Зиялы адам

3228

1

Сыр елінің дара есімдері дегенде арғы-бергі тарихымыздағы батырлар, көсемдер, ғұламалар, от ауыз­ды, орақ тілді шешендермен қатар өзіміз көзін көрген, тәрбиесін алған, бұрын дүниеден өткен, қазіргі кезде ортамызда жүрген ұлағатты аға ұрпақ өкілдері ойымызға оралады. Солардың бірі де бірегейі – биыл 15 қарашада туғанына 100 жыл толатын Уәли Төрәлиев.

Халық арасында адамгер­шілік қасиеті жоғары, ақкөңіл, жаны жарқын адам туралы «ол әулие ғой» деп айтылатын сөз бар. Уәли Төрәлиев өз кезеңінің нағыз әулие адамы еді.  Ол оқу-ағарту ісін үл­кен жауапкершілікпен, қа­таң талапшылдықпен заман та­лабына сай басқарды. Ай­на­ласын­дағыларға әділет­ті­лік­пен қарап, жетім-жесірді же­беп, сүрінгенді дереу де­меп, адасқанды үйіріне қосты. Тұрмысы төмендерді қамқор­лыққа алып, тоңғанды жылытып, нұрын шашып, шуағын төгіп жүретін қасиетті адам еді. Кейде «зиялы қауым, зиялы адам деп кімді айтамыз?» деген сұрақ туып жатады. Біздіңше, зиялы адам деп Уәкеңді толық айтуға болады. Зиялылық деген ұғымға ол кісінің болмысы, бекзаттығы барынша лайықты.

Ол Қармақшы ауданы Қа­ра­өзек ауылының тумасы еді. Еңбекке ерте араласқан, сауатсыздықты жою жөнінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып қызмет атқарған. 1942 жылы ал­дымен Ақтөбе қаласындағы мұғалімдер институтын, 1944 жылы Қызылорда қала­сындағы педагогика институтын бітірген. Осыдан қызмет са­ла­сындағы өсу жолдары бас­­талды. Бұған негіз болған оның алғашқы еңбек жолы. Сол кездің өзінде ол өзінің қабілетін, ізденімпаздығын, таңдаған ма­мандығына адалдығын көр­­сетіп үлгерген. Кейін облыс­тық партия комитетінің лек­­торы, лекторлар тобының же­­тек­­шісі, 10 жыл бойы мектеп бөлімінің меңгерушісі бо­­лып қызмет ат­қарғанда да ұстанған жолынан тайған жоқ. Білім-білігін толықтырды, саяси-қоғамдық жұмыстардың бел ортасында болды. Облыстың білім беру, оқу-ағарту, тәрбие беру саласына тікелей басшылық жасап, өңірдің әлеуметтік, мәдени, рухани жағынан дамуына сүбелі үлес қосты.

Уәли Төрәлиев 1961-1963 жылдары Қазақстан Компартиясы Қазалы аудандық комитетінің бірінші хатшысы, аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Сол уақытта өзіндік тарихи дәстүрі, даму жолы бар ерекше аудан – Қазалыны басқару кез келгеннің қолына тие бермейтін. Осы жауапты, күрделі қызметтердің Уәли Төрәлиевке жүктелуі оның кім болғанын көрсетеді.

Ол 1963-1983 жылдары жиырма жылдан астам уақыт Қызылорда облыстық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен. Еңбегінің жанып, жұлдызының жарқырап көрінгені, жемісті де жеңісті жылдары осы жиырма жыл болды. Менің де Уәкеңді білгенім осы жылдар. Балабақша, мек­теп басқарғанымда осы меке­мелердің материалдық базасы, жаңа мектеп салу жөніндегі мәселемізді көп әуре қылмай, бірден шешіп беретін. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы кезімде де Уәкеңнің ақыл-парасатына жүгінетінбіз. Әсі­ресе, мектеп бітірушілерді өн­діріске жіберу, оның ішінде, қой шаруашылығында комсомол жастар шопандар бригадаларын ұйымдастыру жөнінде мәселелер туындайтын. Жай ғана «осы бітірушілерді мек­теп­тен шыға сала қой бақтыр­ғанымыз қалай?» деп сұрайтын. «Жоғары оқу орнына еңбекте шыңдалып барғаны дұрыс қой» дейтінбіз, басқа не дейміз, бәрі де заман талабы ғой.

Басымнан өткен бір оқиғаны айтайын. 1977-1983 жылдары сол кездегі Партияның XVIII съезі атындағы, қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектепке директор боларда ауыл ортасына көшіп бара алмайтынымды айтып, қатынап жұмыс істей беруге рұқсат сұрадым. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық оқу бөлімінің бастығы «жақын жер, жұмысқа кедергісі бола қоймас» деп келіскен. Бір жылдан кейін аудандық оқу бөлімінің бастығы ауысты да, жаңа келген кісі қатынап жұмыс істеп жүр деп облыстық халық ағарту бөлімінің кеңес отырысына мәселемді қарауға қойды. Сонда Уәкең «егер 3-4 шақырым жерден қатынау жұмыстың нашарлап кетуіне себеп болмаса, оқу-тәрбие жұ­мысы өз дәрежесінде жүріп жатса, бұл мәселені несіне об­лыстық дәрежедегі кеңеске алып келдіңіз» деп күн тәртібінен алып тастады. Осындай кішігірім мәселенің өзінен ол кісінің адам тағдырына деген жанашырлығына тағы бір көзім жетіп еді. Бірде хабар берместен, ескертпестен бір өзі келді. Есіктен кіре берген кезде бір кісіні үйіне тез тамақ дайындап, дастарқан жая бер деп босатып жібердім. Мек­тепті аралап, кабинеттерді кө­ремін дегенше бірталай уақыт өтетінін білдім. Аралап бол­ғаннан кейін: «Ескертпей кел­діңіз, сонда да жылдам дәм да­йындап едік, бұрыла кеті­ңіз» дедім. «Уақытым тар еді, жолдан өтіп бара жатып, жаңа мектепті көрейін деп бұ­­рылдым, атқарған жұ­мыс­тары­ңа, мектептің іш­кі-сыртқы кел­бетіне, безен­ді­рілуіне, кө­галдандыруға іш­­пей-жемей тойып тұрмын. Жа­қын жерде бір мұғалімнің үйінен айран ішіп аттанайын» деді. Мектептің қасындағы мұғалімнің үйінен тізе бүгіп айран ішіп шықты. Шыққан соң маған бұрылып: «мұғалімнің айлығы аз ғой» деп еді. Аз ғана уақыттың ішінде мұғалімнің үй тұрмысына кө­ңіл аударып үлгерген. Осы қысқа кездесудің өзінен оның соншалықты қарапайым екенін байқадым.

Уәли Төрәлиев басқарған 20 жыл ішінде Сыр өңірінде жастарға жалпы орта білім беру бағдарламасы толығымен жүзеге асырылды. Оқу-ағарту саласында көптеген жаңа­лықтар мен сол заманның озық жетістіктері мектеп өміріне батыл енгізілді. Еңбек тәрбиесін беруде оқу өндірістік комбинаттар, бригадалар, жазғы демалыс және еңбек лагерьлері құрылып, олар колхоз, совхоз және кәсіпорындарға бекітіліп, оқушыларға мамандық пен тәжірибе алуға және алған білімін іс жүзінде пайдалануға мүмкіндік туды. Орта мектепте кабинеттік білім беру жүйесі, кәсіптік бейімділік жұмыстары іске асырылды. Жаңа мектептер салу, олардың материалдық базасын нығайту үлкен қарқынмен жүрді. Облыс бойынша мектептен тыс және мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінің желісі дамыды. Облыста оқушылардың шығармашылық, техникаға, туризмге деген қызығушылығын дамытуға байланысты облыс­тық жас техниктер, жас натуралистер, жас туристер стан­салары жұмыс істеді. Уәли Төрәлиев қаншама кадр тәр­биеледі, үздік ұстаздар, мектеп директорлары, ғалым-педагогтар өсіп жетілді. Мектептер мен басқа да оқу-ағарту ұйымдарында өте жақсы мо­ральдық-психологиялық ахуал қалыптасты.

Оның тағы бір қасиеті адам­­дармен қарым-қатынасы еді. Барлық аудандардың бі­рін­­ші хатшыларымен, аудан­дық кеңес атқару комитетте­рі­нің төрағаларымен, об­­лыс­­­­ты бас­қарған бірінші бас­­шы­­­­лар­­мен, оның ішінде Исатай Әбді­кә­рімовпен, Тәкей Есе­тов­пен сый­ластықта болды. Олар да Уәкеңнің ой-пікірімен санасып отырды. Осы сыйластық қарым-қа­ты­насты дипломатиялық әдіс­пен оқу-ағарту, тәрбие жұ­мы­сына, мектептердің өзек­ті мәселелеріне аударып, бұ­рып отырды. Мемлекет және қоғам қайраткері Қо­нысбек Қазан­таев­пен, кәсіп­тік-техникалық білім беру сала­сының басшысы Смағұл Ысқақовпен өте жақын достық қатынаста бол­ды. Қ.Қазантаев сол кезде Те­рең­өзек аудандық партия коми­­тетінің бірінші хатшысы. Сол кісінің басшылығымен жұмыс атқаратынбыз, екеуінің достығының куәгері болып, қызметтен тыс уақытта, дас­тархан басында әңгімесін тыңдадық. Қонекең бір жаққа жол жүретін болса, Уәкең мен Смағұл аға шығарып салып, күтіп алатын. Үйіне апарып дәм татырмай қайтармайтын. Бірін-бірі құрметтеуі, достығы адам таңғаларлықтай еді.

Уәли Төрәлиев 1983 жылы республикалық дәрежедегі зейнетке шыққан соң облыстық партия комитеті жанындағы Марксизм-Ленинизм универ­ситетінің директоры болып қызметті жалғастырады. Өзі­не тән юморы бар еді, әзіл әң­гімелері әлі күнге дейін айтылады. Университетке бар­ған соң құрдастарының: «Марксизм-Ле­­нинизм универ­ситеті қалай екен?» деген сұрағына «оқу-ағарту саласы­ның кешкі мектебі сияқты ғой» деп жауап беріпті. Өзі әзіл­деп айтқандай, кешкі мектеп сияқты университетті әдет­тегі ыждағаттылығымен, іскерлі­гімен, парасатымен бас­қарып, жауапты кадрлардың марксизм-ленинизм ілімін мең­геріп, саяси шыңдалатын бір­ден-бір оқу орнына айналдырды.

Уәли Төрәлиев екі рет «Еңбек Қызыл Ту» (1971,1981 жылдары) және «Құрмет бел­гісі» ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталды. 1961 жылы Қазақ КСР-ның, ал 1971 жылы КСРО-ның «Үздік ағартушысы» атағын алды. От­басының берекесі, бала тәр­биесінің бағбаны еді. Зайыбы Зәпия Байқасымова екеуі (ол кісі де ұстаз) бес бала тәрбиелеп өсірді.

Сыр өңірінің өркендеуіне және оқу-ағарту саласының дамуына, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде сіңірген еңбектерін ескеріп, Қызылорда қаласындағы мек­тептердің біріне Уәли Төр­әлиевтің есімі берілсе, об­лыс­тың бас ағартушысы болған абзал азаматқа лайықты құрмет болар еді. Шәкірттері үлкен жү­ректі ұстазды еш­уақытта ұмыт­паймыз, жадымызда аңызға ай­налған зиялы адам ретінде сақ­талады.

Алмагүл БОЖАНОВА,

облыстың Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<