«Отбасылық тәрбие мектебі» жобасының таныстырылымы өтті

932

0

Облыстық білім басқармасының бастамасымен бүгін қаламыздағы К.Қаракөзов атындағы №235 орта мектебінде «Отбасылық тәрбие мектебі» жобасының таныстырылымы өтті.

Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жүйесін жетілдіруді, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі белсенділігін арттыру арқылы қоғамда жалпыадамгершілік қасиеттерді қалыптастыруды мақсат еткен тәлімді шараға басқарманяң бөлім басшысы Б.Қали, мектеп директорлары, ата-аналар мен ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.

Аталмыш жоба аясында бүгінде №235 орта мектебінде «Ынтымақ» ата-аналар комитетімен бірлесіп «Тірек» әкелер мектебі, «Мейірім» аналар мектебі, «Данышпан» аталар мектебі, «Кимешек» әжелер мектебі түрлі бағыттар бойынша тиімді жұмыстарды жүргізуде. Шара барысында осы әкелер мен аталардың балаларымен бірлескен хор, би, ат баптау, асық ату, қамшы өру жұмыстары көрсетілді. Сондай-ақ, ерекше балалармен жұмыс, аналар мен әжелердің бірлескен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерінің тігін шеберханасы, кітап оқуға баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ұршық иіру, театр жұмыстары таныстырылды.

Айта кетейік, алдағы уақытта С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернаты – «орта білім беретін үздік ұйым» ретінде мектептің оқу-тәрбие жұмыстарына тәжірибесін енгізіп, тұрақты жетекшілік жасайтын болады.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<