Тіршілік ағымы түпкі арнасына оралуы қажет

2365

0

Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың қызметке келгеніне үш айдан астам уақыт өтті, яғни, жүз күн болыпты. Бір қарағанда, аз ғана уақыт көрінуі мүмкін, әйтсе де алдына мақсат қойған адам әрбір сәттің бағасын біліп, уақыт талабына қарай қарекетін қамдайтыны анық. Өйткені елдік мүдде енжарлықты көтермейді. Сенім артылған екен, сол үдеден шыға білу  – парыз. Осы орайда аудан әкімімен әңгімелесіп, бүгінгі күннің басты сұранысы мен талабын арқау етіп, алдағы атқарылатын жұмыстарының жайын білген едік.

– Асқарбек Темірбекұлы, туған жерге қызмет етуге келдіңіз. Алда тұрған ауқымды міндет, зор жауапкершілік бар, алғашқы қадамды неден бастадыңыз?

– Мемлекеттік қызмет жолындағы адам кез келген жауапкершілікке дайын болуы керек. Сұраныс та, сын да болады. Дегенмен әрбір істің айғағы – нақты нәтиже. Халыққа үйіп-төгіп уәде беретін уақыт өткен, нақты қандай жұмысты атқара алатынымызды айқындап, соған қарай жоспар құруымыз қажет.

Әрине, ең басты мәселе – елдің бірлігі. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген халқымыз. Қандай басшы келсе де, алдымен елдің бірлігі мен тұрақтылығына мән берер еді деп ойлаймын. Ел ішінде бүкіл саналы ғұмырын туған жерді көркейтуге, түлетуге арнаған ардагерлер, ауыл-аймақтың ұйытқысы болып отырған сөзі сыйлы, салиқалы ақсақалдар бар. Бұл кісілердің өмірлік тәжірибесі бізге керек. Сондықтан олардың ой-пікірлерімен санасып, іс-тәжірибелерін үлгі тұтамыз.    

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, мамыр айында кент және ауылдық округтерде халықпен кездесулер өткізіп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстым. Осы бағытта тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелер бойынша жеке қабылдау жүргіздім. Сонда айтылған жайттарды сарапқа сала келіп, аудандағы өзекті мәселелерді басты назарға алдық. Әрине, ел болғасын ондай мәселелер болады. Көпшіліктің көкейінде жүрген, бірталай жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі темір жолдан өтетін жаяу жүргіншілер үшін аспалы көпір қажет екен. Қарап отырсақ, теміржолдың арғы бетіндегі Дәуімбай елді мекенінде 6 жарым мың тұрғын бар. Оның ішінде кент орталығындағы мектептерге қатынап оқитын және түрлі үйірмелерге қатысатын 400-ге жуық оқушы бар. Ойлап қарасаңыз, көптің көңілін алаңдатуы өте орынды. Содан көпірдің жоба-сметалық құжаттарын дайындап, облыс әкімін хабардар еттік. Қазір бұл жобамыз қолдау тауып, қаржыландыруға ұсынылды.

– Облыс әкімі өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында ауыл тұрғындарының бақша егіп, өз-өзін қажетті өніммен қамтамасыз етуіне тиісті қолдау көрсету жөнінде барлық аудан басшыларына тапсырма берді. Бұл жұмыстар қалай ұйымдастырылды? «Аққыр», «Жаңадария» сияқты шалғай елді мекендердің шаруасы қалай болып жатыр? Бұрындары «Аққырдың» картобы, «Жаңадарияның» қауын-қарбызы өңірде үлкен сұранысқа ие болатын…

– Иә, облыс әкімі азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесіне назар аударып, әр ауылдың мүмкіндігіне қарай көкөніс және бақша өнімдерін егу үшін бос жатқан жерлерді ынталы азаматтарға бөліп беру қажеттігін айтқан болатын. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде жоспардан бөлек 250 гектар жерге қосымша егін егілді. Атап айтқанда, 800-ден астам тұрғын 146 гектар картоп, 8 гектар көкөніс, 96 гектар бақша екті. Осының ішінде «Ақбостай» жер аумағынан арнайы дайындалған бақшалық жер 92 тұрғынға берілген болатын. Қазір 86 отбасы бақшасын егіп, күтімге алған. Жуырда барып көрдік, өнімнің шығымы жақсы. Сондықтан бұл жұмыстар міндетті түрде жалғасын табады. Қазірдің өзінде келер жылға дайындық жұмыстарын қолға алдық. Бұл бір жағынан тұрғындардың өзін-өзі еңбекпен қамтуына, балаларын шаруашылыққа баулуына, екінші жағынан ешкімге алақан жаймай, қажетті өнімін алуына үлкен мүмкіндік. Барлық ауыл әкімдеріне алдағы жылға бақша егетін жер көлемін белгілеп, қай ауылға қандай өнім орналастыратынын нақтылауға тапсырма берілді.

Айта кету керек, «Мақпалкөл» ауылдық округіндегі «Ер Әлі» шаруа қожалығы 31 гектардан астам жерге картоп, сәбіз, қызылша дақылдарын еккен. Шаруашылық басшысының айтуынша, негізінен, күрішке қарағанда көкөніс-бақша егу тиімдірек, яғни көп шығын кетпейді, өнімділігі де жоғары. Оның үстіне, тамшылатып суару әдісімен егетін болса, аяқсудың тапшылығы да аса қиындық тудырмайды. Сондықтан уақыт талабына сай жылдан-жылға бақшалық көлемін ұлғайтуға ден қоямыз. Ал, осы ауылдағы «Құрманбай ата» шаруа қожалығының алма бағында 5 түрлі алма сорты егілген, алынған өнім еліміздің бірнеше қалаларына сатылады. Сол сияқты, Мырзабай ахун ауылындағы «Егінші» шаруашылығы 8,5 гектар жер ашып, 85 отбасын 30 келіден тұқымдық картоппен қамтамасыз еткен. Бұл жұмыс та оң нәтижесін береді деп ойлаймын. Ал ауданнан шалғай орналасқан «Аққыр», «Жаңадария» ауылдарының тыныс-тіршілігі үнемі назарымызда. Кешегі кеңестік кезеңде қой шаруашылығы қарқынды дамыған елді мекендер ғой. Сондай-ақ, бұл ауылдардың жері құнарлы, көкөніс, бақша өнімдерін егуге де сұранып тұр. Алдағы жылы бұл жерлерге негізінен картоп, қызылша егуді ойластырып отырмыз.

Жалпы аудан бойынша биыл 35 486 гектар жерге егіс орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 18 501 гектарды құрайды. Тәжірибелік мақсатта алғаш рет 73 гектар қант құмайы, 39 гектар соя, 5 гектар сұлы, 2,5 гектар қант қызылшасы егілді. Ауданның негізгі тіршілік тамыры – ауыл шаруашылығы. Сондықтан бұл саланың дамуы біз үшін басты ұстаным болып қала береді.

– Бұрын, яғни біздің бала күнімізде ауылдық жерде азық-түлік тапшылығы деген ұғым жоқ еді. Әрбір үй өзіне қажет өнімді есік алдындағы алақандай жерге егіп, қысқы азығын қамдап алатын. Ал, қазір ауылдықтар да базар саудасына тәуелді… Қандай ой қосасыз?

– Бұл сұрақ бәрімізді ойландыруы тиіс. Неге? Себебі, қазір ауылға барсаңыз, тіршілік қалпы өзгерген. Ауыл мен қаланың айырмашылығы аса байқалмайды. Көше асфальт, электр жарығы, интернет бар, ауызсу үй ішіне дейін кіргізілген. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар толық қызмет көрсетіп тұр. Ал ауыл тұрғындары дүкеннің бөлке нанын, зауыттың сары майын, қораптағы сүтін тұтынады. Бақша өнімдерінің бәрін базардан сатып алады.  Ащы да болса ашығын айтайық, мұның бір түйіні жалқаулыққа келіп тіреледі. Қолда бар мүмкіндікті тиімді  іске асыра алмаудың салдары. Тіршілік түптің-түбінде қалыпты арнасына оралуы қажет қой деп ойлаймын.

Расында, бұрын ауыл адамдары көктем келісімен картоп, сәбіз, асқабақ сияқты көкөністерді ауласына егіп, күзде жинап, базға (погреб) салып сақтайтын. Қыстай сол өнімді тұтынатын. Ал, жаз мезгілінде қауын-қарбыз, қызанақ-қияр өнімдерін алыстан іздемей, ауласындағы бақшасынан үзіп алып жейтін. Ол кезде әрбір үйде бақша егілетін, сондықтан бұл өнімдер қазіргідей таңсық емес еді. Ауыл тұрғындары азын-аулақ болса да мал асырайтын, есесіне ет-сүт өнімдері де алаңдатпайтын. Ал дастарханынан ағарған өнімдері, құрт-ірімшігі мен сары майы үзілмейтін. Нанды да өздері жабатын. Нақтысын айтқанда, ауылдың өзіне тән тіршілік болмысы бар еді.

Қазір зерттеп қарасақ, ауданға азық-түліктің 80 проценті облыс орталығынан әкелінеді екен. Ал, облысқа өзге өңірлерден келетіні белгілі. Осының салдарынан бағаны тұрақтандыру тіпті мүмкін емес. Бір ғана жолы, жоғарыда айтып өткеніміздей, аудан бойынша тұрғындардың жер игеруіне қолайлы жағдай жасап, өз-өздерін қамтамасыз етуіне қолдау көрсету.

Айта кетейік, жыл басында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қоры арқылы әр ауданға 20 млн теңге қаражат берілген. Бұл уақытта ауданда әлеуметтік дүкен немесе арнайы бұрыштар болмағандықтан, аталған қаражат алынбаған. Осы орайда шұғыл жер телімдерін дайындап, аудан орталығынан екі жерден әлеуметтік дүкен ашуды белгіледік. Ал әзірге аудандағы ірі сауда дүкендерінен әлеуметтік бұрыш ашып, аталған 19 түрлі азық-түліктің бағасын бақылауда ұстап отырмыз.

– Басты мәселенің бірі – жұмыссыздық. Оны шешудің бір жолы – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Білуімізше, көптен бері іске қосылмай тұрған мия зауыты жұмысын бастаған секілді…

– 2022 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2571 бірлікті құрайды. Оның ішінде, 2379-ы немесе 92,5 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Жыл басынан бері 290 кәсіпкерлік субъектісі ашылған. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында және жеке қаражат есебінен 2 млрд 518 млн теңгеге 92 жоба іске асырылып, 168  жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта 1 млрд 79 млн теңгені құрайтын 51 жобаны қаржыландыру үшін микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің қарауына ұсынылды.

Бұдан бөлек, өзіңіз айтып отырғандай, 2018 жылдан бастап тоқтап тұрған мия тамырын өңдеу зауыты жұмысын бастады. Биылғы жылдың қыркүйек айында зауыт толық іске қосылып, 190 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, зауыт жұмысын бастау үшін 300 тонна мия тамырының қоры жасақталған. Өндірісте заманауи, толық автоматтандырылған технология пайдаланылады. Өндіретін өніміне келсек, косметика, табак өнімдеріне қажетті ұнтақ дайындалады. Жоба жетекшісінің айтуынша, бұл өнім бүгінгі нарықта үлкен сұранысқа ие. Бұдан бөлек, өндіріс орнының аясында жаңа жобаларды жүзеге асыруға байланысты жоспарларымыз да бар. Әрине, ол келешектің еншісінде. Сондықтан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік ықпалын тигізеді деген сенімдеміз.

– Айтпақшы, еліміздің әр өңірінде қызмет етіп жүрген ауданнан шыққан дәулетті, ықпалды азаматтарды әлеуметтік саланың әлеуетін көтеруге тартып, осы бағыттағы жұмысты тиімді ұйымдастырған ауылдарға аудан бюджетінен 20-30 млн теңге көлемінде (бонус) беріледі дедіңіз. Осыны тарата айтыңызшы…

– Иә, ауданнан шыққан мықты азаматтарымыз бар, олар еліміздің әр қиырында, қоғамның әр саласында еңбек етіп жатыр. Бұл азаматтар қайда жүрсе де туған жердің өсіп-өркендеуіне тілекші. Сол себепті елдегі игі істерге үн қосады деп ойлаймын. Осы жұмыстарды ұйымдастырып, олармен тұрақты байланыс орнату – ауыл әкімдерінің міндеті. Бұған байланысты біздің бірнеше жобаларымыз бар. Осы жұмысты өз деңгейінде үйлестірген ауылдық округтерге бонус белгілеп отырмыз. Айталық, аудан бюджетінен берілетін 20-30 миллион теңге көлеміндегі сыйақы ауыл тұрғындарының  ұсыныстарына  жұмсалатын болады.   

Дәлірек айтсақ, аудан тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелерді шешу мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған үшжылдық перспективалық іс-қимыл жоспары әзірленді. Жоспарға алдағы уақытта іске асырылатын 9 млрд 142 млн теңгені құрайтын 137 жоба енгізілді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің жанындағы Кеңес қарауына 61 жоба  ұсынылып, барлығы 53 жоба мақұлданды.

«Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы іске асыруға жалпы құны 6 млрд 492 млн теңгені құрайтын 25 жобамыз дайын, тиісті салалар бойынша бюджеттік өтінім берілген. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, газбен қамту, жол жөндеу және мәдениет, білім, спорт саласы бойынша 29 жобаның жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, демеушілер есебінен Жалағаш кентінде және «Аққұм», Есет батыр, Бұқарбай батыр, «Қаракеткен» ауылдарында 7 балалар ойын алаңы салынатын болады.

Айта кетейік, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылған ауқымды жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында өз нәтижесін беріп, сәйкесінше оң тенденциялар қалыптасқан.

– Әлеуметтік саланың жұмысы әрдайым басты назарда болуы тиіс. Себебі, халықтың хал-ахуалының көрсеткіші осы сала бойынша айқындалады. Ауданда қазіргі жағдай қай деңгейде?

– Аудан бойынша халық саны 35 374 адамды құрайды, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 14 947. Жалпы жұмыссыздық деңгей 5,1 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз болып отыр. Осы арада бірқатар цифрларды сөйлетейік. Биыл ауданда 2420 жаңа жұмыс (оның ішінде тұрақтысы 1342, уақытша 1078)  орнын ашу жоспарланған, алты айда 1383 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жыл басында аудан бойынша мемлекеттік атаулы көмекке 118 млн теңге қаржы қаралып, бірінші жартыжылдықта 291 отбасына төленді. Сонымен қатар, ауданда отбасының цифрлық картасына енген 857 отбасына толық зерттеу жүргізіліп, мемлекеттік атаулы көмек алушы отбасы саны 13-ке азайды.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту»  ұлттық жобасының орындалуына тоқталсам, 2022 жылдың 22 шілдесіне 1530 адам халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып, олардың қатарынан 1374 адам немесе 89,8 пайызы бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізілді. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант тағайындауға 283,2 млн теңге қаржы бөлінді. Жоспар – 300 адамға тағайындау.

Ауданда 61 білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Алдын ала мәлімет бойынша 2022-2023 оқу жылын 20 мектеп 7175 оқушымен (1-ші сынып – 690 оқушы) бастағалы отыр. Ал балалардың жазғы демалысы талапқа сай ұйымдастырылған. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 2245 бала тәрбиеленуде. Балабақшалардың 64,2%-ы жекеменшік секторда. Жалпы 1-2 жас аралығындағы балалардың қамтылуы 41,2 пайыз болса, 3-6 жасқа дейінгі  балалар толық қамтылған.

Биыл «Балалар жылы» аясында мемлекет қолдауымен Жалағаш кентінен құны 420 млн теңгені құрайтын 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 1-6 жас аралығындағы балаларды қамту бағытында үш жеке балабақша ашылмақ.

Мәдениет саласына келсек, М.Шәменов ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу заңдылығы бойынша жеңімпаз анықталды. Ал Бұқарбай батыр ауылдық мәдениет үйін, кенттегі орталық стадионды жөндеуден өткізу мәселесі күн тәртібінде тұр. Сол сияқты, «Аққыр», Мырзабай ахун ауылдарына 100 орындық клуб салуға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жіберілді.

Халық денсаулығын нығайту – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы. Сондықтан саланың материалдық-техникалық жағдайын көтеру мәселесі әрдайым басты назарда. Алда тұрған міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

– Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуде қандай қозғалыс бар?

– Аудан тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету – расында, күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 30 тұрғын үйді сатып алуға Ұлттық қордан бөлінген 277,2 млн теңгеге тұрғын үйлер сатып алынып, пайдалануға берілген болатын. Сонымен қатар, алдағы уақытта Дәуімбай учаскесіне бір пәтерлі 3 бөлмелі 20 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Жоба құны – 410 млн теңгені құрайды.

Жалағаш кентінің өсу динамикасына сәйкес «Ақтерек» тұрғын үй салу аумағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 64 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттар әзірленген. Биыл осы «Ақтерек» учаскесіне ауызсу жүйесі және электр желілерінің құрылысы жұмыстарына республикалық бюджеттен  577,8 млн теңге бөлінді.

Аудан орталығындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Ауданда 27 көппәтерлі тұрғын үйдің 19-ы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет ететін. 2014-2019 жылдар аралығында бюджеттен бөлінген 35,7 млн теңге қайтарымды қаржы есебінен 5 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жасалған. Сондай-ақ, республикалық бюджеттің ішкі заем есебінен 5 тұрғын үйді күрделі жөндеуге  36 млн теңге қаржы бөлініп, 2 тұрғын үй жөнделген. Қазір күрделі жөндеуді қажет ететін 14 тұрғын үй нақтыланып отыр.

«Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылға жалпы құны 1081 млн теңгені құрайтын 6 жобаға 713,1 млн теңге қаржы бөлінді.

– Елді мекендердегі электр желілерін ретке келтіру – тұрғындарды толғандырып отырған өзекті мәселенің бірі. Сонымен қатар, ауданда газдандыру жұмыстары басталды. Жалпы, Жалағашта инфрақұрылымды дамытудың нақты тетіктері қолға алынды ма?

– Дұрыс айтасыз. Бұл қай кезде де өте маңызды мәселе. Ауылдық елді мекендердің электр жүйелерін қайта жаңғырту үшін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның жарғылық қорын ұлғайтуға облыстық бюджеттен 2019-2021 жылдар аралығында 373 млн теңге бөлінген. Осыған сәйкес «Аққыр», «Жаңадария», «Мәдениет», «Аққұм», «Жаңаталап», Бұқарбай батыр елді мекендерінде электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 137,5 млн теңгеге Жалағаш кентіндегі 4 көше жарықтандырылған. Ал биыл Есет батыр, Т.Жүргенов, «Ақсу», «Қаракеткен», Мырзабай ахун елді мекендері бойынша электр желілері құрылысына жоба-сметалық құжаттар демеушілер есебінен әзірленуде.

Өткен жылы ауданда жүзеге асқан үлкен әлеуметтік жобалардың бірі Жалағаш кентінің газдандыру болды. Бұл – шын мәнінде, аудан тарихындағы елеулі жаңалық. Бүгінде 3164 тұрғын үйдің 58,9 пайызы және 10 әлеуметтік, 7 кәсіпкерлік нысан газ желісіне қосылды. Осы жылы 5 әлеуметтік нысанның жылу жүйесін газға ауыстыруға жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Ауылдық елді мекендерге газ желісін тартуға аудандық бюджеттен 16,8 млн теңге бөлініп, «Ақсу», М.Шәменов ауылдарына жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, ал 2023 жылы Бұқарбай батыр, «Аққұм», «Таң», «Жаңақоныс» елді мекендері бойынша ЖСҚ дайындау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады.

Бір сөзбен айтқанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілететін жаңа міндеттер, тың тапсырмалар алдымызда тұр. Бәрінің бастауында, әрине, ел бірлігі деген ұлы құндылық бар. Аудан халқы осы жолда жұмыла түседі деп сенемін. Осындай пікір алмасуға ықылас білдірген облыстың аға басылымы «Сыр бойы» газетінің ұжымына ризашылық білдіріп, оқырмандарының көңілінен шыға берсін дегім келеді.

– Рахмет. Жаңа кезеңдегі жаңа бастамаларыңызға тілектестік білдіреміз.

Сұхбаттасқан

Ғазиза ӘБІЛДА,

 «Сыр бойы».

Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<