Өлеңмен жер қойнына енген ақын

1356

0

Жарты ғасырдан аса ұстаздық қызметімде талай шәкірттерім алдымнан өтті. Өз түйінім: шәкірттерімнің ішінде жақсылар санатына жататындар басым екен. Бәрін тізбектемей солардың бірі – Жанкелді Ойшыұлы Ысқақты айтсам да жеткілікті. Мамандығы – инженер-құрылысшы, экономист, заңгер, органикалық заттардың химиялық технологиясы бакалавры, мұнай-газ ісінің техника ғылымдарының магистрі. Қазір «Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты. Өндірістік қызметіндегі табыстарын айта алмағанмен, депутат ретіндегі ойға қонатын, жаңашылдыққа жетелейтін әлеуметтік саладағы ұсыныс-пікірлеріне риза боламын.

Шәкіртімнің саяси, әлеу­меттік-эконо­микалық бағыттар­дағы елеулі еңбектерін көпке қалдырып, Ә.Тә­жі­баев атындағы облыстық кі­тап­­хананың ди­рек­торы Нұр­лы­­бек Мыңжастан қолыма ти­ген «Адырбек» атты кітапқа на­зар­­­ла­рыңызды ау­­да­райын. Жан­келді Ойшы­ұлының құ­рас­­ты­руымен, Әбибулла Шер­дің ре­дак­­торлығымен 1000 дана­мен жарық көр­ген кітап оқыр­мандарына жол тарт­ты. Аталған еңбек ақын, тарихшы, ел жан­ашыры, азамат Адырбек Со­пы­­бе­ковтің тұлғасын жан-жақты, толық сомдаған.

Ағамыз өмірден озған күні бұрынғы облыстық партия ұйы­м­ының идеологиясын бас­қар­ған Қаржаубай Жарқын­беков есіміне Қызылорда қала­сынан көше беріліп, соны ашу салта­натында қатар отырып әң­гі­ме­лескенім есімде. Сол күні Қар­жаубай ағаның рухына құран  ба­­ғыштау мүсипатында өле­ңін оқып тұрып, бақилық сапарға аттанады деп кім ойлаған? Осы бір адам тағдырында сирек кез­десетін құбылысты ұлы Абай:       

– Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең

– деп айтып кетіпті.

Ұлы Абай хакімнің көреген­ді­лікпен айтылған осы болжа­мын Адырбек аға өзінің адал­дықпен келген ажалы арқылы дәлелдегендей.

Кітаптың алғашқы беттері шығарма­шылық әлемге жақсы таныс Бауыржан Жақып, Сейт­қазы Матаев, Жаңақорған ауда­нының әкімі Руслан Рүстемовтің алғысөздерімен, облыс, аудан басшы­ларының Адекең жайлы жылы лебіз­дерімен ашылған.

Бірінші бөлімге үлкендерше ойла­нып, балаларша сөйлеген ақын­ның соларға арналған өлең­дері топтас­тырылған. Балаларға түсінікті, оқыса ойға жетелейтін қысқаша өлеңдерімен бірге. Зерделеп оқыған оқушы ақын Адырбек Сопыбековтің балалар әде­биетіндегі орнын айтпай-ақ түсінеді. Осы бөлімге «Шопан қысы», «Айға сапар», «Қырдағы айқас», «Түнгі күзет», «Боранды түнде», «Жүрек жұтқан» атты поэмалары да енгізілген. 2012 жылы Мәскеуде жарық көрген «Үлкен Халықаралық Энциклопедия»  («Большая Международная Энциклопедия»), «Ерекше есімдер» («Лучшие люди») атты кітаптарға енген өлеңдерін де осы бөлімнен орыс тілінде оқи аласыздар. Ақынның көптеген шығармалары беларусь, өзбек тілдеріне аударылған.

Екінші бөлім Адырбек ақын ­мен Әптай Мырзановтың 1980 жылы өткен айтысы және мәдениет қызметкері, досы Әмір Мәжитовпен айтысынан тұрады.

Үшінші бөлімге ақынның Жа­ңа­қорған өңірі жайлы ғы­лыми-зерттеу еңбектері, әр­түр­лі тақырыптарға жаз­ған өлең­дері мен мақалалары топ­­тас­­тырылған. Сонымен бірге қа­сиетті Жаңақорған топыра­ғында қал­ған Хорасан ата (Әб­діжәлел баб), Һиса­миддин Сы­ғанақи (Сунақ ата), Айқожа ишан, Қарасопы, Молда Шәмші, Сабұлт қожа, Қырық садақ, Бақсайыс әулие, Қылауыз (Жа­қып ата), Қылышты ата мен Төлегетай баба сынды діни ғұламалардың өмір тарихы мен оларға қойылған ескерткіштер жайлы көптеген мағлұматтар беріледі. Жаңақорған ауданын­да әр жылдары бас имам бол­ған кісілердің аттары аталып, құм жұтқан қалалар мен қор­ғандар, қиранды болған қа­малдар жайлы көптеген тарихи құжаттарды алға тартады. Жа­ңақорған ауданының тарихы терең зерттеліп, одан шыққан еңбек, ғылым, өнер қайраткерлерінің есімдері мен ау­дандағы байырғы жер-су атау­лары келтіріледі. Осы бө­лім­де ақын драматург-режиссер Әмір Мәжитовке арналған «Ұмытпайды сені елің, Әмір аға» атты өлеңіне Уәли Ибрагимовтің жазған әні келтірілген.

Кітаптың осы бөлі­гін қоғам қайрат­керлері Сұл­тан­бек Қожанов, Нәзір Төре­құ­лов, Садықбек Сапарбе­ков, Бе­кайдар Аралбаев, Мұхтар Әлиев, Қалмахан Әбдіқа­діров, Төлеп­берген Әбдірашев, Сейіл­бек Шаухаманов, Бердібек Са­пар­баев, Кеңес Ода­ғының ба­тыры Әнуар Әбутә­ліпов, Ха­лық ақыны Манап Көке­нов, Ха­лық жазушысы Қалтай Мұха­меджанов, ақын Махмұт­бай Әмі­реұлы, Әскербек Рахым­бек­ұлы, сәулетші Жандарбек Мәлі­беков, ғалымдар Сұлтан Сартаев, Бірлесбек Қаниұлы Әлияров, кинорежиссер Қалила Омаров, Әнуарбек Әуелбек сын­ды азаматтарға жазған арнаулары толықтыра түседі.

Ал, төртінші бөлім Адырбек аға жайлы шын жүректен шыққан есте­ліктермен ерек­ше­ленеді. Мұнда, әсіресе, сүйікті жары Шарипа Әбіл­қайым­қызы­­ның «Қай­сыбірін айтайын, Түс көргендей боп қалдым» тақы­рыбында жазылған естелігі Адыр­бек ағамен 60 жылдай та­­ту-тәтті өмір сүргенінің бел­гісіндей көрінеді. Оның аң­қыл­даған бала көңілі мен еш­кімді ренжітпегенін, қонақжай­лы­лы­ғын, қарапайымды­лығын, көп­шіл­дігін көз алдыңызға елес­тетеді.

Кітаптың бесінші бөлімі оның марапаттары мен суреттер­де қал­ған өмір сәттерінен тұрады.

Ақын, тарихшы этнограф, бала­лар­дың досы болып өткен Адырбек Сопыбековке осы кітап арқылы ескерткіш қойылғандай әсерге бөлендім.

Көп ақынмен жүрсемдағы

жақын боп,

Ал біразын пір тұтуға қақым жоқ.

Себебі олар жеке басын күйттейді,

Ондайларға жатпайтын тек Адырбек.

Сәл өнермен жүргендер бар

масыл боп,

Талайлардың еш еңбексіз асын жеп.

Ал балдарға өлеңімен жақын кеп,

Өтті өмірден сәби мінез Адырбек.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<