Наурызбай Байқадамов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты: «Адамның ішкі сезімі, ойлау деңгейі әртүрлі болғандықтан, әр адамның шын­дығы да әрқалай»

329

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

– Наурызбай Сейітқалиұлы, біз­дің редакцияның көптен бергі ұста­нымына сай ел азаматтары жауапты қызметке кіріскеніне жыл толғанда сұхбат құратын үрдіс бар.

Осының тағы бір орайы келген секілді. Пар­ламент қабырғасындағы бір жыл қандай ерекшеліктерімен есіңізде қалды?

– Рақмет, редакция атынан жасаған ұсыныстарыңызға ризашылық біл­ді­ремін. «Сыр бойы» газеті тарихы мол шежірелі, ұлттық бет-бейнесін жоғары ұстайтын, елімізге белгілі баспасөз орны ғой. Сондықтан да атаулы га­зет­ке сұхбат беру мен үшін маңызды әрі жауапкершілігі мол мәселе.

2024 жылы 2-мамырда Парла­мент Сенатының отырысында ант қа­­был­дап, депутаттық жұмысыма кі­ріс­тім. Сенатта 6 комитет бар. Мен конс­­­титуциялық заңнама, сот жү­йесі және құқық қорғау органдары коми­тетіне мүшемін.

Конституциямыз бо­йынша, Сенат ең жоғары заң шы­ғару органы болып табылады. 40 де­путат өңірден, 5 депутат Қазақстан Хал­қы ассамблеясының ұсынысымен сай­ланып, 5 депутат Президент Жар­лы­ғымен тағайындалады.

Яғни, де­пу­тат­тар өкілді орган мүшесі ре­тін­де мем­лекеттік саясат аясында жұ­мыс жа­сайды.

Еліміздегі саяси жү­йені жаң­ғырту бағытындағы консти­туциялық реформалар аясында заңдарымызды да одан әрі жетілдіру жұмыстары үз­діксіз жалғасуда. Былтырғы мамыр айынан бері Сенатта жүзден аса заң мақұлданды.

Мен өз тарапымнан бір жыл ішін­де 10 заңды жүргіздім. Оның ішінде екі заңды Сенаттың пленарлық оты­рысында қорғадым. Бір жыл ішінде бірнеше депутат бірлесіп, 9 рет де­пу­таттық сауал жолдадық.

Соның бі­рін атап өтейін. Әріптесім Руслан Рүстемовпен бірге тез арада Өзбекстан тарапынан басқа мемлекеттер арқы­лы қатынас жолдарын игермей тұр­ғанда «Үшқұдық (ӨР) – Қызылорда (ҚР)» бағытындағы автомобиль жолы жо­ба­сын іске асыруды қолға алу ке­ректігіне байланысты мәселені кө­тердік. Әйтпесе, жаһандану кезін­дегі бәсекелестіктің ширығып тұрған заманында кейін қаламыз.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автома­гист­ралі – Қызылорда қаласы (Қазақ­стан Республикасы) – Өзбекстан Респуб­лика­сының шекарасы-Көкаяз» автомо­биль жолы құрылысының болжамды құны шамамен 125,3 млрд теңгені (1 км 700 млн тг.) құрайды. 2027 жылы жоспарға енеді деп болжануда.

Одан да басқа өзекті деген мә­селелерді регламентке сәйкес қозғап, орындалуына атсалысудамыз. Бюд­жетті бекіту кезінде Сыр өңірінің мүд­десі үшін жұмыс жасадық. Облыс­тық мәслихат депутаттарымен бірге Бюджет кодексіне 30-ға жуық ұсыныс бердік. Біршамасы қолдау тапты. Бір жыл көлемінде отызға тарта сұх­бат пен мақалаларым жарық көрді. Ел­мен де үнемі байланыстамыз, әлсін-әл­сін келіп шараларға қатысып, тұр­ғындармен жиі кездесеміз. Әр келгенде облыстық әкімшілікпен алдағы жос­парларымызды нақтылаймыз. Жеке адамдардың ұсыныс-пікірлерін, өті­ніш­терін тыңдаймыз. Жиі елге келе­тіндіктен, Парламенттегі бес депутатты «бес қонақ» деп әзілдеп те айтып жүр. Бұл да қызылордалық депутаттардың белсенділігін білдірсе керек.

Өйткені, жылына екі реттен басқа іссапар шы­ғыны депутаттардың өз мойнында. Жыл көлемінде тұрғындардың 300-ге жуық жеке өтініштерін қарап, заңға сәйкес жұмыстарды жалғастырып жа­тырмыз. Қазір ел арасында көп тал­қы­ланып жатқан бірнеше заңды жүр­гізудемін.

Сана өскенде жаңа идея керек

– Елдік мәселелер мінберге шық­қанда өз ұстанымыңызды ашық айтып жүрсіз. «Бүгінгі міндет – де­мократиялық құндылықтарға негіз­делген қоғам мен заман талабына сай саяси жүйемізді жетілдіру» де­діңіз бір сөзіңізде. Осының парқын те­реңірек қозғасаңыз…

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған «Күш­ті Президент, ықпалды Парла­мент, есеп беретін Үкімет» тұжырым­да­масы аясында халық өкілдерінің жауап­кер­шілігі артуда.

Жалпы демо­кратия де­геннің өзін терең түсінуіміз де қиын. Әр қоғам мүшесінің өз пікірі бар, өз түсінігі бар. Ежелден келе жат­­қан «демократия» негізінен би­лікте емес, адамдардың мүдделерін ес­­ке­­­русіз қалдырмау мақсатындағы іс-әре­кет болатын. Яғни, халық өз мүд­делеріне қатысты іс-әрекеттерге қа­­­тыса алуы. Меніңше, демократия – тәр­тіп, ізеттілік, реттілік, жөн-жосық, алдымен көптің, жұрттың қамын ой­ластыру.

Демократия жолы міндетті түрде әділ деп айту қиын. Мәселелер үнемі көпшілік дауыспен емес, ақыл­мен шешілуі керек.

– Оныңызға қосыламын.

– Біздің қоғам демократиядан гө­рі тәртіпке зәру. Қазіргі кезде қо­ғам мүшелері тарапынан елімізге жа­ңа идеологиялық саясат керек де­ген ұсыныстар күшейе бастады. Бұ­ның өзі қоғамдық сананың жаңа дең­гейге көтерілгенін білдіреді. Сана көте­ріл­генде жаңа идея керек.

Әйтпесе шие­леніске ұрынамыз.
«Әділеттілік» пен «Адалдық» сөз­дері елімізде трендте. Олардың мәні мен мазмұны өзекті болуда. Өйткені қара халықтың іздегені – әділдік яғ­ни, теңдік қағидасы. Екі түсінік қа­зіргі кезде қоғамымыздың негізгі ба­ғыт-бағдары ретінде мемлекеттік сая­саттың ұзақ мерзімді ұстанымына ай­налуда. Күнделікті кездесетін әлеу­меттік саясат пен өмір талқысын бі­ріміз әділетті санасақ, екіншіміз әді­летсіз деп қараймыз.

Кейбіріміз үшін әділдіктің өзі «әділетсіз», ал екін­шілерміз үшін әділетсіздіктің өзі «әді­летті» болып саналады. Заң жү­зін­де тең болып саналамыз. Алайда әлеу­меттік мүмкіндіктеріміз әртүрлі. Адам­ның ішкі сезімі, ойлау деңгейі әртүрлі болғандықтан, әр адамның шын­дығы да әртүрлі, ақиқатты да та­буы әртүрлі болмақ. Осы бағыттағы жұмыстарымыздың негізін ұлттық мүд­­демізге сай құндылықтар құрауы тиіс.

Идеологиямыз шынайы өміріміз­бен біте қайнауы үшін посткеңестік инер­циядан толығымен кетіп, іс пен сөздің алшақтығын барынша азайтып, өзімізге тән жақсы әдеттерімізді же­тілдіріп, әдепке айналдыруға тиіспіз. Біздің қоғамдық санамызда орын ал­ған жемқорлық, қылмыстық түсінік, қызғаныш, көре алмау, ортақ дүниеге біреудің заты ретінде ашкөздікпен қарау сияқты жағымсыз құбылыстар – кеңестік саясаттың көрінісі. Еліміздің саяси бағыты ұлттың тарихынан қуат­танып, өмір шындығымен, заман та­ла­бымен үйлестіріліп, рухани және ма­териалдық мүддемізден күш алып дамуы тиіс деп ойлаймын. Қа­зақ мем­лекеттілігі өзінің ұлттық деңге­йі­мен жетілгені дұрыс. Ұлттық рух­­­­пен сүйегімізге сіңген құнды­лық­­та­­­рымызға сүйенбесек, жоспар­ла­ры­мыз­­­­дың өміршең болуы да қиын. Әри­не әлемдік же­тістіктерді қоса игермесек те кейін қаламыз. Бірақ ол жетіс­­тік­терді ұлт тәрбиесіне зиян келмей­­тіндей тұрғыда қабылдауымыз керек. Идео­ло­гиямыздың атқаратын бір мәселесі – заң мен тәртіп қа­ғидасына сүйенетін қоғамдық қаты­настарды жетілдіру. Үш жүз жылдай үлкен соққыға ұшырап келе жатқан ұлты­мыздың дәстүрлі құқықтық жүйе­сінің ұстаным­дарын қайта сіңіруге күш салуымыз қажет. Заңды мойындау, оны орындау дәстүрімізге айналғаны жөн.

Дамыған деп үлгі қылып жүр­ген елдердің бір белгісі – жоғары дең­гейдегі реттеушілік, орындалуы күшті заңдар жүйесінің болуында.

Ұзақ уақыт заңды белден басушылық, олигархиялық, монополиялық жүйеде болғандар заңды мойындай бермейді, тек қана күштен қорқады. Ұлы Дала­мыздың өзіне тән демократиялық құн­дылықтарының маңызын қайта жаң­ғыртуымыз керек.

Құқықтық тәртіпті сақтау жөнінде барлығына түсіндіруге болады, бірақ бәріне емес. «Адам ба­ласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі ви­новат» деп Абай айтқандай, қоғам­дағы жағымсыз қылықтардың тыйыл­ма­уы­на бәріміз жауаптымыз.

Наурызбай Байқадамов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты: «Адамның ішкі сезімі, ойлау деңгейі әртүрлі болғандықтан, әр адамның шын­дығы да әрқалай»

«Қаржыландыру барынша әділетті, ашық әрі тиімді, әрі қатаң бақылауда
болуы тиіс»

– Ойыңыз орынды. Ал осы құндылықтардың бәрінің бастауын­да тәрбие мен білім тұрады. Сізге білім саласының ыстық-суығы таң­сық емес. Әйтсе де осының ішін­де кейінгі уақытта жеке мектеп­тер­ге қатысты мәселе өзекті көріне бас­тады. Мұны мінберде де көтер­діңіз. Біз осы ұрпақ тәрбиесінде қай жолда келеміз?

– Білім саласында салауатты бә­се­келестіктің болуы – білім сапасын арт­тырудың бірден-бір шарты. Әлемдік тәжірибе бізге осыны үйретуде.

Орта білім саласындағы саясатты жүзеге асыруда жекеменшік мектеп­тердің орны айқындалып келеді. Де­генмен, жеке мектептер санының ар­туы көптеген мәселені уақытында рет­теуді талап етуде.
Мемлекеттік мектептер жанынан есепсіз жеке мектептердің салынуы, мемлекеттік мектептердің жобалық қуатын толық пайдаланбау оларды ұс­тап тұруға қаржы тапшылығын туды­рады.

Салынатын мектеп құрылысының құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетін типтік жобасы бекітілуі керек деп санаймыз. Жекеменшік мек­теп оқушыларына қатысты ыстық та­мақты ұйымдастыру бойынша проб­лема бар. Оны да уақытында реттемесе, резонанстық жағдай туындауы ықти­мал. Жеке мектептердің біршамасын­да педагогтердің сапалық құрамы, ли­­цен­зия талаптарына сәйкес кел­мейді. Мектепке тасымалданатын ба­ла­­лар­­дың жол қауіпсіздігі мәселесі алаңда­туда. Осы және басқа да білім са­ла­сы­ның мәселелеріне қатысты се­натор Руслан Рүстемұлымен бір­лесіп, депутаттық сауал жолдадық. Жа­қын­да жауабын алдық. Жұмысты жал­ғастырудамыз. Телевидениеде «Ашық алаң» хабарында да талқыладық, ұсы­­ныстарымды айттым. Мемлекет есе­бінен қаржыландыру барынша әді­­летті, ашық әрі тиімді, әрі қатаң ба­қылауда болуы тиіс. Әйтпесе заңдылық тарапынан болатын түсінбестіктер дау-жанжалдар тудыруы ықтимал. Оның ар­ты білім саласының дамуына, білім мекемелерінің беделіне кері әсер ететін болады. Кейбір қызметкерлердің жа­зық­сыз жазалануы әбден мүмкін.

Білім, бұл – ұлттық мәселе. Қа­зір білім көп. Қайсысын игеріп, қай­сы­сынан бас тартатындығымызды анық­тау өте маңызды. Қазір индуст­рия­лық-ақпа­раттық қоғам білімге ба­сымдық бер­ген қоғамға жол берді. Ендігі бөлініс сауатты, сауатсыз болып емес, нағыз білімділер мен білімсіздер арасында өтеді. Біз білімді жетілдіріп, білімге негізделген әлемнің құрамдас бір бө­лігіне айналуға тиіспіз. Білім бол­ғанда пайдалы біліммен қарулануға тиіспіз. Әлеуметтанушылар білімнің қоғамдық маңызына қарай бірнеше жікке бөліп жүр.

Алдымен аса маңызды білім, одан кейінгісі маңызды білім, одан кейін қажетті білім, қажеттен соң керексіз білім, ең соңғысы – қауіпті білім. Қазір көп адам білім сияқты көрінетін жарқ-жұрқ еткен ақпараттарға үйір. Яғни, ақпаратпен білімді шатастырып жүр­міз. Әл Фараби айтқандай, «білімге құш­тар адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жо­лында» болатын ұрпақ керек.

«Өздерін жақтас блогерлермен қоршап жүретін басшыларды да көреміз»

– Ұмытпасам, Сенаттың кезек­ті бір отырысында өзіңіз тарапы­нан Жолдаудан туындайтын мемле­кет­тік қызметкерлерге қатысты сауал жолданды. «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» қағидасы қанша­лықты орындалып отыр?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік басқару жүйесінің басты қағидаларының бірі ретінде айқындалды. Бұл қағида аза­мат­тардың өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беру, билік пен халық арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қоғамды кеңінен тарту мақсатында енгізілді.

Сенаттың кезекті бір отырысында мемлекеттік қызметшілердің осы қа­ғиданы іске асырудағы рөліне ерекше назар аударылды.

Осы бағытта бірқатар нақты шара­лар қабылданды:

«e-Otinish» бірыңғай жүйесі: Бұл жүйе арқылы азаматтардың өтініштері электронды түрде қабылданып, олар­дың қаралу барысы ашық әрі бақы­лауда болады.

«Ашық диалог» порталы: Бұл портал арқылы азаматтар мемлекеттік органдарға өтініштерін жолдап, кері байланыс орната алады.

Сонымен қатар, мемлекеттік қыз­метшілердің кәсіби және моральдық қасиеттерін арттыру мақсатында кадр­лық саясат жетілдіріліп, меритократия қағидаттары негізінде тағайындаулар жүзеге асырылуда.

Мемлекеттік қыз­метшілердің біліктілігін арттыру, олар­дың азаматтармен тиімді қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді.

Дегенмен, бұл қағиданы толыққан­ды іске асыру үшін әлі де жүйелі жұмыс қажет. Әсіресе, төменгі деңгейдегі ат­қарушы органдарда халықпен кері бай­ланыс орнату мәдениетін қалып­тастыру, шешім қабылдау барысында тұрғындардың пікірін ескеруді нақты тәжірибеге айналдыру өзекті болып отыр.

Сондықтан бұл мәселе біздің тұ­рақты бақылауымызда.

Парламент­тік бақылау мен депутаттық сауалдар ар­қылы да жергілікті және орталық мем­лекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын қадағалап отырамыз.

– Бұл бір жақты қарауға кел­мейтін де мәселе ғой…

– Осыны өзім де айтқалы отыр едім.

Бізде кері байланыс мәдениетін тек мемлекеттік мекемеден талап ету бұл мәселені толық ашпайды.

Тұр­ғын­дардың да жауапкершілігі жөн­де­луі тиіс. Елімізде әрбір азамат өз пі­кірін, көзқарасын, ұсынысын білді­руге құқылы.

Қазақ халқы кеңестік билік кезінде тілі байланып, қол-аяғы тұсалып, еркін ой білдіре алмау ке­зеңін басынан өткерді. Енді сөз бос­тан­дығын пайдалана білу, еркін сөй­леу процестерінен тәжірибе жинақ­тау­да­мыз. Сөзді ауыздықтауға күннен-күн­ге дамып келе жатқан ақпарат тарату технологиясы жол бермейді. Ком­пьютер ғылымында аз ғана өзге­рістің өзі қоғамға зор әсер етуде. Жеке адамдардың ақпарат айдынында көзқарас білдіруі тым шарықтап бара­ды.

Адам әуелі сөйлеуді үйренеді, со­сын сөйлемеуді үйренеді. Біз енді орнымен жөн сөйлеу мәдениетін жетіл­діруіміз керек. Ашық қоғам жеке адамдар мәліметті қорытып, қо­ғам­ға қажетті ақпарат ретінде емес, «ши­кізат» ретінде таратуы өзара қиын­шы­лықтар тудырады.

Әр адамның ой қорыту деңгейі әр ортада әртүрлі. Ой-пікірді тежеу, ой­лауымызды да тежейді деп түсінемін. Ойлау қабілетін тежеу адамның руха­ни дамуына кесірін тигізеді. Жаңа ой­ға, идеяға орын керек. Бізге керегі сөз таластыру емес, ойға – ой, идеяға идея қосу болуы керек. Пиар қуатын кейбір азаматтарымыз екіжүзділікпен ақпараттармен манипуляция жасап, көптің арасында түсінбеушілік туды­руы жөнсіз іс-әрекет деп санаймын. Кей­бір жағдайда барын салып жұ­мыс жасап жүргенді көре алмай, өзі­нің жасамағанына қызғана қарап, әр­түрлі арандатушылық ақпараттар жа­риялайтындар да бар.

Жақсының бәрін өзі істегендей, ұнамайтынды жа­рия­латпайтын да әдістер бар. Бұл тұрғыдан келгенде басқару жүйесі алға кетті. БАҚ-ты өз мүддесіне ыңғайлап, өзінің беделін асыра насихаттау, жал­ған демократия ойынын ойнау ар­қылы халықтың үнін өзіне ыңғайлап басқару тәсілі жетілуде. Өздерін жақ­тас блогерлермен қоршап жүретін бас­шыларды да көріп жүрміз. Енді оның да жауапкершілігі артып келеді. Мем­лекеттік саясаттағы басты мақсатымыз – демократиялық жолмен дамып, адал қоғам қалыптастыру қолымыздан ке­летіндігіне халықтың сенімін арттыру. Сонымен бірге, әлемде авторитарлық биліктің де өміршеңдік пайдасын да көріп отырған елдер бар екенін естен шығармау керек.

«Туған жеріміз өзгеден
үлгі алатын емес,
өзгеге үлгі болатын өңірге
айналып келеді»

– Өңірге ойыссақ. Бір кездері об­лыс атауынан айырылып қалудың алдында тұрған Қызылорданың қа­зіргі көрсеткіштері көпке аян. Ал­дымызда тағы қандай міндеттер тұр деп ойлайсыз?

– Рас айтып отырсыз. Туған же­ріміз қайта түлеп, өзгеден үлгі алатын емес, қайта өзгеге үлгі болатын өңір­ге айналып келеміз. Облыс басшы­сы Нұрлыбек Машбекұлы әкім бо­лып тағайындалғасын, бірден серпін­ді жо­ба­ларды батыл қолға алды. Мен екі жылдан астам уақыт қа­сында бірге жұмыс жасадым.

Нұрлыбек Машбекұлы үздіксіз ел аралап халықпен бетпе-бет кездесіп, кеңесіп, өзінің жоспарымен бөлісті, оны орындау жолында ерік-жігермен жұмыс жасауда. Оны бүгінгі нәтиже дәлелдеуде. Екі-ақ жылдың ішінде бюджет екі еседен асты. Қандай да халықтың, ұлттың, өңірдің дамуы қо­ғамдық сананың деңгейіне тікелей қа­тысты. Ол енді көбіне билікке де­ген сенімге байланысты. Билікке се­нім билік өкілінің уәдесіне, оның орын­далуымен маңызды. Біз бірлік бар жерде тірлік бар дейміз. Дұрыс. Алай­да менің байқағаным – тірлік бар жерде бірліктің тіптен де мығым бола­тындығы.

Осыдан біршама уақыт бұрын тір­шілігіміз тұралай бастағанда ақыр аяғы арқа сүйеп жүрген ақсақалдарға дейін бөліне бастағанын да көрдік. Әлеуметтік желіде жастарымыз аға­ла­рымыздың жағасынан алғандай, ке­зінде не істедіңдер деп тиіскенін де естідік. Қысты күнгі күн сияқты жар­­қырағанымен, жылуы жоқ аза­мат­тар­дың да төбе көрсеткенін байқа­дық. Ал енді өңіріміздің өңі кіріп, сана оң өзгеріске бастағанда бірлі­гіміз, бір-бірімізді қолдауымыз нығая түсті. Тұрғындардың тұрмыс сапа­сын арттыру бірінші кезекте қолға алын­ды. Нәтижесінде, 2024 жылы жақ­сы жолдардың үлесі 92 пайызға, газ­дандыру 78 пайызға, ауызсумен қамту 99 пайызға жетті.

Денсаулық сақтау са­ласында, менің білуімше, бүкіл ауыл­дары санитарлық автокөлікпен толық қамтылған жалғыз өңірміз. Бір ғана Қызылорда қаласында тұрғын үйлерден бөлек, 30-дан астам жаңа ғимараттар салынды. Барлық ауданда қолжетімді бағаға үйлерді көптеп салу басталды.

Облыс көлеміндегі көптен шешімін таппай жүрген күрделі мәселелердің, «сақалды» нысандардың тізімін жасап, өзінің тікелей назарында ұстап кезең-кезеңімен шешті. Қалалық демалыс паркі толығымен қайта жаңарудан өтті. Әсіресе, жаһанданудың кері әсеріне қарсы тұрар иммунитетті күшейту өте өзекті мәселе. Онда тек қана адам­заттық, ұлттық дәстүрдің озығы сана­латын құндылықтарымызды ұлықтау өте маңызды.

Осы бағытта облыста кейінгі үш жылда керемет шаралар іске асты. Барлық аудандарда бір уақытта, қар­жыны өте тиімді пайдаланудың үлгісі ретінде «Руханият» орталықтары са­лынды. Жоба бүкіл елімізге тара­ты­луда.

«Қорғансыздың күнін» кешіп жүр­ген кітапхана, мұражай, мұра­ғат, неке қию залы, үкіметтік емес ұйым­дардың ғимараттары бірден шешімін тапты. «Жайлы мектептер», физика-математика мектеп-интернаты, т.б. за­манауи білім нысандары халық игі­лігіне берілуде. Өзінің 85 жылдық та­рихында облыстық өлкетану музейі алғаш рет арнайы салынған ғимаратқа көшті. Бұлардың жаңаша ойлайтын жастарымызды тәрбиелеудегі қызметі өте ауқымды. Жақында ғана балалар мен жасөсіпірмдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-ин­но­ва­циялық академиясы ашылды. Гад­жеттердің бетіне телмірген жаста­ры­мыздың өзінің табиғи дағдысын ашып, өмірге тез бейімделуіне зор үлес қоса­тын жоба болды.

Отбасы құндылығы бүгінде өзекті. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, ажырасу 50 пайызға жетіп қалды. Бұл – біздің ұлттық трагедиямыз.

Осы ба­ғытта «Анаға тағзым», «Отбасы орта­лығының» орны маңызды. Ұлттық құн­дылықтарымыз үшін жаңадан салынған мұражайға сеніміміз зор.

Ұлттық мә­дениетімізді тек елімізде ғана емес, шетелде насихаттау арқасында Отаны­мыздың жарқын бет-бейнесін ай­шық­тауды да өңір басшысы орынды қолға алды.

Өнерпаздарға алғаш рет бірден 40 пәтер берілді. Қанша жылдан бері шешілмей келе жатқан музыкалық кол­лдеждің жаңа ғимараты мен жатақ­ханасы демеушілікпен салынды. Спорт­ты дамыту үшін қаншама нысан­дар ашылды. Осы жерде ерек­ше айта кету керек, өңірімізде көпте­ген халық игілігіне арналған жобалар демеу­шілердің қаржысымен шешілуде. Тізе берсем, бір сұхбат тек тізіммен толары шындық. Мен ұлттық руханиятқа қа­тысты жұмыстардың бір парасына тоқ­талдым. Ал салынған медициналық ғимараттар қаншама?! Дәрігерлерге жүз пәтер салынатын болды. Аралды қор­­ғаудың екінші кезеңі шешілу үс­тінде. Бұлардың барлығы ақшаның көп­тігіне байланысты емес. Ол біріншіден, жоба­ларды алдын ала терең сараптап, зерт­теп қаржыны қатаң түрде үнемді жұм­сау арқылы салынды. Кез келген бас­тамалардың тиімділігі қоғамдық санаға тигізген әсерімен бағаланады. Қазір қоғамдық сана оң өзгеріске бет бұрды. Халық пен билік арасында сенім арттып келеді. Бұның барлығы өңір басшысы айтқандай, өңіріміздегі бірліктің арқасы. Өңіріміз өркендеп, өсе берсін. Елде өзара ынтымақта бол­сақ, ықпалды болып талай жобаларды облыс басшысы іске асыра береді деп сенеміз.

«Тәртіп пен әділдік
болмаған жерден
озық ойлы адамдар бойын
аулақ ұстауға тырысады»

– Мемлекет басшысы жыл ба­сында берген сұхбатында «біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қа­рауымыз керек» деді. Бүгінгі әңгіме желісіндегі ой-тұжырымдарыңызды толықтыратын тұстарыңыз бар ма?

– Мен биылғы өткен Бурабайдағы құрылтайдағы көтерілген бір мәселеге тоқталсам деймін.

Биылғы жылғы құ­рылтай ел дамуының өзекті мәселе­лерімен бірге алда тұрған сын-қатер­лерді нақтылаған тақырыбының ау­қы­мы кең болды. Соның ішінде идео­логия аясында дуализм мәселесі ор­таға салынды. Өте өзекті мәселе. Дуализм дегеніміз не? Ол дегеніміз өз мемлекетімізге деген сенімнің тө­мендігі, билік тарапынан қолға алынған іс-әрекеттерді керісінше насихаттау, тарихи пессимизм, болашаққа деген сенімсіздік, бүгінгі күнгі қол жеткен­дермізді менсінбеушілік, мораль­дық, этикалық, құндылықтарға менсін­беу­шілікпен қарау, т.б. Қайсыбір мәселені оның туындаған деңгейінде шешу қиын.

Бұның басты себептерінің бірі – қоғамдағы әділетсіздіктер. Жұрт соған ренжіп, көптеген тиімді бастама­лар­ға немқұрайлы қарайды. Жаһан­да­нып жатқанымызда адамзат үшін ең қиын нәрсе – өмірде дұрыс жол таба білу. Моральдық қалпы жоқ адам ке­шірілмейтін қателіктерге ұрынады. Абайдың «рухани құндылық адамзат өмірі мен адами жетілуінің қос қанаты – ізгілік пен танымға бірдей азық әрі жетекші» деп айтқаны бар еді. Бұ­лардың алдын алу үшін, ұлтымыздың болмысын қайта жаңғыртуды күшейту керек. Ол дегеніміз – қазір көзіміз кө­руге қорқатын, естуге құлақ ұялатын, айтуға ауыз бармайтын жан шошырлық жайттардан тазару.

Басшыларымыз да адамдарды рухтандырып, прогресшіл болуға ынталандыратын қабілеттерін арттырып отыруы тиіс.
Өткен 30 жылымызға тас лақтыру­шылар жеткілікті. Ол өтті, енді кел­мейді. Соның пұшпағын езгілей бер­геннен не пайда? Болары болды, енді одан сабақ алып, алға ұмтылуымыз ке­рек. Өткен жылдардағы кеткен кем­шіліктерге тәуелсіз ел ретінде басқа­рушылықты үйрену үшін кеткен тө­лемақы деп қарайық. Реваншизм мен кек қуушылық бізге пайда әкеле қой­масы анық. Бірігу мүмкіндігін бос жі­бермейтін Ұлы Далалық қасиетіміз емес пе? Кемшілікке кеңшілікпен қарау адамгершіліктің бөлінбес бір бөлшегі емес пе? Кезінде академик З.Қабдолов «адамның бойынан жамандық іздемең­дер, жаратылыстың қыр-сыры көп, кемшіліксіз болмайды. Оны көрмеңдер. Ал жақсылығын көрсең жарқырата түс» деп жазған екен. Сондықтан «әр қазағым – жалғызым» деп бір-бірімізге құрметімізді аямайық. Өзара бірлігіміз артады. Билік пен халық арасындағы сенімнің мықтылығы бәріміз үшін маңызды.

Келесі ойландыратын мәселе – сы­байлас жемқорлық қасіреті.

Қанша жыл болды осы жегідей қоғам құр­ты­мен күресіп жатқанымызға. Қазір көп адам осыған сене де бермейді. Себебі қандай бір күрес белгілі бір нәтиже бермесе, оны халық сезінбесе, ел болып бұл қозғалысқа қолдау көр­сетуі қиын. Бізде қоғамдық сипатқа ие болған «жұрттың бәрі істеп жа­тыр ғой» дейтін стереотип бар. Ең қа­терлісі, сыбайлас жемқорлыққа нем­құрайлы қарау үйреншікті дағдыға ай­налып бара ма деп қорқамын. Сы­бай­лас жем­қорлықтың болуы біздің жүйе­міз­дің әлсіздігін білдіреді. Жем­қор­лық бар жерде, зорлық қатар жү­реді. Жем­қорлық пен зорлықтың бі­реулер үшін пайдалы кәсіп ретінде қа­лыптасқанын «қаңтардан» кейін ашық біліп жатыр­мыз. Адамгершілік пен құқық ара­сы ажырап, заңдардың «құр­ғақ» орын­да­луын байқаймыз. Бізге заңның орын­далуы жалпыхалықтық дәстүрге жеткен құқықтық менталитет ауадай қажет. Алайда құқықтық менталитет пен мәдениеттің қалыптасуына да негізгі кедергінің бірі – сол сыбайлас жем­қорлықтың өзі. Ал біз әділетті, де­мократиялы қоғам, тең құқықтық қа­тынас орнатамыз десек, заң мен тәртіп қағидатын қоғамға күштеп болса да сіңіруіміз керек. Тәртіп пен әділ­дік болмаған жерден озық ойлы адамдар бойын аулақ ұстауға тыры­сады. Әсіресе, өздеріне сенімді білімді жастар мен білікті мамандар әділдік іздеп шетел аса берсе, еліміздің еңсесі биіктеліп, экономикасы тұрақталып, қайта өркендей түсуі ұзақ та қиын ша­руаға айналып кетуі әбден мүмкін.

Экономика әлсірегенде демократия кейінге жылжып, күштеп басқару ал­ға шығатынын тарихтан білеміз. Син­гапурдағы жемқорлықты барынша жоюдың әдісі тиімді деп ойлаймын. Олар тамыр-таныстықты, сыбайлас жем­қорлықты толығымен жою қиын болғанымен, заңның дұрыс орында­луын жақсы қадағалау арқылы оң нәти­жеге қол жеткізген.

Айта берсек әңгіме көп қой. «Сыр бойы» ұжымына зор шығармашылық табыс тілеймін, ел үшін атқарып жүр­ген еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер.

– Наурызбай Сейітқалиұлы, қа­уырт қызмет арасында редакцияға арнайы келіп, емен-жарқын пікір­лестік құрғаныңызға рақмет! Қо­ғам­ның бір азығы құнды ойлар. Бұл сұхба­ты­мыз­дың жалғасы бола­рына сенім біл­діремін. Елдік істе жетістіктер көп болғай!

Сұхбаттасқан
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
«Сыр бойы»