Ұстаз ұстаханасы – өмір өнегесі

982

0

 Майра Мелдебекова:

«Құндылықтар тізімінде

білім бірінші орында тұрады»

«Мұғалім – мектептің жүрегі». Ұстаз әр адамның өмірінде, балалық жүрегінде мәңгі есте қалады. Жаңа заман талабы мұғалімдерге зор міндет артты. Ұрпақ тәрбиелеуде жәй ғана пән мұғалімі болып қалу емес, оның болашақ тағдырына жол көрсетуші, бағыт беруші тұлғаға айналуы керегін уақыттың өзі дәлелдеуде. Мереке қарсаңында облыстың бас ұстазы, білім басқармасының басшысы Майра Мелдебековамен әңгімелескен едік.

– Майра Тұрғанбайқызы, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүріне берік, рухы мықты, танымы мен тағылымы кең тұлға ретінде қалыптастыру барысында ең негізгі сын да, салмақ та ұстаздарға артылатыны түсінікті. Осы ретте жаңа формация мұғаліміне қандай міндеттер жүктеледі?

– Әлемде барлық құндылықтар қайта қаралып жатқан тұста, басты назар адами капиталға бағытталуда. Ал адами капиталды қалыптастыратын әрине, білім екені сөзсіз. Қазір өзіңіз де білесіз, заман алға жылжып, ақпараттық ғасыр кезеңіне аяқ бастық. Жылдам қарқынға ілесу, жаңа дүниелерді меңгеру талабы ұстаздарға жүктелді. Бұл ретте әрбір ұстаз алдына келген баланы тек оқытып ғана қоймай, баланың тұлғалық қасиетін ашу үшін жұмыс істеу керек. Жаңартылған білім беру аясындағы функционалдық сауаттылықты арттыру талабының бірі де осы. Яғни ұстаз баланың өмірлік дағдысының қалыптасуына жұмыс жүргізуі керек. Жаңа формация мұғалімі ең бірінші – көшке ілесе білетін, цифрлық технологияны меңгерген, жаңа методикасын әзірлеп, ізденісте болуы қажет. Біздің салада цифрландыру жүйесі, мұғалімдерге жеңіл болу үшін әр тақырып бойынша үш тілде ресурс­тар бар. Онда барлығы дайын. Жаңа аттестациялық формат та өзгеруде. Соған сай мұғалім пәні бойынша емтихан тапсырады. Оның өзі де үлкен жауапкершілік артады.

– Жаһандық бәсекелестік жағ­дайда білім берудің сапасын көтеру аса маңызды мәселе. Бұл педагог мәртебесін арттыру­мен айқындалады. Парламент қара­уындағы заң жобасына өз тара­пыңыздан қандай ұсыныс айтар едіңіз? Жалпы қоғамда мұғалім мәрте­бесін көтеруде қандай жұмыс­тар жасалуы тиіс?

– «Педагог мәртебесі» туралы заңның қоғам талқысына ұсыныл­ғанын көпшілік біледі. Аймақ ұстаздары мұғалім мәртебесін арт­тыруға арналған заңға ұсыныс­тарын жеткізді. Әрине, Сыр елінің ұстаз­дары да өз пікірлерін біл­діріп, белсенділік танытты. Бәрі де сарапқа салынып, министрлікке ұсы­нылды. Байыбына барып қарайтын болсақ, ұстаздың мәртебесін арт­тыруға жағдайлар жасалуда. Айлық жалақының артуы, кәсіби біліктілікті дамыту сынды негізгі жұмыстарға жіті көңіл бөлінді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагогтардың жалақысын көбейту тапсырмасы ұстаздар қауымын ерекше қуантып отыр.

Меніңше, ұстаз мәртебесінің биік болуы тек қаржылай қолдауға ғана байланысты емес. Әрбір ұстаз үйре­туден, үйренуден жалықпайтын, ізде­ніске дайын, тың тәжірибеге әзір бол­са, білімі мен өз білігін көрсете алса, мұғалім мәртебесі биік болады. Мұғалімнің негізгі міндетіне кір­мейтін жұмыстардан босату жалпы нормада көрсетіледі. Қазір бұл мәселе Парламент қарауында.

– Өңірімізде жылдан жылға демогра­фиялық ахуал артып келеді. Бұл, әрине, қуанатын жағ­дай. Алайда, бұл қосымша жаңа білім беру нысандарын салуды қажет етеді. Мұның шешімін жеке мектептердің есебінен шешу қаншалықты дұрыс? Ондағы оқу құнына білім сапасы сай ма?

–    Бұл – Білім және ғылым министрлігі тара­пынан енгізіліп жатқан саясат. Бұрын балабақша тапшылығы кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көптеген мәселелер шешілді. Сол сияқты мұнда да жеке кәсіпкерлер көмегі арқылы мектеп тапшылығын жоямыз. Әр оқу жылында бала санының көбейгені сезіледі. Жаңа 2019-2020 оқу жылында мектепке қабылданатын оқушылардың артқаны байқалды. Қазір 293 мектепте 162684 оқушы білім алуда. Оқушылар контингенті 2018 жылмен салыстырғанда 9000 оқушыға көбейді. Оның ішінде, 1-сыныпқа келетін оқушылар саны 1500-ге артты.

Бүгінгі таңда орын тапшылығын шешу мақсатында өңірде 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп өз жұмысын бастады. Бұл мектептердің барлығы білім беру стандартына сай оқушыларға сапалы білім береді. Жеке мектептердің жұмысы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жолға қойылған. Біздің аймақта жеке мектептердің саны жылдан жылға артуда. Олар талапқа сай лицензиясын алады. Сондықтан ол жерде сапалы білім беруге барлық мүмкіндік қаралған. Бұл жерде алдыңғы орынға білім бәсекелестігі шығады. Жеке мектептер өздеріндегі сапа көрсеткішін жақсарту үшін ең мықты деген ұстаздарды жұмысқа қабылдауға тырысады. Қазір ата-аналардың барлығының көзі ашық. Олардың алдында жақсы таңдау бар.

– Облыс балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қам­тамасыз етуде өзге өңірлерге үлгі болды. Биылғы жылдың жаңа­лығы – балаларды ерте жас­тан дамыту бағдарламасының енгі­зілгені және балабақшаға бару кестесінің жаңартылуында. Бағдар­ламаның ерекшелігі жайында айта кетсеңіз…

– ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен ерте жастағы балаларды әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдысын дамытатын бағдарлама бекітілді. Бұл бағдарлама мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиелеу мен білім беру процесіне 1 қыркүйектен бастап енгізілді. Ерекшелігі – баланың жасына сай 4К моделі қамтылады. Барлық аудандарды өзім аралап шықтым. Балабақша құрылтайшысы мен білім бөлімінің арасындағы келісім-шартқа біраз өзгерістер енгіздік. Онда қойылатын барлық талаптар қаралған. Мәселен, мекеменің бейнебақылаумен қамтылуы, мұға­лім­дердің біліктілігіне қатысты бірнеше талаптар бар. Бағдарламаның мақсаты – балаларды туғаннан бас­тап 3 жасқа дейінгі кезеңде оңтайлы әлеуметтендіру, яғни, балабақшада балалардың әлеуметтік және өз бетінше үйрену  дағдыларын дамыту арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, аталған бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – ерте жастағы балаларды күту, тәрбиелеу мен дамыту мәселелері бойынша ата-аналарға қолдау көрсету болғандықтан, мектепке дейінгі ұйымдарға бұл бағытта барынша жан-жақты жұмыс жүргізу жүктеліп отыр. Өзіңізге белгілі, бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйым педагогтарының кәсіби шеберлігін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Педагогикалық шеберлік орталығының базасында 140 мектепалды даярлық сыныбының педагогы, 156 балабақша тәрбиешісі жаңартылған бағдарламаның түйінді идеяларына сәйкес, балабақшаның тәрбиелеу мен оқыту тәжірибесіне өзгеріс енгізу әдістерін, 4K моделін жүзеге асыру тәсілдерін үйренді. Бүгінде 78 тәрбиеші курстан өтіп жатыр. Сонымен, курстан өткен 374 педагог өздеріне жүктелген зор міндетті түсініп, 4K моделін, яғни кішкентай бүлдіршіндердің креативтілік, командада жұмыс істеу, коммуникативтілік және сыни ойлау білім, білік, дағдыларын қалыптастыру, дамытуды жүзеге асырады деп сенемін.

–    Жаңа технологиялар мен ғаламтордың бүгінгі қарқыны қазіргі жас жеткіншектің денсау­лығына, ақыл-ойы мен мінез-құлқына, тәрбиесіне әсер етуде. Мектеп қабырғасындағы тәрбие саласында жаңаша көзқарас танытатын уақыт келмеді ме?

–    Барлық мектептерде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұлттық құндылыққа бағытталған «Шаңырақ» жобасы былтырғы оқу жылынан бас­тап енгізілді. Ол бірнеше бағыттардан тұрады. Ата-аналарды мектептің қосымша іс-шараларына тарту, әкелер кеңесін құру сияқты жұмыстар іске асырылуда. Оны жақсы жолға қойған  мектептер аудандар мен қалада бар.

Білім беру саласында білім мен тәрбие процесі қатар жүреді. Расында, қазіргі ғылым тілімен айтсақ, біздің қоғамда «Z» ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып келе жатыр. «Х, Ү» дәуірі ұрпақтарының өз ерекшелігі болса, «Z» терминінің баламасы – «Цифрлы адам». Біздің балаларымыз цифрландырылған, ақпараттандырылған дәуірде өмір сүруде. Олар үшін барлығы жеткілікті. Дегенмен, біз тәлім-тәрбие беруде ата-бабалардан қалған ұлттық құндылықтарды жоғалтпауымыз керек. Аймақта оқушыларды тәлім-тәрбиеге баулитын маңызды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соңғысына тоқталсақ, «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы. Оқушылардың «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасын жатқа айтып, жүлдегер атануы бізді қуантады. Жалпы, баланың бос уақыты болмауы үшін қосымша білім беру орталықтары мен спорттық үйірмелердің жұмысын жандандыру керек.

– Әр адамның өмірінде алғашқы ұстаздың алар орны бір төбе. Сіздің ал­ғашқы ұстазыңыз кім? Ол қандай адам еді. Бір сәт балалық шаққа оралсақ…

– Туған ауылдан түлеп ұшып, ұстаздық жолды таңдап, маман атануыма алғашқы ұстаздарымның ықпалы зор. Тәлім мен тәрбиені қатар беріп, ізгілік пен мейірімділікті бойға сіңірген асыл ұстаздарымыз қашанда құрметке лайық.

Бауыржан Момышұлының «Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» дегені ұстазға деген айрықша ықыласты аңғартса керек. Қызмет сатысын ұстаздық жолдан бастаған менің өмірлік жолымда қасиетті шаңырақ – №169 мектептің алар орны бөлек. Мен орыс мектебінде білім алдым. Қолыма алғаш қалам ұстатқан Лидия Александрқызының сол жылы бейнесі әлі есімде. Өзі мектептің жанында тұратын. Сұлбасы анадайдан көрінгеннен барлығымыз алдынан шығып, біріміз сөмкесін, біріміз қолындағы дәптерлерді алып көмектесуге асығатынбыз. Одан бөлек ұстаздық жолды таңдауыма әкемнің қосқан үлесі, бағыт-бағдары орасан. Ол кісі аудандық статистика бөлімінде жұмыс жасады. Бұл әрине, математикамен тікелей байланысты сала болғандықтан, мені есепке баулыған ұстазым – әкем еді. Сондықтан менің осы салаға қызығушылығым бала кезден қалыптасты. Есеп шығарғанды жақсы көретінмін. Педагог болуыма, өмірлік мақсаттарымды айқындауға үлесін қосқан ұстаздарым көп. Атап айтқанда, математика пәнінен Ханзада Жакипова, Бибіхатша Асанова, физика пәнінен Құралай Бәйтенова, Ольга Шин сынды апайларыма алғыс білдіремін. Шәкірті үшін аянбай еңбек еткен өз ұстаздарыма қажымас қайрат, зор денсаулық тілеймін.

– Келе жатқан төл мерекеңіз құтты болсын! Ұрпақ тәрбиелеу ісінде толағай табыстарға жете беріңіз!

– Сіздерге де рахмет! Сұхбатты пайдалана отырып, Сыр елінің барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтаймын. Білім жолындағы елеулі еңбектеріңізге табыс, қызметтеріңізге өрлеу тілеймін.

Әңгімелескен

 Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<