«Мұраны қайтаруды сұраған»: Қызылордалық келіншектің өліміне кім кінәлі?

266

0

Сурет ашық дереккөзден

«Келіншегім қарындасымның денесін көріп шықты. Мойнында жіптің ізі бар деді. Мен денені экспертизаға алып кетемін дедім. Мойнында қолдың ізі, денесінде жарақат бар. Олар ауладағы есікте болды деді. Бұлар оқиға болған жерге жіп қойып қойған. Жанында тас тұр. Ол тасты көтеруге қарындасым түгілі менің әлім келмейді. Басты күдігім үшеуінде. Енесі, қайынапасы, күйеуі», – деді ағасы.

Ал көршілері қыздың өліміне басты себеп мүлікке талас болуы мүмкін деп отыр.

«Әркім әртүрлі айтып жатыр. Біреулер күйеуімен жанжалдасқан дейді. Үйіндегілер күн көрсетпеген деп естідік. Атасы атына бірнәрсе жазып беріпті деп айтады. Екеуінің балаларына мұра қалдырған деп айтып жатыр. Соны үйіндегілер қайтар деп бопсалаған көрінеді», – деді көршісі.

«Қолдан өлтірген деп естідік. Оның несін жасырамыз, өтірік емес. Мүлікке таласқан. Ол қыздың ешқандай кінәсі жоқ. Өте жақсы, жанып тұрған қыз. Қайынәпкесі содан кейін қашып кетіпті, сосын қайта келіпті деп айтып жатыр»», – деді көршісі.

Сондай-ақ Зеренің күйеуі Фархат оқиғаның қалай болғанын өз нұсқасы бойынша айтып берді.

«20 шілде күні ұрысып қалдық. 21 шілде күні таңертең 7:30да мені жұмысқа оятты, жұмысқа сәлден соң барамын, қазір ұйықтай тұрамын деп едім, онда сағат 9да оятамын деді. Оятпай-ақ қой ұйықтай беремін дедім. Сағат 8:15 кеткен кезде балаларға қара, мен қазір келемін деп сыртқа шығып кетті. Екі балаға ұйқылы ояу қарап жатыр едім, 20 минуттан кейін екі бала жылап кеткен соң, сыртқа шығып іздедім. Дәл сол уақытта мама келіп қалды. Қолымдағы баланы мамаға ұстатып, әжетхана жаққа барсам, сол жерде асылып қалыпты. Сағат 8:40 кеткенде көрдім. Ол кезде өзім шок боп тұрдым, сосын шешіп алдым жіптен», – деді марқұм қыздың күйеуі.

Зеренің ағасы оның бұл әңгімесін жоққа балап отыр.

«Әңгімесі 180 градусқа өзгеріп кеткен. 20 шілде күні мен одан басқа ешкіммен сөйлескен жоқпын. Ол өзі келді, 70 жастағы әкеммен сөйлесіп, ант-су ішіп алып кеткен. Біз 20 шілде күні олардың үйіндегілермен сөйлескен жоқпыз», – деді Зеренің ағасы.

Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров марқұм қыздың медициналық сараптама нәтижесін қарап шыққанымен, күмәнді тұстар бар екенін жеткізді.

«Сарапшының қорытындысымен танысып шықтым. Сарапшының қорытындысы белгілі бір көрсетпелермен дәлелденуі керек. Гистологиялық зерттеуге алынған материалдар көрсетпесі болу керек. Бірақ гистологиялық зерттеулерде оның тірі кезінде алынған дәлелдемесі көрсетілмеген. Тірі кезінде асылғаны туралы нақты дәлел жоқ. Өйткені, тірі кезінде асылған із бен өлгеннен кейінгі іздің айырмашылығы болады. Тірі кезінде алынған дәлелдемесі жоқ. Гистологтар микроскопты қарап, тірі кезінде қысылған мойын деп. Енді себебін анықтау үшін, қайталама сараптама жасауға тура келеді. Мойын сүйектерін зерттеп анықтауға болады», – деді сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров.

Ал қорғаушы Ердәулет Еділбеков пен заңгер Нұрболат Ибраев бұл істе қателіктер өте көп екенін айтты.

«Қыздың бойы 1.62 екен. Астында 20 сантиметрлік тас тұр. Жалпы есіктің ұзындығы 1,70. Асылған орыннан қыздың бойы асып кетті. Бұл жерде тергеу экспериментін жасау керек. Оның үстіне оқиға орнына барған уақытта ешқандай жіп болмаған екен. Осы кісілердің айтуына сүйенетін болсақ мәйітті тексерген кезде көз айналасындағы жарақаттарды тергеуші жазбағаны анық. Қандай жіпке асылғанын, оны қарап тексермеген. Қателіктер көп», – деді қорғаушы Ердәулет Еділбеков.

«Ол жердегі экспертизаларға күдік келтіреміз. Сол себепті оны Алматыға алдырып, сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаровқа жасатамыз. Мойынында жіптен қызарып тұрған із болуы керек. Салмақ түскенде қызарған із болады негізі. Менің байқағаным саусақ ізіне ұқсайды», – деді заңгер Нұрболат Ибраев.

Қызылордалық экс-депутаттың келіні, хореограф Зере Әбутәліповаға қайталама сараптама тағайындалды. Ал заңгерлер қылмыстық іспен толық танысып біткен соң тиісті өтініштері мен талап арыздарын жолдайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<