Субсидия оңтүстік аудандарға бағытталған

507

0

Газетіміздің өткен санында жүзім мен алмаға берілетін субсидия туралы ақпарат бағбан қауымын елең еткізді. Кімге, қанша мөлшерде беріледі деген көп көкейіндегі сауалға жауап беру үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараковпен  сұхбаттасқан едік.

– Бау-бақша егіп, кәсіп көзіне айналдырғандарды субсидия бе­ріле­ді деген жаңалық қуантты. Көп­тен күткен қолдау шешімін тапқан сияқты?

– Республикамыздың не­гізгі өн­­дірістерінің бірі – агро­өнеркәсіптік кешен сала­сын­дағы тамақ өнімдері. Бұл саланың қарқынды дамуы үшін мемлекет тарапынан жылма-жыл айтарлықтай қар­жылық қолдаулар көрсетіліп келеді. Біздің облысқа биыл 18 млрд 692,7 млн теңге қаржы бөлінді.

Ауыл шаруашылығы са­ла­сына жаңа, озық техно­ло­­гияларды енгізу, заманауи сұранысқа ие ауыл ша­руа­­шылығы техника­ла­­рын, жаб­дықтарын алу­ға қолже­тімді қаржы­лық қолдаудың жаңа ме­­­ха­­­­­низмі жұмыс жасауда. Бұл – «Ин­вестициялық салымдар ке­зінде АӨК субъектісі шығыстарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағ­дарламасы.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – капиталды көп қа­жет етуді төмендету және са­лын­ған инвестициялардың өзін-өзі ақтауын арттыру. Осы жолмен тауарлар­ды, жұ­мыстарды және көр­­­­­­­­се­­ті­летін қызметтерді қол­жетімді ету.

Осы бағдарлама шең­бе­рінде  ауыл шаруашылығы құ­рылымдары 2014-2018  жыл­­дары 454 дана ауыл шаруа­­шылығы техника­сын жаңартуға қол жеткізді. Мал­­­шы­­­лардың жайы­лым­дық­­тағы инфра­құры­лым­да­рын қамтамасыз ету үшін 651 жоба жүзеге асырылды. Бү­гінгі күн талабына сай жаб­дықталған  3 мың басқа арнал­ған бордақылау алаңы, 1 құрама жем зауыты, 1 жарма өндіру кәсіпорыны, 1 ет өңдеу кәсіпорыны, 7 сүт қабылдау пункті, 6 мал сою пункті, 3 рефри­жератор, 4 там­шылатып суару жобасы субсидияланды.

Сондай-ақ, инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында 2016-2018 жыл­дар аралығында Сырдария, Жалағаш және Шиелі аудандарында жалпы көлемі 46 га жерге қарқынды алма бақтары егіліп субсидияланды.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрінің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнер­кәсіптік кешен субъектісі шығыстарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгеріс енгізіліп, ауыл шаруашылығы өнімінің нақты түрлерін өндіру үшін алқаптарды оң­тайлы пайдалану бойынша өңірлерді мамандандырудың ұсынылатын схемасына сәй­кес жүзеге асыратын еді. Біздің облысқа қарқынды алма бағы, жеміс-жидек дақылдары мен жүзім отырғызғаны үшін субсидия берілмейтін болған.

– Шаруа үшін мемле­кеттік қолдаудың кәсіпті дамытуға ықпа­лы зор екені сөзсіз. Қалай болғанда да субсидияның берілетіндігі жақсы жаңалық болды.

– Облыс әкімдігі тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданып, схеманы алып тастау,  яғни, қарқынды алма бағы, жеміс-жидек дақылдары мен жүзім отырғызғаны үшін облыстың барлық аудандарының ауыл­шаруашылық құрылымдарына субсидия беру жөнінде ұсы­ныс берілді.

Өз кезегінде ұсыныс­ты зерделей келе, Жаңа­қорған және Шиелі ау­дан­да­рында қарқынды алма, жү­зім бақтарын еккен шаруа­шылық субъек­тілеріне инвес­тициялық шығы­нының 25%-і субсидияланатын болды.

– Мемлекеттік қолдауда тағы қандай өзгеріс бар?

– Мамандандыру схемасына енгізілген өзгерістердің бірі – «50 аналық бастан бас­талатын тауарлық сүт фермасын құру және кеңейту жобасы бойынша» Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласы субсидия алады.

Жоғарыда атап өткенімдей, өңірлерді мамандандыру схемасына байланысты бұйрық­тың күшін жою туралы ұсыныс берілген, яғни бірде-бір ауданға шектеу қоймай, тиісті дақылдарды өсіріп, бап­­тап, жобалар бағдарлама тала­бына сәйкес ұсынылған жағ­дайда субсидиялауға жат­­қызылуы тиіс деп пайымдаймыз. Бұл ретте, біз бағ­дарлама әкімшісі – Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жолдаймыз.

Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шең­берінде қаржылық қолдау­дың өңірімізге тиімді бір сала­сындағы өзгерісті атап отырмыз. Жалпы атал­ған бағдарламада 39 жоба қамтылған. Оның ішін­де сұранысқа ие ауыл шаруа­шылығы техникаларын, ет бағытындағы мал өсіруге арналған техника мен жаб­дықтарды сатып алу, өңдеу салалары қамтылған.

Сайып келгенде, мем­лекеттік қолдау өндірісті да­мытуға, сол арқылы ха­лықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталады.

Осы ретте, агроөнер­кә­сіп­­тік кешен саласына қа­тыс­ты ауылшаруашылық құ­­­­ры­лымдары тарапынан жос­­­пар­ла­ған жобалары болса, тиіс­ті ақпарат пен кеңес алу үшін облыстық ауыл шаруа­шылығы басқар­масы­ның мамандарымен 8 (7242) 60-54-50) байланыс телефоны хабарласуға болады.

 Тұшымды ақпара­тыңыз үшін рахмет.

Әңгімелескен

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<