Назым сөздің шебері

200

0

Биыл ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туғанына – 140 жыл. Осыған орай ақын шығармаларын насихаттау шаралары қолға алынуда. Жақында «Facebook» әлеуметтік желісінде Тұрмағамбет жырларын оқудан челлендж басталған болатын. Күннен-күнге жыр оқуға ниеттілердің көп екені байқалып, қатысушылар қатары артты. Осы игі істі ұйымдастырып, ақын шығармаларының ел арасына кеңінен насихатталуына себепші болған жанның бірі – ақын ұрпағы, жыршы Амандық Бүрлібаев. Жыр жампозы Тұрмағамбет жырларын жұртшылыққа жеткізу – кейінгі ұрпақтың міндеті десек, осы міндет жолында осындай игі бастамалар көтеріп жүрген азаматпен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Амандық Қуандықұлы, ақынның 140 жылдығына орай челлендж өткізу идеясы қалай пайда болды?

– Басында Тұрмағамбет ауылынан шыққан жігіттерге ұсыныс айтқан едім. Барлығымыз ақын ауылында туған азаматтармыз. Ауылдан алыс, өзге өңірлерде қызмет атқарып жүргендеріміз де бар. «Тұрекеңді білмейтін ел жоқ, ертең ақынның ауылынан екенсің, бір шығармасын оқып берші дегенде білмей қалып жатсаңдар азаматтықтарыңа сын болады ғой» дедім. Сөйтіп, челленджді бастап кеттік. Жыл аяғына дейін 140 челлендж түсірейік деген мақсат болды. Бірақ бастағанымыз сол еді, бір айдың ішінде 200-ден асып кетті. Қазірге дейін 320 адам қатысып үлгерді. Тіпті, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун, Тәйімбет Көмекбаев ауылдарының оқушылары да үлкен челлендж ұйымдастырды. Бұл жерде басты мақсат Тұрмағамбет жырларын жас ұрпақ бойына сіңіру ғой. Сондықтан ұстаздарынан ақын өлеңдерін оқушыларға барынша талдап, түсіндіруді қадағалауын өтіндік.

– Челленджге қатысқандардың басым көпшілігі жастар ма?

– Қатысушылардың жас шамасы әртүрлі. Еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті, сонау Түркияға дейін алыс-жақын шетелдерден көптеген азаматтар қатысты. Зейнет жасындағы кісілер де болды. Ең үлкені Жаңақаладан жасы тоқсанға жақындап қалған Серікбай деген ақсақал екен. Сондықтан челленджге қатысқан жетпістен асқан қарияларымызға шапан жауып, әжелерімізге камзолы мен орамалын кигізіп, сый-сияпат көрсетілді. Бұл да ел азаматтарының құрметі болды.

– Оқушылар арасында да ақын өлеңдеріне қызығушылық өте жоғары екені байқалады.

– Иә, сондықтан күзде қалалық мәдениет бөлімімен бірлесіп, 140 жылдығына орай Тұрмағамбет жырларын жатқа оқудан оқушылар арасында облыстық байқау ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен облыстық жыраулар фестивалі және ақындар айтысын өткізу де жоспарда бар.

– Десе де, осы челлендж сияқты жекелеген бастамалар болмаса, облыс көлемінде айтулы іс-шаралар неге әлі өтпей жатыр?

– Негізі облыстық мәдениет басқармасында Тұрмағамбеттің 140 жылдығына орай арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Соның аясында алда көптеген іс-шаралар өтеді деп күтілуде. Қазір мен облыстық филармонияның дәстүрлі орындаушылар бөлімінің меңгерушісімін. Филармонияның концерт залында Тұрмағамбет ақынның 140 жылдығына орай дәстүрлі орындаушылардың концертін өткіздік. Оны көрермен қауым ризашылықпен қабылдады.

Бұдан бөлек, мамыр айында филармонияның 50 жылдығы қарсаңында Алматы қаласында Жамбыл мемлекеттік филармониясының концерт залында концерт өткіздік. Ол кезде де зал лық толды. Жыраудың тыңдаушысы болмаса, еркін көсіле алмайды ғой. Алматыдағы сол концерттегі көрерменнің қолдауы болса керек, жырауларымыздың барлығы арқаланып кетті. Үлкен шабытпен жырлады. Концертте Жамбыл филармониясы басшысы Ахан Әбуәли: «Менің дәстүрлі орындаушы болуыма Сыр бойындағы жыраулар себеп болды» деді. Ол кісі Сыр бойына келген сапарында Тұрмағамбет ақынның 125 жылдығына қатысып, жырға деген махаббаты оянған екен. Бұл да – Сыр өңірі жырауларына берілген үлкен баға. Сондай-ақ, алдағы қыркүйекте Тұрмағамбет ауылындағы ақын атындағы №29 мектепте аудандық Тұрмағамбет оқуларын өткіземіз.

– Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармаларының 2007 жылы 4 томдық кітап болып шыққанын көзіқарақты оқырманның бәрі білетін болар. Соның 5-томы жарыққа шықты деген сүйінші хабарды естіп жатырмыз…

– Жинақтың кезекті бесінші томы «Ақын, ойшыл, аудармашы Т.Ізтілеуұлының шығармашылық мұрасы» халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары мен мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми мақалалардан тұрады. «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Зерттеулер» деген атаумен жарық көріп отыр. Филология ғылымдарының өкілдері мен жыраулық дәстүрді дамытып жүрген талантты қыз-жігіттердің еңбектерін біріктірген бұл еңбек әдебиет тарихын зерттеуге қосылған сүбелі дүние болмақ. Кітапты филология ғылымдарының кандидаты, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің оқытушысы Ерхан Кәрібозов құрастырған. Онда Тұрмағамбет Ізтілеуұлы туралы ғылыми-зерттеу мақалалары топтастырылды. Бұйырса, Қармақшыда өтетін ақындар айтысында тұсауы кесіледі. Одан кейін алтыншы томын шығару да жоспарда тұр. Оған ақын өмірі мен шығармашылығына қатысы бар кандидаттық диссертациялар енгізіледі.

– Ақын шығармаларын насихаттау, жастардың жадында қалдыру үшін болашақта қандай шаралар қолға алынғаны дұрыс?

– Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өлеңдері елді береке-бірлікке шақырады. Білімді, ғылымды насихаттайды. Білім алып, елге адал қызмет жасауға үндейді. Тұрмағамбеттің әр жыры бүгінгі қоғамға қажетті таптырмас дәрі болып тұр. Әр шығармасына талдау жасаса, кандидаттық диссертация қорғауға да болады. Осыған дейін қорғалып та жүр. Ақынның өлеңдерінің барлығы – тұнып тұрған насихат. Сондықтан болашақта оның шығармаларын талдап, халыққа түсіндіруді дұрыстап қолға алсақ, үлкен өнегелі іс болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»