Уақытпен үндестік – ілгерілеу кепілі

2212

0

Жомарт Елеуұлы Көшербаев

 РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының Іскерлік әкімшілік басқару докторы.

Оксфорд Академиясы кеңесінің құрметті профессоры.

Еуропа бизнес ассамблеясының Экономика мен бизнес саласына қосқан жеке үлесі үшін номинациясы бойынша Сократ атындағы халықаралық марапат лауреаты.

Еуропа бизнес ассамблеясының «Ғылымдағы есім» номинациясы бойынша марапат иесі.

Үш ғылыми монографияның және 30 ғылыми мақала авторы.

Қазақстанның және ТМД-ның еңбегі сіңген энергетигі.

«Құрмет» және «Циолковский» атындагы ордендер иегері.

Қызылорда қаласының құрметті азаматы.

Елімізде экономиканың түрлі салаларында ұзақ жылдар еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жеткен тұлғалар аз емес. Бүгінгі сұхбат иесін де солардың қатарына қоса аламыз. Ол өзі таңдаған мамандығы бойынша еңбек жолын осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын электромонтер болып бастап, «Қызылорда РЭК» АҚ президенті лауазымына дейін көтерілді. Бүгінде «Қызылорда жарығы» холдингінің кеңес төрағасы және Қазақстан электроэнергетикасы ассоциациясы директорлар кеңесінің төрағасы, «Атамекен» ҰКП энергетика комитетінің мүшесі.

Осындай еңбек жолынан өткен Жомарт Көшербаевпен әңгіме өзегі ғылым мен осы саладағы соны өзгерістер барысында өрбіген еді.

– Жомарт Елеуұлы, сіз кезінде «ҚЭТТК» АҚ басшысы болып тұрған кезіңізде БАҚ-пен тығыз байланыста болдыңыз. Одан кейін журналистер өзіңізді жоғалтып алды. Сол аралыққа қысқаша шолу жасап кетсеңіз…

– Осыдан он бес жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2006 жылы мен Плеханов атындағы Халық шаруашылығы академиясының аспирантурасына экономика ғылымдарының кандидаттығын қорғау мақсатында оқуға түстім. Осылайша өмірімнің жаңа кезеңі басталды, көптен келе жатқан арманымды жүзеге асыруды көздедім. Ғылыми диссертациялық жұмысымды тәжірибеммен ұштастыра отырып, Қазақстан электрэнергиясы нарығын дамытудың жаңа бағыттарына арнағанды жөн көрдім.

Соған орай 2008 жылы «ҚЭТТК» АҚ төрағасы ретіндегі қызметімді тоқтату жөнінде шешімге келдім. Алайда, өмірде бәрі ретімен сәтті жүзеге аса бермейтін кезеңдер де болады. Сол 2008 жылдың соңына қарай, Плеханов атындағы академиядағы мен таңдаған мамандық бойынша Ғылыми кеңес өз жұмысын тоқтатқаны белгілі болды. Бұл сол кезеңдердегі білім беру саласындағы реформаларға байланысты орын алған еді. Диссертациялық жұмысым 70%-тей көлемде орындалып қалған кезі, «енді не істеу керек?» деген сауал өзінен-өзі туындайтыны белгілі. Егер мұндай жағдайда адам ұнжырғасы түсіп кетсе, көздеген мақсатына жете алмайтыны белгілі.

2009 жылы «Қазақстан Энергетиктер Ассоциациясы» директорлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүріп ғылыми жұмыстарымды жалғастыру мақсатында Ресей Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының (РАНХиС) «Іскерлік әкімшілік докторы» бағдарламасы бойынша оқуға түстім. Мұнда осы академияның корпоративті басқарудың жоғары мектеп директоры, экономика ғылымдарының докторы С.Календжянмен және Ресейдің әлемдік деңгейдегі экономисі, РАНХиС-тің «Іскерлік әкімшілік докторы» бағдарламасының ғылыми жетекшісі, академик А.Аганбегянмен таныстым.

Олар бұрынғы диссертациялық жұмысыммен тыңғылықты танысып, келесі ұсынысын жеткізді. Диссертацияны аяқтау және заманауи нарықтық қатынастардың жетістіктері туралы білімімді жүйелі түрде жетілдіру мақсатында Іскерлік әкімшілік докторларын дайындайтын үш жылдық DBA (Doktor of Business Administratiion) бағдарламаcына қатысуымды және экономика ғылымдарының кандидаты атағын қорғау үшін осы жоғары оқу орнының аспирантурасына оқуға түсуім керек болды. Осылайша Плеханов атындағы академиядағы еңбегім еш кеткен жоқ, өзінің қисынды жалғасын тапты.

Академик Аганбегян диссертациялық жұмысымның тақырыбы электроэнергияға қатысты екенін ескеріп, РФ-ның бұрынғы экономика министрі, Ресей энергетикасы реформасы авторларының бірі, сол кездегі «Роснано» компаниясы бас директорының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы, профессор Я.Уринсонмен кездестірді. Ол менің жұмысыма – Қазақстан Республикасының электрэнергетикасын қайта құру тәжірибелеріне аса қызығушылық танытып, диссертациямның ресми жетекшісі болуға келісімін берді.

Осылайша білімімді жетілдірудің жаңа белсенді кезеңінде DBA бағдарламасы бойынша оқып, ғылыми жұмысымды аяқтаумен айналыстым. 2011 жылы Мәскеуде «Қазақстан Республикасында электр энергиясының бөлшек сауда нарығының дамуы» («Развитие розничного рынка электроэнергий Республики Казахстан») деп аталатын монографиям жарық көрді. Сол жылы желтоқсанда РАНХиГС-те диссертациямды қорғап экономика ғылымдарының кандидаты атағына қол жеткіздім. Осы кезеңде Қазақстан Энергетиктері Ассоциациясы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайландым. 2012 жылы «Іскерлік әкімшілік докторы» бағдарламасы бойынша үш жылдық оқуымды аяқтап, дипломымды сәтті қорғадым. Ал Қазақстан Республикасы электроэнергетика нарығының инновациялық дамуы (Инновационное развитие электроэнергетического рынка Республики Казахстан)  деп аталатын екінші кітабым 2018 жылы Мәскеуде басылып шықты. 2020 жылы оқырман қолына тиген «Жарқын болашақ» (Светлое будущее) деп аталатын үшінші кітабым да Мәскеуде басылды.

Осындай оқу орындарында алған білім мен тәжірибелерімнің негізінде және ұжыммен бірлескен жұмыс нәтижесінде «Қызылорда жарығы» холдингін құру жобасы жүзеге асырылып, бүгінде оның директорлар кеңесі төрағасы қызметін атқарудамын.

Кітаптарыма байланысты айта кетерлік жайт, оларды ешқашан сатуға шығарған емеспін, бірақ Қазақстанның Ұлттық кітапханасынан бастап барлық облыстың кітапханаларына тараттым. Сонымен бірге өзіміздегі жоғары және орта оқу орындарына бердім. Елімізде энергетика саласына қатысты жазылған кітаптар бар. Бірақ Қазақстандағы энергетиканың бөлшек саудасына қатысты жазылғандар жоқ есебі. Осы тақырып менің еңбектерімде барынша қамтылған.

– Өзіңіз төрағалық етіп отырған құрылымдар жайлы айтып өтсеңіз…

– Елімізде 1999 жылы Қазақстан Электрэнергетика Ассоциациясы құрылды. 2004 жылы ондағы директорлар кеңесі төраға орынбасары, 2011 жылы төрағасы болып сайландым. Ассоциация алғашқы құрылған кезеңде оның құрамына оншақты ғана компания кірсе, қазір олардың саны жүзден асып кетті. Бас кеңсеміз Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан, атқарушы органымыз бар. Ассоциация Экономика және Энергетика министрліктері мен «Атамекен» ҰКП-да аккредациядан өткен.

Ассоциация базасында Нарықтық кеңес жұмыс істейді. Ол Қазақстан электрэнергетика нарығын жетілдіру бойынша нормативтік база дайындау мен заң жобалары ұсыныстарын беру, ҚР Энергетика министрлігінің энергетика саласы үшін инвесторларға қосымша ынталандыру жасау өкілеттілігіне ие. Ассоциация ТМД мемлекеттеріндегі әріптес ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. Энергетиктердің республикалық, халықаралық кәсіптік жарыстарын өткізіп тұрамыз.

Ал «Қызылорда жарығы» холдингі өңіріміздегі энергия нарығындағы құрылымдарды топтастырып отыр. Атап айтқанда, холдингте құрылған «UNION ENERGY» концорциуымына Байқоңыр ғарыш айлағын электр энергиясымен қамтамасыз ететін ресейлік және қазақстандық компаниялар және облыстағы «Қызылордаэнерго» ЕЖШС, «Дәулетэнерго» ЖШС, «Шиелі жарығы» ЖШС, «Энергосервис» ЖШС, «Өндіріс» ЕЖШС, «Энергосервис» ЕЖШС, «Энергоинвестгрупп» ЕЖШС секілді компаниялар кіреді.

Компанияның негізгі айналысатын жұмыстарына электр энергиясын сату, электр желілері объектілерін салу және құрастыру, электр желілері нысандарын жобалау, есептегіштер мен өлшем приборларын жөндеу, тексеру, құрастыру, нысандардың энергоэкспертизасын өткізу, электр материалдары мен құрылғыларын сату кіреді. Әрине, сонымен қатар, қызмет көрсету нарығын кеңейту бағытында жұмыс жүргізіп, қызмет көрсету сапасын арттыру және оны ұдайы жетілдіріп отыру – басты ұстанымдардың бірі.

– Қызмет көрсету сапасын жақсарту дедіңіз. Электр энергиясы үшін жиналатын төлемдерді басқа коммуналдық қызмет түрлері төлемдерімен топтастыру да жетістік деп атауға болар?

– Қазақстанда бірнеше жылдан бері цифрландыру бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Осы бағдарлама аясында бірыңғай төлем құжатын енгізуді қолға алдық. Алғашқыда тек электр энергиясы ғана болса, одан кейін жылу үшін төлем жасау енгізілді. Келесі кезекте «Су жүйесі» және «Қызылорда тазалығы» төлемдері орын алды. Қазіргі күні тұтынушылар бірыңғай төлем құжаты арқылы 7-8 қызмет үшін ақы төлеп отыр. Бұл оңай процесс емес. Бұл мекемелердің ақпараттары бар бағдарламалары бізге келіп түсуі тиіс, оны жинақтап бір құжатқа енгіземіз.

Жалпы электроэнергиясын таратуда қандай қиындық бар дегенде ол электр қуаты ұрлығы дер едім. Оны тұтынушылар ғана емес, мекеменің қызметкерлері ұрлауға қатысып тұрды. Олар компьютер базасына кіріп, көрсеткіштерді өзгертіп, қарыздарды жойып отырған. Ал енді қазір олай жасай алмайды. Биллингке кіріп, өзгеріс енгізу үшін, оған рұқсат алуы керек. Қазір кімнің биллингке кіріп, қандай жұмыстар жасағаны көрініп тұрады. Біз әуелі осы проблеманы шешіп, содан кейін бірыңғай төлем құжатын жолға қойдық. Ал «ҚЭТТК» АҚ-да осымен қатар есептегіш көрсеткішін фотофиксация жасап, бірден бағдарламаға жіберетін биллинг жүйесін жасады. Осылайша біз контролер мен тұтынушы арасындағы байланысты үзе алдық. Айта кетейік, 2013 жылдары Қызылордада электр энергиясы үшін жасалатын төлем көлемі 75%-тен артық жиналмайтын. Соған байланысты 2-3 жылда компаниялар банкротқа түсіп жататын. Бес жылда осындай күй кешкен үш компания жабылып қалды. 2013 жылдан бері жеті жыл уақыт өтті. Қазір біз төлемнің 97-98%-ін жинап жүрміз. Тұрғындар кейінгі уақыттары Kaspi.kz қосымшасы мен басқа да терминалдарды тиімді пайдалануда. Қазір осындай төлем жасау барлық төлемнің 70%-тен асты. Мүмкін жақын болашақта кассирлер отыратын төлем кассаларының қажеті болмай қалып, жауып тастайтын да шығармыз.

– Аймақтағы сала мамандарының біліктілігін арттыруда жақсы бастамалар қолға алынғанынан хабардармыз. Жүзеге асырылуы қалай?

– Бүгінде әлем қарыштай дамып, қай салада болсын ұдайы өзгерістер жүріп жатыр. Демек, әр адам үздіксіз оқып, білім алуға, өзінің кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылуы керек. Яғни, білім арқылы адамның әлеуеті көтеріліп, экономикалық өркендеуге және әл-ауқатын арттыруға жол ашылмақ. Былайша айтқанда, осы заманғы адам өмір бойы оқуға тиіс, білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отырмаса көштен қалады. «Қызылорда жарығы» холдингі РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясымен 2009 жылдан бері тығыз байланыс орнатқан. Осы академияның корпоративтік басқару жоғары мектебінің Іскерлік әкімшілік басқару шебері (МВА) бағдарламасы бойынша көптеген мамандарымыз білімін жетілдірді. Аталған жоғары мектептің 9 адамнан тұратын қамқоршылық кеңесі жұмыс істейді. Оның жетеуі ресейлік мамандар, екеуі шетелдік. Оның біріншісі – германиялық профессор Борш, екіншісі мен. Ол да қоғамдық жұмыс іспеттес. Өзім сонда оқып, диссертация қорғағаннан кейін соған жұмыс істеп жатырмыз.

Жалпы корпоративтік басқарудың жоғары мектебі бизнес құрылымдары мен ұлттық компаниялардың басқару командасы мүшелері мен орта буын мамандарын қазіргі заманда табысты бизнес жүргізу әдістерін үйрететін, осы бағытта білім беретін оқу орны саналады. Ал MBA – бизнесте, мемлекеттік қызметте және муниципалдық басқаруда тиімді жұмыс жүргізуге машықтандыратын бірден-бір бағдарлама. Әзірге бизнестану саласында одан артық бағдарлама ойлап тапқан жоқ. Сондықтан да оған сұраныс жоғары.

Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласында жиырма адамнан құралатын екі топ ашқанбыз. Бірінші топ оқуын аяқтады. Оның ішінде жеті адам холдингте еңбек етеді. Айына бір рет Мәскеуден профессор келіп, төрт күн сабақ өткізіп кетеді. Ол «демалыс күндеріндегі оқу бағдарламасы» деп аталады. Білімін жетілдіріп жатқан мамандардың өндірістен қол үзбеуіне қолайлы. Қызылордадан Мәскеуге барып келу қымбатқа түсетін болғандықтан осындай жолын таңдадық.

Облыстың әр ауданында кемінде бір маман осы МВА бағдарламасы бойынша білімін жетілдірсе екен деген арманым бар еді, оны да орындауға жақын қалдық.  Бүгінде Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Қазалы, Арал ауданында бағдарламаны оқып шыққан әріптестеріміз бар. Алдағы уакытта Қармақшы мен Жалағаштан шыққан әріптестеріміз осындай мақсатқа қол жеткізеді деген үлкен сенімдемін.

Бағдарлама бойынша білім алған мамандар бизнестің тұрақты даму стратегиясын анықтап, компаниясының негізгі құндылықтарын көре біледі және оны дамытуға шешім қабылдайды. Конструктивті жаңа идеяларды түрлендіріп, оларды жүзеге асыруға қабілеті артады. Ұжымның және оның әрбір мүшесінің шығармашылық қуаты мен іскерлік қабілетін байқай біліп, оны қажетті бағытқа жұмылдыруға жұмыс жүргізе алады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен оны жүргізу этикасы қағидасын жете түсінеді. Отандық және халықаралық рынокта табысты жұмыс істеуге машықтанады.

Аталған оқу орнында тек біздің холдинг қана емес, өңіріміздегі басқа да бизнес құрылымдары өкілдерінің, мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін жетілдіруіне ұйытқы болып жатқанымызды айта кеткім келеді. Олар бұрын тек таза техникалық маман немесе мемлекеттік қызметкер болса енді бизнес жүргізудің заманауи тәсілдерінің қыр-сырына қаныға алады. Қаржы, экономика, құқық, заң саласы туралы білімін байытып, адамдармен қарым-қатынас жасау, жауапкершілікті өзіне ала білу, ұйымдастыру, шешендік шеберлік, стратегиялық жоспарлау, аналитикалық ойлау дағдылары мен келіссөздер жүргізу тактикасы, профайлинг, имиджді қалып-тастыру туралы кеңейтілген түсінік алады. Құқық қорғау қызметіндегі ақпараттық технологиялармен танысады. Міне, осындай алған білімін өздері қызмет атқаратын компаниясының өркендеуіне жұмсайтын болады.

– Жомарт Елеуұлы, алпыс деген аға жасынан астыңыз, зейнеткерлік жасына жетіп отырсыз, маман ретінде, азамат ретінде, әке ретінде өмірден не түйдіңіз?

– Мен үшін энергетик мамандығым өмірімнің негізі болды. Энергетик барлық кезде өз жұмысының адамдарға өте маңызды екенін түсінеді, ал адамдар көбіне оған мән бере бермейді. Өйткені розеткаға электр қуаты келіп тұр. Үй жарық, жылы, барлық қондырғылыр жұмыс істеуде. Ал бірақ мұның артында мыңдаған энергетик мамандардың еңбегі тұрғанын ескере бермейді. Солардың қатарында энергетикалық компаниялар басшыларының да үлкен жауапкершілігі тұрғанын білгені дұрыс. Олар мыңдаған адамдардың қалыпты өмір сүруі үшін тынбай жұмыс жүргізеді. Осындай мамандық таңдағаныма өкінбеймін. Жұмыс барысында небір қиындықтар орын алғанда да еңсемді түсірген емеспін.

Мен барлық уақытта отбасымның қолдауын көріп отырдым. Кез келген саланың маманы үшін оның «сенімді тылы» болған өте маңызды деп есептеймін. Ол жарыңның, балаларыңның сенің жұмыстан өте кеш қайтатыныңды, тіпті демалыс күндердің өзі жұмысқа арналып жататынын жақсы түсіне білуінен байқалады.

Біздің әулетті көбіне әкеміздің, бауырларымыздың жүріп өткен жолына қарап, саяси-қоғамдық жұмыспен көп айналысқан деп ойлап қалуы мүмкін. Өндірісте жұмыс істегенмен өзім де депутат ретінде қоғамдық істермен айналыстым. Әйтсе де біздің әулетті энергетиктер әулеті деп сеніммен айтуға болар. Әкемнің інілері Дәрібаев Аманкелді аға мен марқұм Дәрібаев Нағымадин аға екеуі де энергетик. Мектеп бітіргеннен кейін техникалық мамандық таңдауыма да сол кісілердің әсері мол болды. Болат ағамыздың үйіндегі жеңгеміз де осы салада жиырма екі жыл еңбек еткен. Өзім қырық бір жыл бойы осы саладамын. Жоғарыда айтқан ағаларымның балалары да энергетика саласында жұмыс істеп жатыр. Оның біреуі Энергетика министрлігінде қызмет атқарады. Өзімнің ұлдарым мен қызым да энергетиктер. Бесеуміз де РФ Президенті жанындагы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік кызмет академиясының түлегіміз.

Өткен жолы есептеп отырсам, барлығымыздың еңбек өтілімізді қосқанда екі жүз жылдан асып кетіпті. Сондықтан да энергетиктер династиясы деп айтуға да болар.

Әкеміздің «Мәртебелі ғұмыр» деген кітабы бар. Өмірінің соңғы кезеңдері жазған, бірақ ол кісі дүние салғаннан кейін жарық көрді. Сонда бізге үнемі айтып жүретін ақыл-кеңесі бар. «Өздеріңе жамандық жасаған адамға жамандықпен қайтаруға тырыспаңдар. Қолдарыңнан келсе көмектесіңдер, жақсылық жасаңдар» деп айтып кеткен. Міне, сол өмірлік ұстанымым. Балаларыма да осыны айтып келемін. Енді кішкентай немерелеріме осыны айтудамын.

Жалпы кез келген адам қандай жетістіктерге қол жеткізіп, қандай қызмет атқарса да қарапайым болып қалуы керек деп ойлаймын. Өзім осы қасиеттен ауытқымауға тырысып келемін…

Сұхбаттасқан

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<