Қазақстанда жеке деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету сервисі енгізілмек

133

0

Қазақстанда Жеке деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету сервисін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеке деректер бойынша түзетулер жобасы әзірленді. Түзетулердің негізгі бағыттарына тоқталсақ, Жеке деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету сервисін енгізу ескеріліп отыр. Бұл өз кезегінде азаматтарға өздерінің жеке мәліметтерін қадағалауға мүмкіндік береді. Сервис адамдарға өздерінің деректеріне қатысты іс-қимылдарды қарап отыруға, жеке мәліметтерге қатысты ескертпе алуға жағдай жасайды», -деді Р. Әбдіқалықов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, аталған сервис адамдарға өздерінің жеке деректеріне қатысты құқықтарын жүзеге асыра алатын тетікке айналады. Сонымен қатар жеке мәліметтерді жинауда заңдылық талаптары қамтамасыз етілмек. Мұнымен қоса, ол азаматтардың рұқсатынсыз көпшілікке қолжетімді ресурстардан алынған жеке деректерді жинау мен таратуға тыйым салу ескерілгенін айтты.

«Былайша айтқанда, егер азамат бұл іс-қимылдарға рұқсат бермесе, интернетте жарияланған жеке мәліметтерді жинау мен пайдалануға, ғаламтор-ресурстарынан деректерді жаппай алуға тыйым салу ұсынылып отыр. Бұл қадам белгісіз топтар тарапынан жеке деректерді қадағалаусыз пайдалануына тосқауыл қою үшін керек», – деді Р. Әбдіқалықов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған комитеттің басшысы жеке мәліметтердің таралуына қатысты адамдардар келіп түскен шағымдарды айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз