Тапал ахуннан жеткен жәдігерлер

1502

0

Биыл облыстық тарихи-өлкетану музейі «Сыр бойындағы діни-ағартушылар мұрасын кешенді зерттеу» тақырыбында  музейлік жобаны  жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – Сыр бойындағы діни қайраткерлердің пайдаланған кітаптары мен қолжазбаларының электронды көшірмесін жинақтау, зерттеу және насихаттау.

Жұмыс барысында Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында сақталған  ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ даласындағы діни-ағартушылар арасында өзіндік орны бар тарихи тұлғалардың бірі Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадырұлы (1848-1921 жж.) мұрасының көшірмесі алынды. Тапал ахун 1848 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Бойы аласа болғандықтан ел арасында Тапал атанған. Жастайынан зеректігімен көзге түсіп, Бұқарадағы Мір-Араб медресесінде діни білім алып, елге келгеннен кейін Шіркейлі ауылында мешіт салдырып, бала оқытады. Шариғатқа сүйеніп әділ билік айтып халыққа сыйлы, елге беделді болады. Әділдігінің арқасында атағы жайылады. Тапал ахун сол кездегі қазақ даласындағы саяси оқиғаларға белсене араласып отырады. Оның дәлелі Торғай даласындағы 1916 жылы Ресей империясына қарсы ұлт азаттық көтеріліске жетекшілік еткен Амангелді Имановқа соғыстың әділдігін дәлелдеп, пәтуа бекітеді.

Қазір Тапал ахунның тікелей ұрпағы Насырадин Пахрадиновтың қолында 40-тан астам араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған сирек кездесетін кітаптар сақталған. Ел ішіндегі деректерде құнды жәдігерлердің осы уақытқа дейін сақтауына Тапал ахунның келіні Күләштің еңбегі зор екені айтылады. Музейлік жоба аясында ахунның 4 кітабының электронды көшірмесі алынды. Бұлар – ХІХ-ХХ ғасырларда Ресей, Өзбекстан, Үндістан және Мысыр елдерінің баспаханаларында жарық көрген «Фатауа Аламгир», «Салоти Масуди», «Гүлістан», «Джам’аль-уасаиль фи шарх аш-Шамаиль» атты кітаптары. Кітаптардың жалпы мазмұнын аударуға дінтанушы ғалым, Әл-Азһар университетінің түлегі Төлебай Мәлік зор үлесін қосуда.

«Фатауа Аламгир» – ислам елдерінде қосымша «Әл-Фатауа әл-Индия» деп аталады. Кітаптың негізгі мазмұнына  шариғат заңдары, жалпы этика, әскери стратегия, экономикалық саясат кірген. Тарихи деректерге сүйенсек, еңбектің шығуына Ұлы Моғол империясының VI падишахы Мұхаммед Мұхиуддин Аурангзеб Аламгир ықпал жасаған. Аурангзеб жарлығымен  ислам заң ғылымдарының 500 сарапшысын жинап, құрастырған деген деректер бар. Еңбек бастапқыда әртүрлі тілдерде 30 томды қамтыды, бірақ қазіргі басылымдарда 6 том болып басылып шықты. Көлемі 240 бет, ХІХ ғасырдың аяғында Мысырдағы «Маймана» баспасында жарияланған.  

Зерттеушілер 1658-1707 жылдар аралығында билік жүргізген Аурангзеб өте бай әрі қуатты елдің падишасы бола тұра, өте қарапайымдылығымен ерекшеленген және әлемдік сәулет өнерінің інжу-маржаны Тәж-Махалды салдырған Шах Жахан мен Мумтаз махалдың үшінші перзенті деген деректер келтіреді. «Фатауа Аламгир» бүкіл Моғол империясында сот құқығының негізі ретінде қолданылып, кейін Үндістанды отарлаған ағылшындар оны «Мұхаммедтің заңы» деп атаған.

«Салоти Масуди» – Орталық Азияда кең таралған ханафи ағымындағы барлық мұсылмандардың өміріне арналған кітап болып саналады. Кітаптың авторы ХІІІ-ХІV ғасырларға өмір сүрген ғұлама Масуд ибн Махмуд ибн Юсуф әс-Самарқанди. 1900 жылы Үндістандағы Бомбей баспасынан шыққан, көлемі 193 бет. Кітап 3 томнан тұрады, мазмұнының басым бөлігі намазға арналғандықтан 1, 2-томдарда намаз және оған қатысты мәселелер сипатталса, ал 3-томында зекет, ораза, қажылық, неке, талақ, құрбан шалу, сату, мұрагерлік, өсиет және т.б. қамтылған. «Салоти Масуди» еңбегінің құндылығы шариғат институттары мен өмірлік мәселелерге толығымен арналып, ерекше ғылыми стильде жазылған. Кітапқа 84 беделді діни басылым, белгілі 125 сахабадан жеткен хадистер, 129 имамның өсиет әңгімелері жинақталған. Масуд әс-Самарқанди әртүрлі жалған ағымдардың құқықтық мәселелерін шешу барысында өз пікірін білдірген. Осының нәтижесінде еңбек анағұрлым мазмұнды, үйренуге оңай, ғылыми тұрғыдан дәлірек құралға айналған.

«Гүлістан» – проза жанрында жазылған еңбек. Кітаптың авторы әйгілі парсы әдебиетінің классигі Муслихиддин Әбу Мұхаммед Абдуллах ибн-Мушрифаддин, Сағди Ширази (1203-1292 жж.). ХІХ ғасырдың аяғында Ташкент қаласындағы О.Порцеваның типо-литографиясынан жарыққа шыққан, 120 беттен тұрады. «Гүлістан» шығармасының жалпы мазмұны ел билеушілер мен халық бұқарасы туралы, тәлім-тәрбие, әдептілік мәселелерін қозғайтын 8 тарауды қамтиды. 1258 жылы осы шығарманы бітіргеннен кейін ақын Шираздың билеушісі Әбу Бәкр ибн Сағдиге сыйға тартады.

Академик, жазушы Садриддин Айни «Гүлістан» туралы былай деп жазады: «Сағди өз хикаяларында өзі жөнінде, достары жайында, замандастары туралы айтады. Өзі болған орындарды суреттейді, хикаяларында көптеген елдердегі ұзақ-ұзақ саяхаттардан алып қайтқан әсерлерін сәулелендіреді».  

Сағди өлеңдерін Л.Толстой да  жоғары бағалап, «Гүлістан» шығармасынан үзінділер мен афоризмдер аударған.

Қазіргі уақытта зерттеушілер Алтын Орда әдебиетінің жауһары саналатын кезеңіндегі Сайф Сарайидің атақты «Гүлстан бит-турки» атты дастаны Сағдидің «Гүлістанының» шығармашылықпен өзгертілген нұсқасы деген дәлелдер келтіреді.      

«Джам’аль-уасаиль фи шарх аш-Шамаиль» – Имам Әбу Иса ат-Тирмизидің «әш-Шамайл әл-Мұхаммадия» атты хадистер жинағына түсініктеме. Авторы Нұриддин Әбу-Хасан Әли ибн Сұлтан Мұхаммед әл-Қари әл-Харауи әл-Мәкки әл-Ханафи (1524-1605 жж.). Ислам әлемінде Шейх Әли әл-Қари деп аталған. Хадистер жинағы 2 том, 63 бөлімнен тұрады  (Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өмір сүрген жасына байланысты). Жалпы мазмұнында Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) өмірі мен сипаты баяндалған. Көлемі 247 бет, ХІХ ғасырдың аяғында Мысырдың әл-Халаби баспасында жарық көрген. Тарихи деректерге сүйенсек ислам ғұламасы, заңгер, мұхаддис Шейх Әли әл-Қари 1524 жылы Герат қаласында дүниеге келген. Жастайынан діни білім алады. Атақты Шейх Муинуддин оған Құран Кәрімді көркем әрі дұрыс оқуды үйреткен. Осы білімі мен біліктілігінің арқасында имам болып, ислам ғылымдарының дамуына орасан зор үлес қосып, үлкен беделге ие болады. Шейх Әли әл-Қари исламның ханафи ағымын ұстанды. 1605 жылы Мекке қаласында дүниеден өткен.

Қазір Тапал ахун пайдаланған кітаптар Шіркейлі ауылдық кітапханасының меңгерушісі Ләззат Әбдіраймованың бастамасымен кітапханаға қойылып жұрт назарына ұсынылған.

Аталған жоба аясында Сыр бойындағы діни ағартушылар мұрасының сыры ашылары анық.

А.САЙЛАУ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<