Шиеліде күріш орағы басталды. Ауданда озаттар қатарынан көрініп жүрген Н.Бекежанов ауылындағы «Халық» шаруа қожалығы биылғы жылдың «Алтын орағын» сәтті бастап, өзге әріптестеріне үлгі көрсетті.
Күріш орағының басталу рәсімінде аудан әкімі Әшім Оразбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, диқандар еңбегіне береке тіледі.
Елбасы Жолдауында: «5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын», – деп атап көрсеткен болатын. Мұны өз дәрежесінде орындау мақсат. Бірінші кезекте агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін майда шаруашылықтармен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып, өндіріс көлемі мен экспортты арттыру керек. Екіншіден, жаппай нәтижелі жұмыспен қамтуды аудан басшылығы дұрыс жүргізе білді. Осыған сәйкес, ауданда 201 майда қожалық пен 311 дара кәсіпкердің бірігуімен 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Ал, биылдың өзінде 6 кооператив құрылып отыр.
Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов, «Халық» шаруа қожалығының төрағасы Халықберді Мықанов лебіздерін білдірді. Белгілі айтыскер ақын Ержан Әміров жырдан шашу шашты.
Комбайн алқап бойымен зырғи жөнелгенде мұндағы астық көлемінің молшылығына сүйсінгендер «ырзық мол болсын!» десіп, үлкендері ақ батасын беріп жатты. Аудан өнерпаздары қойған концерттік шара меймандар мен егіншілердің көңілін серпілтті.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<