Менің ардақты ата-анам

640

0

Тәңір сыйлаған азды-көпті жетпіс жастың жалынан ұстап, жан-дүниеңмен қазыналы кезеңді қарсы алып тұрып, артыңа қайырылып,  өткен күннің өрнектерін ой елегінен өткізгенде аса қымбатты, ардақты ата-анам көз алдыма келеді. Аллаға шүкір, осыдан елу жыл бұрын ұядан ұшырған ардақтыларымның ақ тілеуінің қабыл болғаны шығар, өрісіміз кеңейіп, қазақтың ашық аспанындай бейбітсүйгіш әулетіміздің берекесі жүрегімді қуанышқа толтырады. Ұрпақ қызықшылығына ұласқан арман-аңсарымыз бен үмітімізді үкілеп келеміз.

Ағайын-туған, құда-жекжат, жақын-жуық, дос-жаран, әріптестер, балаларым мен немерелерім қаумалап, құшақ-құшақ гүлімен мерейлі жаспен құттықтап жатқан осынау сәтте менің алыста қалған балалық арманымды жүрегінде әлдилеген әкем мен анам жайлы жазу үшін қолыма қалам алдым.

Бүгінгідей қит етсе ажырасамын деп қиғылық салатын әйелдер мен жатыпішер жалқаулықтан алдына жан салмайтын керенау жігіттерді көріп, кешегі әкем мен анамның «туһ» деместен, қабақ шытпай, дауыс көтермей, бізді қандай бейнетпен асырап-баққан оқиғалары оқыған жанды ойландырса деген аналық тілекпен, ұстаздық пейілмен ұсынып отырмын.

Әкем Сейдалы Маханбетұлы 1912 жылы қазіргі Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында туған. Тегі Жаппастың Мойнақ деген руынан еді. Көп ағайынды екен, бірақ аяздай қарыған ашаршылық пен жұт жайлаған зобалаң жылдардың құрбаны болыпты. Тарихта атақты Құнанбаймен Меккеге барған Мырқы, Аппаз деген кісілердің тұқымынан қалған тұяқ 25 жасында анамды жолықтырыпты.

Анам – Гүлбаһрам Дүкенбайқызы (жұртшылық Баһар дейтін еді) 1919 жылы туған, Қызылқұмның қызы, Таздар руынан еді. Ел іші ақтар мен қызылдар болып бөлінген, қуғын-сүргін жылдары байдың тұқымы деп қудаланып, анасы төрт қызымен Ташкент асып кетеді де, онда тұрақтай алмай, көп ұзамай, елге қайта оралыпты. Жол азабын тартып, іш аурудан бір қызы өліп, арып-ашып ел ішіне іліккен екен. Сөйтіп аласапыран жылдары Алланың бұйрығымен әкемнің етегінен ұстапты. Анам көп сөйлемейтін, біртоға, байыпты, ісмер адам еді.

Әкем өрт сөндіруші болып жұмыс істеді. Айлығы – 60 сом. Нан мен қант, май, т.б. күнделікті ішіп-жемнен артылмайтын мардымсыз ақша бала-шағаны бағып-қағуға қайдан жетсін?! Анам мен әкемнің жыл екі он ай қол үзбей айналысатын ісі, бүгінгі тілмен айтқанда шағын кәсібі болушы еді. Сол еңбексүйгіштігі болар, әкем жұмыс бабымен бір күн жұмыс істеп, екі-үш күн демалса да, жылдың қай мезгілінде болсын, қолы бос, қарап отырғанын ешқашан көрген емеспіз. Үй шаруасындағы анам үйдің қат-қабат тіршілігімен қоса әкем не істесе де жанынан табылушы еді, арасында біз де қолғабыс беретінбіз.

Әкем қырық жыл жаздыгүні қаланың Арай шағын ауданында қазіргі ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіштің айналасында бау-бақша егумен айналысты. Ол кезде ашық жатқан жер еді, кейіннен саяжай қылып алды. Әкемнің еккен талдары әлі күнге дейін жайқалып тұр. Сол бақшада әкем қауын-қарбыз, қызанақ, қияр екті. Есекпен барып қайтады, кейінгі жылдары велосипедпен жүретін болды. Осылайша ерте көктемнен басталатын бақшалықта қыркүйекке дейін бел жазбай тер төгетін. Анам бақшаның өнімдерін жаңа базарға апарып сататын. Үйіміз Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің жанында, жаңа базарға жақын еді. Сөйтіп ата-анамыз жаз бойы еңбегінің өтеуіндей тапқан табысына қыркүйекте мектепке баратын киімдерімізді сатып алып беретін.

Жаз өтеді. Күздігүні кәріс ағайындардың бақшасында қалып қоятын майда пияздан екі қаптай жинап алатынбыз. Сосын оны есік алдына отырғызу үшін жерді дайындап, текшелеп, түп-түзу етіп сызып шығатын. Әрбір 10-20 сантиметр сайын бір-бір жуадан тығып шығасыңдар деп бізге тапсыратын. Үйдегі кіші інім ол кезде әлі кішкентай, өзімнен кейінгі менен төрт жас кішілігі бар інім екеуміз айтқанындай етіп, пиязды отырғызып шығамыз. Тура бір апта өткенде келесі сызықтың бойына тағы да отырғызамыз. Осылайша бақшаның бәрін мүшпиязбен жауып тастайтын едік.

Кылышын сүйретіп қыс келеді. Қыстыгүні залдың (зал дейтін қазіргідей зал емес, шағын бөлме болатын) екі терезесінде етікшінің белгісі ілініп тұратын. Әкем әйелдер мен ерлерге арнап, тапсырыспен етік, мәсі тігетін. Көбіне туысқандар тіктіретін. Әйелдерге биік өкшелі, қызыл етік тігуші еді. Мұндайда інім екеуміз сабақтан босап, үй тапсырмасын орындап болысымен әкемнің кәдімгі каток жіпті бес-алты қабат қылып, біріктіріп берген етік тігетін жіптерін қара сағызбен шиыршықтаймыз.

Ал шешем солдаттардың шинель тігетін қалың матасынан кәдімгі шаруашылықтың қысқы киімі фуфайка, қазақша күпәйке тігетін. Есімде, бір өзі кішігірім фабрика сияқты аптасына 12 күпәйке тігетін. Әуелі 12-сін де пішіп алады. Ертеңіне мақта салып шығады. Інім екеуміз мақтаны тегістеуге көмектесеміз. Мақта салып болған соң 3-4 күн сырып тігеді. Сосын қалтасын салады, түймесін қадайды. Мұндайда студент ағам да түймені ілетін жердің айналасын тігуге анама жәрдем беретін. Ініміз екеуміз түймесін қадап береміз. Күпәйке дайын болғанда анам базарға апарып өткізетін.

Қыс бітеді. Қыспен бірге күпәйкенің де, етік тігудің де мезгілі аяқталады. Көктем шығады. Бақша егуге дайындық жұмыстары басталады. Жер-ана жарықтықтың жомарттығынан үміт күткен еңбек адамының жанкешті жұмысы басталады. Күздігүнгі жерге көміп, бетін жауып тастаған көк пиязымыз алдымыздан шығады. Анам оны есік алдынан жинап, жуып, үйге алып келеді де, інім екеуміз әрбірін 12-ден бөліп, жіппен буамыз. Содан кейін анам қапқа салып, базарға апарып сататын.

Бұл еңбекпен қоса анамның үйде сүтті сиыры болды. Күніне 20 литр сүт беретін. Анам екі мезгіл сиыр сауатын. Көрші-көлем алдын ала жазылып қояды да, дайын болған кезде келіп алып кететін. Қорада 5-6 ешкі, 2-3 қой болды. Сиыр суалса, анам ешкі сауатын. Ал әкем аптасына бір рет бір-екі қой сойып, жіліктеп, бөліп, көршілерге таратып беретін. Шамасы, айлыққа дейін қарызға беретін болу керек. Көшемізде бірыңғай өрт сөндірушілер тұратын. Қой сойған күні әкем, қазіргідей еттартқыш жоқ, етті балтамен майдалап беретін. Бәріміз отырып түшпара түйетінбіз.

Үйдің айналасы тұнып тұрған жеміс ағаштары болатын. Анам жаздай тосап дайындайды. Әсіресе, шиенің тосабын көп етіп әзірлейтін. Мектептің қасында бес минуттай жерде тұрғандықтан, күнде үлкен үзілісте бір топ қыздарды үйге ертіп келетінмін. Анам дастарқанын жайып, тосабы мен нанын дайындап, кеселерге толтырып, шай құйып қоятын. Қабақ шытпайтын сондай алтын адам еді, жарықтық.

Ата-анамыздың жыл он екі ай жалғасқан осындай еңбегінің арқасында бәріміз де жоғары білім алдық. Анам он үш құрсақ көтерген. Бірінен соң бірі шетінеп, ата-анамның тілеуіне төрт бала өркен жайдық. Мектепте өте жақсы оқыдық. Ағам – Өмірбек Сейдалыұлы Тапалов  қазіргі Қорқыт ата атындағы университетте жоғары білім алды, ғылыммен айналысты, доцент болды, осы оқу орнында ұзақ жылдар жұмыс істеді. Зоология музейіндегі барлық дерлік жан-жануардың тұлыбын жасаған облыстағы жалғыз таксидермист маман болды. Мен М.С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алдым. Екі інім де медициналық жоғары білім алды. Асан Тапалов, Абзал Тапалов (42 жасында қайтыс болды)  екеуі де тіс дәрігері болды. Асан – зейнеткер, оның ұлы Алмат – облысқа белгілі стоматолог-хирург. Бұл мамандықтың барлығы да асқан төзімділік пен шыдамдылықты талап ететінін жұрт жақсы білсе керек. Мұндай қасиет бізге әке-шешемізден ген арқылы берілген десем артық айтқаным емес.

Үш ұлдың ішінде бұла өскен жалғыз қызы әрі еркесі едім. Мені барған жерінде тастай батып, судай сіңсін дегені болар, әкем жарықтық, мені үйге көп келтірмейтін. Тұрмысқа шыққан жылдары енемнің жасы 60-та еді және енемнің 80 жастағы анасы қолымызда болды. Бізден бөлек қайынағам отбасымен және екі қайынапам бір қауым ел болып, бәріміз бірге тұрдық.

Ол кезде медициналық училищеде оқытушы болып жұмыс істеймін. Үш мезгіл самауырға шай қойып, қыстыгүні екі контрамарка және қазақы пешке от жағу менің мойнымда болды. Химик болғасын от жақсы жану үшін оттегі жеткілікті болу керек екенін жақсы білсем де, бұрын-соңды мұндайды істемеген, күйеуге шыққанға дейін кітап оқуды ғана білген адамға бұл жұмыс кәдімгідей ауыртпашылық болды. Жаспыз ғой, түнде отынды үйге кіргізіп қоюды ұмытып кетемін де, азанда ылғал болып тұратындықтан, от жағу деген үлкен машақат еді. Ол заманның көмірі де шаңы бұрқыраған ұнтақ әрі бықсып жанбай тұрып алушы еді. Отынды майдалап бұтарлау да оңай емес. Жолдасым Нұрлан жылу-электр стансасында кезекшілікпен жұмыс істейтін әрі жұмысы ауыр болатын.

Бір күні сексеуілді бұтарлап жатқанымда бетіме тиіп кетті де, оны әкем көріп, маған жаны ашып, ешкімге білдірмей бір аптаға жетерлік етіп, отынды бұтарлап кететін болды. Әкемнің бұлай істеп жүргенін біраз уақытқа дейін тіпті білген де жоқпын. «Бұдан былай істеме бұл үйдің тірлігін» деп қатты намыстанғанымды білем. «Балам-ай, Нұрлан да менің бір балам ғой» деді сондай мамыражай, мейірімге толы үнімен. От жаққанда қолыңа киіп ал деп брезент қолғап әкеп бергені де есімде. Пештен күлді алған сайын бетін осымен жауып отыр, сонда үйің ыс болмайды деп қап әкелді бір күні. Мұнымен қоса ұнтақ көмірдің үстіне бір күні су құйып кетеді, екінші күні қатырылған көмірді ірі-ірі тас күйінде пешке қолмен ұстап салатындай етіп дайындап қоятын. Біздің үй болғанымызға қуанып, тіршілігіме болысқан, айналайын, әкемнің жақсылығы естен кетер ме?!

Бес жылдан соң үйдегі қайынағам мен апаларымыз өз алдына үйлі болып, бөлек шықты да, екі үлкен кісімен және екі баламызбен жолдасым екеуміз далада қалғандай күй кештік. Қыстыгүні бірде қар жауған күннің ертесіне таң алдында дыр-дыр етіп қар күреп жатқан дыбыс естілді. Айналамыздың бәрі ашық, терезеден қарау ойда жоқ, бұл кім екен деп ойлаймын да қоям. Бір күні балам күрегін иығына салып кетіп бара жатқан нағашы атасын сыртынан көріп қалып, далаға ытқып шықтым. Сөйтсем ел ұйқыда жатқан елең-алаңда ешкімге білдірмей, қар күреп жүрген өзімнің әкем екен ғой.

Осы күні ойлаймын, әкемнің бұл ісі маған ғана емес, үйдегі үлкен кісілер қиналып қалмасын деген ізгі ниеттен туған екен ғой. Жастайынан жетім қалған әкем үйдегі әжеме анасындай құрметпен қарады әрі шешей деп атайын. Үлкен кісіге сыйластық пен күйеу баласына деген қамқорлықтың үлгісін осылайша мен әкемнен көрдім.

Маған ғана емес, барлық баласына осылай әкелік құшағын айқара ашушы еді. Ашаршылық жылдары ата-анасынан, бауырларынан айырылып, тұл жетім қалған әкемнің төрт құбыласындай төрт баласының үй болғанын көріп, әрбіріне қызмет етіп жүруі жүрегін қуанышқа толтыратын, өмірдің бақытына балайтын берекелі кезеңі екен. Оны, әрине, өзіміз де үлкейіп, ата-ана болып, немерелер сүйгесін анық сезініп жатырмыз.

Бір күні моншадан шығып, мамама барып, шай ішейінші деп үйге келдім. Анам бір өзі екен. Екеуміз әңгімелесіп отырғанымызда әкем кіріп келді. «Бұның өзінің үйі бар емес пе?! Әжелерімен бірге ішсін шайды! Үйінде күтіп отырған адамдары бар. Сенің отырысың мынау, қызыңмен шай ішкеніңе мәз болып…» деп анама кейіді. Әдетте жақтырмайтынын білем де, үйге әкем жоқта ғана анда-санда келетінмін. Көшенің ана басында келе жатыр дегеннен әкеме көрінбейін деп көршінің үйі арқылы шығып кетуші едім. Жас отаудың түтіні түзу ұшсын деп, тілеуімді тілеп, тіршілігіме болысып, басы артық әңгімеге үйір болмасын деп үйіме де келтірмеген жарықтық әкемнің жақсылығын айтып тауыса алам ба?!

Әкем жарықтық, жерден жиырма тиын тапсам, жиырма сом шығыным кетеді деп отыратын. Мен осындай еңбексүйгіш, ешкімнің ала жібін аттамаған, адал жандардың қызы болғанымды шын жүректен мақтан тұтып, Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын.

Әкем жетпіс жасында жаман аурудан көз жұмды. Ауруханаға жатқызғанымызбен, көп ұзамай өзі Алланың жазғанын көремін деп үйге шықты. Екі айдай нәр татпай, төсек тартып жатқанында тілін кәлимаға келтіріп, шын ықыласымен Алланың құзырына баруға бойұсынды. Нағашы әжемнің келіні көңілін аулап, бір айдай жанында отырды. Арасында мен де үйге соғып тұратынмын. Бір күні барғанымда «Әнипа, мына әжең қаншама уақыт қасымда отыр, жақсы бір тауардан сатып әкеліп берші. Көйлек тіктіріп кисін» деді. «Маталар» деген сауда үйінен сол 80-жылдары сән болып жатқан кремплин матадан үш метр әкеліп бердім. Ертеңіне әлгі әже жарқыратып көйлек тіктіріп киіп келді үйге. Сонда әкемнің кісінің көңіліне қараған, қуантуға асыққан ыстық ықыласы мен пейіліне тәнті болдым.

Дүниеден озарының алдында не істеу керектігін айтып, сүйегіне кіретін адамдарды тізімдеп, оларға беретін жағалы киімдерді түйіншекке түйдіріп, тіпті қай күні қандай мал соятынымызды, т.б. жөн-жоралғының бәрін түсіндірді. Жарық жалп етіп жиі сөніп қала беретін заман еді, шамның бәрін тазалатқызып, керосин құйдырып, күні бұрын дайындық жасағанымыз есімнен кетпейді. Ауруы жанына батса да айналасына сыр білдірмеген сүйегі асыл, менің қайран әкем! Рухың пейіште шалқысын!

Алып-ұшқан жастық шақ асқар таудай әке болмысы мен бейнетке толы өтеусіз еңбегінің байыбына барғызған ба, мұның барлығын бүгін жетпістің белесінде тұрып, тереңіне бойлап отырмын. Көңіл құсын туған үйдің төріне қарай ұшырып, балаларының жүрегін қамқорлық пен махаббатқа толтырған әкемді, мейірбан да ғазиз анамды ойлап отырмын. Қалам ұшында сөйлеткен аяулы ата-анам туралы толғанысым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болса, мен шексіз бақыттымын.

Аллаға шүкір, Сейдалы әкемнен тараған ұрпақ бүгінде үбірлі-шүбірлі үлкен әулетке айналды. Ата-атамның жан-жағына жасаған жақсылығының өтеуіндей өркен жайып, мәуелі бәйтеректей тамыр тартқан бауырларым мен балаларым – көзіміз бен көңіліміздің қуанышы.

Әнипа ТАПАЛОВА,

техника ғылымдарының кандидаты, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<