«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»

1419

0

№16 қалалық кітап­ханада  Тәуелсіз­діктің 30 жылдығына орай  «Парасат жолы» жобасы аясында «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты тәрбие сағаты өтті.

Қазақ қыз баланы «Тіршіліктің тірегі, әлем­­дегі ізгіліктің алтын діңгегі, жарық дү­ние­­дегі әдемілік пен сұлу­лықтың тәңірі» деп бағалаған. Сондықтан да қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.  Тәрбиелі, білімді, инабатты қыз – қоғамымыздың баға жетпес байлығы. Қыз – болашақ асыл жар, аяулы ана, ақылшы әже.  «Отан отбасынан басталады» десек, сол әрбір кіші отанның ұйтқысы, берекесі болатын да әйел адам.

Қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Ұлттың бо­йындағы бар жақсы қа­сиет­­терді, тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-сана­сын, дәстүрін неме­ресіне, одан шөбересіне жеткізіп, дамытушы – әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырыс­ты ынтымағын, бе­реке-бірлігін, туыстың тату­лығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана. «Ағайын тату болса, ас көп,  абысын тату болса, ас көп»  деген ұлағатты сөз осыдан туса керек.

Қазіргі кезде қыз­да­ры­мыздың бір­сыпы­расының әрекет­тері­нен ұлттық пси­хологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылып барады. Дәстүрімізде болмаған сүреңсіз жағдайлар белең алды. Соңғы кезде бала тәрбиесіне «қоғам кінәлі» деген сөз жиі айтылады. Ал осы қоғам сіз бен бізден, ата-аналар мен ұстаздардан, тәрбиешілерден құралмай ма? Қазіргі кезде тәрбиеге не әсер етуі мүмкін? Қайтсек қыздарымызға дұрыс тәрбие бере аламыз, олардың ақылды, парасатты, өнегелі болуына қалай ықпал етеміз? Міне, шара барысында осындай сұрақтар төңірегінде  ұлағатты ұстаздар  Маржан Арысбаева, Рсалды Бершиева,  «Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру ор­та­лы­ғы­ның» дәрігері Толқын Мұ­хан­бетқызы, «Сенім» емханасының мейір­бикесі Фарида Жұмағұлова, «Кәмелетке тол­мағандарды бейімдеу орталы­ғы­ның» тәрбиешісі Береке Жайлыбаева жас оқырмандарға өздерінің өмірлік тәжірибелерін бөлісті. Қыздарға зиянды әрекеттерден сақтану жолдары жайында ақыл-кеңестерін айтты.

Шынаркүл КҮЛМАҒАНБЕТОВА,

№16 кітапхана кітапханашысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<