Халықтың тұрмыс сапасы атқарылған жұмыстарға өлшем болады

1857

0

«Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы».

Президент Жолдауынан

Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілген басымдықтар мен осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында Жалағаш ауданында біршама ауқымды жұмыстар атқарылды. Жүзеге асырылған жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы нығайтуға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған. Нәтижесінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі қалыпты, қаржы-салық саясаты тұрақты. Ең басты жаңалық – Жалағаш ауданы көптен күткен «көгілдір отынға» қол жеткізді. Осы жұмыстар төңірегінде аудан әкімі Асылбек Шәменовпен әңгімелескен едік.

– Асылбек Өмірбекұлы, әңгімемізді биылғы басты жаңалықтан бастасақ, аудан орталығын газдандыру жұмыстары толық аяқталды ма? Елді мекендерге қашан жеткізіледі?

– Иә, «көгілдір отынмен»  қамтамасыз ету – халықтың көптен күткен жаңалығы еді. Сол игілік биыл іске асырылып, Жалағаш кентінің газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Жобаның жалпы құны 3 млрд 691 млн теңгені құрады.

Кент тұрғындары «көгілдір отынды» пайдалана бастады. Бүгінгі күнге Жалағаш кентіндегі 1500 үй газ желісіне қосылды. Бұл кенттегі тұрғын үйлердің 48 процентін құрайды. Алдағы уақытта жеке секторды орталықтандырылған газ желісіне қосу жұмыстары кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылады. Қазір арнайы рұқсаты бар 12 жеке кәсіпкер өз қызметтерін ұсынып отыр. Әлеуметтік нысандарға келсек, әзірге кенттегі №202 орта мектептің және аудандық аурухананың жылу жүйесі орталықтандырылған газ желісіне қосылды. Жалпы әлеуметтік нысандардың барлығы кезең-кезеңмен қосылатын болады.

Ауданға қарасты ауылдық округтерді орталықтандырылған газ желісімен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр. Биыл Ақсу ауылын газ желісіне қосу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге аудандық бюджеттен 9,2 млн теңге қаржы бөлінді.

– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 74 адам шағын несие алып, 24 жаңа жұмыс орны ашылыпты…

– 1 қарашадағы жағдай бойынша 1566 адам жоғарыда аталған бағдарламаға қатысқан болатын. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 31 адам кәсіптік білім алып, толықтай жұмыспен қамтылды. Екінші бағыты арқылы 74 адамға 348,7 млн теңге көлемінде шағын несие беріліп, қосымша 24 жұмыс орны ашылды. Ал, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 356,4 млн теңге қаржы қаралған, бұған 1197 адам жолданса, әлеуметтік жұмыс орындарына 61 адам жіберілді. Оның ішінде 324 жас маман жастар тәжірибесінде болып, 87 жас маман тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 153 адам оқу курстарын аяқтап, 76 жоба қаржылай қолдау тапты. Ал, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 105 үміткердің жобасы 61,3 млн теңгеге қаржыландырылды.

Ауданда халық саны 35267 адамды құрайды, оның ішінде 14664-і экономикалық белсенді халық. Ал, жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 процентті құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық  деңгейі 4,3 процент болып отыр.  Әрине, жұмыссыздық мәселесін бір демде шешу мүмкін емес. Себебі, уақыт ағымына қарай жұмыс түрлеріне деген сұраныс өзгеріп барады. Бұл ретте жаңа міндеттер туындайды. Соның бірі – жұмыссыз азаматтарды мамандыққа қайта даярлау, олардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсіппен шұғылдануына мүмкіндік жасау. Осы бағыттағы  жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.

Биылғы атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 334 жоба 2,6 млрд теңгеге қаржыландырылып, 417 адам жұмыспен қамтылды. Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындар және жеке сектор арқылы 10 айда 8,2 млрд теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 71,7 процентке  артық орындалды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен 93,8 процентке өсіп, 6,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

– Ауыл шаруашылығы бойынша Жалағаш ауданы үнемі алдыңғы қатардан көрінеді. Оған себеп те жоқ емес, Сыр күрішін өсіруде аудан диқандарының тәжірибесі мол. Дегенмен, биылғы егіс маусымында су тапшылығы орын алғанын білеміз. Бұл қиындық егін шаруашылығына зардабын тигізген жоқ па?

– Биыл аудан бойынша 36 231 гектар жерге егіс орналастырылды. Оның ішінде Сырдың басты дақылы –  19 800 гектар күріштің әр гектарынан 62,3 центнерден 123 354  тонна өнім алынды.

Иә, егін маусымында еліміздің барлық өңірінде су тапшылығы орын алғаны белгілі. Бұл қиындықпен жалағаштық диқандар да бетпе-бет келді. Сол себепті егілетін күріштің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1800 гектарға қысқартылды. Оның орнына суды аз қажет ететін 600 гектар жаздық бидай, 147 гектар жүгері, 30 гектар жаздық арпа, 2200 гектар мақсары дақылдары егілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мамандары заманауи техникаларды тиімді пайдалана отырып, егілген дақылдарды лайықты күтіп-баптап, өнімін ысырапсыз жинап алды.

Мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланудың нәтижесінде өндірісінің дамуында оң нәтижелер қалыптасты. Соның бірі – 1 млрд 334 млн теңгеге 35 дана ауыл шаруашылығына қажетті жаңа техника сатып алынды. Айта кетейік, салаға жаңа техникалардың келуі еңбек өнімділігін еселей түсті.

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да егін жұмыстарының қорытындысымен, өз міндетін сапалы атқарған озат мамандар мен егінші-механизаторлардың еңбектері дәріптеліп, қаржылай сыйлықтар иеленді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының кеңінен насихатталуы бүгінгі жастардың осы саланы таңдауына оң әсер етіп отыр.

Егін саласымен қатар, аудан экономикасының негізгі резервінің бірі – мал шаруашылығының да ісі ілгерілеп келеді. Айталық, ауданда 106 кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 88 шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасының игілігін көріп отыр. Асылтұқымды малдың үлесі арта түсті. Бұл ретте ірі қара 3,1%-ке, жылқы 9,5%-ке, түйе 23,1%-ке көбейіп, нәтижесінде ет-сүт өндіру көлемі ұлғайды. Оның басты себебі – мемлекеттік бағдарламаларға ауыл шаруашылығы құрылымдарының белсене қатысуы.

Сонымен қатар, ауданда ауыл шаруашылығы жерін айналымға енгізуге баса назар аударылған. Биыл көлемі 14900 гектар жер учаскесі айналымға енгізіліп, аудан бюджетіне 24 млн теңге көлемінде қаржы түсірілді.

– Қай уақыт тұрғысынан қарасақ та баспана – басты мәселе. Осы орайда ауданда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қаржы бөлінгені – қуантарлық жағдай. Осы жөнінде айтып берсеңіз…

– Расында, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Тұрғын үй кезегінде 426 адам тіркелген. Бұл ретте Жалағаш кентінің өсу динамикасына сәйкес «Ақтерек» лагері аумағынан тұрғын үй салуға арнайы жер белгіленді. Ендігі кезекте жер аумағын  инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 64 млн теңге қаралып, жоба-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұдан бөлек, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 30 тұрғын үй сатып алуға Ұлттық қордан 277 млн теңге бөлінді. Қазір қажетті жұмыстар атқарылуда.

Биылдан бастап аудан орталығындағы  көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу қолға алынып отыр. Өткен жылы аудандық бюджеттен бөлінген 6 млн теңгеге Жалағаш кентіндегі 5 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Осы жоба алдағы жылға қаржыландыруға ұсынылып, мақұлданып тұр. Сонымен қатар, демеушілердің көмегімен 8 көппәтерлі үйдің қасбеттері әктеліп, сырланып, 6 үйдің шатыры ауыстырылды.

Осы орайда айта кетейік, жеке тұрғын үй салушылар қатары жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, жеке сектор есебінен жалпы алаңы 12999 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, өткен жылмен салыстырғанда 3,7 процентке артқан. Әрине, бұл көрсеткіш тұрғындардың тұрмысы ілгері басқанын аңғартады.

– Мемлекет білім беру саласына ерекше қолдау танытып отыр. Соның бір айғағы – «Педагог мәртебесі» заңмен бекітіліп, мұғалімдерді моральдық-материалдық тұрғыда көтермелеуге бағытталған көптеген іс-шаралар қабылданды. Ауданда бұл саланың жайы қалай?

– Ол рас. Мемлекет басшысының Жолдауында білім беру саласына баса мән берілген. Себебі, білімге салынған инвестиция қайтарымды деп есептеледі. Бұл орайда еліміздің болашағына қызмет ететін жас ұрпақты жаңаша заман талаптарына сай оқыту мен тәрбиелеудің орны ерекше.

 Мәртебелі мамандық иесі – педагог-ұстаздардың қоғамдағы беделін қалыптастыру мақсатында оларды әлеуметтік тұрғыда қолдауға арнайы іс-шаралар қабылданды. Атап айтқанда, сала қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көбейіп келеді. Сонымен қатар, білім беру саласын дамытуға бағытталған жұмыстар ауданда жүйелі жолға қойылған. Биылғы оқу жылынан бастап саладағы құрылымдық өзгерістерге байланысты білім саласын басқару облыстық деңгейге өтті. Дегенмен саланың өзекті мәселелерін шешу ортақ іс болып қала береді. Бүгінге дейін бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесіз емес.

Аудандағы 20 мектепте білім алушылардың жалпы  контингенті – 7041 оқушы. Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту басты назарда. Апатты жағдайдағы мектеп мәселесі шешілген. Биыл Таң ауылындағы орта мектеп ғимаратына 333,1 млн теңгеге, Есет батыр ауылындағы орта мектептің ескі ғимаратына 367,9 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында Жалағаш кентінен құны 431,4 млн теңгені құрайтын 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі салынды. Сонымен қатар, аудан орталығындағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің 200 орындық қосымша ғимаратынының жоба-сметалық құжаттары дайындалуда.

Бүгінгі күні ауданда 36 (28 балабақша, 8 шағын орталық) балабақшада 2242 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 1-3 жасқа дейінгі балалардың қамтылуы 40,6 процентті құраса, 3-6 жасқа дейінгі балалар түгелдей балабақшамен  қамтылған.

Жалпы білім саласы – идеологиялық саясаттың ажырамас біртұтас бөлшегі. Сондықтан бюджет есебінен бұл салаға бағытталған қаржы көлемі де жыл санап артып отыр.

– Білуімізше, өткен жылы ауданда 100 орындық аурухана пайдалануға берілді. Жалағаштықтар үшін бұл басты жаңалықтың бірі болды. Ал, ауылдық жерлерде медициналық қызмет көрсету жайы қалай? Сондай-ақ, әлемді алаңдатқан пандемияға қарсы қандай шаралар қолданылып отыр?

– Шындығында, аудан орталығындағы аурухана мәселесі көп жылдан бері күрделі сауалдың бірі болатын. Өткен жылы осы мәселе шемімін тауып, құны 4 млрд теңгені құрайтын типтік жобадағы аурухана пайдалануға берілді. Жаңа аурухана заманауи медицининалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, тұрғындарға талапқа сай қызмет көрсетіп келеді. Ауруханада 94 дәрігер, 446 орта буын қызметкер жұмыс істейді.

Аудандағы іргелі сала – денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық жағдайын нығайту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ең бастысы – халыққа уақытылы әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуді жолға қою. Ауылдардағы медициналық қызмет жайлы айтар болсақ, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Таң ауылынан жаңадан дәрігерлік емхана  салынды. Ал, Есет батыр және Мырзабай ахун ауылдарына дәрігерлік амбулатория нысанын салу үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджет есебінен қаржы бөлінді.

Мемлекет басшысы әлемді жайлаған коронавирус инфекциясы еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болғанын, сондықтан бұл мәселе бір сәтке де назардан тыс қалмауы қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда ауданда эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстауға және барлық санитарлық талаптарды орындауға басымдық берілді.  Ауру зардабын жоюдың кешенді іс-шаралары жүзеге асырылды. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының өз таңдауымен екпе алу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Нәтижесінде былтырғы жылмен салыстырғанда, жағдай біршама жақсарған.

Екі жылдық тәжірибеден байқалғандай, барлық санитарлық талаптарды мүлтіксіз орындау арқылы ғана елдегі қалыптасқан кез келген күрделі жағдайлардың  алдын алуға болатынын, сол себепті бұл мәселені үнемі бақылауда ұстау қажеттігін өмір көрсетті.

– Елдің рухын көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда мәдениет, спорт саласының маңызы зор. Бұл саланың бүгінгі тіршілік тынысы қандай?

– Иә, мәдениет саласының алдында тұрған міндет ауқымды. Елдің өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып,  жалпы руханиятты дамытуға қызмет етеді. Бұл бағытта сала мамандары жемісті  еңбек етіп келеді.

Жыл бойы аудан тұрғындарын рухани, мәдени тұрғыдан байытуға арналған «Шежірелі Жалағаш», «Дәстүр мен таным», сондай-ақ, еңбек адамдарын насихаттау мақсатындағы «Тұлғатану» сияқты бірқатар жобалар іске асырылды. Десек те әлі күнге ауылдық клубы жоқ елді мекендер бар екенін жасыра алмаймыз. Бұл мәселені шешу мақсатында Аққыр және Мырзабай ахун елді мекендеріне 100 орындық клуб ғимаратын салу үшін  жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге жергілікті бюджеттен 13,9 млн теңге бөлінді. Алдағы уақытта М.Шәменов елді мекеніндегі Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жоба құны – 160 млн теңге.

Мемлекет тарапынан спорт саласын дамыту үшін бірінші кезекте саланың инфрақұрылымын қамтамасыз ету мәселесі тапсырылған болатын. Осы орайда жерлесіміз Қ.Құлтекеновтің жеке қаражаты есебінен Жалағаш кентінде құны 307 млн теңгені құрайтын жабық бассейн кешенін салып, пайдалануға берілгенін атап айтар едік. Қазір бұл спорттық кешенде 19 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, үйірмеге 100-ге жуық бала қамтылған болса, күніне 30 адамға дейін ақылы қызмет көрсетеді. Ал, аудандық бюджеттен бөлінген 14 млн теңгеге 3 шағын спорт алаңы салынса, бұдан бөлек, демеушілік қаражат есебінен балаларға арналған спорт және ойын алаңы пайдалануға берілді.

Тағы бір жақсы жаңалығымыз – Жалағаш кентінде жалпы құны 471 млн теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу үшін 217,3 млн теңге қаржы бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Спорт кешені алдағы жылы пайдалануға беріледі. 

– Қазір жолаушылар уақытты үнемдеу үшін автомобиль қызметін пайдаланады. Сондай-ақ, жүк тасымалы үшін де тиімді екені  белгілі болып отыр. Олай дейтініміз, халықаралық дәлізде жүк көліктері толассыз ағылуда. Осыған байланысты аудандағы автомобиль жолдарының жайы қандай? Айта кетейік, ауыл ішіндегі көшелер жөндеуден өтпегелі біраз жыл болды.

– Автомобиль жолдары – экономиканың күретамыры. Аудан көлеміндегі жолдардың жайын айтар болсақ, республикалық маңызы бар 50 шақырым, облыстық маңызы бар 91 шақырым автомобиль жолы қанағаттанарлық жағдайда. Ал аудандық маңыздағы 120,7 шақырым автомобиль жолының 21,4 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Биыл аудандық маңызы бар автомобиль жолының 21,7 шақырымына 614,0 млн теңгеге, елді мекендердің ішкі жолдарының 12,9 шақырымына 551,1 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аудандық маңызы бар Мәдениет елді мекені бағытындағы және Еңбек – Есет батыр ауылы аралығындағы автомобиль жолдары 587,8 млн теңгеге орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Мәдениет ауылындағы Тайшиев көшесіне 38 млн теңгеге және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Таң ауылының ішкі көшелеріне 513,1 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Алдағы жоспарымыз бойынша жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын Бұқарбай батыр және Ақсу ауылдарының кіреберісі, Жаңадария және Аққыр бағытындағы автомобиль жолдарын жөндеу үшін 4 жоба-сметалық құжат қаржыландыруға ұсынылды. Сондай-ақ, кент және елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеуге 2,1 млрд теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Еңбек және Есет батыр ауылдары аралығындағы Оңтүстік коллектор (ЮК-16) көпірін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін биылға 59,7 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 149,4 млн теңгені құрайды. Жоба келесі жылы толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі.

Алдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жалағаш кенті, Аққұм, Т.Жүргенов, М.Шәменов, Еңбек, Мырзабай ахун елді мекендерінің  ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ұзындығы 46,9 шақырымды құрайтын 44 көше 1 млрд 439 млн теңгеге қаржыландыруға ұсынылды. Осы жұмыстар өз деңгейінде атқарылса, жолдардың жайы біршама жақсарып қалады.

– Әрбір есеп беру жиынында әкімдердің алдынан шығатын мәселенің бірі – электр жарығының жайы…

– Иә, ол рас. Аудандағы өзекті мәселенің бірі – елді мекендердегі электр желілерін дамыту. Бұл мақсатта «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның жарғылық қорын ұлғайтуға облыстық бюджеттен 2019-2021 жылдар аралығында 373 млн теңге бөлінді.

Бөлінген қаржыға сәйкес, 2019 жылы Аққыр және Жаңадария, былтыр Мәдениет, Аққұм, Жаңаталап, биыл Бұқарбай батыр елді мекенінің электр жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға  берілді. Сондай-ақ, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 137,5 млн теңгеге Жалағаш кентіндегі Абай, Әйтеке би, Бұқарбай батыр, Желтоқсан көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Жоспарға сәйкес алдағы уақытта 422 млн теңгеге Есет батыр, Қаракеткен, Мырзабай ахун, Мақпалкөл, Ақсу елді мекендерінің тозығы жеткен электр желілері мен құрылғыларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.

– Сұхбатыңызға көп рахмет! Ел іші аман болсын!

              Сұхбаттасқан

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<