2019 жылдан бастап медициналық ЖОО түлектері үш жыл жергілікті жерлерде жолдамамен жұмыс істеуге міндеттеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа жүйе жергілікті жерлерде медицина қызметкерлерінің тапшылығын азайту мақсатында қолға алынып отыр. «Мемлекеттік грант бойынша оқыған бітірушілер өңірлерде міндетті түрде үш жыл жұмыс істеуге тиіс болады. Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың осы және басқа да мәселелері Кодекс жобасында ескерілмек», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. Бұған дейін айтқанымыздай, елімізде денсаулық сақтау туралы жаңа кодекс жобасы әзірлену үстінде. Ол өз кезегінде қол жеткізілген жетістіктерді бекітуге және дамытуға, денсаулық сақтауда орын алған проблемаларды шешуге бағытталатын, сондай-ақ саланың жоспарлы және пәрменді дамуының негізі болады деп күтілуде. Өз сөзін қорытындылай келе, Алексей Цой Кодекс жобасы барлық диалог алаңдарында мүдделі тараптармен талқылауға дайын екенін атап өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<