Ғылым – тұрақты дамуымыздың кепілі

2084

0

ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Бисеновпен сұхбат.

– Алматыда өткен ҚР Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойына арналған жалпы мәжілісінің салтанатты сессиясына қатысып қайттыңыз. Қандай жаңалығыңыз бар?

–Түркия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан секілді елдердің және Қазақстан ғылымының негізін қалаған академиктер бас қосқан шарада көкейде жүрген көп мәселелер күн тәртібіне қойылып, шешімін тапты.

Сессияға Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Президент ғылым мен өркениеттің мән-маңызына ерекше тоқталып, академияға мемлекеттік мәртебе берілетіндігі туралы айтты.

Бұл зиялы қауымды толғандырып жүрген қоғамдағы ең үлкен мәселенің бірі болатын.

– Жағымды жаңалық екен. Енді бұрынғы Ұлттық ғылым академиясы мен бүгінгі Академияның айырмасы қандай болмақ?

– Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы – ТМД-да кеңестік модельден бас тартып, батыс-еуропалық жұмыс үлгісін қабылдау арқылы даму жолына түсуді көздеді. Алайда, Еуропа экономикасы мен еліміздің экономикалық әлеуетінің арасы тым алшақ еді. Біздің нарығымыз, экономикамыз батыстық деңгейден төмен жатты. Ғылым мен экономика қатар жүруі тиіс.

Өндіріс болсын, бизнес болсын, ғылыммен байланысты жұмыс істегенде ғана табысты әрі тиімді болмақ. Ғалымдар біздің мынадай зерттеулеріміз бар, тәжірбеден өткен технологиямыз бар, соны пайдалансаңдар өнімдерің артады деп түсіндіріп, өндіріске тәуелді болып жүреді. Керісінше, өндіріс пен бизнес ғылымнан сұрау керек. Қай жерге жаңа технология келеді, сол жерге ғалымдар, инженерлер шықырылуы тиіс. Олай емес, демек, өндіріс ескі технологиямен жұмыс істеп тұр деген сөз.

Мәселен, қазір мұнай қоры азайып жатыр, бұл – ашық ақпарат. Енді қандай пайдалы қазбалар бар, оның қор мөлшері қанша, оны ғалымдар анықтайды. Олай болса экономикада сұраныс болуы керек. Біздің өндіріс пен бизнес ол дәрежеге жетпеген. Өйткені, ғылым өз жаңалығын өндіріске енгізе алмай жүр.

Экономиканың қарыштауы, экологияның сауығуы, өнеркәсіптің өркендеуі секілді мәселелелер ғылымсыз алға баспайтыны анық.

–  Ғылым академиясының жаңа тарихи қадамы қандай нәтиже береді деп есептейсіз?

– 2003 жылы Президент Жарлығымен  «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесі таратылып, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігі болып құрылды.

Мұның нәтижесі ғылыми-сараптамалық жұмыстардың, ғылыми зерттеулер бағдарламаларын жасаудың жолын бөгеп, қолын қысқартқаны рас.

Қоғамдық бірлестіктің жиырма жыл бойы ғылымды басқару ісінен тыс қалғанын Президенттің өзі де атап өтті. «Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуы тиіс. Сондай-ақ, сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. Оның қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттерін нақты белгілеу қажет. Атап айтқанда, ғылыми басымдықтарды осы құрылым айқындауы керек», – деп нақтылады Президент. 

Қоғамдық бірлестіктің біздің облысымызда да өкілдігі болды, оған мен жетекшілік жасадым.

Қорқыт ата атындағы университет ғалымдары ғылыми жобаларға қатысып, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізді. Алайда, қаражаты жоқ қоғамдық бірлестік өндіріп жұмыс жасай алмады. Ең бастысы, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс әлсіреді. Кеңестік дәуірде ғылыми-техникалық ақпарат орталығы жұмыс істеген еді. Соңғы отыз жылда оның аты да, заты да ұмыт болды. Ғалымдар өндіріс орындарына, бизнес орталықтарына барып, ғылыми-техникалық проблемаларды зерттеп, талдау жасай алмады. Қоғамдық бірлестік дәрежесіндегі ғылымда мұндай мүмкіндік болмады.

Президент еліміздегі университеттер жүргізетін ғылыми жұмыстарды да жетілдіру, дамыту, оны басқарудың тиімді жолдарын өмірге енгізу қажеттігін баса айтты.

Аймақтық университеттер өңірдің экономикалық дамуына ғылыми-техникалық проблемаларды шешу арқылы қызмет атқаруы қажет. Жергілікті жерлерде ғылым, бірінші кезекте облыс экономикасының назырында тұрған мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс. Осындай ойларды ортаға салған Мемлекет басшысы ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуды тиімді жоспарлау мәселесіне мән берді.

Ғылымның ұлттық экономикамыздың дамуындағы үлесі жоғары болу керектігін алға тартты.

– Білімді мамандар, ғылымда өз жаңалығы бар жастардың шет елдерде жүргенін білеміз…

– Кезінде солардың біразы кері қайтып, отандық ғылым саласында жұмыс жасады. Бірақ, қайтадан кетіп қалды.

– Себебі не, бұл жайында басқосуда айтылды ма?

– Бұл жөнінде Президент: «Жалақының аз және тұрақсыз болуы осы саладағы кадрлық әлеуеттің күрт төмендеуіне әкеп соқты. Іргелі ғылымдармен айналысатын институттардың жағдайы өте ауыр болды. Біз алдымызға ғалымдардың санын көбейту, ғылыми экожүйені нығайту сияқты мақсаттар қойып отырмыз. Сондай-ақ, ғылыми жаңалықтардың коммерциялық тиімділігін арттыру және ғылымды басқару жүйесін жетілдіру басты назарда болады», – деді.

Президент осы проблеманы ғалымдардың жылдар бойы көтеріп келгеніне назар аударды. Бұл мәселе «Ғылым туралы» заңға енгізілген өзгерістер негізінде шешімін тапқан. Заңға іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландырудың жаңа түрі енгізілген. Бұл қадам бірқатар ғылыми институттардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың еңбекақысы кіреді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ғылыми қызметкерлердің орташа жалақысы 70 пайызға өскен. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мерзімі үш жылдан бес жылға дейін ұлғайтылып, соңғы үш жылда ғылымның мемлекет тарапынан қаржыландырылуы 70 пайызға артқан.

«Ғалымдардың біліктілігін арттыру үшін әлемдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге гранттар бөлінеді. Ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру бойынша сұранысқа ие жобалар жүзеге асырылып жатыр», – деді Президент.

– Ғылымға жасалып жатқан ақжолтай жаңалықтардан соң «мен ғалыммын» дегендер көбейеді деп ойламайсыз ба?

– Ақша үшін ардан аттап, ғылымды малданғандар бұрыннан да бар.

Басқосуда Президент ғылымға адалдық мәселесіне де баса назар аударды.

«Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Олар, шын мәнінде, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді. Бұған біржола тосқауыл қоятын кез келді. Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет», – деп баға берді.

Бұған қоса арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыретінің Академияның өзіне берілгені жөн деп санайтынын айтты.

«Толқыннан қорықпаған теңізде жүзеді» дегендей, «инемен құдық қазып», ғылыммен айналысу терең біліммен бірге туған елінің болашағына деген сүйіспеншілік қасиетті қажет ететіні түсінікті. Осы тұрғыда ғалымның еңбегі мемлекеттік тұрғыдағы қолдаудан кенде қалып келді.  

Сондықтан Ел Президенті «Ғалымдардың біліктілігін арттыру үшін әлемдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге гранттар бөлінеді. Ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру бойынша сұранысқа ие жобалар жүзеге асырылып жатыр», – деп атап айтты.

Бұған қоса, ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғылыми әлеуетін күшейтуді, оның мемлекет қамқорлығында болатынын және ғылыммен үздіксіз шұғылданып жүрген ғалымдарға жасалатын әлеуметтік қолдаудың ұлғаятынын жеткізді.

– Ғалымдарға жасалатын әлеуметтік қолдау дегенде нақты нені айтуға болады?

– «Егер біз ғылымды таңдамасақ, ғылымды таңдаған ел бізді таңдайды», – деген сөз бар. Бұл озық елдерге тәуелді болып өмір сүреміз дегенге саяды. Сондықтан мемелекет тарапынан академияның мәртебесін өзгертіп, ғылымға, ғалымға жасалып жатқан қолдаулардың мәні жоғары.

«Ғылыми қызметпен тікелей айналысатын академиктерге өмір бойы ай сайын стипендия беру мәселесі шешіледі. Үкіметке тиісті тапсырма бердім. Мұның бәрі Академияның жұмысына тың серпін беріп, беделін арттырады», – деді Президент басқосуда.

Мұның академиктерге көрсетілген құрметтен бөлек, артылған зор сенім мен жауапкершілік екенін сезіндік.

– Құтты болсын! Мемлекет басшысының ғылымға да, ғалымға да ерекше көңіл бөлуі, әрине, қуанышты және Отанымызды дамытудың оң қадамы деп бағалаймыз.

– Шын мәнінде өз дәрежесінде мән берілмей келген отандық ғылым үшін жаңа бір дәуір есігі ашылды деп айтуға болады.

Елімізде 2026 жылға дейінгі ғылымды дамыту бағдарламасының қабылдануы да осы ойымызды бекіте түседі.

«Ғылымды қаржыландырудың негізгі көзі ретінде мемлекеттік бюджетпен қатар жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың қаражаттары, ірі жеке сектор – өнеркәсіптік корпорациялар және басқа да ұйымдар тартылуы керек. «Самұрық-Қазына» қоры жанынан Ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы құрылды. Оның міндеті – ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу үшін ғылыми қоғамдастықпен жүйелі ынтымақтастық орнату. Жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды өндіруге кететін қаржысының 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аудару және аударымдар мен қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен жаңа ғылыми орталықтарды құруға жеке инвестициялар үшін салықтық және инвестициялық жеңілдіктерді арттыратын кез келді деп есептеймін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Осындай мәнге ие болып отырған ғылымның игілігін халық көруі тиіс.

Ендігі мақсат – отандық ғылымды алға дамытатын, өз отанына адал қызмет атқаратын жас ғалымдарды тәрбиелеу аға буын өкілдері біздердің парызымыз. Перзидент осы басқосудағы сөзінің ішінде академик Қаныш Сәтбаевтың «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген қанатты сөзін мысал етті. Шынында елең ететін айшықты сөз. Шет елге қарап, шет ел шекесінен қарап, біреудің дүниесіне қызығып жүретініміз де бар. Байлық та, бақыт та өз қолымызда. Біздің балаларымыздың табиғатынан талантты екенін де есте ұстауымыз керек. Оларға туған жердің қасиетін сезіндіріп, рухын биік көтеріп тәрбиелесек, біздің болашағымыздың жарқын болары сөзсіз.

– Мәнді  әңгімеңіз  үшін рахмет.

Ғылым деген қараңғыда адастырмайтын шырағымыз жарқырай берсін.

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<