21 қаңтар – Халықаралық құшақтасу күні

2977

0

21 қаңтарда бүкіл әлемде ең бір ерекше мереке тойланады – Халықаралық құшақтасу күні. 1986 жылы АҚШ-та негізі қаланып, кейін бүкіл дүние жүзіне тез тарап кетті. Мерекенің дәстүрі бойынша, бұл күні тіпті бейтаныс адаммен төс қағыстырып, құшақтасуға болады.

         Мейрамның аталып өте бастағанына көп болмаса да, оны кім ойлап тапқаны және неге дәл осы күн таңдалғаны белгісіз. Жалпы бұл мерекені тойлауды студенттер бастаған сыңайлы.

         Дәл осы күні қыз-жігіттер достық ниетпен бір-бірін құшақтарына қысатын болған. Айтпақшы, соңғы жылдары жастар жағы осы мейрамға орай неше түрлі флешмобтар ұйымдастырып жүр. Аңызға сенсек, адамдар бір-бірін құшақтағанда, жан жылуымен бөліседі.

         Психолог мамандар жақындарының құшағын қажет ететін адамдар қауіпсіздік, жайлылық және махаббат сезіміне зәру болып келеді деген пікірді айтады. Сондықтан, мерекенің пайдасы көп. Жалпы, құшақтасу кез-келгеннің өмірінің соңына дейін қайталанатын әрекет: достарымызды, құрбы-құрдас, ата-ана, туған-туыс, бауырларымызды, сүйген адамымызды кездескенде, сағынышымызды басу немесе қуанышымен құттықтау, алғыс айту үшін құшақтап жатамыз. Бір сәт, ойлап көріңізші, қиналғанда құшақтайтын, сізді демейтін адамдарыңыз болмағанда қайтер едіңіз?!

         Ресейде Аспирант күні тойланады. Жас ғалымдар, мамандар, аспиранттар мен студенттер – Ресей ғылымының мақтанышы мен арқа сүйері. Оларға материалдық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыда да жан-жақты қолдау көрсету қажет. Жоғары білім алып, ғылыми мансап қуудың қаншалықты маңызды екенін дәріптеу үшін Аспирант күнінің негізі қаланған. Мереке әзірге ресми емес, бірақ ғылыми ортада сүйікті мейрамдардың бірі. Әлбетте, Ресейде аспирантура ұғымы баяғы заманнан бері бар, бірақ ғылыми қызметкерлерді даярлау тәтібі туралы нұсқаулық 1925 жылы 21 қаңтарда қабылданған, сол себепті мереке бүгін тойланады.

         Жыл сайын 21 қаңтарда Польшада Әжелер күні тойланады, бұл мейрамды атап өту 1964 жылдан басталған. Әжелер күні өткізілген қоғамдық сауалнама нәтижесінде белгілі болғандай, поляктардың 60%-ы моральдық принциптері, діни көзқарасы мен наным-сенімдері әжесімен тығыз қарым-қатынаста қалыптасты деп санайды.

         Сонымен бірге Хэральд Эйлер жүргізген зерттеу көрсеткендей, 16 және 80 жас аралығындағы екі мың респонденттің басым көпшілігі әжелеріне қатты бауыр басқандарын айтты. Бұл күні бәрі әжелеріне гүл шоқтары мен сыйлықтар тарту етіп, міндетті түрде қонаққа барады. Әжелер немерелерін қуана қарсы алып, дәмді-тәттісін аузына тосады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<