Қоғам қолдауы қанаттандырады

2153

0

Мүмкіндігі шектеулі жандар – адамды  басты құндылық ретінде қадірлейтін қоғамда еш қиындық көрмейді. Қазалы ауданында сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды білмек болып, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаевпен сұхбаттасуды жөн көрген едік.

– Совет Кеңесұлы, бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандардың тыныс-тіршілігі, жай-күйі қалай? Қанша адам тіркелген?

– Мүгедектерді жеке оңалту бағдарламасына байланысты әлеуметтік қорғау, әлеуметтік көмек көрсету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту, білім беру және олардың қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей белсене қатысуына мүмкіндіктер жасау сынды істер күн тәртібінен түскен емес.

Аудан көлемінде бүгінгі күнге мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 3229. Оның ішінде I топта 263, II топта 1203, III топта 1300 жан бар.

Ал 7 жасқа дейінгі балалар 130-ға жеткен. Сонымен қатар 7-18 жас аралығында I топта 45 бала, 7-18 жас бойынша II топта 45 бала, 7-18 жас аралығындағы III топтағы 243 бала тіркеуде тұр.

– Оларға бөлім тарапынан қандай қолдаулар жасалып келеді?

– Өткен 10 айда Қызылорда қаласының «Талсуат» елді мекенінде орналасқан мүгедектерге арналған оңалту орталығына жеке оңалту парағы бойынша жолдамамен 50 адам жіберілді.

Жеке оңалту бағдарламасымен санаторий-курорттық қызмет көрсетуші мекемені өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары арқылы таңдап, 115 мүмкіндігі шектеулі адам демалуға жіберілді. Протезді-ортопедиялық құрылғылар 363 адамға, тифлотехникалық құрылғылар 171 адамға, арнаулы жүріп-тұру құралдары 71 адамға, сурдотехникалық құралдар 37 адамға жеткізіп берушілер төлем жасап, аудандық пошта байланыс торабы арқылы үйлеріне апарылды.

Басқа да көптеген көмек пен жеңілдік қарастырылған. Солардың бірі – «Инватакси» қызметі. Бұл қызмет бойынша тұрақты түрде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетілуде. Қазір бірнеше азамат осы тасымал түрімен күнтізбесіне сай қамтамасыз етілген.

Сонымен бірге «Шапағат» мүгедек балаларға арналған күндізгі жартылай стационарлық оңалту орталығының есігі де арнайы қызметті қажет етуші жандарға айқара ашық. Жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің қызметі, ымдау тілі бойынша арнайы мамандар қызмет жасайды.

«Мүгедектерді оңалту» бағдарламасына сәйкес жеке оңалту парағы берілген 120 мүгедек балаға 8 түрлі қызмет, яғни әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық сынды үйден арнаулы әлеуметтік қызмет те қарастырылған.

– Көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның арнайы көмегін қалайды, өзіндік ортаны қажет етеді. Жалпы мүгедек жандар мерекелерді қалай қарсы алады? Атқарушы билік тарапынан бұл бағытта қандай шаралар ұйымдастырылады?

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып, жыл басында 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Көрікті көктем арулары» атты іс-шара өткізілді. Іс-шарада олармен бірге әлеуметтік қызметкерлер сән үлгісін жасап, қолөнермен қоса көрініс қойды. Би билеп, өлең айтып, өз өнерлерін көрсетті. «Спорт – біздің серігіміз» атты кресло-арбадағы қызмет көрсетілетін балалар мен ата-аналары, әлеуметтік қызметкерлер арасында іс-шара өткізілді.

«Балалар жылына» орай «Жеңіс» паркінде «Бақытты балалық шақ» атты тақырыпта сурет салудан жарыс ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – отбасы рөлінің маңызын ұғындыру, баланың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету. Сонымен бірге Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жеке кәсіпкер С.Ысқақов «Бар мейіріміміз – балаларға» атты қайырымдылық шарасын өткізді. Онда аудан әкімі М.Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге және ата-аналарға лебізін білдіріп, сыйлықтар таратты.

Сонымен қатар әлеуметтік-мәдени қызмет бойынша мүмкіндігі шектеулі үйден арнаулы әлеуметтік қызмет алушы балаларға арналған іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстары атаулы күндерге байланысты тұрақты түрде жүргізіледі.

Бүгінде 4890 аз қамтамасыз етілген тұрмысы төмен отбасы мен мүгедектерге қаржылай және азық-түлік, қатты отын беру, баспасөзге жазу және кәсіпкерлердің демеушілігімен қайырымдылық көмек көрсетіліп келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Жұмабек Табынбаев.

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<