Тәртіп пен тазалықтың тіні бір

1961

0

Әр адамның ауа жұтқаны, су ішкені секілді, қалдық, қоқыс заттарын шығару мәселесі де – табиғи қажеттілік. Біз кейде мұны мүлде мәселе қатарына қоспай, лақтырып тастай салғанымыз секілді көзқарасқа тірейміз. Бұл өте өрескел қателігіміз. Тазалық – саулықтың та, мәдениеттің де бастауы.

Бәріміздің ортақ үйіміз Қызылорда – тазалық мәселесін басты міндет санаған қала. Алайда, бұл істің өзіндік түйткілдері де көп.

Осыған орай біз «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысының орынбасары Ғабит Оспановпен сұхбат құрған едік.

– Ғабит Манапұлы, соңғы уақытта «Қызылорда тазалығы мекемесі мен «Қызылорда су жүйесінің» бірігіп, бір мекеме болғаны туралы білдік. Мұның себебі не, тиімділігі қандай?

– Бұл сұрақтың жауабын мына нәрседен бастайын. Негізі қала тазалығымен айналысу мәселесі бәсекелестік қалыптастыратын ортаға жатады деген қағида бар. Біз кейбір аймақтарда іске асырылған осы қағиданың қата нәтижесін көрдік. Бұрын айнадай боп тұрған кейбір қалалар қоқыстан аттап жүретін жағдайға жетті.

Біздің аймақ басшылығы тазалық мекемесін жеке қолға бермеуге күш салды. Облыс әкімі Н.Нәлібаев бұл мәселеге әр кезде де қолдау білдіріп келеді. Өйткені, қаланы таза ұстау үшін көптеген техника қуаты қажет. Ал, жеке мекемелер ондай техникаларды сатып алып, тұрақты түрде жұмыс жүргізе ала ма?

Мекемелердің қосылуы жұмыс жүру үшін тиімді. Бұрын «Қызылорда тазалығы», «Тұрғын үй Қызылорда», «Тұңғыш Президент паркі» мекемелеріне қосылған еді. Енді тазалық мекемесі су жүйесіне бірікті. Мекемелер қосылғанмен олар өз міндетін атқара береді. Дегенмен, бұл алдымен техника паркін жаңалауға сеп болады. Сондай-ақ, біз суға тұтыну ақысын төлейтін абоненттерді пайдалана алатын болдық. Суға ақы төлеу кезінде олардың ойына қоқысқа да ақы төлеу керектігі түседі немесе әр үйге ақы төлеу керектігі жөнінде ескертпе барғанда олардың қоқыс шығару туралы да ескертпе қоса барады. Өйткені, көптеген тұрғындар суды пайдаланғаны сияқты қоқысымнан тазаруға да қызмет пайдаланып отырмын ғой деп ойламайды. Оны келісім-шартқа отыруға немқұрайды қарағанынан білуге болады.

Жеке тұлғалардың жария шарттың негізінде орталықтандырылған жүйені пайдалануға және жергілікті өкілді орган бекіткен тарифтерге сәйкес қалдықтарды тасымалдағаны үшін көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге міндетті екені ҚР Экологиялық кодексінде нақты көрсетілген.

Жасыратыны жоқ, осы кезде кей кісілер қоқыс шығару қызметіне де ақы төлеуім керек екен ғой дегенді түсінді. Міне, біздің мекеменің су жүйесіне қосылудағы тиімділігінің бірі – осы.

Жақында өткен облыстық мәслихат сессиясында тазалық мекемесіне алдағы уақытта 14 жаңа техника алу үшін қаражат қаралды. Бұл біздің жұмысымыздың жауапкершілігін де, тиімділігін де арттыра түседі.

– Ақы төлеу керек екені есіне түсті демекші, кейбір тұрғындардың тазалық мекемесі қоқыс қалдықтарын тасымалдағаны үшін бюджеттен ақша алады, оған біз неге ақы төлейміз дейтін сөзіне түсіндірме бере кетсеңіз…

– Дұрыс айтасыз, сондай пікір бар. Ол – түсінбеушіліктен туған пікір. Санитарлық тазалық деген бар, тұрмыс қалдықтарын жинау қызметі бар. Екеуімен де тазалық мекемесі, нақтырақ айтқанда қазіргі «Қызылорда су жүйесі» мекемесі айналысады. Санитарлық тазалық – көше бойын таза ұстау, талдарды ақтау, балақтау, жолға су себу, гүлзарларды күту, қыста қар күреу, кездейсоқ тасталған қоқысты тез жинап алу, т.б. ал, тұрмыс қалдығы әркімнің үйінен шығады. Мәселен, қонақ шақырды дейік, қанша қалдық шығарады. Енді осыны тегін жинап ал деуі заңды айтпағанда, адамдыққа да томпақ емес пе?

– Бұрын көшелерде қоқыс жәшіктері тұратын. Қазіргі келісім-шарт әр үй өз қоқысын белгілі бір күні ғана көше жиегіне қою керек деген талап қойыпты. Осы туралы ашып айтыңызшы…

– Мұндай тәжірибе Шымкент, Түркістанда бар. Әр тұрғын тазалық мекемесімен келісім-шартқа отырып, белгіленген күні тұрмыс қалдықтарын қапшыққа салып, көше жиегіне қояды да, сол мезетте арнайы техника оны жинап әкетеді. Егер тұрғындар белгіленген уақыттан басқа уақытта қалдық шығарса, оларға ескерту жасалып, сосын айыппұл салынады. Наурыз айнан бастап біз де осы тәсілге көштік. Бұл тәсіл өзіміздің «Ақсуат» ауылдық округінде, «Наурызда», Тасбөгетте жақсы нәтиже көрсетті. Тұрғындар дағдыланды. Ал, қала іші әзір бұған үйренбей отыр. Олар кез келген кезде қоқысты көше бойына қойып кете береді. Мұның негізгі себептерінің  бірі көп үйлер келісім-шартқа  отырмайды. Біз білмедік дейді. Осы мәселені теларнада да, әлеуметтік желіде де, баспасөзде де айтып келеміз. Кейбір жеке үйлер біздің басқа жеке тазалық мекемелерімен келісім-шартымыз бар дейді. Ондай мекемелердің бары рас. Олар тұрғындарға қоятын бағасы арзан. Көбіне мейрамхана, дәмхана секілді көпшілік орындарымен жұмыс жасайды. Жоғарыдағылардың тазалықты бәсекелестік ортаға жатқызып жүргені де сол. Бірақ, олар қоқысты арнайы полигонға апармай, қала сыртына, көзден тасалап төгіп кетеді. Бәрі болмаса да, кейбірі сөйтеді. Мәселен, өткен жылдары қала қоқысын тастайтын жаңа полигон ашылды. Олар қоқысты өлшеп қабылдайды, қоқыс қалдығын айырып, өңдеп отырады. 2020 жылы осы полигонға 65 мың тонна қоқыс төгілген, ал, өткен жылы бұл көрсеткіш 20 мың тоннаға азайған. Сонда қоқыс қайда кетіп жатыр?

Табиғи ресурстарды пайдалану басқармасы әуеден суретке түсіру арқылы Қызылорданың елу шақырымдық шеңберінде 88, қала ішінде 8 қоқыс төгілген заңсыз орын барын анықтаған.

Енді қоқыс жәшіктері керек пе дегенге келейін. Қала іші толық жабдықталған тұрғын үйлер аймағы және жеке сектор аймағы болып бөлінеді, яғни, көпқабатты үйлерде тұратындар бар, жер үйлерде тұратындар бар. Оларға қойылатын талаптар да бар. 2007 жылғы кодекс бойынша көпқабатты үй тұрғындары жыл бойы адам басына 1,3 куб, жеке сектордағылар 1,8 куб қоқыс шығарады деп есептелген. Қазір бұл шек өсті, демек, тазалық мәселесі де күшейді. Көпқабатты үй тұрғындары қоқыс жәшіктерін әлі де пайдалана береді. Бірақ, қоқысты сол жәшікке жан-жақтан көлікпен әкеліп тастап кететіндер де бар. Біз тұрғындарға қойылатын талаптарды, міндетті  түрде тазалықпен келісім-шартқа отыру керектігі туралы учаскелік полицияларға да беріп қойғанбыз. Бірақ, олар әлгіндей қоқыстарын үйінен шығарып көпқабатты үйлердің ауласындағы жәшікке тастап кететіндерге айыппұл салмай отыр. Себебін сұрасақ, далаға шашқан жоқ, жәшікке тастады ғой дейді. Қоқыс жәшіктеріндегі тұрмыс қалдығы кездейсоқ кісілердің кесірінен шектен тыс көбейіп кетіп, далаға шышылып жатқаны оларды ойланту керек. Ондай адамдардың көбінде тазалық мекемесімен келісім-шарты болмай шығады. Өздері біз машинамызбен полигонға апарып тастаймыз деп уәж айтады. Бірақ, полигонмен арадағы келісімі де жоқ. Демек, олар не көпқабатты үй аулаларына, не жоғырыда айтқан белгіленбеген полигондарға тастап жүр.

– Жеке сектордағы тұрғындар жәшік алып, аптасына бір, белгіленген күні емес, қоқысын жинап екі-үш аптада бір тастап тұрса болатын шығар?

– Болады. Бұл үшін олар қоқыс жәшігін, яғни, контейнер сатып алады. Оны өз үйінің ауласына қояды. Тазалық мекемесімен бөлек келісім-шартқа отырады. Соған сай қоқыс төлемін ай сайын емес, өзі шығарған кезде ғана белгіленген сомамен төлейді. Оның нақты бағасы 1609 теңге. Контейнері толған соң, тазалық мекемесіне телефон шалады, мекеме оларға арнайы контейнер тиейтін техника жібереді.

 – Әлгінде тәртіпке Тасбөгет пен «Наурыз» ауданы үйреніп қалды дедіңіз. Басқа жұртты қалай үйретуге болады?

– Негізі коммуналдық қызмет мекемелері зиянмен жұмыс істейді. «Тазалық» мекемесі де солай. Ол пайда тауып жатқан өндіріс емес. Сондықтан әркім оның қызметіне тиісті ақшасын төлеп отыруы тиіс. Бір мысал, осы кезде тұрғындар өзі пайдаланған суға 600 миллион теңге ақшасын төлемей отыр.

«Тазалық» мекемесі бір айда техникалардың жанар-жағармайы үшін 22 млн теңге шығындайды. Контейнер жүйесінен шығу осы шығынды азайтуға да септігін тигізеді. Егер шығынды азайту жолы болса, неге халық қаражатын қос уыстап жұмсауымыз керек?

Алдымен, сана тазаруы керек. Есігінің алды аяқ алып жүргісіз болып жатып, қала тазалығына сын айтатындар да көп. Бұл сөзге өкпелеудің, тазарудың орнына сазарудың қажеті жоқ. Алдымен, өз айналамызды таза ұстасақ, барлық жер таза болады. Бұл – аксиома. Ол үшін тәртіпке бағыну керек. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан атамыздың сөзін төсқалтамызға салып жүрсек, артық емес. Себебі, әрбірімізді алға сүйрейтін, жақсы, таза, тамаша өмірге алып баратын – тәртіп.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<