Тұран тарихының көкжиегі

1588

0

Белгілі саясаткерлердің бірқатар мүддесі мен көзқарасы көпшіліктің үлкен қызығушылығын туғызатыны рас. Солардың қатарында Мұстафа Кемал Ататүріктің болашаққа деген өзіндік сая­си көзқарастарына жұртшылықтың өте қызығушылық танытатыны және рас. Ол шын мәнісінде Жерорта теңізінен бастап, Солтүстік мұзды мұхитқа дейінгі Ұлы Тұран мұраттарын таразылап, кезінде көпшілікке ұсынған еді. Расында да, осындай ауқымды тарихи жобаның негізі болғаны рас па? Ұлы түріктің осынау жос­пары жүзеге асты ма?

Уақыт көрсеткендей оның батыл айтқан мұраттары (идеялары) жүзеге асты да! 1991 жылдары әлемнің картасынан жаңа тәуелсіз бес түркі мемлекеті, яғни, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түр­кіменстан және Әзер­­бай­жан мемлекеттері  ойып тұрып орын алды. Содан бері қан­шама су ағып, күн батып, таң атты дерсіз! Аталған елдер өзіндік саяси дамудың  арнасын дәл тауып, өркендей түсті. Әлем жұртшылығы түркі халықтарының қайта түлеуінің куәсі болды.

Адамзат өркениетінің та­­рихы қай кезде болсын күр­делі және соқтықпалы-соқ­пақты жолдардан өту ар­қылы жүзеге асатыны бел­гілі. Барлық халықтардың ша­рықтау және құлдырау кезеңдері болған. Мұндай жағдайдан түркі халықтары да шет қалған жоқ. Мысалы, ежелгі және ортағасырларда оларға өркениеттік дамудың ең жоғары ұстанымын табуға мүмкіндік туды. Азияда оларға қуатты Хун империясын құру бақыты бұйырды. Сондай-ақ, Үйсін және Кангюй мемлекеттері де осы кезеңдер аралығында пайда болғаны даусыз. Баламер және Аттила жалпы бүкіл Еуропаны бағындырып, қуатты империя құрды. Олардың ұрпақтары да Еуропада бірқатар мемлекетті құруға қол жеткізді. Атап айтқанда, Кубратханның Ұлы Болгариясы, Хазар және Авар қағанаттары, Шамбаттың Дулобасы, Аспарухтың Дунайдағы Болгариясы, Арпадтың Мадьяр мемлекеті, Лашиновичтердің Киев қағанаты мен Еділдегі Булгария, тағы басқа да мемлекеттер осындай-осындай ой-ниет пен табанды күрестің арқасында құрылған еді.

Орталық Азияда да саяси процестер белсенді түрде дамыды. Мұнда Түрік, Батыс-Түрік, Шығыс-Түрік, Түргеш, Қарлық қағанаттары мен мемлекеттері құрылды. Қарахан мемлекеті үлкен табыстарға қол жеткізді. Сол кездерде қимақтар, қып­шақтар, жалайырлар, ұйғыр­лар, қырғыздар, наймандар, керейлер мен өзге де халықтар құрған мемлекеттер өзіндік ерекшелігімен белгілі болды.

Көптеген ғасырлар бо­йы Селжук және Осман импе­рия­ларының саяси іс-қимылы бүкіл әлемді таң­дандырды. Олар Еуро­па­ның, Азия мен Африка халық­тарының өмірі мен тұр­мыстарында ерекше із қал­дырды.

Әсіресе, Шыңғысхан импе­рия­сының құрылуы бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Кейіннен бұл империя көптеген мемлекеттерге бөлінді. Солардың қатарында Алтын Орда, Ақ Орда, Сібір, Қазан, Астрахань, Қырым хандықтары бар еді. Қытайда жаһанды жаулау­шының не­мересі Құбылай билік орнатса, Бағдатта Хулагу билік құрды. Сонымен қатар, Ноғай ордасы, Моғолстан, Өзбек және Қазақ хандықтары мен мемлекеттері дүниеге келді. Ақсақ Темір өз империясын құрса, оның ұрпағы Бабыр Үндістанда Ұлы Моғолдар мемлекетін құруға қол жеткізді. Түріктер құрған мемлекеттер көптеп саналды. Олардың бәрін тізбелеп жату біздің жоспарымызға кірмейді.

Жаңа уақыт кезеңінде еуро­палық елдер дамудың өрке­ниетті жолына түсіп, алғы шепке шықты. Ал, түркі халықтары керісінше, құлдырай бас­тады. «Түрік» этнонимі көп­теген халықтардың өмірі мен тарих ғылымында өзін­дік берік позицияға ие болды. Расын айтқанда, әлемде 48 түркі халқы бар. Әлем халықтарының бұған қызға­нышпен қарауы – заңды құбылыс. Халықаралық тарихи сахнаға түркі халықтары екі атаумен, яғни тұрандықтар және түркілер болып шыққаны санасы сергек адамға айдан анық. Олардың алғашқысы ежелден-ақ пайда болған еді. Енді бізге ежелгі Тұранның аумағын ашық көрсетуге тура келеді. Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, ондай 3 үлкен аймақ бар. Олар – Волга-Орал, Сібір және Орта Азия аймақтары.

Біздіңше, Тұран атауы Волга-Орал өңірінде пайда болды. Бірқатар ғалымдар ол еуропалықтардың бастапқы отаны болғандығын айтады. Олар мұнда Мұз және Мұз дәуірінен кейінгі кезеңдерде өмір сүрген. Ресейлік белгілі ғалым С.В.Трусов генетиктер үндіеуропалықтардың екі туыстық белгісі болғаны анықталғандығын хабарлайды. Өйткені, R1a және R1b гаплотоптарын жеткізушілер екені көрінеді. Бұл бұдан 10-15 мың жыл бұрын болған секілді. Біріншісі, скифтердің, сарматтардың, галлдардың, үнділердің, ирандықтардың, гректер мен славяндардың генетикалық негізін құрды. Екіншісі, герман тайпалары мен массагеттердің, бри­тан­дықтар мен иберлердің және түріктердің арғы атала­рының гаплотоптарын құрды. С.В.Трусов осындай мәліметтерді ұсынды (Terra incognita) Ғұндардың (хондардың) тарихы ежелгі Русьтегі Дуло әулеті арқылы белгілі. Волга-Орал аймағында ежелгі тұрандықтардың өмір сүргендігі туралы деректер жеткілікті. Біріншіден, гене­тиктер мен археологтар бұдан бұрынырақ тұран­дықтардың (түркілердің)  алға­шында үндіеуропалықтар бол­ған­ды­ғын дәлелдеп шықты. Монғо­лои­д­тармен қан араласу кейінірек болған.

«Тұран» атауын Еділдегі Булгарияның тарихшылары кеңінен пайдаланады. Мәсе­лен, Бахши Иманның «Джагфар тарихы» атты кітабында төмендегідей хабар келтіріледі: «Осыдан 15 мың жыл бұрын Идель-булгарлар Волга-Оралда өздерінің Идель мемлекетін құрып, сонымен қатар оны Тұран деп атаған». Бұл атау өте ежелгі матриархат кезеңдері билік құрып тұрған шақтарға жататыны рас. Сол кезде махаббат құдайы есебінде Тұранды төбеге көтеріп, әспеттеген. Бахши Иманның сол кітабында мынадай жолдар кездеседі: «Эрги немесе Чакчак  аңызға айналған патшайым, олар Тұранның көмегімен «Тұран патшылығын (әйелдер пат­шалығы)» құруға әрекет еткен, яғни Джама патшалығына дейін». Ал, Джам-Иджи Имэн әулетінен шыққан, Идельдің бірінші булгарлық патшасы атанады. Идель – түрікше «жеті тайпа», яғни «жеті ел» дегенді білдіреді. Тұран – аңызға айналған алыпбике (матриархат дәуірі). Айтқандай, ғұндардың ұлы билеушісі Баламердің зайыбының есімі осылай аталған. Ол Тұрандот ертегісіндегі кейіпкердің қыз­метін атқарғандай әсер қал­дырады.

Еділдегі Булгарияның орта ғасырдағы тарихшысы Ғази-Барадж өзінің «Ғази-Барадж тарихы» атты еңбегінде Тұран туралы жан-жақты мәліметтер қалдырған. Ол былай деп жазады: «Баламер ханның батысқа қарай сапар жасауы азық-түліктің жетіспеуінен болды. Ол өзінің Идельдегі немесе Ескі Тұрандағы мемлекеттерінің ставкасын тастап, сол жаққа баруына тура келді…». Сонымен, сол кезеңдердің ықпалымен «Ескі Тұран» атауы тілдік қолданысқа енді.

Ғази-Барадж Самар өзені мен Самар тауларында Тұран­ның орныққанын атап өтеді. Ол сондай-ақ, тұран­дықтардың тілі туралы да әңгімелейді. Булгарлық тарихшы былай деп жазады: «Қамандықтар оны булгарлық түркілер десе, ал түрікмендер «тұран-теле» деп атаған.

Киев қаласында өмір сүріп «Шаң қызы дастаны» атты кітапта (882 жыл) булгарлық ақын әрі сол кітаптың авторы Микаэль Башту Ибн-Шамс-Тебир қызықты тарихи мәліметтерді қалдырған. Ол Тұран мемлекеті мен оның даңқты билеушісі Аламир туралы хабарлайды. Автор тұрандықтар жөнінде жылы лебіз білдірген.

Чуваштар Еділдегі болгар­лардың ұрпақтары ретінде саналады. Олар өздерінің ата-баба­ларының рухани мұраларын сақтап қал­ған. Мәселен, Чувашияда төмендегідей топонимдер мен гидронимдер: Моргаушск ауданындағы Тұран өзені, Ядринск ауданындағы Тұран биіктігі, Моргаушск ауданындағы Тұрай селосы (академик М.Н.Юхманың мәліметі) кездеседі.

Өткен кезеңдер адамдардың есімдерін де ұмытпауға елді талпындырады. М.Н.Юхманың  «Чуваштық есімдер» (Чебоксары, 2008 жыл) атты кітабында Тұран, Тұраней, Тұрас және Тұранби деген ерлер мен әйел есімдері (академиктің мәліметінен сөзбе-сөз) аталып өтеді.

Біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІІ мыңжылдықтарда Еділ-Орал аймағынан тұрандықтар Оңтүстік Сібірге қарай қоныс аударса, сол жақтан Месо­патамияға қарай көш түзеген. Бұл деректерді ортағасырлық булгарлық тарихшылар және қазіргі заманғы ғалымдар жан-жақты келтіріп отыр.

Сібірде өздерін хондар, хундар, сюндар, үйсіндер деп атап тұрған кезде олар  жергілікті тұрғындармен неке­лескен. Осында еуро­палық тұрандықтарға моң­ғолдық мінез-құлықтар мен дәстүрлерді біртіндеп сіңіре бастады. Ал, Оңтүстік Сібірде тұрандықтар өздерінің бұрынғы тілін, діни сенімін, әдет-ғұрып және дәстүрлерін сақтап қалды. Рас, бұған жергілікті халықтардың мәдениеті айтарлықтай ықпал етті. Соның нәтижесінде өзіндік тамаша мәдениет қалыптасып, тұрандық рухани орта жаңа арнаға түскенін жасырудың реті жоқ. Ендігі кезекте тұрандықтардың тілін үйсін-ғұндық деп анағұрлым нақты атаудың сәті келді. Бұл – түркі тілінің ең ежелгісі.

Тұрандықтар өздерінің ежел­гі ота­нын­дағы атауларды көзінің қарашы­ғындай сақтады. Жақсыбай Әмірсейітұлы өзінің жазған шежіресінде осындай тоқтамға келген. Оның айтуынша, «Тұран елі – түркі халқы, қауымдаса өмір сүрген». Біздіңше, бұл автор Сібірдегі Тұран туралы мәлімет берген секілді. Осындай ойға келуімізге Ж.Әмірсейітұлы жаз­ған шежіресінде ол Минусинск котловинасының жанынан орын тепкен ежелгі Абакан мемлекеті жөніндегі мәліметті жазады. 

Тұран атауы Сібірдегі топонимдер мен гидронимдерде берік позицияға ие. Атап айтқанда, Краснояр өлкесіндегі Краснотуранск ауданының Краснотуранск қаласы, Тувадағы Пий-Хемск ауданындағы Турань қаласы, Тувадағы Тұран-Уюк котловинасы, Буратиядағы Тункинск ауданының Тұран селосы сөзімізге жарқын дәлел. Бұл аумақтардың барлығы да Сібірге қарайды. Рас, тұрандықтардың өмір сүрген аумағы ұлан-ғайыр. Сібір мен Моңғолияны 2-Тұран немесе сібірлік Тұран деп атауға әбден болады. Қазіргі таңда ежелгі тұрандықтардың ұрпақтары сібірлік халықтардың бірқа­тары, яғни олардың хакас­тар, тувалықтар, алтай­лықтар, шорлар, тофалар, якуттар, сібірлік татарлар, тағы басқалар екені даусыз. Енисей өзенінің бассейнінде тұран атты  руы өмір сүреді. Олар туралы және өзге де түркі рулары мен тайпалары жөнінде Шәкәрім Құдайбердіұлы өзі­нің «Түркілердің, қырғыз­дардың, қазақтардың, хандық әулеттердің шежіресі» атты кітабында «Енисейлік түркі­лер» бөлімінде мәліметтер келтіреді.

Тұрандықтардың көші-қоны сондай-ақ, Орта Азияға қарай да жүзеге асты. Олар 1-Тұран (Еділ-Орал), 2-Тұран (Сібірлік Тұран) отырықшылары болатын. Соның арқасында мұнда (Орта Азиялық Тұран) 3-Тұран құрылды. Оның аумағы Кас­пий теңізінен Жоңғар Алатауына, Дешті Қыпшақтан Тәжікстанның шекарасына дейін созылып жатыр. Тұранның аумағы Иранның жерлерімен тығыз орналасқан десек қателеспейміз.

Жазба деректерде тұран­дықтар туралы «Авестада» және ортағасырлық әде­биет­терде «тур» сөзі алғаш рет жазылды. Олар Орта Азия аймақтарының тарихи өңірлеріне қоныс тепті. Ал парсылық автор Фирдоу­си өзінің өлмес туындысы, яғни «Шахнаме» поэмасында ол жерлерді түркілердің өмір сүрген аймағы деп жазып қалдырды.

Орта Азияда тұрандық­тардың географиялық атаулары берік орын алды. Мысалы, Бахши Иман «Джагфар» кітабында былай деп хабарлайды: «Провинцияның батыс жағында Уруг-төбе ерекше орын алған. Ол батыс пен солтүстікте Жайықпен (Оралмен) шекаралас, Шығыста – Уруғтау (Моғолжар), ал оңтүстікте – Джурджанмен (Хорезммен, Туран (Арал) теңізбен және Мәнқышлақпен)». Сонымен, географиялық жағынан ауқымды Арал теңізі де тұрандық болып аталған. Сондықтан да, ауқымды көршілес аумақтың «Тұрандық жазық» деп аталуы бекер емес. Бұл заңды сәйкестік десек те жарасады.

Микаэль Башту Ибн-Шамс Тебир өзінің «Шаң қызы дастаны» шығармасында былай деп жазады:

Құдай сүйген,

Тұран облысының

Жетісу деген жеріне

Бір кездері ат басын бұрдым.

Жетісудың Түркі қағана­тының аумағы болғаны бар­шаға мәлім. «Джагфар тарихы» кітабында кездесетін «Ортағасырлық булгарлардың географиялық қысқаша сөз­дігіндегі атаулар мен терминдер» жөнінде төмендегідей мәлімет келтіріледі: «Тұран мемлекеті (Тұран жұрты) – түркі қағанатының VІ-VІІІ ғасыр­лардағы булгарлық атауы». Қаһарлы әмірші Темір­лан өзін Қарсақбай жаз­уында: «Тұранның сұлтаны» десе, ал маңғыт әулетінен шыққан бұқаралық әмірлер өздерін «Түркістандық Тұран заманының падишахтарымыз» деп санаған.

Біз көрсеткен атаулардан өзге тарихтың ежелгі тұстары да бар. Олар Волга-Орал Тұраннан, Сібір Тұраннан және Орта Азиялық Тұраннан тысқары  жерлерде орын алған. Мысалы, Олжас Сүлейменов өзінің «Хат тілі» («Язык письма») атты кітабында ежелгі этрускілер түркілермен этникалық байланыста болғандығын баяндайды. Мұндай мәлімет те шындыққа саяды. Оларда Тұран деген махаббат құдайы болған. Оны Идель-Тұранның тұрғындары күнделік тұрмыстарына ен­гізген. Кейінірек ежелгі рим­діктер «тур» атауын жиірек пайдаланды.  Бұл сөзді олар этрускілерден қабылдаған секілді. Айтпақшы, ежелгі римдіктердің сөздік қорында, сондай-ақ, ежелгі гректердің де сөз қолданыстарында түркілік леп (лебіз) кездесетіні жасырын емес. Түркілік сөздер сонымен бірге Шумердің сөздік қорында да орын алған. Бұлардың қатарына аспан құдайы Дингирді (Тәңірі), су құдайы Наммуды (түркілік тіл бойынша – ылғал), егістік құдайы Ашынан (түркіше астық), тағы басқаларды тіз­белесек те жарасады. Бұл сөздерді Еділ-Идельден Месо­потамияға тұрандық тормэндер енгізгені айдан анық.

Испания да «тур» атауын қолдануда шет қалған жоқ. Солардың қатарына турде­тан­дықтарды, турдуларды, астурлар ежелгі тайпаларын және Турия өзенін жатқызуға болады.

Мұсылман  тарихшы­ла­ры­ның бір­қа­тары Белуджис­тан­дағы таулық жерлерді Тұран деп еске салуды ұмытпаған. Мұндай мысалдар көптеп саналады.

Бүгінде «Тұран» атауы кеңі­нен тараған. Солардың қатарында көптеген елдердің тұрғындары мен мекеме, кәсіп­орын, клубтар осы атауға ие. Өткен кезеңдерді қазіргі заманауи шақтар кеңістігі шақы­рады. Қорытындылай кел­генде, «Тұран» атауы және Тұранның халқы – сан мың­жылдық тарихтың шынайы дәлелі, көрінісі дер едік. Тұрандықтардың болашағы жарқын да кемел екендігі дау­сыз.

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ,

М.Әуезов атындағы ОҚУ ғылыми қызметкері, Чувашия Ғалымдар Академиясының академигі, Ресей және Чувашия Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<