насихатталып, алдағы бірнеше жылдарға арналған идеологиялық жоспарға арқау болды.

Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<