Кемеңгерлік көкжиегі

627

0

Исатай Әбдікәрімов ағамызды сонау жетпісінші жылдары жоғары білім алып, өзімнің туған еліме, ауданыма келгеннен бастап білемін. Қызмет жолымда аудандық партия комитетіне жұмысқа ауысып, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі болған шақтан бастап Исекең жайлы тарих беттері менің дүниетамымда кеңінен ашыла бастаған еді. Сол кездерде Исекең әртүрлі іссапармен ауданға келіп, актив, аудандық партия комитетінің пленумын өткізгенде, сөйлеген сөздерін, ой-пікірлерін тыңдап, ол кісінің қайталанбас бітіміне, сөйлеу мәнеріне қызығатын жастардың бірі едік.

Кейін мен тағдыр жазып, облысқа, облыстық совет атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызметке ауыстым. Сол кезден Исекең бастаған еліміздің ардагерлерін талай шақырып, ол кісілердің батасын алып, етене араластық. Республиканың бірінші басшысы, КССР Жоғары кеңес төрағасы дәрежесіне дейін көтерілген, үлкен азаматтың бізді жанына тартып, ақыл-кеңес беретіндігін қарапайымдылығы мен парасаттылығы деп түсініп, қадірлейтінбіз.
Мен облыста 5 жылдай облыстың алғашқы әкімі Сейілбек Шаухамановтың бірінші орынбасары болып қызмет істедім. Облыстық іс-шараларда ардагерлерді шақыру, оларға ерекше қызмет көрсету біздің бір міндетіміз деп қабылдайтынбыз. Оның үстіне Исатай Әбдікәрімовтей алып тұлғаның беделді іс-шаралардың көшін бастап жүруі ғажап емес қой.

Исекең біраз жылдар бойы қалада бұрынғы обком партиясы үйінің үшінші этажында тұрды. Менің Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне ауысқан кезім, бір күні телефон шалып, «Сенің қабылдауыңа барайын деп едім, ақылдасатын шаруа бар» деді. Сонда Исекеңнің бекзаттылығына тәнті болуыма тағы да бір мүмкіндік туған болатын. Исекең маған:

«Айналайын Нәжім, мен қазір 3-қабатта тұрамын, үй де, пәтерімде жақсы ремонтталған. Бірақ соңғы кездері ағаңа кішкене жүріп-тұру қиындап кетті, енді қартаймасақ жасармаймыз. Осы мен тұратын подъездің бірінші этажында, кезінде обкомның құрылыс жөніндегі орынбасары В.Рябов деген кісі болды, өзі қайтыс болған, үйінде қазір әйелі тұрады. Солар бір жаққа көшейін деп жатыр. Мен сол пәтерімді осы кісілердің пәтеріне бірінші этажға ауыстыруға келісіп отырмын. Менің пәтерім ремонтталған, бірақ бірінші этаждағы пәтер кішкене тозыңқырап, жөндеуді, қайта жаңартуды қажет етіп тұр екен. Десе де, екі пәтердің де көлемі бірдей. Енді саған айтқым келіп отырған бұйымтайым, Социалистік Еңбек ері, одақтық дәрежедегі пенсионер есебінде Үкімет тарапынан осыны ремонттауға қандай мүмкіндігің бар? Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасарысың, құрылыс, коммуналдық сала, сауданы басқарасың, мамандығың да құрылысшы, өзімнің баламсың, осы бойынша сенімен ақылдасуға келдім» – деді. Мен:

«Исеке, әрине, мен сізді жақсы түсініп отырмын. Бірақ бұл менің пәрменімдегі шаруа емес қой. Сіз облыс әкіміне осының бәрін түсіндіріп арыз жазыңыз, ол арызды қаланың әкіміне жолдайды, қаланың әкімі маған тапсыруы керек. Сосын өзім жеке қадағалап, сіздің тапсырмаңызбен мүмкіндігінше ремонтты жасап бітіруге тырысамыз» – дедім. Айтқандай-ақ Исекеңнің облыс әкіміне жазған арызы бойынша, қалалық әкімшілікке тапсырма келіп түсіп, бұл жұмыс маған тапсырылды. Бұған қала әкімі мамандығы құрылысшы, құрылыс мекемелерін, аудан басқарған, Сыр еліне белгілі азамат Қожахмет Баймаханов та шынайы түсінікпен қарады. Осылайша мен жөндеу жұмысына кірісетін болып, ағамызбен жақсы жаңалықпен бөлістім.

«Қызылорданың жазы ыстық, ремонт біткенше Жамбылға қыздарыма демалысқа барып келейін. Мен 1 айдан кейін келемін. Соған дейін мүмкіндік болса ремонтты бітіріп қойсаң, айналайын» – деді және Исекең.

Жөндеуді жедел түрде бастап кетіп, жұмыс қызып жатқан кез еді. Маған 10-15 күннен кейін марқұм Сейілбек Шаухаманов ағамыз телефон соқты.

«Нәжмадин, Исекең маған Жамбылдан телефон соғып жатыр, бір жұмыс тапсырған екен ғой, соны шәкіртіңе айтып қой, мүмкіндігінше тездетсін», – деді.

Күн сайын барып құрылысшылармен сөйлесіп, не жетеді, не жетпейді, бәрін қадағалап отырғанымды айттым.

Содан бір айдан кейін ремонтты бітірдік. Исекең келіп, қаланың әкіміне де, маған да батасын беріп, 1-этажға жаңа пәтерге көшті.

Кейін мен облыс әкімі С.Нұрғисаев болып тұрған шақта Исекеңнің туған жері – Жаңақорған ауданының әкімі болып баруға ұсыныс алдым. Осы шаруа бойынша ақылдасып, ойласуға Исекеңді іздедім. Бұл кезде ағамыз Магүлсім жеңгеміз екеуі облыстық ауруханада ем алып жатыр екен. Палатаға кіріп, ағамызбен амандасып, маған Жаңақорған ауданының әкімі бол деген ұсыныс түскенін, ақылдасуға келгенімді айттым. Сонда Исекең: «Ешқандай ойланба! Біздің аудан – үлкен аудан. Соңғы кездері қызметіңе байланысты көңілің болмай жүргенін жақсы білем. Қолыңнан іс келетін, тәжірибелі азаматсың. Оның үстіне Қызылорданың оңтүстік қақпасы, тынысың кеңінен ашылып жұмыс істейтін аудан. Қолдан келген көмегімізді, жәрдемімізді береміз. Ойланба, нартәуекел!» – деп ақ батасын беріп жіберген.

Тағдыр деген қызық, мен Жаңақорған ауданына 2000 жылы ғасырлар тоғысында барыппын. Жаңақорған киелі топырақ, киелі жер, көптеген академиктер, ғұламалар, ақын-жазушылар, шыққан жер. Оның ішінде басқаны қойғанда, Қызылорда облысын басқарған үш бірдей басшы Жаңақорғанның тумасы. Ол – Исатай Әбдікәрімов, Сейілбек Шаухаманов, Бердібек Сапарбаев. Үшеуі де бір ауданнан шығып, облыстың бірінші басшысы дәрежесіне көтерілген.

Осы ойды қорыта келе, «Жаңақорғанның «Ғасыр адамы» деген атақ беріп, үлкен шара өткізуді жөн көрдік. Әртүрлі дәрежедегі талқылаулардан кейін Жаңақорғанда туған 14 даңқты жерлестерімізге «Ғасыр адамы» деген атақты беру туралы аудан әкімінің шешімін аудандық мәслихат сессиясында бекіттік. Сол кезде Исекең науқастанып жүр екен. Жаңақорғанның «Ғасыр адамы» атағын тапсыру үшін, қасымда аудандық мәслихат хатшысы Саулебек Дүйсебеков бар, екеуміз Исекеңнің үйіне келіп, табыстадық. Сонда Еңбек ері: «Мен Құдайға шүкір осы өмірімде барлық КСРО-ның жоғарғы дәрежелі ордендерін алдым. Бірақ маған туған жерімнің 100 жылда бір берілетін «Ғасыр адамы» деген атағы өте ыстық болып отыр» деп тебіреніп, батасын берген еді.

Бір күні Исекең: «қалаға келген уақытыңда үйге келіп кет, ақылдасатын мәселе бар» деп маған қоңырау шалды. Содан, Жаңақорғаннан облыстық жиналысқа келгенде, Қызылорда қаласындағы үйіне соқтым. Магүлсім жеңгемізді қатыстыра отырып сөйледі.

«Нәжмадин, айналайын, мен сені жақсы көремін. Соғыстан қайтпаған ағамның да есімі Нәжім еді. Маған сенің атың өте ыстық. Нәжім деген сөз арабшадан аударғанда «жұлдыз» деген мағынаны береді. Сенің атыңды атаған сайын соғыстан қайтпаған ағам есіме түседі» – деп, босаңқырап қалды.

Сосын: «Ағаң соңғы кезде сырқаттанып жүр. Өмір бар жерде қаза бар. Олай-бұлай бола қалсам, мен өзімнің туған жеріме, әкелерім, бабаларым жатқан жерге барып жатқым келеді. Осы мәселені өзімнің тілектес інілеріме тапсырдым» деді. Бірнеше ауданды басқарған сыйлас інісі Ибрагим Абибуллаев екеуміз барып, бабалары жатқан қорымнан ыңғайлы жерге орынды белгілеп, суретке түсіріп, Исекеңе баяндадық.

Исекең көп ұзамай, дүниеден өтті.

Енді тағдырды қараңыз, Исекең сәуір айында дүниеден өтті. Жаңақорған оңтүстік аудан болғасын көктем ерте түседі. Ата-бабалары жатқан жер күріш танаптарының ортасында орналасқан. Айналаның бәрі егістік алқаптарымен қоршалып кеткен. Исекеңнің мүрдесі тиелген көліктерді ата-баба зиратына жеткізу үшін ортаны бөліп тұрған күріш суын қашыртқылайтын коллекторды біраз шақырымнан айналып өту арқылы көп уақыт жоғалтатын болдық. Исекеңді жерлеуге біраз машина келетіні анық. Сонымен не амал бар? Біраз ойланып, сол елдің ірі басты азаматтарымен ақылдасқанды жөн көрдім. Қожакентте шаруа қожалығының басшысы болып істейтін Әсет Жиенқожаев деген Исекеңе жақын інілерінің бірі бар.

«Нәке, сізге айтуға қысылып отырмыз. Жұрттың бәрін жинап, біз бір-ақ түнде жаңағы жолды жауып тұрған коллекторды техникаларымызды әкеліп, бөгейік, сөйтіп халықты сандалтпай жеңіл көліктердің бәрін содан өткізейік. Сонда әкесі жатқан биікке шығып Исекеңді әкелуге оңай болады» – деді. Бәріміз мақұлдай кеттік. Қазір енді бәрі өткен соң айтуға болады ғой. Былайынша айтқанда, коллекторды бөгеу деген қылмыстық іс. Соны ешкімге білдіртпей, бір-ақ түнде бітіріп, коллекторды бөгеп көпір салу мол жұмыс екені белгілі. Десе де, ертесіне сақтық шараларын сақтап, өзге шаруаға зияны тимесін деп, бәрі біткеннен кейін техникаларды қайта жұмылдырып, бөгелген бөгетті қайта ашып, коллекторды қайта қалпына келтіріп қойдық. Жігіттердің ұйымшылдығының арқасында Исекеңді соңғы сапарға шығарып салу жұмыстарын бір түннің ішінде бітірдік. Әкесінің жатқан жерінің қасындағы ауыспалы егіс танаптарында көрпедей болып шыққан көк майсаның үстіне бірнеше қараша үй тігіп, Исекеңнің митингін сол жерде жасаймыз деп шештік. Соңғы сапарына еліміздің түкпір-түкпірінен небір тұлғалар жиналды. Халықтың ықылас-пейілінің үстемдігінде шек жоқ. Жолай ауылдардың жасы бар, үлкені бар, барлық тұрғындары Исекең жататын зиратқа дейін жолдың екі жағында тұрып, соңғы сапарға қимай қоштасты. Міне халқының қадірлі қайраткерге деген қимастық сезімі. Елін, жерін, туған топырағын сүюдің, адал қызмет жасаудың, әрбір алдына келген адамды дұрыс қабылдап, мәселесін шешуге, бар ынта-жігерімен тырысатын біртуар адам есебінде, біртуар тұлға есебінде, біртуар перзент есебінде халқының жадында қалды.

Биыл облыстың 85 жылдығы аталып өтіп жатқанда Социалистік Еңбек ері Исатай Әбдікәрімовтің де 100 жылдығы жарқын көрініс тауып отыр. Исекеңнің есімі, қадірлеп өткен халқының жадында мәңгі сақталады.

Нәжмадин Мұсабаев,

қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының, Арал, Қазалы,

Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<