ЖАРҚЫРАП ӨТКЕН БІР ЖҰЛДЫЗ

399

0

Елбасы қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткенімізге ой жүгіртуге жетелейді. Бұл орайда біз аға ұрпақтың сол дәуірдегі жасампаздық ұлағатты істерін қайта жаңғыртуды өзіміздің төл міндетіміз деп санаймыз. 

Олар кешегі сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдарында елде басшылық қызметтер атқарды. Сондай жастың бірі – киелі топырақтың төл баласы, фәни дүниеде аз ғана ғұмыр кешіп, артына өшпестей із қалдырған қайраткер Рабиға Шалабаева. Оның тағдыры Шығыс жұлдызы Ғанидың ғұмырымен ұқсас екенін атап өткіміз келеді.

Ол 1921 жылы Жосалы  қыстағында кедей-шаруа отбасында туған. Ата-анасы Қазан революциясына дейін ауыл шаруашылығымен айналысса, кейін теміржол саласында еңбек еткен. 14 жасында әке қамқорлығынан ажырап, аға тәрбиесінде болады. Көп арасынан  білімді, белсенді қыз көзге бірден түсетін. Оның өжет мінезі де сол кездегі басшылардың назарын өзіне бірден аударатын Р.Шалабаева 1937 жылы комсомол қатарына өтсе, 1940 жылы коммунистік партияға үміткер ретінде тіркеледі. 1932-1935 жылдары қазақ бастауыш мектебінде білім алса, 1935 жылы «Автобаза» негізгі орыс мектебін бітіреді. Оның алғашқы еңбек жолы 1939 жылдың қаңтар айынан басталады. Өзі тәмамдаған «Автобаза» мектебінде аға пионер жетекшісі болып жұмысқа қабылданған жалынды жастың еңбек жолы сатылап өсіп отырған. Атап айтқанда, 1942-1943 жылдар аралығында аудандық кеңестің атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. 1943 жылы аталған Кеңестің атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған. Білікті басшы облыстық соттың алқабиі секілді басқа да жауапты жұмыстарды қоса атқарған.

– 1941 жылы соғыс басталғанда аудан жастары майдан қаруларын шығаруға көмектесу мақсатында ақшалай қаражат жинады. «Біз Отанымызды ғана сүйеміз!» деген ұранмен теміржол бойында қар күреуге қатыстық. Ауыл шаруашылығы саласында жастар жерді кетпенмен аударып, бидай мен арпаны көктемгі егіске дайындады. Жиын-терім науқанында да өз үлестерін қосып, егінді төкпей-шашпай жинауға  атсалысты. Ол кезде комбайн жоқ. Сондықтан да егінді қолмен орып, баулап, оны қырманға таситынбыз. Ауылдағы жастар майдангерлерге жүн жинап, иіріп, одан қолғап, шұлық, шалма, күрте тоқып жіберіп отырдық. Осындай үлкен жұмыстарда Рабиға апамыздың зор еңбегі жатыр. Әттең, өмір жасы қысқа болды ғой. Қазақ қыздарына тән мықтылық, қоғамшылдық, батырлық қасиеттер Рабиға апамыздың бір бойынан табылатын, – дейді білім саласының ардагері Пал Баймаханова анамыз.

– Еселі еңбек ете жүріп, ол мемле­кеттік марапаттарға ие болған. 1939 жылы Қа­зақ КСР-нің құрылғанына 20 жыл толуына орай Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасына ие болса, 1939-1943 жылдары аудандық кеңес депутаты болып сайланады. Бас-аяғы 4 жыл ішінде халықтың сеніміне ие болып, өзінің біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете де, дәлелдей де білген Рабиға апамыз 1943 жылы небәрі 22 жасында ауыр науқастан дүние салады. Ол ауданда жастар белсенділігінің артуына айтарлықтай үлес қосты, – дейді інісі, еңбек ардагері Сәдуақас Шалабаев.

Өңір тұрғындарына Шалабаевтар әулеті етене таныс. Әулет ақсақалы Сәдуақас Сәрсенұлы – бірқатар еңбек жолынан өткен азамат. 1958-1962 жылдары Жосалы механикалық зауытында токарь болып, қоғамдық қызметтерді қоса атқарды. 1962-1965 жылдары Ресей  Федерациясының Ульяновск облысы­ның Димитровград қаласында әскери бөлім­шенің комсомол ұйымының хатшысы, 1963-1965 жылдары Димитровград қалалық кеңесінің депутаты болып сайланған. 1965-1995 жылдары Жосалы механикалық зауытында және ПМК-30 құрылыс мекемесінде инженер, бөлім басшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы және ұзақ  жыл зауыттың партком хатшысы болған. РФ Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен «Үздік әскери құрылысшы» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» меда­лімен марапатталған. Бүгінде «Қармақшы ауданының құрметті азаматы», аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

– Шығыс жастарының жарық жұл­дызы, жалынды жетекшісі Ғани Мұ­ратбаев негізін салған Қазақстан жас­тары қозғалысының шежіресі жарқын. Тарих толқынындағы сындарлы ке­зеңдерде батылдық пен батырлықтың, қайсарлық пен қайраттың, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, Отан қорғау жолында жандарын да пида еткен жастардың жарқын істерін, белсенді өмірлік позициясын, отансүйгіштік қасиеттерін, биік рухын насихаттау, бүгінгі ұрпақтың санасын жетілдіріп, ойы озық болуына, жаңаруға ықпал ететіні сөзсіз. Оларды зерттеу барысында Рабиға Шалабаева сияқты өнегелі өмір сүрген, бірақ уақыт көшімен ұмытылған, еңбегі ескерусіз қалған қайраткерлер туралы мәлімет табылды. Қазіргі уақытта біздің облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі осы мәліметтерді жинақтап, рет-ретімен елге жариялауға бағыт алып отыр, – дейді бірлестік төрайымы Алмагүл Божанова.

Иә, айтса айтқандай, Рабиға Ша­лабаеваның қысқа ғұмырында тындырған ісі бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге болуға лайық.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<