Уақ малдың уақыты өткені ме?

2467

0

Бүгінгі әңгіме өзегі ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығының  жай-күйі туралы болмақ. «Сыр-сұхбат» қонағы Нұрлыбек Жолдасбаев.

Тілші: – Нұрлыбек Қалжатайұлы, әңгіме-сұхбатты мына сауалдан бастағым келеді. Сарапшылардың ­дерегі бо­йынша Қазақстанның мал өнімдерін өндіру әлеуеті жет­кіліксіз дамуда. Қазір Қазақстанда өндірілген ет сұраныстың 80 процентін ғана қамтамасыз етеді екен. Қалған өнім шет елден тасымалданады. Керісінше, экспорт әлеуеті мүлдем жоқтың қасы. Бұл орайда Қызылорда облысының жағдайы оншалықты мәз емес екенін білеміз. Әрине, мал басы өсуде, бірақ ол күткендегідей деңгейде болмай отырғанын жасыра алмаймыз. Тақырыпты талдау үшін біз облыстық статистика департаментіне арнайы қатынас жолдадық. Қатынаста 1991 және 2020 жыл аралығында негізгі мал санын білу, оның қаншалықты деңгейде өскенін сараптау мақсаты көзделген еді.

1991 жылы Қызылорда облысында 221 мың ірі қара, 1,6 млн қой мен ешкі, 71 мың жылқы, 26 мың түйе болыпты. Бұл жоспарлы экономиканың өмір сүрген соңғы жылы болып саналады. Әрине, жоспарлы жүйе мен нарықты салыстыруға болмайды. Қа­зір еңбекті ынталандыруға көп көңіл бөлінеді. Мемлекет тарапынан миллиард­таған теңге субсидияның бөлінуі – осының айғағы.

Бүгінгі уақытқа келейік. Ірі қара саны 2020 жылы 342 мың басқа жетіпті. Керісінше, қой мен ешкі саны екі есе азайған. Демек, біз соңғы отыз жыл көлемінде түліктің бұл түріне оншалықты мән бермегеніміз айқындалады. Керісінше, отыз жыл ішінде жылқы саны екі еседен астам өсіп, 165 мың басқа жеткен. Сол сияқты түйе саны 20 еседей өсіп, 515 мың басты құраған. Цифрлардың өзі көп нәрседен хабар береді. Біздің мал шаруашылығындағы бүгінгі жағдайымыз осындай.

Н.Ж: – Сөзіңіздің астарын жақсы түсініп отырмын. Қазір фермерлер, әсіресе, ірі қара мен жылқы және түйе өсіруге айрықша мән беруде. Оның себебі түсінікті. Қымыз бен шұбат, одан қалды, аталған түліктің еті халық арасында, тіпті кейбір жақын, алыс шет елдерде үлкен сұранысқа ие болып, фермерлерді табыс табуға ынталандырып отырғанын байқаймыз. Алайда, бұл – мәселенің күнгейі. Оның көлеңкелі жақтарын айналып өтуге болмайды. Мал өнімдері дегенде, әсіресе, Қазақстанның шет елден сүт және оның өнімдерін тасымалдауы жақсылықтың нышаны дей алмаймыз. Төрт түлікті баптап өсірген қазақ үшін қазір бірқатар өнімдерді импорттауға тура келгеніміз өмірдің шындығына айналды.

Сарапшылардың айтуынша, Еуропада сүтті қабылдаушы мен оны өткізушінің арасы 50 шақырым қашықтықты құрайды. Ал біздегі ара қашықтық одан он есе жоғары, яғни тасымал шығыны көп. Көп жағдайда ол рентабельді емес. Бұған қосымша айтарымыз, Сыр өңірінің табиғи жағдайы қолайсыз. Ол әдетте мал азығындық дақылдардың өзіндік құнының шарықтап кетуіне әкеп соғады. Біз бұл орайда мемлекеттік субсидияның берілгенін қолайлы көреміз. Алайда, мемлекеттің қаржысы барлық салаға жете бермейді. Мәселенің бар түйткілі осында.

Иә, мәселе күрделі. Сонымен бірге оны шешу жолдары да біршама түйткілдерді алға тартады. Біздіңше, бұл орайда бірыңғай  мемлекеттік қолдауға сүйенбей, өзіміздің де мәселеге деген оңтайлы көзқарасымыздың қалыптасқаны дұрыс деп ойлаймыз. Қалай болғанда нарықтың аты нарық. Ол әрдайым мемлекеттің қолдауына сүйене білуді қалай бермейді.  

Жылқы, түйе саны тәуел­сіздік жылдарында еселеп өскенде қой мен ешкінің төмендеуі қалай? Меніңше, көп жағдайды қой түлігінің қазіргі таңда табыс көзіне айналмай отырғандығымен түсіндірген болар едім. Кезінде Сыр өңірінде қой түлігі қыр­уар пайда әкелді. Бірқатар шаруашылық басшылары мыңдаған қой өрбітіп, Социалистік Еңбек Ері атанды. Бір ғана Сырдария ауданындағы «1 Май» кеңшарында 80 мың бас қой өсірілді. Асыл түлікке айрықша мән берілді. Сарысудың өңірі мыңғырған малға толды. Оның бер жағында қаракөл елтірісін өндіру жолға қойылып, мемлекеттің оған айрықша мән бергенін атап өтуіміз керек. Жылдар өтті. Тоқсаныншы жылдардың дүрбелеңі кезінде қой түлігі талан-таражға салынды, тиын-тебенге сатылды. Міне, біздің басты олқылығымыз осында жатыр. Шындығында қазір қой түлігі табыссыз салаға айналды. Оны өсіру үшін көп жағдай керек. Тіпті малдың терісі өтпейтін керексіз дүние болып қалды. Оның үстіне қазір жа­йылымдық барынша тарылды.

Малды табыс көзіне айналдырып жүрген кәсіпкерлермен сөйлестім. Олар негізінен қой түлігін Қазақстанның оңтүстік облыстарынан сатып алып жатқанын айтты. Арасында Қарағанды облысынан әкелінген мал сатылады. Мал сату үлесінде Қызылорда облысының үлесі мардымсыз көрінеді. Осының өзі біраз ойларға жетелейтін сыңайлы.

Кәсіпкерлер қой түлігіне оншалықты мән бермейді. Өнімдері өтімсіз, пайда әкелмейді. Егер бұрын мал терісін өткізу осы түліктің біршама шығындарын өтеп келсе, қазір теріні ешкім алмайды, фермерлер шикізатты амалсыздан далаға тастап жатыр. Бұл бір ғана Қызылорда өңіріндегі жағдай емес, бүкіл Қазақстандағы ахуал осындай. Сарапшылар өткен жылы Қазақстанда тірі малды экспорттауға тыйым салынған соң проблеманың біршама ушығып кеткенін айтады. Мысалы, еліміздің өзінде жыл са­йын 2 млн-нан астам ірі қара сойылады. Сойылған қойдың санында есеп жоқ. Алайда олардың терісінің бар болғаны, жұмсартып айтқанда, 30 проценті ғана өңделеді.

Енді мәселенің ең түйінді жағына келейік. Қазақстандықтардың мал қорасында тері тулақ болып жатса, Түркияда бір күнде 3 мыңға жуық тері өңделеді екен, Қырғыз­стандағы, Қытайдағы жағдай да жаман емес.

Бізге бұл саланы дамыту үшін мемлекеттің үлкен қамқорлығы қажет. Кешегі жоспарлы экономика, дәлірек айтқанда, XX ғасырдың 70-80 жылдары Қазақстанда қой басын 50 млн-ға жеткізу туралы бастама көтерілді. Әрине, оның идеологиялық басымдығы бол­ғанын жоққа шығаруға болмайды. Жастар жаппай мал шаруашылығына бет бұрды. Комсомол-жастар бригадалары құрылды. Осында бір-екі жыл тәжірибеден өткен жастар жоғары оқу орындарына түсуге жолдама алатын. Бұл шын мәнінде мемлекеттің басты ынталандыру шарасы еді.

Тілші: – Мемлекет қамқорлығы дегеннен шығады, Қазақстанда 70-жылдары қой санын 50 млн-ға жеткізу туралы әңгіме болғанын есіңізге сала кеткім келді…

Н.Ж: – 50 млн қой басы өз межесіне жетпегенімен, Қазақстанда 1990 жылы оның саны 36 млн басқа жетті. Қаншама идеология­лық басымдығы бол­ғанымен, мемлекет негізінен өзінің алдына қойған мақсатына жетті.

Тарихқа жүгінсек, орыс экспедиция­сының зерттеуі бойынша Орталық Қазақстанда XIX ғасырдың басында төрт түлік санының қатарында қойдың үлесі өте басым болыпты. Ірі қара мен жылқы саны XX ғасырдың басында өсе бастаған. Тарихшылардың есебінше, Қазақстанда 1916 жылы 18,5 млн қой мен ешкі болса, кейінгі зұлматқа байланысты оның саны 3 еседен астам төмендеген. Ал күштеп ұжымдастыру кезінде олардың саны 10 еседен астам төмендеген. Кейінгі жылдары мал басы біршама тұрақтанып, 1990 жылы оның саны тағы да едәуір төмендеген. Егер 1990 жылы Қазақстандағы қой мен ешкі саны 36 млн болса 2000 жылы 10 млн басқа дейін төмендеген. Жағдайдың қаншалықты күрделі сипат алғанын осы деректер айқындап отыр.

Ашығын айтқанда, біз әлі де болса  жіберген кемшіліктеріміздің орнын толтыра алмай жатқан жағдайымыз бар. Экономикада, әсіресе ауыл шаруашылығында көп нәрсе бір-бірімен тығыз байланысты. Ол негізінен жер реформасын тиімді жүргізуге байланысты. Жеке меншікке пайдалануға берілген жерлерді оның қожа­йындарының қоршап алуы, жа­йылымдықтың тарылуы, жем-шөп базасының нашарлауы, су тапшылығы – саланың дамуына кері ықпал ететін түйткілдер.

Қазақстан билігі қазір еліміздің агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын жасады. Ауылдық жерлерде инфрақұрылымды өріс­тетуге барынша мән бері­летін болады. Біздіңше бұл саланы дамытуға жаңа көзқарастың қалыптасқанын аңғартады. Ал, мал шарушылығына қатыс­ты түйіндер бірден шешілмейді. Оларды жылдар бойы күтуге тура келеді.

 Салада басшылық қызметте ұзақ жыл істегендіктен талдауға құрылған материалдарға үлкен мән беремін. 1990-2000 жылдары қазақтың мал басы өте қатты кеміді. Бұл жылдар қазақ мал шаруашылығының тоқырау кезеңі болды. Осы кезеңде елдегі қой басы төрт есеге кемісе, жылқы 1 млн 200 мыңнан 600 мыңға дейін азайды. Осы тұстары, ең алдымен, елдегі тұқымдық малдың зауыттары құрдымға кетті. Сол  зауыттардың аясында жасалған қазақ малының гендік қоры да жойылып кете барды.

Енді әлгі айтқан мал өнімдерінің бағасы туралы айтайын. Айталық,  биязы жүнді қойды өсірдік делік, сол биязы жүнді қойдан төрт келі жүн қырқылады деп есептесек, жүннің бір келісі бүгінде 100-ақ теңге емес пе? Сонда төрт келі жүніңіз 400 теңгеге ғана саудаланып тұр. Ендеше, бір биязы жүнді қойды бір жыл бойы өсіріп, ол аса етті мал емес болғандықтан одан төрт келі жүнін ғана алып, 400 теңгеге сатқан тиімді ме әлде басқа тіршілікпен айналысқан дұрыс па?

Мен Сізге бұл орайда академик Мәкен Тойшыбековтің пікірін келтірейін. Ол былай дейді. Қазір біздің мемлекетіміз атом энергиясын дамытуға, мұнай-газ саласын өркендетуге, алтын-күмісті өндіруге айрықша мән беріп отыр. Бірақ «қаны қымыздан, жаны еттен» жаратылған жұрттың мал шаруа­шылығын өркендетпеуі, осы салаға мән бермеуі дұрыс емес. Елдегі мал басының санына қатысты  мен мынадай бір деректер келтіре кетейін. Мысалы, бізде 1993 жылдары 36 миллион қой бар еді. 2007 жылы  бұл көрсеткіш 13 миллион­ға түсіп қалды. Көрдіңіз бе, айналасы он шақты жылда 36 миллион қойдың санын біз 13 миллионға дейін кемітіп жібердік. Осы аралықтарда 61,5 процент мал басын жоғалттық. Нақ осы кездері білесіз, біз жекешелендіру саясатын ұстандық. Елдегі мал басының барлығы жекенің қолына өтті. Бүкіл асыл түлікті мал өндірумен айналысатын ірілі-ұсақты орталықтар, зауыттар жабылды. Осыдан барып қазақ малының саны кеміді. Ол кезде бұған қайғырған бір пенде болмады. Керісінше «біз енді Австра­лиядан асылтұқымды мал әкелеміз, ағылшындардың текті малын өсіретін боламыз» деп кеуде кергендерді де көрдік. Бір сөзбен айтқанда, бізде нақ сол коллективтендіру тұсында әсіре науқаншылдық басым болып кетті. Қазірдің өзінде біздің қанымызда нау­қаншылдық бар. Бір істі бастарда нау­қандатып, алаулатып-жалаулатып кетеміз.

Тілші: – Есіңізде болса, Қазақстан Президенті Жолдауында әсіресе ауылшаруа­шылығында еңбек өнім­ді­­лігінің өте төмен екендігін айтып жүр. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

Н.Ж: – Жылдар өтті. Жоспарлы жүйеден нарық экономикасына өтер кезде санадағы психологияны өзгерту өте қиынға соққанын білемін. Уақыт өткізіп алдық. Қазір салаға жаңа технологиялар және өнімділігі өте жоғары әрі тиімді техникалар керек. Бүгінде күріш тұқымын қырманда тазалап, қалдықты малға жем ретінде да­йындайтын озық техникалар пайда болды. Ал мал жемінің бағасы нарықта қымбат. Әлгі айтқан техника бүкіл күрішті тауарлы және тұқымдық сорт­қа жеткізіп, қалдығын бөліп береді. Ол Чехиядан шығады. Егер біз еңбек өнімділігін арттыруды межелесек жетістікке жетуге кедергі келтіретін жайттарды еңсереміз. Осының барлығы агрокешенге деген байыпты көзқарасты талап етеді.

Әңгімелескен

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<