Тәуелсіздік: 2019-2020 жылдар

809

0

Қызылорда облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың 2019 жылғы қорытындысы бойынша республикада алдыңғы қатарда аталды. Осы жылы аймаққа 400 млрд теңге инвестиция тартылды. Аймақ инвестициялар өсімінің қарқыны бойынша республикада өсу динамикасы жоғары деген үздік төрт өңірдің қатарына қосылды. Атап өтерлігі, осы жылы негізінен кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен инвестициялау көрсеткіші жоғары болды. Аталған кезеңде инвестицияның 80 проценті кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

Мұнай өндіру көлемі белгілі себептерге байланысты біршама төмендеді. Бірақ кен орындары сақталды. Жаңа мұнай кен орындарын игеру, осы салаға жаңа технологияларды енгізу, газ өндіру мен өңдеу аймақ үшін маңызды жұмыс болып қалды. Сала бойынша Оңтүстік Торғай және Сырдария шөгінді бассейндерін игеру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу күн тәртібіне енгізілді.

Аймақта тампонажды цемент өндіру зауыты іске қосылды. Өнімді Өзбекстанға экспорттау басталды. «Баласауысқандық» ванадий кен орнынан Ресей мен Ұлыбританияға 200 тоннадан астам аммоний метаванадаты экспортталды.

Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу қанат жайды. Жаңақорған ауданында мың басқа арналған мал бордақылау алаңы ашылды. Бұл жұмыстар Шиелі және Қызылорда қаласында өріс алды. Бір атап өтерлігі, 2019 жылы облыста мал басы 1990 жылғы көрсеткіштен асып түсті.

Облыста суармалы егіншілікті дамыту және өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды.

2020 жылы облыс әкімі ретінде аймақ халқы алдында Гүлшара Әбдіқалықова бірінші рет есеп берді. Бұл жылдың ауыртпалығы әлемді жайлаған дертпен тікелей байланысты болғанын атап өткіміз келеді.

Шындығын айту керек, алғашқы кезде облыста пандемияға байланысты күтпеген ауыр жағдай қалыптасты. Оның объективті салдарын сана сүзгісінен өткізу қажеттігі туындады. Әділіне жүгінсек, жаңа әкім облыста кеселге қарсы шараларды дер кезінде ұтымды ұйымдастырып, орын алған кемшіліктер қысқа уақытта жойылды. Емдеу мекемелері қалыпты жұмыс арнасына түсті.

Экономика салалары төтенше жағдайда жұмыс істеп, нәтижесінде өзінің ырғағын сақтап қалды. Облыста тұрғын үй салу жоспары артығымен орындалды. 2020 жылы аймақ экономикасының негізгі басым бағыттарын дамытуға Президент тапсырмасымен қосымша қаржы бөлінді. Осы қаржыға әлеуметтік маңызы бар  жобалар жүзеге асырылды.

2020 жылы халқымыздың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен дала данышпаны, адамзаттың екінші ұстазы әл Фарабидің 1150 жылдық және «Ұлық Ұлыс» Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойлары аталып өтті. Мерейтой аясында Абай шығармалары шет тілдеріне аударылып, жинақтары қайта жарық көрді. Сериалдар түсіріліп, байқаулар ұйымдастырылды. Ұлы ақын бюсті мен ескерткіштері әлемнің түрлі елдерінде орнатылды. Ал Абай атындағы көшелер Иордания астанасы Амманда, Болгарияның Варна қаласында, Аргентинаның Росарио қаласында ашылды. Абай мерейтойының ең жарқын көрінісі мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» телеарнасының ашылуы болды.

Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл Фараби туралы да ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылды. Жаңа кітаптар жарық көріп, деректі фильмдер түсірілді.

Сондай-ақ 2020 Волонтерлар жылы ретінде көптің есінде қалды. Еріктілер пандемия ушыққан кезде ерекше белсенділік танытып, науқастарға дәрі-дәрмек, басқа да қажеттіліктерді жеткізуге атсалысты.

Сыр өңіріндегі көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында  Шіркейлі каналына салынған жаңа көпір Сырдарияның сол жағалауын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына жалғады.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<