Құттың тұрағы, құрметтің тұғыры

2015

0

1991 жылдың 1 қазанындағы БҰҰ Бас ассамблеясының шешіміне сәйкес, жыл сайын халықаралық қарттар күні аталып келеді. Әрине, қарттарға деген құрмет осы күннен бастау алды деуге болмайды. Қай заманда да қоғам қарияларға құрметпен қарап, ізет-ілтипат танытып, олардың даналықтары мен өмірден түйген мол тәжірибесіне ден қойған.

Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген тәмсіл де осы ойды мегзейді. Қарттар бүкіл саналы ғұмырын, қажыр-қайратын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған жандар. Ұрпақтың кейінгі буыны аталары салған сара жолмен жүріп қана қоймай, олардың өмір өнегесін үйреніп, қадір-қасиетін ұлықтауға ұмтылады.

Біз қарттар күніне орай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевпен әңгімелесіп, бірнеше сұрақ берген едік.

– Серік Әбішұлы, облыстық ардагерлер кеңесіне басшы болып келгеніңізге де үш жыл толыпты. Осы кезеңде ұйым жұмысына қандай ізгіліктер қосылды, қарттарымыздың хал-жағдайына қатысты қандай шаралар іске асты?

– Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы жылдарда Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайын көтеруге, оның ішінде қарттардың хал-жағдайына бағытталған батыл шешімдер қабылданды.

Елбасы өзінің бір еңбегінде «Бізде ардагерлердің республикалық кеңесі бар, ол – жанды, жігерлі ұйымдардың бірі. Мемлекетіміздің маңызды мәселелерінің бәріне үн қосып, белсенділік танытуда», – деп бағалаған болатын. Бұл сөз ардагерлер ұйымының қоғам алдындағы маңыздылығын айқындайды.    

Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ардагерлер туралы жаңа заңға қол қойды. Осы заңда ардагерлердің мәртебесін белгілеп, оларға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынып және құқықтық негіздерін айқындап берді. Бұл ардагерлерге қай кезде де ерекше қамқорлық танытып келе жатқан мемлекеттіміздің – ізгілігі мен құрметі.

– Мемлекет басшысының биылғы жылдың 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында көтерілген мәселелер, әсіресе әлеуметтік салаға баса назар аударуы халықтың көңілінен шықты. Осыған не ой қосасыз?  

– Әрине, әлеуметтік сала дегенде алдымен қарттар жайы ойға оралады. Мемлекеттің бұл бағыттағы атқарып отырған іс-шаралары көңіл көншітеді. 

Жолдаудың маңызды тұстарының бірі – 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы деңгейін 42500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешімнің қабылдануы. Бұл елдің өзекті мәселелерінің бірі деп білеміз. Зейнетақы жинақтарының белгілі бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың арқасында миллиондаған адамдар тұрғын үй жағдайын жақсартып, тұрмыстық қиыншылықтарды шешуге мүмкіндік туындады.

– Президент Жолдауда қоғамдағы масылдық үрдісінің белең ала баста­ғанын тілге тиек етті. Әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген парықсыз пиғылдың адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айыратынын айтты. «…Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана сезімі де өзгеруі тиіс», – деді.

Расында, «аттан салатындардың» алдына қойған мақсаты не?

– Иә, соңғы кезеңдері «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп  әлеуметтік мәсе­лелер бойынша кейбір топтардың атқарушы органдар есігін жағалаған жүгірістердің көбейіп кеткені рас. Бұл бағытта ардагерлер тарапынан әдептілік, сыпайылық, заңдылықтар бойынша түсіндірме жұмыстарын  жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Мұның негізгі себебі анық емес ақпарат көздеріне сену, айналасына «жеккөрініштілікпен қарау». Әр адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамға, қарапайым еңбек адамдарына құрмет танытуы тиіс. «Қызыл қанымды ағыздым, қара терімді үктім» деп Күтегін бабамыз айтқандай, қайтсем еліме пайдамды тигізем, отбасымды қалай ұшпаққа жеткізем деп жүрген қарапайым тіршілік иелерінің өміріне нұқсан келтіретіндер өз түсінігін өзгертуі тиіс. Сондай теріс түсініктің бірі ел ішінде екпеге қатысты таралып отыр.  

Әлемді жайлаған індеттің нәтижесі күн сайын көрінеді. Мыңдаған азамат осы дертке шалдығып, зардап тартып, қайғы жұтты. Бұл індеттен сақтанудың бірден-бір жолы, ол  – әрине, медициналық екпе еккізу.

Өкінішке орай, бастапқы кездегі 65 жас­тан асқан адамдар екпені салдырмау керек деген түсінік қалың жұртқа кері әсерін тигізді, бірақ соңғы кездегі ақпараттандыру жұмыстарының жүйелілігі және денсаулық сақтау басқармасы мен ардагерлердің бірлесіп жұмыс жасауының арқасында бұл жұмыстар қарқынды жүргізілді. 

Біздің ел ішіндегі жұмысымыздың негізгі бөлігі әлемді әбігерге салған аты жаман індетпен жағаласа жүрді. Сол қиын кезеңде облыс әкімі Гүлшара Наушақызы қызметке келді. Алғашқы ардагерлермен кездесу барысында «Облыс қазіргі таңда өте бір сындарлы да сынақ сәтінде тұр, бүкіл әлемді жайлап жатқан коронавирус пандемиясы ел басына түсіп отырған үлкен нәубет, онымен күрес елдігімізге сын, осы күресте сіздерді халыққа ұйытқы бола алады ғой деп сенемін», – деп үлкен жауапкершілік жүктеді.

Облыстық ардагерлер ұйымы осы сенімнен шығуға шынайы ықыласы мен күш-жігерін жұмсап келеді.

– Қарттар қымбат уақыттарын қалай пайдаланады? Оған ардагерлер ұйымы қалай араласады?

– Жыл сайын, пандемия басталғанға дейін мемлекеттік сатып алу конкурстары арқылы жүзеге асырылатын әлеуметтік маңызы бар жобалар аясында түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, 2016 жылы 10 млн 666 мың теңге болатын әлеуметтік жобаны ұтып алып, әртүрлі байқаулар, спорттық шаралар, мемлекеттік мерекелерге арналған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырды.

Ал, 2017 жылы қоғамдық келісімді нығайтуға арналған әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында, облыс ардагерлеріне 35 млн 945 теңге қаржы қаралып, мақсатты игерілді. Осындай іс-шараларды ұйымдастыруға 2018 жылы 34 млн 915 теңге бөлініп, толығымен игерілді.

2019 жылы Өзбекстан Республикасында Қазақстан жылы болып белгіленуіне орай, Өзбекстанның тарихи орындарына ардагерлердің 4 күндік сапарын ұйымдастыру үшін қаржы қаралып, облыстың 123 ардагері қатыстырылды. Сонымен қатар, Маңғыстау өңіріндегі Бекет ата басына зиярат етуге ардагерлерді апару сәті түсті. 

2020 жылдың алғашқы айларында ұлы Абайдың 175 жылдығына орай, Семей өңіріне Сыр ардагерлерінің экскурсиясын өткізу мақсатында, облыстың 108 ардагеріне жол жүру билеттеріне тапсырыс берілген кезеңде, әлемді жайлаған пандемия салдарынан елде төтенше жағдай жарияланып, барлық шаралар толықтай тоқтатылды. Осындай жоба Қарағанды облысындағы тарихи орындарға бай Ұлытау өңіріне баруға да жоспарланған болатын.

Әрбір жеңіс күніне орай, облыстық ардагерлер кеңесі қарт майдангерлерді мерекемен құттықтауды дәстүрге айналдырған. Жеңістің 75 жылдығына орай, көзі тірісінде ғасыр жасаған майдангер Құлманов Бөрібайға арнайы сый-сияпат жасалып, «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

Жаңақорған, Шиелі аудандарында мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановты еске алуға арналған танымдық-тағылымдық конференциялар ұйымдастырылды. 

Әрине, ардагерлер қауымының басты міндеттері үлкендік жолмен елді бірлікке шақыру, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету, елдің тыныштығын сақтауға шақыру, мемлекет басшысының, облыс басшылығының жүргізіп отырған саясатын халық арасында насихаттау, олардың жүзеге асуына ықпал жасау болып табылады.

Облыс аумағындағы ардагерлер ұйымдарына жүктелген жұмыстар мен міндеттемелерді жоғары деңгейде атқа­рып жүрген Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш және Қазалы аудандарының ардагерлер ұйымдарын атап өтуді жөн деп санаймын.

– Кезінде жұмыс орындары жабылып жұмыссыз қалғандар, әртүрлі топтағы мүгедектер, елеусіз қалған еңбек ардагерлері бар ма?

– Зейнеткерлерді бастауыш ұйымдарға тартып, тіркеп, ардагерлер қатарына топтастыру мен бірлігін сақтау, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жүйелік құрылымдарын жетілдіру мен олардың белсенділігін арттыру талаптары ардагерлер ұйымдарының міндеттері. Дегенмен, Республикалық ардагерлер ұйымының мүшелері жөнінде мәліметті зерделей келе, 14 облыс пен  3 республикалық маңызы бар қалалар арасында Қызылорда облысында зейнеткерлердің ардагерлер ұйымдарына есепке тұруы 69,7% болып отыр. Бұл – еліміздің аймақтары бойынша ең төменгі көрсеткіш. Республика бойынша орташа көрсеткіш 88,6%-ті құрайды. Облыстың ардагерлер ұйымдарына бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Жалағаш, Жаңақорған, Сырдария аудандарында бұл жұмыс өз деңгейінде жүргізілсе, Қызылорда мен Байқоңыр қалаларындағы көрсеткіш 50 пайыздан төмен болып отыр. 2016 жылдан бері бастауыш ұйымдар саны 724-тен 728-ге ғана көтерілген. Облыс бойынша 5 жылда бар болғаны жаңадан 4 бастауыш ұйымның ашылуы алғашқы кезекте бастауыш ұйымдармен арадағы жұмыстарға баса назар аударылуы қажеттігін көрсетеді. Облыста зейнетке шыққан 75 мыңға жуық ардагердің 62 мыңнан астамы ғана осы бастауыш ұйымдарға тартылған. Біздің алдымызда бастауыш ардагерлер ұйымдарының әр жылдары атқарып отырған жұмыстарын зерделеп, оны халық санасатын, құрметтейтін беделді ұйымға айналдыру міндеті  тұр.

– Мерейлі жасқа толған ардагерлерді құттықтау, денсаулығы нашар, жалғызбасты ардагерлердің көңіл күйін сұрау секілді міндеттер туралы не айтасыз?

– Айтып отырғандарыңыз, оған қоса дүниеден озған ардагерлердің отбасына көңіл айту – ардагерлер қауымының міндеттерінің бірі.   

«Ардагер» деген атақ уақыттың, тарихтың, халықтың, жарлығымен беріледі. Сондықтан оның еңбегіне сай алған атақтарының бәрінен «ардагер» атағын құрметтеу – қазақ дәстүріндегі сара салтымыз.

Ардагерлер, ақсақалдар – елімізді, халқымызды небір аласапыран, аумалы-төкпелі замандардан алып шыққан алыптар, тарихи тұлғалар.  Олардың алдында қазіргі ұрпақ, бүкіл жаңа қоғам, мемлекет мәңгілік қарыздар. Біз үлкендерін сыйлап, тыңдап, сеніп, құрметтеп, олардың төңірегіне топтасып, өсіп-өнген қабырғалы халықпыз.

Сондықтан ардагерлерге, қарттарға құрмет әр кезеңде жаңа леп, соны күймен өрістеп отырады.

 Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<