Кеңес каскасының сыры

984

0

Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Пермь облыс орталығында КСРО халық артисі Юрий Никулин гастрольде болады. Кезекті концерттен соң артистің қонақ үйдегі бөлмесіне облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықтағы Лысьев металлургия заводының жұмысшылары келіп, әйгілі артисті өздеріне қонаққа шақырады. Өз кезегінде Ю.Никулин ыстық ілтмпатқа алғысын білдіріп, денсаулығына байланысты бара алмайтынын жеткізсе керек.

Сонда жұмысшылар оған бізден ескерткіш болсын деп асханалық қазандар мен әскери касканың сувернирлік нұсқасын ұсынады.

– Сіздердің заводтарын ыдыс шығаратынын білемін, ал касканың бұл жерде қандай қатысы бар? – дейді Ю. Никулин.

– Біздің завод соғыс кезінде тек каска шығарды, – деп жауап қайтарады.

– Құдайым-ау, алдымен неге осыны айтпадыңдар. Соғыс кезінде мені сіздер жасаған каска тура келген оқтан бірнеше рет аман алып қалды, – деп Ю.Никулин Лысьевтағы заводтың акт залында өнерін көрсетіп қайтады. 

Айта кетейік, Отан соғысы кезінде миллиондаған солдатты ажалдан құтқарып қалған каска КСРО бойынша тек Лысьев металлургия заводында ғана жасалды. Каска үшін болаттың аса берік маркасы ойлап табылды, бұл технологияның авторы – завод инженері Евгений Ширинкин еді.  

Оның беріктігі арнаулы сынақтан өтті, касканы 25 метр жерден атқанда оққа төтеп берсе, майданға жіберіліп отырды.

Соғыс жылдарында 10 миллион каска, 14 миллион солдат тостағаны мен қасығы жасалды. Лысьев заводы стартегиялық құпия нысана болып саналды. Мәліметтерде №700 завод деп белгіленіп, өнімі СШ-40 (стальной шлем) деп аталды. Оқ өтпейтін берік каска жасаған завод мамандары И.Ястребов, А.Филин, А.Кравилев, А.Пашкевичке 1943 жылы Сталиндік сыйлық берілді. Берілді деген аты ғана, өздеріне тиісті «мұратты көсем» атындағы 10 мың сомды қорғаныс қорына аударды. Заводта жұмыс істеген жұмысшылар да екі ведомосқа, біріншісіне «жалақымды алдым» деп, екіншісіне «өз еркіммен жалақымды қорғаныс қорына аударамын» деп қол қойды.

Аталған кәсіпорын жұмысшылары тәулігіне 12 сағат жұмыс істегені үшін күнделікті 800 гр нан алды. Жұмысқа 5-15 минут кешіксе 4 ай түрмеге қамалды, ал 1 күн жұмысқа шықпай қалса 7 жылға сотталды. Осындай қиындықпен жасалған кеңес каскасын беріктігі үшін жау жағы жоғары бағалады. От кешкен соғыс ардагерлерінің сөзіне қарағанда, өлген немістердің басынан кеңестік каскаларды талай рет байған екен.

2015 жылы завод өзінің 230 жылдығын атап өтті. ЛМЗ-ның бас директоры В.Ганьжин сөзінше, Ганнавердегі көрмеден кейін Германияның бір концерні ресейліктермен бірігіп өнім шығаруға ұсыныс айтыпты. Немістер кіммен бірге жұмыс істеу керек екенін біледі.

  Орысшадан аударған: Бақытжан ТҮМЕНБАЙ.

Қазалы ауданы. 

   Суретте: Ю.Никулин «Олар Отан үшін шайқасты» фильмінде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<