Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры: «Кәсіпкерге көмектесуге мүдделіміз»

2034

0

Бүгінде бизнестің мәселесі сан алуан. Ал олардың мұң-мұқтажына құлақ асып, мәселесін шешуге ықпал ететін бірден бір ұйым – кәсіпкерлер палатасы. Қазіргі уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау басталып кетті. Осы трансформация кезінде заңнамалық актілерді жазуға кәсіпкерлер көптеп тартылуда. Бұл мақсатта палата жанынан жұмыс топтары құрылып, заңнамадағы бизнестің дамуын шектейтін олқылықтар бойынша ұсыныстар дайындауда. Мысалы, қазіргі таңда жаңа Салық кодексін әзірлеуге аймақ кәсіпкерлері де атсалысуда.

4 қарашада елордада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының X съезі өтті. Маңызды жиынға өңірімізден де делегаттар қатысты. Отандық кәсіпкерлер кеңесінде көтерілген мәселелер, палатаның алдағы бағыт-бағдары туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықовпен сұхбаттастық.

Заң өзгермей мәселе шешілмейді

– Пірмұхаммед Айтбайұлы, өткен палата съезінде трансформация тұжырымдамасы қолдау тапты. «Атамекеннің» алдағы бағыты қандай? Осының өзіндік салмағын көре аламыз ба?

– Өзгеру – өмір талабы десек, палата қолға алған өзгерістерге қаңтар оқиғасынан кейінгі сілкініс те ықпал етті. Жаңа жағдайларды ескеріп, жыл басында трансформация бойынша жұмыс тобы құрылған еді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының оныншы съезі сонысымен де ерекше болды. Съезге барлық өңірлерден 300-ден аса делегат қатысып, трансформациядан кейінгі Ұлттық палатаның жаңа тәсілдері қаралды.

Алдымен съезд қарсаңында, 3 қараша күні отандық бизнесмендер орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы ұсынған реформалар, бизнес құқығын қорғау, субсидиялау және қолдау шаралары, салық реформасының мәселелерін талқылады. Съезге өңірімізден 7 делегат барды. Жиында аймақ кәсіпкерлері де билік өкілдеріне өз сауалдарын қойды.

Сыр өңірі – аграрлық аймақ. Аймақта негізгі кәсіп көзі – егін мен мал шаруашылығы. Өңір үшін агросаладағы мәселелер қашанда өзекті. Сондықтан «Ақтөбе және К» ЖШС директоры, өңірлік кеңес мүшесі Нұрлан Іздібаев жиында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға берілетін субсидияның проблемасын көтерді.

Қалай десек те, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру – үлкен шығын. Сондықтан дамыған елдердің өзінде субсидия, дотация деген болады. Ал біздің жағдайда мемлекет субсидияны бір қолымен беріп, екінші қолымен қайта алып қойып жатқандай. Бүгінде қызылордалық шаруалар мемлекеттен алған субсидиясы бойынша сотта жауап беріп жатыр. Себебі қадағалаушы орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы шала. Субсидия беру ережесінде қарама-қайшылық бар. Министрлік бұйрығында шот-фактуралар өзгертілмейді  деп көрсетілсе, Салық кодексінде өзгертуге, түзетуге жол берілетіні жөнінде бап бар. Заңдардың өз иерархиясы бар десек, кодекс бұйрықтан жоғары тұруы керек. Оған қоса, электрондық шот-фактуралар, субсидиялаудың ақпараттық жүйесі мен салық базасы арасында интеграция жоқ. Салдарынан кәсіпкерлер сотта жауап беруге мәжбүр. Бұл мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы биыл сотта 50-ден астам кәсіпкердің мүддесін қорғап шықты. Бірақ заңға тиісті өзгеріс енгізбей мәселе түбегейлі шешілмейді.

шаруаның жайы шынайы ойластырылуы тиіс

– Бір байқағанымыз, кәсіпкердің лизингке алған техникасына қатысты да толғақты мәселе көп. Айталық, техниканы 17 пайызбен несиеге алса, оның 10 пайызы субсидиялануы керек. Бірақ, субсидия қаржысы шектеулі, барлығына жетпейтін көрінеді. Осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар бар ма? Қандай шаралар қаралуда?

– Орынды сұрақ. Мысалы, комбайн бағасы бұрын 120 млн теңге еді. Кейін 180 млн-ға қымбаттады. Одан соң утиль алымы 50 пайыз болды да, қосымша құн салығы мен кеден салығы, басқа да шығындарын қосқанда, бүгінгі бағасы 250 млн теңгеге жетті. Оның үстіне шаруаның өзі төлейтін 7 пайыз тағы қосылады.

Бұл – кәсіпкер үшін үлкен шығын. Осы шығынның барлығын ескере отырып, өз мүмкіндіктерін есептеген шаруа несие алды делік. Бірақ 7 пайызбен уақытында төлем жасаса да, қалған 10 пайызды төлемегені үшін өсім пайда болады. Ал оны мемлекет төлеуі керек. Бірақ, төлем қаржының жоқтығынан кешігеді. Палатаның араласуымен жүргеннің өзінде, кәсіпкер қаржыны 9-10 ай күтеді. Оған дейін уақытында төлем жасау үшін амалсыз басқа жерден тағы несие алады. Сонда техниканы бірден 7 пайыздық несиемен беруге не кедергі? Яғни, бұл жерде шаруаның жайын ойлап отырған министрлік жоқ деген сөз.

Тағы бір айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы техникасына берілетін 25 пайыз субсидияға бөлінетін қаржының аздығы. Қаражат көлемі шектеулі болғандықтан, уақытында құжат тапсырып үлгергендер ғана алады. Бұл да лоторея сияқты. Оған қоса, бұл субсидия қазіргі бағамен қайта есептегенде 25 пайыз емес, 9 пайыз ғана болып шығады. Мұндай мәселелер жүйелі түрде, заңнамалық деңгейде шешуді қажет етеді.

Орталық мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуде өңірлік кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев кәсіпкерлікті дамытудағы тағы бір өзекті мәселені көтерді. Бұл – шағын кәсіпкерлікті тіркеу. Айталық, ауылдық жерден шағын шаштараз ашқыңыз келді делік. Оның барлық керек-жарағына әрі кетсе 400 мың теңгедей қаржы жұмсалады. Ал оны заңды түрде ашу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына құжат тапсыру керек. Мәселе де осы жерден шығады. Әрі қарай ХҚКО шешім шығаруы керек. Одан соң сізге мемлекеттік мекемелер келеді. Барлық тексерістер, құжат рәсімдеу секілді кедергілерден өту үшін бір-бір жарым жыл уақыт кетеді. Одан бөлек, әр мекемеге төлейтін ақшаларды есептегенде, біз жоғарыда айтқан 400 мың теңге 2 млн теңгеге дейін жетеді. Оған қоса, өз үйінен шағын кәсіп ашу үшін де, жердің нысаналық мақсатын өзгерту керек. Ол да көп уақыт алады.

Сондықтан шағын кәсіппен заңсыз айналысып жүргендер көп. Жүйенің өзі көлеңкелі экономикаға итермелеп отыр. Басқа елдерде шағын кәсіп ашып, жұмыс бастау үшін жергілікті әкімдікке хабарлау жеткілікті. Бізде де сол процестерді жеңілдету керек.

Кәсіпкерлер өзге өңірлерге кетіп жатыр

– 2019 жылғы шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий тағы бір жылға ұзарды. Осы мораторий жарияланғалы салаға қандай ықпал етті? Кәсіпкерлер игілігін көре алды ма?

– Съезд барысында «АС-КА» ЖШС директоры, Қызылорда облысының жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Дина Махатова тағы бір түйткілді мәселе – кірістер органдарына қатысты сауал қойды. Шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий болса да, жарамсыз мәмілелер бойынша өзге де салдарды қолдану құқығы дегенді негізге алып, салық органдары тексере береді. Салдарынан кәсіпкерлер сотқа тартылып, бір жылға дейін соттасып жүруге мәжбүр. Кірістер органының мәмілелерді жарамсыз деп тануда қабылдап жатқан шараларынан зардап шеккен кәсіпкерлер Алматы, Түркістан секілді өзге өңірлерге кетіп жатыр. Соңғы 3 жылда 1,5 мың кәсіпкер тіркеу мекенжайын өзге өңірге ауыстырған.

Әрине, бұл мәселе де жүйелі түрде шешуді, салық заңнамасына өзгеріс енгізуді қажет етеді. Тәуелсіз Қазақстанның Салық кодексі алғаш қабылданған кезде шағын әрі нақты жазылған еді. Жыл сайын өзгертулер енгізіліп, бүгінде том-том кітапқа айналды. Тіпті кірістер комитеті мамандарының өздері де шатасады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы көп мәселемен қатар, салықтық бақылау саласын реттеу бойынша да тиісті ұсыныстар берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында салық саясатын азаматтар үшін түсінікті ету қажетін атап көрсетті. Енді Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді.

Жалпы, кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау жұмысында бәрін басынан бастап реттеу жүріп жатыр деуге болады. Президент мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалатынын айтқан еді. Сондықтан «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңның қабылдануы да алдағы жылдың еншісінде. Бұл ретте, екі заң жобасында кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары ескеріліп, жоғарыда аталған мәселелер өз шешімін табады деп сенеміз.

Осылайша съезд қарсаңындағы кездесуде кәсіпкерлер мемлекеттік органдар өкілдеріне қордаланып қалған сұрақтарын қойды. Ал 4 қарашада өткен съездің өзінде тоғыз мәселе талқыланды. Оның ішінде маңызды мәселелердің бірі – трансформация. ҰКП Төралқасының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және жекелеген мүшелерін сайлау, басқарманың өкілеттік мерзімі бұрын бес жыл болса, енді екі жыл сайын сайлау да айтылды.

Айрықша атап өтерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев съезге орай бизнес өкілдеріне үндеу жолдады. Үндеуді премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев оқып берді. Президент өз құттықтауында «Атамекеннің» мемлекеттің толыққанды әріптесіне айналғанын, отандық кәсіпкерліктің дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Тағы бір қуанышты жаңалық – шағын бизнес өкілдерін тексеруге жарияланған мораторийді тағы бір жылға ұзарту туралы ұсынысымыз Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Мораторий мақсаты – кәсіп иелерін жөн-жосықсыз тексеруге жол бермей, бизнестің аяққа тұруына жәрдем жасау еді. Бірақ, пандемия кезіндегі қиындықтардың өзі кәсіпкерліктің дамуына көп кедергі болды. Көптеген бизнес құрылымын өзгертті. Локдаун салдарынан шығынға тап келген ресторандар жаңа жағдайға байланысты қайта бейімделді. Өндіріс орнына айналған тойханалар да бар. Сәйкесінше, олар құжаттарын өзгертуі тиіс. Мерзімді ұзарту соған мүмкіндік береді. Бүгінде бізде 37 тексеруші орган бар. Мораторий бітіп қалса, олардың тексерулері көп кедергі тудырады.

Жалпы, трансформация аясында алдағы жылдары палатаның салалық комитеттерінің қызметі күшейіп, бөлімдердің орнына әр салаға бағытталған мамандар болады. Сондай-ақ, әр сала бойынша комитеттер құрылып, тікелей жұмыс жүргізіледі. Ал 2024 жылға қарай «Атамекеннің» кейбір функциялары қауымдастықтарға беріледі.

Бұл ретте, палата толықтай кәсіпкерлер тарапынан қаржыландырылатынын айта кеткен жөн. Бұған дейін «Бастау бизнес» жобасы бойынша қызмет көрсету түрінде мемлекеттен қаржы бөлінетін. Көктемнен бастап мемлекет қаражатынан бас тарттық. Бұдан былай палатаны толықтай кәсіпкерлер қаржыландырады. Оның өзінде шағын бизнес төлейтін жарна алынып тасталды. Бір сөзбен, біз кәсіпкерге көмектесуге мүдделіміз.

Трансформацияның тағы бір жаңалығы – кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесі бойынша белсенді жұмыс жүруде. Өткен мамыр айында бизнес өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысы бұл бағытта бірлесе жұмыс жүргізуді тапсырған. Соған сәйкес өңірлік палата облыс әкімімен алты ай сайын кездесу өткізіп тұрады. Ол кездесуге кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстар дайындау үшін жұмыс тобы да құрылып, ай сайын жиын өткізілуде.

Бұдан бөлек, экожүйе аясында Қызылорда облысының прокуратурасымен бірлескен бұйрық шығарып, жұмыс тобын құрдық. Прокуратурамен жасалған меморандум бойынша да алты айда бір рет кездесу өткізіп, кәсіпкерлердің құқығын қорғау барысында мемлекеттік органдар тарапынан жиі кездесетін құқық бұзушылық фактілеріне талдау жүргізіледі. Бұдан бөлек, «Таза парақтан» жобасы бойынша жұмыс жалғасуда. Ондағы мақсат – кәсіпкерлікке кедергі келтіретін заң тармақтарын өзгерту. Бұл бизнес ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға, саланы жандандыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сұхбаттасқан

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<