Елімізде қалалық өзін-өзі басқару кеңесі құрылады

517

0

Сурет ашық дереккөз

Қазақстанда аумағында қалалық өзін-өзі басқару кеңестері құрылады. Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын таныстыру кезінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметтік емес ұйымдар қалаларда жергілікті өзін-өзі басқару дамымаған деген сын айтып жатыр. Осы орайда, елорда, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқару органы – қалалық өзін-өзі басқару кеңесі құрылады. Оның өкілеттік мерзімі төрт жыл болады», – деді Б. Омарбеков.

Оның айтуынша, қалалық өзін-өзі басқару кеңесін қалыптастыру үшін республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстық маңызы бар қаланың аумағы округтерге, ал округтер учаскелерге бөлінеді.

«Округтер мен учаскелердің шекараларын тиісті жергілікті мәслихат айқындайды. Әр учаскеден өзін-өзі ұсыну жолымен осы учаске тұрғындарының ішінен қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңес құрамына кіретін және тиісті учаске тұрғындарының мүдделерін білдіретін өкілдер сайланады. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің құрамы округ мүшелерінің қатарынан, бір округтен бір өкіл ашық дауыс беру жолымен қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен құрылады», – деді вице-министр.

Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшелерінің қызметі қоғамдық негізде жүзеге асырылады.

«Өз кезегінде, қалалық өзін-өзі басқару кеңесі өз құзыреті аясында хаттама түрінде ресімделетін шешімдер қабылдайды, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына және тиісті мәслихатқа жолдайды», – деді ведомство өкілі.

Заң жобасында қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің және оның мүшелерінің келесі міндеттері қарастырылған:

1) жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін және оларды іске асыру мерзімдерін айқындау;

2) жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдармен, мүлік иелері бірлестігінің әрі көппәтерлі тұрғын үйлердің қарапайым серіктестіктерінің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау;

3) азаматтарды тұрғын үйлер мен үй маңындағы аумақтарды күтіп ұстау, пайдаланылуын, жөнделуін, абаттандырылуын жақсарту мәселелерін шешуге тарту;

4) жер комиссиясының құрамына қатысу.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте таныстырылған заң жобасы аясында Қазақстанда ауылдық округ кеңестерін құру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, ауыл әкімі мен оның аппаратына қосымша функциялар берілмек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<