Минометші майдангер

866

0

1944 жылдың қазан айы. Екінші Украин майданының 254 минометтік полкі 1-дивизияның 3-батареясы Маам деревнясының аумағында жау қоршауына түседі. Жау әскері батареяның атыс позицияларына қарсы шабуыл жасайды. Сын сағатта минометші қазақ жауынгері Мақат Жақыпов мылтық пен пулеметтен жауған оққа қарамастан, миналар таусылғанша минометтен жауды атқылайды. Осыдан кейін бір өзі 4 жау солдатын жойып, жеке қаруымен ұрысты жалғастырады.

Майдангер туралы бұл деректі немересі Берік Жақыпов түрлі мекемелерге сұраныс жіберіп, мұрағат деректерінен тапқан екен.

2 Украинский фронт

Приказ №011/н

по 254 минометному полку 27 минометной Ленинградской бригады 2-го Украинского фронта 5 ноября 1944 г. от имени Президиума Верховного Совета Союза ССР

НАГРАЖДАЮ

медалью «За Боевые заслуги» рядового Якуба Махата Якубовича номера миномета 3 батареи 1 дивизиона.

14.10.1944 г. в районе дер. Маа­ма противник окружил и контратаковал огневые позиции батареи, тов. Якуба не смотря на сильный ружейно пулеметный огонь противника продолжал находиться у миномета до тех пор, пока были израсходованы мины. После этого Якуба продолжал поражать противника из личного оружия уничтожив лично 4-х мадьяр.

1896 г. рождения, казах,

б/партийный. В Красной Армии с 1941 г. призван

Сырдарьинской РВК.

5 ноября 1944г. Командир 254 минометного полка / Комиссаров

– Начальник штаба полка

капитан /Пирогов/

* * *

Минометші Мақат Жақыпов осындай ерлік көрсетіп, «Жауын­герлік еңбегі үшін» медалімен мара­патталған. Одан басқа да соғыста ерлік көрсеткені үшін И.Сталин қол қойған бір бума алғыс қа­ғаздары бар еді, таба алмай қалдық. Ол 1896 жылы туған. 1941 жылы Қызыл армия қатарына алынып, соғысқа шақырылғанда 45 жаста екен.

Соғыстан аман-есен оралып, ауылдағы колхоз жұмысына белсене араласты. Ол кезде ауыл­ша­руашылық техникасы жоқтың қасы. Егін үшін жерді қолмен ашып, атыз соғып, тұқым сеуіп, уақытылы суарып, арам шөптен арылту керек. Піскен соң қолмен орып, қырманға тасиды. Қырманда бастыру, бастырылған дәнді тазарту, дайын болған соң арнаулы пунктке тасу тағы бар. Үлкендер «мөңкітке тасу» дейтін. Осы жұмыстардың басы-қасында пар өгіз жегілген арбамен Мақат ата жүретін. Пар өгізді күтуге, арбаны жақсы жағдайда ұстауға көп көңіл бөлетін.

Отан соғысына дейін де, кезінде де, кейін де колхоздағы егінді суару үшін колхозшылар сағасын Сырдариядан алып, қыс айларында дала қосында жатып канал қазатын. Оның ішінде әйел колхозшылар да болды. Мақат ата колхоздың белді мүшесі еді.

Ол кезде Сырдарияда су көп. Егін алыс та болса су баратын жерге егілетін. Колхозшылар таңның атысы мен күннің батысына дейін жұмыс істейді. Сағатқа қарау, демалыс күн деген жоқ. Кейіннен совхоз құрылды. Сол кезде аптасына бір күн демалыс бергенде бір қарт колхозшы «Демалыс күн деген немене? Далада жұмыс бітпей жатқанда не қылған демалыс?» деп қарсылық білдірген екен.

Мақат ата колхоздың, совхоз­дың жұмысында жүргенде қолы қалт етсе, әсіресе, қыс айларында ауылдан жырақ жерге барып қақпан, тұзақ құратын. Қақпаны, тұзағы майланса отбасына күн­көріс болады. Елдің іші әлі соғыс­тың зардабынан есін жия алмай жатқан уақыт. Ішіп-жем аз, киім-кешек жүдеу. Сонда да Мақат ата сасқан жоқ. Жары Патшагүл Өмірзаққызымен бірге бес баласын асырап бақты, оқытты. Ұрпағын қазақи рухта тәрбиеледі. Ол кісі ешқашан намазын қаза қылып көрмеген жан еді. Тіпті майданда жүргенде де құлшылығын үзбеген. Бүгінде ұрпақтары еңбекте ата жолын жалғастыруда.

Қазір Мақат ата өмір сүрген жер Сырдария ауданының Аман­келді ауылы деп аталады. Ол кісі Кеңес үкіметі құрылғанда 21 жастағы жігіт екен. Колхозда еңбек етіп, одан Отан соғысына қатысып, ерлік көрсетті. Одан аман-есен оралып, колхоз-совхозда жұмысын жалғастырды. Елдің жақсы өмір сүруі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет еткен ол 1975 жылы 5 қыркүйекте өмірден өтті.

Мақат ата сияқты ардагерлер Аманкелді ауылында аз емес. Ауылға кіргенде Қостоған деген жер бар. Бұрынырақта елді мекен болған. Қызылорда қаласына баратын да, қайтатын да көліктер қазірге дейін сол жерден өтеді. Бір кездері колхозшы әрі майдангер ескерткіші бар-тын. Иығына салған кетпені еңбек майданының алыбы етіп көрсететін ер адамның тұтас тұлғасы сомдалған мүсін жоқ болып кетті. Дерегін тауып, ескерткішті қайта орнатса, Отан қорғауда, бейбіт заманда болашақ үшін жанкешті еңбек сіңірген Мақат ата тәрізді азаматтар жас ұрпақ жадында мәңгі сақталар еді.

Әсия ӘБІШЕВА,

ұстаз, еңбек және тыл ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<