Тәуелсіздік: 2007-2008 жылдар

709

0

2007 жылы ел экономикасының тұрақтылығы сыннан өтті. Жыл басынан жаңа Үкімет жасақталып, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің командасы іске кіріскен еді.

Қаңтардың 12-сі күніндегі ал­ғашқы отырысында-ақ Үкімет әкімшілік реформаны жалғастыру, бюджеттік жоспарлау мен бюд­жет­аралық қатынастарды жетіл­діру, өңірлерді дамыту, бәсе­ке­­лес­тікті қорғау мен дамыту, тұр­­ғын үй құрылысын дамыту, инфра­­құрылымды басқару жүйесін жетіл­діру, аграрлық саланы, мемле­кеттік тілді дамыту сынды сегіз бағыт бойынша жұмыс істеді. 2007 жыл­дың екінші жарты жылдығында әлем елдерінің басым бөлігінде орын алған азық-түлік тапшылығы Қазақ­станның нарығына да тікелей әсер еткенімен, ұлттық экономика шат­қаяқтап, тұралап қалудан аман шықты. Бұған, ең алдымен, Үкіметтің сол дағдарыстардың қарқындауына жол бермей, олардың салдарын жою үшін дер кезінде қолға алған шара­лары себепкер болды. Оған қоса, эко­­номиканы әртараптандыруға тың серпін беретін «Қазақстанның 30 кор­поративтік көшбасшысы» мем­­­ле­­кеттік бағдарламасы қабыл­дан­ды. Бағдарлама аясында елі­міз­­­дің әр өңірлерінен экономиканы алға сүйрейтін серпінді жо­ба­­­­лар сұрыпталып, экономиканы ілге­­рілетуші жобалардың құрылысы басталып та кетті. Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, республикада үш жылдың ішінде салынуы тиіс 100 мектеп пен 100 аурухананың алғашқыларының іргетасын қалау жұмыстары да осы жылы басталды.

Елде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардан Сыр өңірі де тыс қалған жоқ. Облысқа тән негізгі төрт мәселе, атап айтқанда, жылда болатын су тасқыны, тұрғындарды газбен, сапалы ауызсумен және үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету маңызды болды. Сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің өңірге кезекті жұмыс сапарында аталған мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдары талқыланды. Бұл мәселелер бұдан бірнеше жыл бұрын да айтылып, қолға алынғанымен тиянақты жүзеге асырылмай келе жатқан-ды.

Осы жылы Қызылорда облысын басқаруға Мұхтар Құл-Мұхаммед келді. Сырдария өзенінің тасуынан туындаған төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға Үкімет резервінен 927 200 000 теңге бөлінді. Өзен жылда тасыса да, дәл мұндай мол қаржы ешқашан бөлініп көрмеген еді. Наурыз мерекесі қарсаңында Сырдария ауданы Бесарық ауылында жаңа білім ошағы ел игілігіне берілді.  Жобалық құны 191,7 млн теңгені құрайтын жаңа мектеп 475 оқушыға арналған. Салтанатқа қатысқан облыс әкімі жыл аяғына дейін сегіз жаңа білім ошағының ашылатынын айтты.

Сол жылдың қысында су тасқынынан зардап шеккен  саяжай тұрғындары қауіпсіз жерге, яғни, жаңа қонысқа көшірілді. Қала іргесінен орын тепкен саяжай кешені халықтың жүрегіне жақын  «Наурыз» атауына ие болды. Ал сәуір айында саяжай кешенінің тұсауы кесілді.

«Таза ауызсу – денсаулық кепілі» екені белгілі. Жоғарыда аймақтағы айтулы мәселенің бірі – таза ауызсумен қамтамасыз ету екенін айттық. Осы орайда  2007-2010 жылдарға арналған облыстың елді мекендерін сапалы ауыз­сумен қамтамасыз ету бағдарламасы әзірленіп, жүйелі жұмыстар атқарылды.

Экономикамен қоса саясаттағы жаңғырулар да осы жылдың еншісінде. Атап айтқанда, Елбасының тікелей бастамасымен Ата заңға Қазақстанның бұдан былайғы даму бағытын нақты айқындап берген түзетулер енгізіліп, 2007 жыл Қазақстан демократиясы үшін тарихи жыл болды. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрынғы Ата заңымыз бойынша Мемлекет басшысының құзы­рында болып келген бірқатар өкілеттіктер Парламентке беріліп, заң шығарушы органның өкілеттілігі кеңейді. Іс жүзінде Қазақстан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Парламент депутаттарының саны 38 адамға ұлғайып, 154-ке жетті. Осыған орай жаңа құқықтық алаңда қызмет ету үшін Мәжіліс өзін-өзі тарқатып, сайлау өткізді.

18 тамызда Парламент Мәжілісі депутат­тарының сайлауы тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өтті. Сайлау Сыр елінде заң талаптары сақтала отырып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қызылорда облысы республикада көш­бас­шылар легінде болды. Облыс тарихында тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет Қы­зылордада туып-өскен, білім алған азамат­тар, атап айтқанда, Құттықожа Ыдырысов, Мұрат Әбенов, Қылышбай Бисенов, Жақып Асанов және Сейітсұлтан Әйімбетов сайланды. Жалпы сайлаудың қорытындысы бойынша сайлаушылардың 88 проценттен астам дауысын алған «Нұр Отан» партиясы жеңіске жетті. Қалған партиялар заңда белгіленген 7 проценттік межені еңсере алмады. Сөйтіп заңға сәйкес, Мәжілістегі 98 орынды «Нұр Отан» партиясының мүшелері иеленді.

Осы жылдың тамызында Сыр елінде тұңғыш халықаралық ат бәйгесі өтті. Бәйгені «Нұр Отан» партиясы мен облыстық ат спорты федерациясы ұйымдастырды. Жер-жерден жиналған кіл өрен жүйріктер тобын Сыр елінің атағын аспандатқан «Гауһартас» бастап жүрді. Бәйгеге республиканың түкпір-түкпі­рінен, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден шашасына шаң жұқпас тұлпарлар келді. Жүлдеге шетелдік «Джип» автокөлігі бастаған тоғыз темір тұлпардың тігілуі бұрын-соңды болмаған ерекшелік еді.

Жалпы 2007 жылы «Білім туралы»  Заң, Ғылымды дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы, Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жарияланды.

2007 жылы сезіле бастаған жаһан­дық дағдарыс салқыны 2008 жылы әлемдік мәселеге айналып шыға келді. Қаржылық-кредиттік құлдыраудың азық-түлік тапшылығына ұласып кетуі жұртшылықты біраз әуреге салды.

Президент тапсырмасы бойынша дағдарысқа  қарсы «Жол картасы» бағдар­ламасы қабылданып, жұмыс­сыздық пен қымбатшылыққа тосқауыл болар тетік қосылды. Билік жұмыссыздар санын уақытша жұмыс орындарын құру арқы­лы азайтып, индустриялы жобалар­ды енгізу арқылы жаңа жұмыс орындарын шапшаңдатып ашуға бел буды. Президент шұғыл шешім қабылдап, осы уақытқа дейін жеке-дара қызмет істеп келген мемлекеттік екі холдингті біріктіріп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын құрды. Бұндай шешімнің маңызы зор болатын. Өйткені, қор қысқа мерзім ішінде әлсіреп қалған екінші деңгейдегі банктердің басқару пакеті акцияларын иемденіп, сыртқы қарыздарды қайта құрылымдаумен, ішкі «қайтарылмайтын несие» атты ауыр жүкті өз мойнына алумен тікелей айналысып, нәтижесінде жекеменшік қаржы жүйесіне айтарлықтай демеу жасай алды. Кейіннен «Самұрық-Қазынаның» банктерді қолдауы арқылы дағдарыс бастауында қаңтарылған құрылыстарға жан бітті. Осындай тиянақты ұстаным арқасында дағдарыстың бетін қайтарып, «Жол картасы» атты тәжірибелер уақытшадан ұзақ мерзімге қарай ойыса бастады. Тұтастай алғанда жаһандық қаржы қыспағына түскенімен, Қазақстан үшін 2008 жыл  сәтті болды.

Облыста да ауқымды жұмыстар атқа­рылып жатты. Әсіресе, қаланы көркейту-көгалдандыруға көңіл бөлінді. Осы бағытта Тұңғыш Президент атындағы саябақтың құрылысы жүріп жатты. Ондағы жұмыстарды облыс әкімінің өзі қадағалап отырды. «Былтыр бұл жер су басқан аймақ болатын. Топан судан кейін көріксіз күйге түсті. Біз халық алдында уәде бердік. «Ешкім өтемақысыз қалмайды, тиісті көмек көрсетеміз» дедік. Сол уәдемізді орындадық. Осы маңнан екі шақырым жерден «Наурыз» саяжайы  бойы түзеді. Ал бұл жерде Бірінші Президент атындағы үлкен ұлттық парк болады деп айтқан едік. Қыс бойы дайындық шаралары жасалды. Көктемнің алғашқы күнінде міне, парктің іргетасын қалап, талдарын ектік»,– деді облыс әкімі.

Осы жылы «Көксарай» су қоймасын салу мәселесі қайта көтерілді. Үкімет үйінде  Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің оңтүстігінде су қоймасын салу мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді.  Онда тараптардың дәлелдерін тыңдаған Елбасы ұзаққа созылған даудың нүктесін қойды. «Үлкен шығындарға барып, жаңа су қоймасын салу – бұл оңай шешім емес. Бірақ та бізде басқа таңдау жоқ. Сондықтан мәселені түпкілікті шешейік – «Көксарайды» салатын боламыз. Бұл мәселен, Батыс Қазақстанның оңтүстігіне  тартылатын газ құбыры секілді нысан – ол пайда әкелмейді, бірақ көптеген проблемаларды шешуге көмектеседі», – деп қорытындылады Президент.

 12  мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылор­даға келді. Елбасы Сыр елінде әлеуметтік-эко­номика салаларында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысты және облыстың жаңа әкімін тағайындады. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің орнына Болатбек Қуандықов Қызылорда облысы әкімі лауазымына кірісті.

Осы жылы Қазақстанға этникалық отандастарымыздың көшіп келу квотасы туралы  Президент Жарлығы шықты. Сонымен қатар,  Елбасының қатысуымен  Елордада «Жас Отан» Жастар қанатының І съезі өтті.

Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде жаңа мейрам – 6 шілде  – Астана күні тарихқа енді. Елбасы осы Астана күні мерекесі қарсаңында елімізге келген шет мемлекеттер Президенттерімен екіжақты кездесу өткізді. Астананың онжылдығы кең көлемде аталып өтілді. Әр өңір тарту жасады.  Атаулы күнде Сыр бойының тартуы – «Қорқыт-қобыз» скверінің ашылу сал­­танаты өтті. Сондай-ақ, мереке аясында елордадағы «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты болып өтті. Идеяның не­гізгі авторы – Елбасы Н.Назарбаев. Мо­ну­менттің биіктігі – 91метр. Бүгінде бұл монумент қалаға айрықша көрік беріп тұр.

ҚХР астанасы Бейжіңде 29 жазғы Олимпиада ойындары өтті. Төрт­жыл­дық­тың ең басты спорттық жары­сының ресми ашылу салтанатына әлемнің 80-нен астам елінің мемлекет және үкімет бас­шылары қатысты. Олардың ішінде Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар. Жалпы Бейжің Олимпиадасына әлемнің 200-ден астам елінен 11 мыңға жуық спортшы қатысты. Олимпиада ойындарында 41 спорт түрінен 302 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бейжіңде өткен ойындарда қазақстандық спортшылар спорттың 6 түрінен 13 медаль иеленді. Сыр өңірінен 11 спортшы қатысты. Соның ішінде ауыр атлет Илья Ильин чемпион атанып, ел абыройын асқақтатқаны күні кешегідей көз алдымызда.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<