Білім деңгейі бәсекеге қабілетпен өлшенеді

2712

1

Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жарияланды. Маңызды саяси құжатта ел дамуының бүгінгі міндеттері жан-жақты сарапталып, негізгі бағыттары айқындалды. Газет тілшісінің «Өрлеу» БАҰО» филиалының облыс бойынша директоры Бауыржан Елеусіновпен әңгімесіне Жолдаудан туындайтын білім саласының өзекті мәселелері арқау болды.

– Бауыржан Тәжімағанбетұлы, өзіңізге мәлім, өткен жыл бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанға да оңай тимеді. Пандемия салдарынан экономика тұралады. Етек-жеңімізді енді жиып жатқан жағдайымыз бар. Біздіңше, биылғы жылдың ерекшелігі сол, жаңа уақытқа жаңа талаппен келген сыңайымыз байқалады. Экономиканың ауыр зардаптарын әлі де сезінетін боламыз деген алаңдаушылыққа қалай жауап берер едіңіз?

– Әлемдік сарапшылар әртүрлі болжам айтуда. Дегенмен экономика 2019 жылдың деңгейіне біртіндеп келіп, биылғы жылдың соңында өсім болады деген болжам бар. Жалпы менің түсінігімде дамуды оң сипатта болжау күтпеген қиындықтарға кездестіруі әбден мүмкін. Сондықтан бүгінгі көрсеткішке қанағат білдіруге болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отырғанын, Тәуелсіздік біздің ең қастерлі құндылығымыз екенін айтты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болғанымызды атап көрсетті. 

Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Бүгінгі Қазақстанның көрінісі нақ осындай екенін мойындауға болады.

Президент пандемия жағдайында жасалған жұмыстарға тоқталды. Мемлекет азаматтарға, кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге. Осының барлығы сонау тәуелсіздіктің алғашқы он жылында қалыптасқан еліміздегі Ұлттық қордың арқасында мүмкін болды.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді.

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты. Шынын айту керек, осынау әлеуметтік қолдау елімізде бірқатар күмәнді ойларға қарамастан сәтті жүзеге асырылды. Алдымен тұрғын үй нарығы біршама қымбаттағанымен, қазір жалақының өсуі бойынша баға тұрақталды. Ең бастысы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түскені қуантады. Бұл біздің алдағы уақытта шикізат шылауынан арылуымызға мүмкіндік береді.

Орта мерзімдегі мақсатымыз бойынша 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспорты 1,5 есе өсіп, ол 24 миллиард долларға жететін болады. Ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру көзделіп отыр. Осының барлығы, сайып келгенде, дамыған Еуропаның орташа көрсеткіштеріне жетуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Жолдауда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті. Жолдауда айтылған түйінді мәселелер және оларды шешуге байланысты нақты міндеттер біздің болашаққа деген сенімімізді бұрынғыдан да нығайта түсті.

– Сіз үшін Жолдауда білім саласының басым бағыттары маңызды екенін атап өткім келеді. Бұл орайда нендей жаңалықты сезіп байқадыңыз? Алдағы уақыттан не күтесіз?

– Білім саласының қызметкері ретінде осы бағытқа қатысты Жолдауда айтылған мәселелер жайлы өз пікірімді білдірейін. Дана халқымызда «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады»  деген қанатты сөз бар. Қазіргі кезде әлемнің барлық дамыған елдері білімге, ғылымға барынша көңіл бөлуде. Өйткені, білім мен ғылым – мемлекет дамуының алтын арқауы. XXI ғасырда кез келген елдің табысты болуы оның адамдарының бәсекеге қабілетімен айқындалады. Ал, білім саласы – мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ететін маңызды сала.

Мемлекет басшысы үкіметке қашықтан оқыту жағдайында ақпараттық жүйелер жұмысының сапасын арттыруды тапсырды. Себебі, пандемия кезіндегі қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Бұл меніңше, уақытша қиындықтар деп ойлаймын. «Көш жүре түзеледі» демекші, барлығы өз орнына келеді.

Президент биыл бірнеше оқушы халықаралық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері атанғанын айта келіп, мұндай дарынды балаларға жоғары оқу орнына конкурстан тыс түсуге мүмкіндік беретін арнайы гранттар мен бірреттік қаржылай сыйақы беру жөнінде тапсырды. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн екенін айтты. Иә, бізде көп жылдар бойы ұстаздар еңбегі тиісті деңгейде бағаланбай келді, мәртебесі айқындалмады. Қазір барлығы орнына түсіп келеді.

Білім беру саласында 2025 жылға дейін 1000 жаңа мектеп салу арқылы елімізде оқушыларға мектептегі орын тапшылығын төмендету міндеті қойылды. Бұл орасан зор міндет. Елімізде халық саны артуда. Кейінгі жылдары демографиялық ахуал анағұрлым жақсара түсті.

Президент білім жүйесіне білікті мамандар қажеттігін айтып, мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп атап көрсетті.

Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек.

Мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі армияда берілуге тиіс. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы мамандығын игеру мәселесін пысықтаған жөн», – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.

Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтыруды тапсырды.

Елімізде 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар.

Сондықтан, 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді, – деп атап өтті Президент.

Мектептегі басты тұлға – мұғалім екені белгілі. Кезінде ұлтымыздың ұлы ұстаздарының бірі Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп бекер айтпаған.

Қазіргі жаһандану жағдайында елдің экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы, бәсекеге қабілеті, ұлт болашағы, адам капиталының деңгейі мен мемлекеттің қауіпсіздігі сол елдің білім беру жүйесінің дамуы мен білім сапасына тікелей байланысты. Ұстаздың білімі мен білігіне сын. Оның қоғамдағы орны жайлы кезінде қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі»  деген еді. Өйткені, білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған кемел ұстаздар ғана тәрбиелей алады.

– Сіз басқарған салада Жолдауды жүзеге асыру мақсатында қандай шаралар қолға алынуда?

– Жолдауда алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Өрлеу» біліктілік арттыру Ұлттық орталығында жұмыс жоспары жасалып, қазірдің өзінде көптеген жобалар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, жаңа оқу жылы қарсаңында «Өрлеу» БАҰО» АҚ орта білім беру ұйымдарының педагогтері мен педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарының студенттеріне «Педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту» тақырыбында тегін онлайн-курс ұйымдастыруда. Курсты әзірлеуге «Өрлеумен» бірге Еуропалық білім беру қоры, Microsoft Kazakhstan, Bilim Media Group және Kundelik сияқты ірі компаниялар қатысты. Педагогтер курс барысында цифрлық білім беру технологияларын жетік меңгеріп, сабақты жобалау әдістемесін, ақпараттық технологияларды қолдану арқылы білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалай алады, оқыту мазмұнының нысандарын және тиісті әдістерін игереді. Өз сабақтарында Activstudio, Pictochart, Jamboard, Prezi, Flippity сияқты сандық ресурстарды және басқа да көптеген құралдарды нәтижелі пайдалана алады. Инновациялық технологияларды білім беру процесіне интеграциялау бойынша Финляндия мен Оңтүстік Кореяның озық тәжірибелерімен таныса алады.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарды бітіруші түлектеріне педагогикалық жаңа технологиялар бойынша арнайы курстар өткізілуде. «Өрлеудің» тағы бір үлкен жобасы – жоғары оқу орнын педагогикалық мамандықтар бойынша бітірген жастарға арналған арнайы курстар. Бұл курстарда жас педагогтерге жан-жақты әдістемелік қолдау көрсетіліп, ұстаздық қызметке кірігудің инновациялық әдіс-тәсілдері, тәжірибелі ұстаздар көмегімен жұмысты тиімді ұйымдастырудың ұтымды жолдары қарастырылған. «Өрлеу» БАҰО Британдық Кеңес халықаралық ұйымымен бірлесе еліміздегі ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің пәндік құзыреттіліктерін арттыру мақсатында Future English Online Teacher Community Program бағдарламасы бойынша қашықтан оқыту курсын бастап кетті. Оқыту тегін, курсқа қатысу үшін қойылатын негізгі талап: ағылшын тілін білу В1 деңгейінен төмен болмауы тиіс.

Технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық зерттеулер көрсетуде.

Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп айтады. Сондықтан, Мемлекет басшысы алға қойған жаңа міндеттер мен тапсырмаларды бірлесе орындасақ алмайтын асу, бағындырмайтын белес болмайды деп санаймын.

Әңгімелескен

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<