Тәуелсіздік: 2013-2014 жылдар

626

0

Бұл кезеңде облысқа белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев басшылық жасады.

Аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің 93,4 проценті мұнай және уран өндірісіне тиесілі. Алайда, жыл сайын мұнай өндірудің көлемі 2-3 процентке төмендеп келеді. Бұл жағдай мұнай мен газдың жаңа қорларын іздестіріп, барлау жұмыстарын жалғастыра беруді талап етті.

Сондықтан облыс экономикасын дамытудағы басым бағыт ретінде өңдеу өнеркәсібі айқындалды. 2013 жылы аталған саладағы өндіріс көлемінің өсімі 19 проценттен асты.

Облыс тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мәселесі көп жылдан бері көтеріліп келеді. Бұл – өте маңызды түйткіл. Оны шешу де оңай емес. Өйткені газ тарту көп қаражатты қажет етеді.

2013 жыл басында облыс әкімдігі күрделі мәселені шешуді қолға алып, «ҚазТрансГаз» АҚ мен оның еншілес ұйымы «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесімен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, аймақты газдандыруға байланысты ауқымды жұмыстар басталып кетті. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырынан Қызылорда қаласына дейін 23 шақырымнан асатын жоғарғы қысымды газ құбыры салынды, екінші резервті «көгілдір отын» желісі тартылды. Бұл облыс орталығын газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ендігі кезекте желіге қосылмаған, әсіресе, жеке үйлерді қамту міндеті тұрды.

Аталған жұмыстар 2013-2014 жылдар бойы жүргізілді. Облыс әкімі жастарды жұмыспен қамтуға байланысты тың бастамалар ұсынды.

Жастарды жұмыспен қамтудағы маңызды шара ретінде колледждерді қайта бейімдеу ісін айтуға болады. «Біз экономикамызға қажетті мамандарды ғана даярлауымыз керек.

Еңбек ресурстарының балансын қайта жасақтау кезінде жағдайдың мүлде басқаша екенін көрдік. Біз даярлаған бастауыш сынып мұғалімдері мен мейірбикелер бір емес, екі облысқа жетеді екен. Ал жұмыс берушілер техникалық мамандық иелерін күндіз шаммен іздеп таппайды. Келешекте оларға деген сұраныс бұдан да арта түспек. Өйткені біз металлургиялық кластерді жасақтауға кірістік әрі бірқатар өндірістік нысандар салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, көлік-логистика саласы да дамитын болады», деді облыс әкімі бұл орайда.

Облыста ана мен бала өлімінің артуы – көп жылдардан бері шешімін таппаған мәселе. Туберкулез ауруына шалдыққандар мен осы дерттен қайтыс болатындардың көрсеткіші республикада алдыңғы қатарда тұрды. Жағдайдың бұлайша ушығуына талдау жасап, денсаулық саласындағы күрделі мәселелерді шешу үшін арнайы жол картасы дайындалды.

Бұдан бөлек, 2012 жылы облыс бала өлімі көп тіркелген аймақтардың қатарында болды. Мұның себептерін зерттей келе, сәбилердің басым бөлігі дүние есігін ашқан бір-алты сағаттың арасында қайтыс болғаны анықталды, яғни, неонатолог мамандардың, арнайы құрал-жабдықтардың қажеттілігі айқын байқалды.

Перинаталды орталыққа әлсіз туылған балаларға қажетті 5 арнайы аппарат алынды. Хирургия саласы күшейтілді.

«Сондай-ақ, біз мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыруды жалғастырамыз. Өкінішке орай, көптеген компаниялар заң бойынша еңбекке жарамды мүгедектерді жұмысқа алуға құлық таныта бермейді. Сондықтан біз осы мәселені ашық айтып, жұмыс берушілер тарапынан да оң көзқарас болады деп ойлаймыз», – деді облыс әкімі.

Сол жылғы 12-ақпан күні тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті. Аймақтағы 43 кәсіпорын мүгедектерге 329 жұмыс орнын ұсынады.

Негізінде осындай жәрмеңкелер тұрақты түрде өткізіліп тұру керек. Бұл тек Қызылорда қаласында ғана емес, аудан орталықтарында да ұйымдастырылуы қажет.

Осы кезеңде әлеуметтік сала қызметкерлерінің алғашқы облыстық форумы өткізілді. Осы салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істесе, олардың қамқорлығында 200 мыңдай адам бар. Бұл облыс халқының үштен бір бөлігіне жуық. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Бір жыл ішінде біздің 1500 ардагер мен көпбалалы аналар демалыс және сауықтыру орындарында ем алып қайтты.

Облыста үш ауысымда оқитын балалар санын азайту үшін мектептер салу қарқыны өсті. Құрылыс қарқыны айтарлықтай дамыды. Облыс орталығының сол жағалауы игерілді. Аймақта балық өңдеу, оны экспорттау дамыды. «Байқоңыр» инвестициялық форумы бірнеше рет өткізіліп, аймаққа көптеген жобалар тартылды.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<