Құрылыста қарқын бәсеңдемейді

1120

0

Қазір күрделі кезеңді өткерудеміз. Қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік шаралар күнделікті өмірімізге елеулі өзгерістер енгізді. Жоспарланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық.  Дағдарыс жағдайында, жоспарланып қойған көптеген бағдарламаларды қайта қарау, бюджеттің кірісі мен шығысын реттеу қажеттілігі туындауда. Үкімет дағдарыс кезеңінде бюджетті нақтылаудың ерекше тәртібін бекітті. Дегенмен, экономиканың өмірлік маңызды салалары басты назарда болатыны анық. Осы орайда экономиканың қозғаушы күштерінің бірі – құрылыс саласындағы ахуал қандай деген сұрақ туатыны заңды.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетовпен болған әңгімеде бірқатар сұрақтарға жауап іздеп, алдағы басым бағыттар бо­йынша пікірлескен едік.

– Арнұр Әлібекұлы, карантиндік шектеулер алына бастаған уақытта құрылыс жұмыстарына рұқсат берілгені белгілі. Өткен жылы жоспарланған жұмыс толықтай жүзеге асырыла ма?

– Уақыт еншісіндегі жағдайларға байланысты құрылыстың қарқыны бәсеңдемейді. Жыл басында бекітілген жоспарлар кестеге сай жүргізіледі. Өткен жылы басқарма арқылы  25 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп, 10 нысан пайдалануға берілсе, “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында 49 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 43 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл қорытындысымен облыс бойынша 761,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 108,8%-ке артығымен  орындалды.  Жаңа тұрғын үй аумақтары 519,4 шақырым инженерлік-инфрақұрылым желілер­мен қамтамасыз етілді.

2020 жылы барлық құрылыс жұмыстарына 30,9 млрд теңге бөлінген.  Бұл қаржының 10,5 млрд теңгесі республикалық, 20,4 млрд теңгесі облыстық бюджеттен бөлінгенін айта кету керек. Алғашқы 4 айдың қорытындысымен 3,7 млрд теңге қаржыны игеру жоспарланып, ол толығымен орындалды. Басқарма ар­қылы биыл 30 әлеуметтік нысан­­ның құрылысын жүргізу жоспарлан­ған. Оның ішінде 13 нысанның құрылысы 2019 жылдан өтпелі және 17-сі жаңа нысан. Бұлардың арасында республикалық бюджеттен қаржыландырылып отырған 100 төсектік Жалағаш аудандық ауру­ханасы, “Жұмыспен қамту” жол картасы аясында қаржыландырылып отырған Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп құрылысы, Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйі секілді ірі әлеуметтік нысандар бар екенін атап өткім келеді. Жыл соңына дейін барлығы 22 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

– Бұл, әрине, өте жақсы, ал осы нысандардың сапасына қаншалықты мән берілуде?

– Құрылыстағы ең басты талап, әрине, сапа. Құрылыс ны­сан­­дарының сапасы мен сәні үйлесім табуы тиіс. Бұл бағытта ба­қылау құрылымдарымен ұдайы  бірлесе жұмыс  жүргізіп келеміз. Техникалық-қадағалау қызметі үнемі құрылыс барысын қадағалап отырады. Олар нысанға тапсырыс беру­шінің тікелей өкілі болып табылады. Нысан құрылысының жобаға сәйкес жүргізілуі авторлық қадағалау арқылы ұдайы тексерілуде.

Облыс әкімі аудандарға жасаған жұмыс сапарында құрылыс нысан­дарында болғанда, олардың сапасына  айрықша назар аудару керектігін баса айтты. Бұл орайда қадағалау күшейе беретін болады.

– Құрылыста сақтық шара­лары өте маңызды. Енді оған карантиндік жағдайды қоссаңыз, бақылау тіпті босаңсымауы керек.

– Дұрыс айтасыз. Қызылорда облысының бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 11 сәуірдегі «Облыс тұрғындары арасында қауіпсіздік шараларын күшейту туралы» 2020 жылғы 07 сәуірдегі №7 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №8 қаулысының 6) тармағына сәйкес Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасы арқылы жүргізіліп жатқан құрылыс нысандары 2020 жылдың 12 сәуірі 00:00 сағаттан бастап тоқ­татылып, 2020 жылдың 29 сәуірінен бастап құрылысты жалғастыруға рұқсат берілді. Қазіргі уақытта нысандардың құрылысы толықтай жүргізілуде. Барлығында міндетті түрде күшейтілген санитарлық-дезин­фекциялық шаралар және мін­детті түрде техникалық қауіпсіздік шаралары қолданылады. Әрбір жұмысшы сақтық ережелерімен таныс­тырылып, қолдарын қояды. Құрылыс жұмыстарының қауіптілігі жоғары деңгейде саналатын нысандарда жұмысшылар міндетті түрде арнайы киімдермен, қауіпсіздік белдіктермен, каскалармен қамта­масыз етілген.

– Соңғы жылдары облыста тұрғын үй құрылысының көрсет­кіштері көңіл қуантып жүр.  Бұл үрдіс биыл да жалғасын таба ма?

– Иә, ол рас, соңғы жылдары Сыр елі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Зәулім үйлер,  шағын аудандардың көбеюі тұрғын үй кезегінің көбесін сөгіп, жаңа серпін әкелді. Тіпті, жыл он екі ай бойы сырбойылықтардың қоныс тойына куә болып та жүрміз. Ал, бұл екпіннің елге тұрмыстық түлеу ғана емес, үлкен сәулет салтанатын әкелгенін де айтуға тиіспіз. Биылғы жылы да мыңдаған жерлестеріміз жаңа баспанаға қол жеткізетін болады.

Атап айтқанда, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамытуға мемлекеттік бюджет есебінен барлығы 15,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінгені – 7,7 млрд, облыстық бюджеттен бөлінгені – 7,9 млрд теңге.

Осы жылы облыс бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 1186 пәтерлі 81 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 969 пәтерлі 74 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құры­лысына 7,2 млрд теңге (РБ – 5,3 млрд теңге, ОБ – 1,9 млрд теңге) бөлініп, бұл қаржыға 815 пәтерлі 20 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 725 пәтерлік 15 үй облыс орталығында бой көтерсе, 90 пәтерлік 5 үй Шиелі ауданында салынады. Жыл соңына сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 698 пәтерлі 15 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ал несиелік тұрғын үйлер бойынша барлығы 215 пәтерді құ­райтын 57 тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарлануда. Оның 100 пәтерлік 2 үйі Қызылорда қаласының еншісінде болса, Арал мен Қазалы аудандарының әрқайсысында  40 пәтерлік 10 үйдің құрылысы жүреді. Сондай-ақ  Жалағаш ауданында 10 пәтерлік 10 үй, Шиелі ауданында 25 пәтерлік  25 үй салынады. Жыл соңына аудандарда құрылысы жүргізілетін 55 тұрғын үй (115 пәтер) пайдалануға беріледі.

Жеке құрылыс салушылар есебінен барлығы 156 пәтерді құрайтын 4 көпқабатты тұрғын үй құрылысы салынады. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа тұрғын аумақтарға жеткізілетін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (ИКИ) құрылысы бойынша 15 жобаны іске асыруға 4,6 млрд теңге (РБ – 2,4 млрд теңге, ОБ – 2,2 млрд теңге) бөлінді.

Бұл жобалардың 11-і Қызылорда қаласына тиесілі болса Арал ауданында – 1, Сырдария ауданында – 2, Шиелі ауданында 1 жоба жүзеге асырылады.

2020 жылдың 3 айында облыс бойынша жалпы ауданы 128985 шаршы метр болатын 927 тұрғын үй пайдалануға берілді. Пайдалануға қабылданған тұрғын үйлердің барлығы жеке тұрғын үй салушылардың қаржысы есебінен. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жалпы ауданы 102,3%-ке артқандығын көрсетті.

– Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «5-10-20» жаңа тұрғын үй бағдарламасының іске қосылатынын мәлімдеген болатын. Аталған бағдарламаның жүзеге асуы қалай болмақ?

– Қазіргі уақытта жобаның шарттары талқылануда. “5-10-20” пилоттық жобасы аясында баспананы “Нұрлы жер” бағдарламасы арқы­лы салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен немесе жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады. “5-10-20” пилоттық жобасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Пилоттық жоба аясындағы несиелендіруге 3,1 күнкөріс минимумына (101271 теңге) дейінгі табысқа ие баспанасыз отбасылар қатыса алады (2020 жылы күнкөрістің ең төменгі деңгейі 32668 теңгені құрайды).

“5-10-20” пилоттық жобасы – “Нұрлы жер” бағдарламасының жаңа бағыты. Бұл тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарды несиелендірудің тө­мен­дегідей тетіктерін қарастырады.  Несие мөлшерлемесі – 5%, бастапқы жарна – 10%, несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін. Бұл жоба сөз жоқ, халықтың әлеуметтік аз қамтамасыз етілген топтарының тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<