Сейітжан қари мешіті

144

0

Өткен жылдың мамыр айында Шымкент қаласында «Сейітжан қари Есжанұлы» атындағы мешіттің ашылуына куәгер болғанымыз бар. Сол іс-шараға келген адамдардың саны соншалықты көп болғандықтан «жақсыны көрмек үшін» деп кейінірек, қазан айында арнайы баруға тура келді. Сол сапарда Қ.Қайруллаев, М.Тілеулиев, М.Мұратбекұлы және бірқатар аға буын өкілдері бірге болған едік.

Мешіт қаланың жаңа әкімшілік іскерлік орталығында бой көтерген. Салынып жатқан жаңа ғимараттармен үйлесім тапқан сыңайлы.

Мешітке келуші жамағат үшін барлық мүмкіндік жасалған. Бас кіреберісінің аумағы 540 шаршы метр, күмбез диаметрі 16 метр, жоғарғы нүктесі 32 метр көрінеді. Ерлерге арналған 4000 орындық мінәжат ету орнының аумағы 2247,2 шаршы метр. Күмбез диаметрі 43, жоғарғы нүктесі 49 метр. Әйелдерге арналған мінәжат ету орнының аумағы 433 шаршы метр делінген. Мұнда 1100 орындық конгресс холл, 100 орындық неке қию сарайы, ислам тарихының мұражайы, әйелдерге арналған оқу орны, медресе, кітап оқитын залы бар кітапханалар орналасқан. Сонымен қатар, әкімшілік бөлімше, телеорталық пен 600 орындық асхана қарастырылған. Үш деңгейлі жерасты паркингі, жылжымалы баспалдақ және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паркинг те салынған.

Намазға адамдар төменде орналасқан дәрет алу бөлмелері мен гардеробта болып, жылжымалы баспалдақ арқылы жоғарғы қабатқа көтеріледі екен. Мешіттің дәл ортасында тұрған күмбездің диаметрі 45 метр биіктігі 25 метр боп белгіленген.

Әр бөлме, әртүрлі бояулармен бір-біріне ұқсамайтын аспа жарық шамдармен әшекейленген. Қабырғаларында алтын әріппен қасиетті сөздер жазылған. Ислам мәдениетіндегі ою-өрнек нақыштар, эстетикалық элементтер ғана емес, маңызды философиялық мән бар. Мешіттің аспалы шамдары тек жарық түсіретін элемент қана емес, ол жалпы интерьермен үйлесіп, ыңғайлы орта құрып, ғимараттың сипаты мен жазбаларын, түсін, ішкі көлемі мен алыптығын айғақтап тұрғандай. Бір сөзбен айтқанда, мешіттің іші ғажайып көріністерге толы.

«Сейітжан қари Есжанұлы» мешіті тек классикалық ислам стилінде ғана емес, қазақ ұлттық құндылықтарымыздың бояуымен айшықталған. Мешітке бірден 12 мыңға жуық мінәжат етушілердің сыю мүмкіндігі бар, ал кіреберіс алаңы 10 мыңға жуық келушілерге есептелген. Ауа райының қолайсыздығы бола қалса, автоматты түрде ашылатын қолшатырлар жүйесі де қарастырылған.

Мешітті желдету үшін дезинфекциялық және салқындату, қыста жылыту жабдығы арқылы өтетін табиғи ағынды ауа қолданылады. Кешенді субұрқақтар каскадтармен кезектесетін жасыл желек қоршап тұр. Мешіттің барлық көлемін қоса алғанда 12 гектар. Құрылысты «Мұнай құрылыс сервис» ЖШС еншілес компаниясы жүргізген. Құрылыс алаңы 47000 шаршы метр, сисметикалық төзімділігі 7-9 балл көрінеді. Ғимараттың 67000 шаршы метрі ақ мәрмәрмен, ал 54000 шаршы метрі гранитпен көмкерілген, мәрмәрді Түркия мен Грециядан алдырған. Мешіттің 63 метрге жететін төрт мұнарасы, үш күмбезі бар, бас күмбездің биіктігі, ішкі жағынан есептегенде 56 метрді құрайды. Мұндағы ғажайып көріністерден рухани түсініктердің пайда болатыны сөзсіз. Мешіт Шымкент қаласына келетін туристер мен қонақтар үшін мәдени және рухани орталық болатыны сөзсіз.

Жасыратыны жоқ, мемлекет пен діннің арасына сына қағушылар, бір-біріне қарсы қойғысы келетін пиғылдар да болғанын өткен уақыттың еншісінен білеміз.

Өкінішке орай ХХІ ғасырда да Ислам дінінде де әртүрлі ағымдар пайда болып, азғындыққа жол тауып, қасиетсіздік орын алып, мұсылмандықтан алшақтап өз арам пиғылдарын бастап жүргендер табылатыны жасырын емес. Иә, өмір кейде өзенге телінеді. Ал өзеннің бірқалыпты ақпайтыны белгілі. Осы өркениетіміз адасып бара жатқан жоқ па деген сұрақ та жоқ емес.

«Сейітжан қари Есжанұлы» атындағы үлкен мешіт жобасының авторы және құрылыстың идеясын ұсынушы – «Саут-Ойл» компаниясының басшысы Серікжан Сейітжанұлы. Ол мешітті жобалау кезінде жұмыс тобымен Абу-Даби қаласындағы әлемдік үштікке кіретін Шейх-Заид мешітіне барып, мұқият зерттеген көрінеді.

Бұл Серікжан Сейітжанұлы салдырған бір ғана алып ғимарат құрылысы емес. Солардың қатарында инвестиция салған Шымкент медицина академиясының материалдық-техникалық базасын кеңейту мақсатында бір ауысымда 1000 келушіге арналған, 800 төсек- орындық «Көпбейінді аурухана» орталығының құрылысы аяқталуға жақын қалыпты.

Ежелден келе жатқан дәстүріміз ата-бабаны қадірлеу, қастерлеу, ұлағаттау. Біз сол сапарда осындай игі істің куәсі болып қайттық.

Тұрғанбай МАХАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<