Тәуелсіздік: 1999-2000 жылдар

1417

0

Ел Тәуелсіздігінің тарихи шежіресіне көз жүгіртсек, әр жыл бір-біріне ұқсамайтын, айрықша өзгерістерге толы. Әр күн, әр сәт ерекшелігі аса маңызды оқиғалармен айшықталған. Солардың қатарында 1999 жылдың өз ерекшелігі бар.

«Ұрпақтар бірлестігі мен сабақтастығы жылы» аталған уақытта елеулі тарихи оқиға, әрине, Қазақстан Республикасы Президентін сайлау  болды. 1999 жылдың 10 қаңтарында мерзімінен бұрын болған сайлауға қатысқан дауыс берушілердің 79,78%-і Нұрсұлтан Назарбаевты қолдады. Осындай жауапты кезеңде Сыр елінің жұртшылығы да өз таңдауын жасады. Сайлаушылар тізіміне енгізілген тұрғындардың 95,13 проценті сайлауға қатысып, 81%-тен астамы өз дауыстарын Елбасына берді.

Ал сайлаудан бір аптадай уақыт өткен соң, 19 қаңтар күні ҚР Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың негізінде «Отан» партиясы құрылды. Осы күні партияның құрылтай съезі өткізіліп, 12 ақпанда тіркеуден өтті.  22 қаңтарда Мемлекет басшысы ҚР Үкіметінің құрылымы туралы Қаулы қабылдады. Ол бойынша Үкімет 1 кеңсе, 14 министрлік және 9 агенттіктен құрылды.

Осы жылы Тәуелсіздіктен кейін алғаш рет Ұлттық Халық санағы өтті. Бүкілхалықтық санақтың алғашқы күні – 25 ақпанда Президент Н.Назарбаев бірінші нөмірлі санақ парақшасын толтыру үшін Астана қалалық статистика басқармасының бастығы Әнуарбек Дәуренбековтің сұрағына жауап берді. Ақпан-наурыз айларында өткен санақ барысында халық саны 14 млн 652,7 мың адамға жетсе, ондағы қазақ ұлты 53,4% құрады. Бұл – шын мәнінде егемен елдің зор жетістігі. Сондай-ақ 1 наурызда Қазақстандағы КСРО символикасы бар төлқұжаттарды Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарына алмастыру үдерісі аяқталды.

Бұл кезеңде 90-жылдар басындағы экономикалық қиындықтар артта қалды дегенмен, әлі де болса жағдай толыққанды оңалып кеткен жоқ. Орталықтың көмегіне зәру аймақтар қатарынан шығу мақсатында облыс басшылығы өңірдің өзін-өзі қаржыландыруы бағытында жұмыс жүргізген кезеңі де осы жылдың еншісінде. Осы бағыттағы жұмыс нәтижесіз қалған жоқ. Бұған дейін алып келген 70% субвенцияны 30% деңгейге төмендетуге қол жетті. Оған, әрине, бірінші кезекте арнайы экономикалық аймақтың құрылуы мен өңірде өндіріліп жатқан мұнай көлемінің 4 млн тоннаға жетуі тікелей әсер еткені сөзсіз.

Қазақстандықтар теңгенің девальвациясы туралы алғаш рет 1999 жылы білді. Біліп қана қойған жоқ, оны сезінді. Сәуір айының басында Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банктің теңгенің еркін бағамын енгізу туралы мәлімдемесінен кейін доллардың айырбас бағасы 88  теңгеден 160 теңгеге бірден көтеріліп шыға келді.  Соның әсерінен базарлар мен сауда орындарындағы баға әжептәуір өсті. Жергілікті жерде бағаны ауыздықтауға қатысты арнайы құрылған топтар жұмыс жүргізді. Олар негізсіз көтерілген бағаның себептерін анықтап, тежеуге тырысты. Мысалы, Монополияға қарсы комитеттің жергілікті құрылымы мамандары, Қызылорда қалалық әкімдігі «Қант орталығы» өкілдігі мен Атыраудың біздің қаламызда май босататын орындары бағаны асырып қойғанын анықтап, осы бағытта тиімді жұмыстар жүргізген. Бұл туралы «Сыр бойында» жарияланған «Өнім бағалары бақылауда» деген мақалада көрсетілген.

Алғашқы  девальвацияның себептерін Ұлттық банк мұнай бағасының төмендеуі, 1997-1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысы, 1998 жылғы Ресей дағдарысымен байланыстырды.  Тамыз айында валюта бағамы 130 теңгеге дейін төмендеді.

ҰБТ-ның алғышарты 1999-да көрініс тапты. Нақтысы, жаңа заңға сәйкес мектеп бітіруші түлек енді тегін оқығысы келсе, грант ұтып алуы керек. Болмаса кредит алып, университетке түседі.

Жас әншілердің бірінші рет ұйымдастырылған «Жас қанат» байқауында бәсекеге түсуге 180 орындаушы талап қылып, одан 16 үміткер сұрыпталды. Нәтижесінде жерлесіміз Мәдина Сәдуақасова «Жас қанаттың» бірінші жүлдесін жеңіп алды. «Ұрпақтар бірлестігі мен сабақтастығы жылы» аясында облыстық кітапханаға ақын Әбділда Тәжібаевтың есімі берілді.

Елімізде мұнай өндіріле бастауына 100 жыл толуына орай Мұнайшылар мерекесі Сыр елінде де жоғары деңгейде аталып өтті. Облыс орталығында  мұнайшылар спартакиадасы ұйымдастырылып, «Ақмешіт» шағын ауданында «Мұнайшылар даңғылы» ашылды. Орталық алаңда театрландырылған көріністер соңы мерекелік концертке ұласты.

Осы жылдың соңында, атап айтқанда, 28 желтоқсанда Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2000 жыл – «Мәдениетті қолдау жылы» болып жарияланды. Жалпы 2000 жыл ХХ ғасырдың және екінші мыңжылдықтың соңғы жылы болып саналса да, барша әлем оны үшінші мыңжылдықтың, жаңа дәуірдің басы деп қабылдап, көтеріңкі көңіл-күймен алға қадам басып, жақсылықтан үміт күтті.

Қазақстан Тәуелсіздіктің тоғызыншы жылын жаңа ғасыр табалдырығын жаңарған мемлекет ретінде аттады. Алдағы уақытта серпінді даму үдерісі басталды. Көптеген халықаралық келісімдер мен мемлекеттік маңызы жоғары заң құжаттарына қол қойылды. Тұжырымдамалық түрде «Жер туралы» заң жобасы қабылданды. Заң жобасының негізгі қағидасы мен ерекшелігі – жерді Конституцияға сай ұзақмерзімді жалға беру құқығымен мемлекеттік меншік мәртебесін бекіту. Жерді жалға беру уақыты 99 жылдан 47 жылға төмендетілді. Сонымен қатар еліміз шекаралас мемлекеттермен аумақтық мәселелерін конструктивті шешу жолында айтарлықтай іс-шаралар атқарды.

Алғаш рет гендерлік саясат мәселелері талқыға түсті. Бірқатар жоғары оқу орындарында гендерлік саясат курстары енгізіле бастады. Айналадағы геосаяси өзгерістер мен экстремизмнің өріс алуы, әскери конфликттердің эскалациясына байланысты ҚР Президентінің Жарлығымен республиканың Әскери доктринасы бекітілді. Маңызды бастама ретінде Семей полигонында ядролық сынақтарға арналған соңғы ойпанның жойылуын айтуға болады. Республикада саяси, сондай-ақ экономикалық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктеріне қатысты мәселелердің кең ауқымы қамтылды.

2000 жылы атқарылған істер шын мәнінде, тәуелсіз елдің мәдениет саласын түбегейлі жаңа сапаға көтеруге, сол арқылы отандық мәдениеттің тың тынысын ашуға септігін тигізгені айқын. Соның арқасында елдегі мәдениет мекемелерінің жүйесі кеңейді. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар еңсеріле бастағанда қазақ жұрты руханиятқа назар аударып, өзінің осы жолдағы кем-кетігін түзеді.

Жаңа ғасыр табалдырығын аттағанда бұған дейінгі экономикалық дағдарыс кезіндегі олқылықтарды жоюға күш жұмылып, қиын-қыстау кезеңде жабылған музейлерді, кітапханалар мен мәдениет сарайларын қайта ашу қолға алына бастады. Атап айтқанда, республика көлемінде 468 кітапхана, 239 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан 5 театр ашылды. Елордада К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, Президент мәдени орталығы, Мемлекеттік музей ашылып, бұл да елдің рухани-мәдени өміріне айтарлықтай сапалық өзгеріс әкелді.

Мәдениет жылындағы шаралар республикалық ғана емес, халықаралық деңгейден де көрініс тапты. Мәселен, осы жылы тұтастай түркі жұртының бесігіне айналған шежірелі Түркістан қаласының 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар түркі мемлекеттерінің басшылары да түгел қатысты. Осы той қарсаңында ағайындық парызына адал қызылордалықтар молшылық керуенін ұйымдастырған болатын. Сыр елі атынан 40 тонна ақ күріш пен Арал балығы Түркістанға тарту етілді.

Осы жылғы «Сыр бойы» газетінің тігіндісін парақтап отырып, облыста Мәдениетті қолдау жылы аясында бірқатар мәдени шаралар болып өткенін білдік. Облыс орталығында аймақтық ақындар айтысы өтті. «Ғасыр айтысында» бас бәйгені Әбілқайыр Сыздықов иеленді. Тұңғыш рет классикалық әндер байқауы өткізілді. Жастар «Тұңғыш Астана кубогын» сарапқа салған республикалық КВН ойындарының фестивалін тамашалады. Қазалыда «Бабалар рухына тағзым» атты тарихи-танымдық және мәдени мерекелік шара ұйымдастырылды. Онда Мүсірәлі бабаның ескерткіш кесенесі ашылып, Асандар көтерілісі құрбандарының құрметіне ескерткіші белгі, Әйтеке би ескерткіші қойылды. Қорқыт ата мемориалдық кешені жанынан Қорқыт ата музейі ашылды.

Осыған дейінгі экономикалық қиындықтар еңсеріліп, ол жаңа ғасырда мәдениет пен білім саласын жаңғыртуға үлкен септік жасады. Республиканың мұнайдан түсетін табысы осы кезеңде күрт көтеріле бастады. Ресми статистикаға үңілсек, елімізде 2000 жылы 35 миллион тонна шикі мұнай өндірілген. Сол жылғы экспорт көлемі 4,2 миллиард АҚШ долларына тең болды. Салыстырмалы түрде қарағанда, 1995 жылы бұл көрсеткіштер 23 миллион тонна және 0,7 миллиард АҚШ долларына тең келген еді.

Расында, экономикалық дағдарыс еңсеріле бастаған осы жылы негізгі мәселе мұнайды сатудан түсетін табыстың көлемі емес, оның тұрақты өсу динамикасы болатын. Өйткені мұндай «пайданың» үрдісі сол кездері «мұнай доллары» ауруынан  пайда болатын «экономиканы ентіктіру» секілді проблемаларды туындатқан. Сондықтан, осындай проблемалардан құтылу үшін «қара алтынды» молынан өндіре бастаған осы жылы 23 тамызда  Қазақстанның Ұлттық мұнай қоры құрылды.

Жас Қазақстанның атын да, атағын да әлемге танытқан спорттағы жетістіктің негізгісі – ХХVІІ Сидней Олимпиадасы. Осы Олимпиадада Қазақстанның Туы әлемдік додада жоғары көтеріліп, боксшылар Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов, желаяқ қыз Ольга Шишигинаның арқасында Әнұранымыз Сидней аспанында шырқалды.

Екінші мыңжылдықты еңсерген адамзат баласының алдында ұлы өзгерістер күтіп тұрды. Оның барлығын сол әлемнің бір бөлшегі – Қазақстан да сезінді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<