Қазақ қарғаны неге жек көреді?

874

1

Қазақ қарғаны жек көреді, әсіресе жағымсыз даусын. Қарғаның тарихы тереңде жатыр. Адам ата мен Хауа анадан туған Қабыл мен Әбілге барып тіреледі. Қабыл өлген інісі Әбілдің денесін не істерін білмей жүргенде Алла тағала өлі қарғаны көтерген қарғаны жібереді. Қарға шұңқырды қазып, өлген қарғаны көмгенін көріп, Қабыл «мен осы қарға құрлы да бола алмадым ба?» деп жылайды.

Ғалымдар ­аң-құстардың ақылдығын тек­­сергенде шим­панзе, де­ль­фин­нен кейінгі орынға қарға шыққан. Автокөлік басып кеткен жануардың өлексе денесін шоқып жеп отырған қарғалар бағдаршамның жасыл шамы жанғанда ұшып кететінін, қала тұрғындары жиі байқаған. Қарғалар ойынпаз ит пен мысықтың жынына тигенді жақсы көреді.

Ағаш бұтағына қонып отыр­ған қарғалар адамдар өтіп бара жатқанда бұтақты сілкілеп қар түсіріп ойнағанын да қала тұрғындары байқаған.

1812 жылы Мәскеуге басып кірген Наполеон Кремль мұнарасындағы кресті соғыс олжасы (трофей) ретінде Парижге алып кетпекші болғанда, қалың қарға үйірі үздіксіз қарқылдап, француз солдаттарының үстінен шыр айналып кетпеген. Бұл құбылыс­ты бақылап тұрған Наполеон жаман ырымға жорып, райынан қайтқан.

Қарға туралы қазақта мақал-мәтелдер жетіп артылады. «Қарға тамырлы қазақ», «Біздің де қолымызға қарға тышар» және «Қарғам-ау», «Қарғата­йым», «Қарғашым», «Қарға адым жер»,  «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген сөздер өмірде жиі айтылады. Қолөнерде «Қарға тұяқ» деген ою бар. Қазақта қарғалар тобымен қарқылдаса, қыста күн суық болады, қарқылдай берсе, найзағай ойнайды деген наным-сенім бар.

Қарға – киелі құс. Тәңірдің елшісі делінеді. Басқа халықтарға келсек, якут бақсылары қарғаны пір тұтады. Түркілердің жалғыз қалған баласы айдалада жұртта қалып қойғанда көкбөрі қасқырға хабар беріп, аман алып қалған қарға деп ежелгі қытай жазбаларында жазылған. Қарға – түркілер үшін қасиетті құс.

Орыс халқы қарғаның адамның тууы мен өлуін, қайғы мен қуанышты болатын үлкен өзгерісті қарқылымен айта алатынына сенеді. Орыс­тардың «Қара қарға» (Черный ворон) деген халық әні бар. Қарғаны адамдардың өлетінін біліп, төбелерінен айналып ұшады деген сенім бар. Сондықтан қарғаны «ажал құсы» деп те атайды. Сталиндік репрессия кезінде тұтқындау үшін, қара түсті «эмка»  яғни ГАЗ-М жеңіл автокөлігімен келгендіктен, халық оны «Қара құзғын» (Черный ворон) деп атап кеткен.

1982 жылы қараша айын­да Л.И.Брежневті жерлеп жат­қанда Қызыл алаңда қалың қарғалар тобы басып қалып, бас хатшымен қарқылдап қош­тасқанын орыс халқы жаман ырымға жорыған болатын. Көп ұзамай КСРО-ның іргесі сөгіліп, ақыры ыдырап кетті.

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

Пікірлер:
  • Оқырмандар үшін қызықты мəлімет екен.Бір кездері бір видео тараған еді.Қарғаның «Алла»деп қарқылдағаны.Британдық ғалымдар қарғаның өте ақылды құс екенін құмырамен су беру арқылы дəлелдеген.Ондағы суды ішу үшін резиналық заттарды салмай,керісінше,салмағы бар заттарды құмыраға салу арқылы суды ішіп тауысқан.😊Ол хабаршы құс.✔

Пікір жазыңыз