Қарақұм қойнауында мал басын көбейтуге мүмкіндік мол

1144

0

Кешегі кеңестік кезеңде елімізде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыды. Оның ішінде Сыр өңірі күріш өндірісінің дәстүрлі ізін қалыптастырып, осы жолда тер төккен қаншама Еңбек ерлерінің есімі тарихта қалды. Егін саласының жұмысы қазір де қарқынды, жаңа техникаларды пайдалану арқылы жыл сайын өнім сапасы артып келеді. Оның аясында ел ішіндегі бірқатар әлеуметтік мәселелер де шешімін тауып отыр. Біздің айтпағымыз, сол кеңестік қоғам тұсында мал шаруашылығын дамытуға да ерекше мән берілді. Қызылқұм мен Қарақұм қойнауы құтты мекенге айналып, аудандағы мал шаруашылықтарының ісі ілгері басқан еді. Осы жайында Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиұлы ағамызбен әңгімелескен едік.

– Сіз ауданда көп жыл басшылық қызметтер атқардыңыз, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын басқардыңыз, сондықтан бұл салада сіздің айтарыңыз көп шығар…

– Ауыл шаруашылығы туралы айтқанда, мал шаруашылығы – оның үлкен бір саласы. Кешегі кеңестік кезең тұсында ауданда орташа есеппен 100-150 мыңдай қой болса, 10-15 мыңдай жылқы, 2 мың шамасында түйе болды. Осы түліктің барлығы жаз мезгілінде Қарақұм мен Қызылқұмды жайлайтын. Жердің құнарын көріп, мал басының өсімі артқанына көзі жеткен аудан басшылары Қарақұмды тек жазда ғана жайлаумен шектелмей, малды қыстату жөнінде мәселе көтерді. Ол кезде Жалағаш совхозында (қазіргі Қаракеткен ауылы) 50-60 отар шамасында қой болатын. Соның 20 отарын 1986 жылы Қарақұмда қыстап қалдыруды қолға алып, ол үшін қыстаулар, шағын ферма орталығы салынып, 5-6 жыл қыстады. Кейін заман өзгерді, қоғам өзгерді, басталған жұмыстар аяқсыз қалды. Салынған құрылыстар бұзылып, әркімнің қолында кетті.

Әлі есімде, 1986 жылдың көктемінде жауынның аз болуынан Қызылқұмда құрғақшылық болды. Бізге белгілі, Қызылқұмда мұндай жағдай оншақты жылда қайталанып тұрады. Сондықтан мал басын аман сақтау үшін Қызылқұмды қыстап отырған Аққыр мен Жаңадария совхоздарының шопандарын қой төлдетіп болған соң Қарақұмға көшіруге мәжбүр болдық. Жол ұзақ, құдықтар мен скважиналардың арасы 50-60 шақырымдай болады. Сондықтан қозылар шөлдеп қалмас үшін «водавозды» жетекке алып, мал басын аман-есен Қарақұмға жеткіздік. Бұған дейін ол жақта Жалағаш совхозының шопандары жайланған болатын. Шаруашылықтар малдың қысқы өрісіне тимей, бер жағына ғана жайғасты. Оның үстіне, сол жылдары Коммунизм совхозы мал бордақылауға шыққан. Барлығы 4-5 мың ірі қара, оның 500-600 басы бордақыға қалса, қалғанын түгел Қарақұмға айдады. Оған қоса күріш совхоздарының сауында тұрған сиырларынан басқасы да Қарақұмға шығарылды. Осы кезде ауданның бүкіл малы Қарақұмда болды десек қателеспейміз. Мұны айтып отырған себебім, Қарақұмның жайылымы, шөбі, суы мал өсіруге қолайлы екенін осыдан-ақ білуге болады. Байыптап қарасақ, бұл – ауыл шаруашылығы саласы үшін үлкен резерв. Қазір ауылдарда мал өсіруге жайылымдық жерлердің жетіспеуінен қаншама дау-дамай, өкпе-реніштер туындап, проблемаға айналып отыр. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы да осы Қарақұмды игеру.

– Қазір Қызылқұм мен Қарақұмды қоныстанып отырған бірлі-жарым бақташылар бар ма?

– Қызылқұм жақта кезіндегі Аққыр, Жаңадария совхозының ізімен әрі кетсе 5-6 отар шамасында қой ұстап отырғандар бар болуы керек. Ал Қарақұм қойнауы сол күйі бос жатыр. Бір жылдары мына тұрған Ақсу ауылының бақташысы жылқыларын айдап барып, Қарақұмның бергі жағын жайлап қайтты. Содан кейін ат ізін салған ешкім жоқ.

Менің балалық шағым Қарақұмда өтті. Әкем түйе бақты. Қарақұмда 1957-1958 жылдарға дейін болдық. Содан болар, осы жаққа көңілім ауып тұрады. Кешегі қызметте жүрген кезімізде болса да Қарақұмнан қол үзгеніміз жоқ. Кейін зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да реті келсе сонда барып тұрамын. Өздеріңіз білесіздер, 1929-1930 жылдары Қарақұм көтерілісіне қатысқандар жайлы жерлесіміз, тарихшы, жазушы Ахмет Тілеулиевтің көркем шығарма желісінде кітабы шықты. Осы кітаптағы деректерге сүйеніп, ауданнан арнайы экспедиция жасақталып, 2013 жылы көтеріліс қаһармандарына арнайы құран бағыштап, Қарақұмда белгі қойылды. Бұрын Қарақұмның бер жағынан, Нұрадан қайтып жүр едік, осыдан екі жыл бұрын құмның ішіне дейін бардық. Бұрын төбе-төбенің құмы көрініп, ақшағылданып жататын. Қазір бәрін шөп басып кеткен. Бірақ ол шөпке жайылып жүрген бір мал жоқ. Обал-ай дейсің… Баратын жерімізге жеткенше, астымыздағы көлік қалың шөпті қақ жарып отырды. Шіркін, қанша мал болсын, осында әкеліп жайып жіберсе, қысы-жазы қамсыз отыруға болар еді. Әсіресе, жылқы, түйе малы өз аяғымен жайылады. Тек қойды қыстататын болса, шөп дайындау қажет.

– Сөзіңізге қарасақ, жайылымның құнарлы екеніне дау жоқ, дегенмен су мәселесі қалай болады екен?

– Кезінде ол жақта арнайы скважиналар қазылған ғой. Одан бөлек, кәдімгі құдықтар да бар. Ауданның ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған уақытымда мұндағы бүкіл скважиналарды есепке алып, босқа ағып тұрғандарын жауып тастағанбыз. Осы күні сол скважиналарды қайтадан ашып пайдалануға әбден болады. Айтайын дегенім, қазір мемлекеттік бағдарламалармен жылқы өсіріп жатқан жеке шаруашылықтар бар. Бірақ олар бұл жаққа келуді қиынсынады. Сондықтан Қарақұм қойнауында мал өсіру бағытында арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдаса артық болмайды деп ойлаймын. Оған көп шығын кетпейді.

Қазір Күн энергиясымен жұмыс істейтін электростансалар бар, терминалдардың түр-түрі бар, ұялы байланыс қосылып тұр. Тіпті жас отбасылар айналысатын болса да барлық мүмкіндік бар. Өйткені бұл жерде көп жылдан бері мұнайшылар қалашығы орналасқан. Жолы да жақсы, сол мұнайшылар тас жол төсеген. Осының бәрін тиімді пайдаланып, жері құнарлы, шөбі шүйгін Қарақұм қойнауында мал өсіруді қолға алса, ет өндіру бағытында ең бір нәтижелі жұмыс болар еді. Оған ешкімнің дауы жоқ. Әрине, ірі қара малын өсіріп, сүт өндіруге де болады, бірақ сүттің тасымалы қиындау шығар. Дегенмен, сүт өнімінен құрт-ірімшік, қаймақ пен сары майды дайындаса, бүгінгі күні нағыз сұранысқа лайық өнімдер. Сол сияқты, жаңа технологияны пайдаланып, қымыз, шұбат өндірісін дамытса қандай керемет?! Иә, сол заманда Қарақұм жайлауын көрген адамдардың (қазір олардың да қатары қалмай барады) көкірегінде көп ойлар сайрап тұр. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ.

– Ел тәуелсіздік алған жылдары ескіден келе жатқан жұмыстың бәрі құрдымға кетті ғой… Жалпы сол тоқсаныншы жылдарға дейін ауданда қанша мал болды?

– 1986 жылдың шілде айында обкомның бірінші хатшысы Е.Әуелбеков ауданға келіп, Қарақұм жайлауын аралап қайтты. Сол кезде осы әңгіме қозғалып, Қарақұмның қойнауын игеруге байланысты біздің ұсынысымыз қолдау тауып, ауқымды жобалар іске асырылатын болған. Жоғарыда айтып өттік, алғашқы жұмыстар басталғанымен, кейін аяқсыз қалды. Сол тоқсаныншы жылдарға дейін ауданда 24 мыңдай ірі қара болды. Ал, қазір одан екі-үш есе көбейтуге мүмкіндік бар. Ол үшін әлгінде айтқанымыздай, ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек.

Әңгімеге арқау болатын бір мысал айтайын, ертеректе сол Қарақұмда ауа райын болжайтын метеостанса болған. Онда бір орыс жігіті жұмыс істейтін. Әлгі біз баратын жылы ол жігіт отбасымен сонда тұратын. Азын-аулақ малы бар екен. Кейін кеңес өкіметі тарап кетсе де Қарақұмнан көшпей қалыпты. Оны білетінім, 1993-1995 жылдары аудан бюджетіне мұнайшылардан салық түспей қалып, арнайы жұмысшы топ мәселенің мән жайын анықтауға Қарақұмға барғанбыз. Барған еңбегіміз қайтып, мұнай компаниясының біздің ауданға қарасты аумақтан мұнай алып жатқан жерінен кездестіріп, тиісті салығымызды өндірген едік. Сол сапарда әлгі орыстың отбасымен ұшырастық. Жағдайы жақсы, 300-дей сиыры бар екен. Демек, мал өсіруге қолайлы екені белгілі болып отыр. Бертін келе, оның малын ауданның бір азаматы сатып алып, шаруашылығын дамытып отыр. Осының өзі Қарақұмда сиыр малын қысы-жазы өсіруге болатындығының нақты дәлелі.

Мұнда еңбек етіп жатқан мұнайшылар ауысымдық (вахта) реттілікпен жұмыс істейді. Оларға барынша лайықты жағдай жасалып отыр. Тіпті Қарақұмда қоныстану қиын дейтін болса, мал шаруашылығын да осы реттілікпен ұйымдастырса болады емес пе? Ал, дайындалған өнімді тасып алу қазір проблема емес.

– Аға, кезінде малдың етімен қоса, терісі, жүні де жерде қалмайтын. Ал, қазір бұлар қажет болмай қалды…

– Иә, әзірге малдың еті мен сүті ғана бағалы, терісі мен жүнін өңдеу қолға алынбай отыр. Егер көзін тауып, дайын шикізатты кәдеге асырса, жеңіл өнеркәсіпті дамытудың бірден-бір жолы ғой. Осы күні үйде балалар азын-аулақ қой ұстап отыр, кілең ақ қой. Жылына екі рет қырқылады, ал жүнін өртеп жібереді. Ертеректе киіз үйдің жабуын басуға ақ қойдың жүнін «шаммен іздеп» таба алмайтын. Сол сияқты, қаракөл терісі қандай құнды еді, қазір мұны да керек етіп жатқан адам жоқ.

Баяғыда, ғылым мен техника дамымай тұрғанда ата-бабамыз төрт түліктің өнімін түгел кәдеге асыратын. Мысалы, еті мен сүті – ас-ауқат, терісі – төсеніш, жүнінен киіз басып, жіп иіріп, кілем, алаша, шекпен тоқитын. Ал, сүйегінен сақар қайнатып, сабын жасайтын. Қарап отырсақ, қазір бұл жұмыстарды атқару әлдеқайда оңай, түрлі техникалар мен технологиялар бар. Қажетті шикізат та қолымызда тұр. Ендігі айтпағымыз, осыны кәсіпке айналдырамын деген адамға ең алдымен ынта керек, сосын қаражат қажет. Ол үшін әрине, мемлекеттің қолдауы маңызды.

– Садық Әлиұлы, ашық әңгімеңізге рахмет. Жайылым мәселесі жылдан жылға қиындап барады. Әңгіме барысында айтылған іс-тәжірибелерден мамандар, мал иелері қажетін алар, кәсібіне пайдаланар деген ойдамыз. Өйткені, біз үшін ауылдың және ондағы адамдардың шаруа жайы өте маңызды. Түлік өсіруге де тәртіп керек. Онсыз даму, шаруашылықтарда ілгерілеу болмайды. Ойыңыздың төркіні осыған саяды деп түйіндейік.

–Дұрыс айтасыз.

Әңгімелескен   

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

Жалағаш

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<