«Виолончельді білетін аудитория аз»

2074

1

Концерттердің бірінде виолончельмен сахнаға шыққан өнерпазға таңыр­қай қарағандарды байқағанымыз бар. Олар бір-біріне «бұл неғылған аспап?» деген сұрақ қойып жатты. Шынында, бұрын-соңды виолончельді көзбен көріп, қолмен ұстамаған, әуенін тыңдап көрмеген жан түрлі ойда қалады. Бүгін біз Балқан түбегіндегі Босния, Герцеговина, Сербия, Венгрия мемлекеттерінде өнерін паш еткен талант, облыстық филармонияның камералық оркестр артисі Махаббат Нұрғалиевамен осы виолончель аспабының қыр-сыры мен классиканың қоғамға әсері жайында әңгіме өрбітіп, сан түрлі сауалға жауап алған едік.

– Махаббат, виолончель болмағанда таңдауыңыз бас­қа қай аспапқа түсер еді?

– Отбасым өнер саласына жақын. Менің де шығармашылықта шыңдалуым соның әсері. Виолончельді өз аспабым деп білемін. Бала кезден қызығушылығым осыған ауды. Классикалық музыкада есту қабілеті мен ырғаққа көп мән беріледі. Әсіресе, виолончельші мен скрипкашылардың есту қабілетіне мұқият назар аударылады. Өйткені бұл аспаптарда перне жоқ. Нотаны тек құлақпен тауып аламыз. Менде бұл қасиет болды, тез үйреніп алдым. Сондай-ақ, виолончель – музыканың кез келген саласына сіңісті  аспап. Онымен жеке солист болуға да, оркестр мен ансамбльде ойнауға да болады. Менің жаңа қырымды ашып, өнер әлемінде өзгеше өрнек салуыма мүмкіндік берген – виолончель. Таңдауым да тек осы аспап.

– Сізге шабыт сыйлайтын не нәрсе? Музыка әлемінде үлгі тұтар ұстаздарыңыз кімдер?

– Виолончель ішкі сезіміңізді сөзсіз жайып салады. Ақын Марина Цветаева «Виолончель –  жаныңның жарты бөлшегі, оның нәзік үні адамға күш береді» деп бекер айтпаған. Бірақ, қазір классикадан гөрі ырғақты әуендерді құп көретіндер көп. Мән-мағынасы жоқ, даңғырлаған музыкадан гөрі классикалық композициялар әлдеқайда артық. Классиканың құнын білетін және оны жоғары бағалайтын жандар шабытты еселей түседі. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде білім алған кезімде ұстаздарымыз да осылай дейтін. Оның мағынасын қазір терең түсініп жатырмыз. Есімін ел білетін, өмірін музыкамен сабақтастырған дара талант иесі Кеулімжай Ботабаев, Мәдениет саласының үздігі Гүлдәрі Ізбанова секілді ұстаздарымыздың мектебінен өттік. Шалқар шабыт иелерінің өнерсүйер қауымға, өнер әлеміне қадам басқан жастарға берері мол. Бізді алға жетелеген күш – музыка құдіреті және  ұстаздарымыздың қолдауы.

– Әдетте виолончельшілер өзіндік тарихы бар аспаптарда ойнайды. Бұдан бөлек, бұл аспаптың бағасы біз ойлағаннан да жоғары екен…

– Бүгінде әлем бойынша Антонио Страдивари жасаған виолончельдердің бағасы қымбат. 3 миллион долларға дейін бағаланғандары бар. Олардың тарихын жиі парақтап отырамын. Мәселен, ХVII ғасырда Страдиваридің сү­йікті шәкірті Карло Бергонци жасаған аспапты алайық. Революцияға дейін Григорий Пятигорский ойнаған, содан соң танымал кеңестік музыкант Станислав Кнушевицкий. Мұндай виолончельді сатып алу мүмкін емес, олар мемлекеттік коллекцияға жатады. Ал, бізде қазақтан шыққан вио­лончельші, Қазақстанның халық артисі Жамбыл Баспаевтың есімі өнерсүйер қауымға кеңінен танымал, ойнаған аспабы да көптің қызығушылығын тудырады. Жалпы, жақсысының бағасы соған сай және осындай тарихи аспапта ойнап көру әрбір шығармашыл жанға арман. Мен алғаш аспабымды Сыр өңіріндегі күйшілік мектептің қалыптасуына зор үлес қосқан Тасболат Ысқақовтан алдым. Қызы Құралай кезінде виолончельде ойнаған, алайда басқа саланы таңдауына байланысты маған берді. Қазір осы виолончельде өнер көрсетіп жүрмін, мен үшін ол кәсіби композитордың көзіндей.

 – Классиканы насихаттаудың жолы көп. Мәселен, үлкен қалалардың көшелерінде, орталық алаңдарында, тіпті халық серуендейтін жағалау­ларда музыканттар кештің көркін қыздырып жатады. Ал, біздің өңірде мұндай үрдіс жоқтың қасы. Себебі неде?

– Классикада шектеу жоқ. Оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға де­йін тыңдай береді. Бірақ, қазір сіз айтып отырған насихатты күшейту керек. Үлкен қалаларда сұраныс жоғары, сондықтан кешкілік көпшілік классикамен сусындап, жан рахатына бөленеді. Ал, бізде олай емес. Оны мойындауымыз керек. Біріншіден, сұранысты арттыру маңызды. Мен әдетте шәкірттерімнен «Қазір не тыңдап жүрсің?» деп сұраймын. Ол кино музыкасы болсын, джаз, рок болсын, оларға нотасын жазып беріп, соны үйретуге тырысамын. Жастар, мектеп оқушылары музыканы қиын сабақ ретінде емес, жан қалауы ретінде қабылдауы керек. Өйткені, олар – біздің болашақ тыңдармандарымыз. Біз музыканы үйрету арқылы оқушыларға сол әсем әлемге деген талғам қалыптастырамыз. Көп жағдайда классикалық музыканы ешкім түсінбейді, концерттерге ешкім бармайды деп жатады. Егер аудиторияны тәрбиелемесе, оған жоғарыда айтқан сұраныс болмайды. Өнер адамы ретінде әр орта мектепте жақсы музыка үйірмелерінің болғанын қалар едім. Себебі, оқушылар ертең музыкант болмаса да, оны түсінеді. Болашақта тыңдарман бола алады. Бұдан бөлек, виолончельді қабына салып, арқалап жүргенімізде «Домбыра ма, әлде гитара ма?» деп сұрайтындар бар. Бізге виоленчельді білетін, оның үнін сүйетін үлкен аудитория қалыптастыру үшін танымал поп-музыка, халық әндерін аспапқа салу да артық етпейді.

– Классикалық музыканы түсіну үшін қарапайым тыңдарманға неден бастау керек?

– Біздің концерттерге келетін тыңдарман көп. Жай ғана тамашаласақ болды деген ниеттегі адамдар аз. Ал, оның қатарын арттыру алдағы күннің еншісінде. Аудиторияның классикалық музыканы тыңдап үйренуі одан ләззат ала білуіне байланысты. Шығарманың тарихымен таныс болуы да қажет. Мысалы, Лондонда тек музыкаға емес, өзіңді презентациялауға күш салынады. Сахнада көрерменмен байланыс жасау, қалай жүріп-тұру бәрі маңызды.

– Шетелде қазақ музыкасын орындадыңыздар, ол жақтағы аудиторияның әсері қандай болды?

– Осыдан бірер жыл бұрын ұжыммен Балқан түбегіндегі Босния, Герцеговина, Сербия, Венгрия мемлекеттерінде түркітілдес елдердің қатысуымен өткен камералық оркестрлер фестивалінде өнер көрсеттік. Әлемге әйгілі шығармалармен бірге Құрманғазы, Дәулеткерейдің күйлерін орындадық. Жиылған жұртшылық концертте бір сәт оркестрдің мың құбылған иірімді, қарқынға толы әуенінен шабыт алды, нәзік те мөлдір лирикаға елти кетті. Ауқымы кең фестивальдан мол тәжірибемен оралғанымыз рас. Ең бастысы, шетелде классиканың, қазақ музыкасының жоғары бағаланатынын біліп, марқайып қалдық.

– Музыка әлемінде қол жеткізсем деген қандай арман-мақсатыңыз бар?

– Хамза Әділ, Жасұлан Сағындық секілді болашағынан көп үміт күттіретін, өнерде шыңдалып жүрген шәкірттерім бар. Алдағы уақытта солар биіктен көрініп, қазақтың атын шығарса, қазақ музыкасын әлемге танытса деймін. Талғамы биік тыңдаушылардың қатарын арттыруға күш салу да жоспарымда.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<