«Қысқа романдар – оқырман сұранысы»

1065

0

Мың құбылған тірлікте көркем әдебиеттің де түрленіп, жаңа ағымдармен жаңғырып отыруы заңдылық. Жазушы Жолтай Әлмашұлы кейінгі он жылдың айналасында ізденістерге барып, қысқа романдар жазып жүр. Қаламгердің жақында жарық көрген «Қаратау қаһары» деп аталатын кітабы екі қысқа романнан тұрады. Бүгінгі әңгіме қазақ әдебиетіндегі жаңа ағым, қысқа романдар көтерген жүк, оларда суреттелетін өмір шындығы жайында болмақ.

– Жолтай аға, қазір эпопеяның бетін ашуға уақыты жоқтар интернеттегі қысқаша түсінік берген нұсқаларымен шектеліп жүр. Орта мектепке «Абай жолын», «Қан мен терді» оқып тауысу талап етілмейтін сияқты. Жалпы қысқа романдар жазу қазіргі заманның ағымына бейімделу ме әлде оқырман тарту тәсілі ме?

– Қазір том-том Мұхаңның «Абай жолын», Әбеңнің «Қан мен терін», Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» оқып отыратын оқырман бар ма, жоқ па? Бұл – басы ашық сұрақ.  Жалпы қаламгер оқырманға қарап бейімделуі керек сияқты. Өйткені оқырман – көпшілік.  Журналистикада да өзіңіз байқап жүрген шығарсыз, баяғыдай бір бетті түгел алатын очерктер оқыла ма?

Қысқа романдар жазу – кешелі-бүгінді ашылған жаңалық емес, әлем әдебиетінде бар үрдіс. Мәселен, кейінгі отыз-қырық жылдағы жапон жазушыларының романдары әрі кетсе 200 беттік, тіпті 100 беттің айналасында. Юкио Мисима, Кобэ Абэ, Харуки Мураками романдары қысқа әрі нұсқа. Ойы терең, қазіргі заманның қаны сорғалап тұрған, оқырманға керек, жүрегіне сәуле түсіретін, көркемдік тұрғыдан пайдасын тигізетін әлеуметтік түйткілдерді романға айналдырады. Мүмкіндігінше сығымдап, көп сөзге ұрынбай, табиғатты, басқаны көп суреттемей, кейде монолог, кейде диалог, әсіресе, диалогты молынан қолданады. Мен де қысқа романдарымда осы тәсілді пайдаланамын. Бұл жапон жазушыларына көзсіз еліктеу, көшіру емес.

Орыс әдебиетінде де осы үрдіс бар. Мәселен, Тургеневтің 6 романының ең ұзағы «Әкелер мен балалар» 250 бет. Әлем әдебиетінде Хемингуэйді айтамыз ғой, оның да 150-200 беттік бірнеше романы бар. Бұл көлем туралы әңгіме.

Менің қысқа романдарымның саны 5-6-ға жетіп қалды. Қолыңыздағы «Қаратау қаһары» кітабына «Қария мен құмырсқа», «Қаратау көкжалымен қоштасу» деген екі романым енген. Екеуінің де көлемі 100 беттің шамасы. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Ащы да тәтті өмір» деген жинақ шығардым. Онда «Интерадам», «Олигарх және олимп», «Бумеранг», «Жат планеталық жігіт» және «Бақидан келген келіншек» деген 5 роман болды.

– Көлем жайлы біраз мысал келтірдіңіз. Енді аз немесе көп жазу туралы не айтасыз? Сан қуған сапаны әлсіретпей ме?

– Маған көп жазасыз дегендер бар. Олай ойламаймын, 12-13 жылда 7 роман дегеніңіз жылына 2-ден жазу емес пе? Мәселен, Ілияс Есенберлин өз ғұмырында 18 роман жазған. Өзі жасы елуге тақағанда кеш бастаған. Сексенге жақындағанда дүниеден өткен. Сонда жылына бір романнан келеді екен. Ол кісіні көріп, әңгімелесудің орай келген. Жазушы уақытын бос жібермепті. Күнде жазуға дағдыланған.

Көркем проза, әсіресе роман жазу үшін жоспарламаса болмайды. Роман кем дегенде бір жыл жазылып, екі-үш рет қайта қаралуы керек. Қысқа романдар қазақ әдебиетіне ішкерілеп еніп келеді. Қуаныш Жиенбай, Қуандық Түменбай, Шархан Қазығұл, марқұм болып кеткен Таласбек Әсемқұлов пен Рахымжан Отарбайдың романдарын оқырман жақсы қабылдады.

– Романдарыңыздың тек қазақ тілінде қалып қоймай, өзге тілдерге аударылғанын білеміз…

– «Интерадам» мен «Олигарх және олимп» Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан басылып шықты. Осы екі роман түрік тіліне аударылып, Анкарадағы баспадан жарық көрді. Мәскеуден шыққан кітапқа Елена Крюкова деген сыншы жақсы пікір білдіріпті. Сосын Флюр Галимов деген орыс тілінде жазатын ұлты башқұрт жазушы әрі драматург те баға беріпті. Ал түрік тіліндегі кітапқа Орхан Сүйлемез деген профессор пікір айтқан. Шешенстанның Халық жазушысы Канта Ибрагимов та қысқа романдарым туралы мақала жазды.  Мен оларды жыға танымаймын, кейбіреуін көрген де емеспін.

– Аға, қолымызға жаңа ғана тиген «Қаратау қаһары» кітабыңыз, ондағы екі романның көтерген жүгі туралы айтпас бұрын, жуырда біздің басылымда жарық көрген «Жалғызын жоқтаған Жамал» деген әңгімеңізге тоқталайық…

– Бұл әңгіме «Қазақ әдебиетіне» «Жамалдың жалғызы» деген атпен шықты. Сондағы жігіттермен ақылдаса келе, осы тақырыпқа тоқтадық. Мұның оқиғасы жыл басындағы қаңтар оқиғасымен сабақтас. Онда айтайын дегенім – оққа байланған жас жауынгер біреудің жалғыз сүйеніші, бір әулетті ертеңге жалғайтын үміті. Бұл – трагедия.

Бірақ әңгімені жас лейтенанттың өлімімен емес, ес жинауымен аяқтадым. Онсыз да қыршын кеткендер аз ба? Халықтың еңсесі көтеріле алмай жатқан сәтте тосыннан шешім тауып, үміт отын өшірмеу керек деп ойладым. Ұлы клиникалық өлімді бастан кешіп жатқанда ананың жан дүниесіндегі арпалысты суреттедім. Әрине, мұндайды ешкімнің басына бермесін. Жас лейтенанттың «Менің жүрегімде – сіз, ойымда – қандай қиындықта да емендей иілмеген қайсар әкем, арқамда – алаң да бұлаң жалғыз Отаным…» деп анасымен сөйлесуі сол кездегі әрқайсымыздың көңілімізге ұялаған сезімді білдіреді деп ойлаймын.

– Жаңа кітаптағы «Қария мен құмырсқа» деген әңгімеңізге көз жүгіртіп шықтым. Ел ішінде кездеспей қалмайтын мәселені көтеріпсіз. Үлкенді сыйлаған, бір қарттың айтқанын бір ауыл тыңдаған, сөзін екі етпеген дәуірді аңсау бар сияқты сарынында…

– Иә, Абыз – аты айтып тұрғандай, елдің абыз ақсақалы. Өмірінің соңында өз баласы жасаған істің кесірінен жаны күйзелген әке, ел ішінің берекесін ойлап шарқ ұрған ауылдың үлкені. Екі оттың ортасында қалғандай күй кешкенмен, дүйім жұрт не шешім айтар екен деп аузына қарап отыр. Сол сәттегі ақсақалдың ой арпалысы, ішкі жан дүниесіндегі төңкерістерді суреттедім. Абыз аяғы ауырлап қалған, бірақ некесі қиылмаған келінді босанған соң үйіне алдырады. Бірақ өз баласы Алматы асып, бой тасалап жүр.  «Ел-жұрт менің аузыма қарап, қалай қиюластырар екен, қайтер екен деп күтулі. Сәл  мүлт кетсек, жиған абырой-беделден бір-ақ күнде айырыламыз. Қария атанған екенбіз, сол қалпымызбен о дүниеге мазақ арқаламай аттанып жатсақ, мәртебе болмас па?» деп кемпірімен жауаптасуы арқылы күрмеуді шешеді.

Одан кейінгі әңгіменің желісі келін Томаның тағдырымен өріледі. Баласының шетінеуі, қашып жүрген күйеуін іздеуі, басының қамын күйттеп экспедицияға қосылуы, арын қорғап, абайсызда адам өлтіруі, түрме, мұның барлығы – бір адамның басына түскен ауыртпалық. Торыққан кезде үй іргесіндегі құмырсқамен сырласуды әдет қылған келіншек тіршілік мүлде кермек тартқанда сол алданышын қайта табады.

Оқиға соңында кесімді жауап айтпадым. Тағдыры қақпақылға түскен келіншек құмырсқаға айналды ма әлде қиялы ма оны салмақтауды оқырманға қалдырдым. Мұны метамарфоза дейді. Адамның түс көруі, түске ауысып кетіп, шын өмірді алмастырып алуы. Заттың бір түрден екінші түрге ауысуы, адамның аңға, құсқа немес тасқа айналуы, сондай-ақ табиғаттағы басқа да өзгерістер көне дәуір адамдарының түсінігінше, адам мен табиғат тепе-теңдігінен туындайды. Адам мен табиғатты тұтас жаратылыс деп қабылдаған сенім уақыт өте келе көркем туындыларда басқаша, яғни көркемдік тұрғыда қызмет атқара бастады. Сол желі күні бүгінге дейін тартылып келе жатыр. Бұл – Франс Кафканың әдісі.

– «Қаратау көкжалымен қоштасу» да алды үміт, арты өкініш алдамшы өмірді суреттеген шығарма екен…

– Иә, ана туралы, оның өмірінің соңғы шағындағы жан толқынысы жайлы. Қыздары мен келіндерінің арасындағы алауыздық, дүниеге талас туралы. Қайтыс болған адамды жөнелтудегі жөн-жоралғылардың атқарылуы да сипатталады.

Бас кейіпкер – осы Қоңыр-Бегім ананың ұлы Алашбек, оның өмірі, қызметтегі кейбір сәттері, егде тартқанда басынан өткерген сезімі және анасы тастап кеткен түйіншекті ашқанда ұғынғандары туралы айтылады. Телефондағы ерекше хабарлама – Ақлимадан келген бір шумақ өлеңді оқығаннан кейінгі жан күйзелісі. «Апырмай осы қызға шынымен де қиянат жасадым ба? Неге ғана оның таңғы шықтай таза сезімін… Өз ойына өзі тоқтау тіледі, Сап! Сап».. Осы ойдан арылу үшін жан-жағына алақтай қарағанда көзінің тоқтағаны – шешесі берген түйіншек.  Оның ішіндегі белдік, жайнамаз. Құранды қолға алып, намаз оқудың алғашқы рәсімін жасауы, басы айналып, есінен танып құлауы…

Мұның да арғы жағын айтпадым, сезімтал  оқырман өзі түсінеді. Адамның түптің түбінде тірелетіні – дінге емес, Аллаға деген сенім. Бір Жаратушының барына сенуі. Өзіне берілген өмірді, нығметті, бақытты, бейнетті түсінуі.

– Жазудың басы жан толқынысынан басталып, кейде жан азабына ұласатынын, діттеген мақсатқа жетпейінше көкіректі шымырлататынын шығармашылық адамдары жиі айтады. Сіздің қысқа романдарыңыз драматургиядағы қалыптасып қалған соқпағыңызға кедергі емес пе? Сосын қазіргі қазақ драматургиясы туралы ойыңызды білгім келеді. Режиссерлармен сөйлессең, қоятын тәуір драма жоқ дейді.

– Драматургия – өте ауыр жанр. Үш бағытта драма жаздым. Еліміздің бірқатар облыстық театрының репертуарында он шақты пьесам бар.  Әбу Насыр әл Фараби туралы пьеса Талдықорған мен Қарағандыда сахналанды, Түркияда қоюға ниет жасалып жатыр. Драманың бағын тек драматург ашпайды, жақсы пьеса – драматург, режиссер, актер үштік одағының жемісі. 

Шекспирдің туған қаласында болудың сәті түскен. Кішкентай қала тек Шекспир деп қана тіршілік етеді екен. Сонда әйгілі драматургтің әлем сахналарынан әлі күнге дейін түспей келе жатқан туындылары «Король Лир», «Ромео мен Джулетта», «Отелло», «Гамлет»  қалай жазылғанын айтты. Режиссер екеуі тығыз жұмыс істеген. Түзеген, жөндеген. Режиссер драманың дәнін, яғни айтар ойын, образдарын, тартысты көре алуы керек. Сонда толыққанды дүние туады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»       

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<