Қызылжарма қарқынды тірлігімен көпке үлгі

4

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қала іргесіндегі «Қызылжарма» ауылдық округінің тарихы әріден басталады. Ауылдың орталығы бұрынғы «Комсомол», қазіргі «Қызылжарма» ауылы 1929 жылы құрылған. Бүгінде 10 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекен көркейіп, өркендеп келеді. Қалаға жақын болғандықтан мұнда көшіп келушілер де көбейген. Сондықтан да ауылдың бас жоспары қайта қаралып, сарапқа түсуде.

Жалпы аумағы 32 мың гектар ауылдық округте жаңадан стадион, мектеп, балабақша салынады. Бүгінде 280 орындық балабақша, екі мектеп, мәдениет үйі бар. Тұрғындар санының көбеюіне байланысты бұл мекемелер көп адамды қамти алмайды. Сондықтан жаңа бас жоспарға сәйкес тағы да мемлекеттік мекемелер салынады.

Ауыл тұрғыны, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Молдашбек Ордабаев кезінде Сырдария ауданына қараған «Қызылжарма» тарихынан сыр шертеді.

– Бұрын барлық шаруашы­лық нысан жұмыс істеп, жер­гілікті тұрғындар сол жерде еңбек ететін. Кейін жағдай бір­шама қиындады. Бірақ тұр­ғындар жеке кәсіпке тез бе­йімделіп аяққа тұрып кетті. Міне, өздеріңіз көріп отыр­ған­­дай, ауылда газ, жарық мә­­селесі шешімін тапқан. Ха­лық­қа қызмет көрсететін ме­кеме де көбейді, 10 мыңнан ас­там тұрғын бар. Жыл сайын қоныс аударушы саны артып келеді. Ауызбірлігі мол  ауыл­да қай істі де келісіп, ақылда­сып жасаймыз.  Бір сөзбен айт­қанда, берекелі тіршілік кешіп отырған жайымыз бар, – дейді ақсақал.

Биылғы алғашқы төрт айда инфрақұрылымды жаңар­ту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеу­мет­тік қорғау және жер қатынас­тары салаларында ауқымды жұ­мыстар атқарылған.  Халық­тың өмір сүру сапасын артты­руға бағытталған жобалар ке­зең-кезеңімен жүзеге асы­ры­лып, ауыл келбетін жақ­сар­ту мен тұрғындарға қо­лай­лы орта қалыптастыруға ба­сым­дық берілуде.

Инфрақұрылым дамып келеді

Ауылдық округте елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру бағытында бір­шама жобалар қолға алынған. Осы мақсатқа қалалық бюд­жеттен 5 млн теңге бөлініп, Бесарна, Тентекөзек және Қо­ңыртөбе көшелеріне түнгі жа­рық орнатылған. Бұл жұ­мыс­­тар ауыл көшелерінің қа­уіп­сіздігін арттырып, тұрғын­дарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, жарықтан­дыру бағаналарын күтіп-ұс­тау­ға 45,6 млн теңге қара­лып, мердігер мекемелер жұмыс ат­қаруда. Ауылдың сани­тар­лық тазалығын қамтамасыз ету­ге де ерекше көңіл бөлінетіні көрініп тұр. Бұл бағытқа 20,1 млн теңге бөлініп, санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатын­да ауылдағы Ұстабаев кө­ше­сін­де 22 млн теңгеге бала­лар ойын алаңының құры­лысы бас­талды. Құрылыс жұмыс­тарын «Ай-Дан» жеке кәсіпкерлігі жүргізуде.

Жол инфрақұрылымын да­мыту бойынша да ірі жобалар бар. Облыстық бюджеттен 14 көшені қайта жаңғыртуға 1 млрд 474 млн теңге бөлінген. Атап айтқанда, Мейірманов, Алмағанбетов, Ділдебаев, Аб­садов, Ибраева, Құлжанов, На­қыпұлы, Қараарын, Төсбұлақ, Алтықұлаш, Те­рісақпай, Күркіреуік, Тереңсай және Қаратау көшелері жөн­деліп жатыр. Жобаны «Қы­зыл­орда жолдары» және «Ақ­­нұр Авто» ЖШС жүзеге асы­ру­да.

Бұдан бөлек, 67 көшедегі 50 шақырым электр желілерін жаңғыртуға республикалық бюд­жеттен 1 млрд 915 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда «Сәт сервис» ЖШС жұмысы қар­­қын алған.

Ауыл ішін ақсақалдармен және әкім Шәріп Әбдірахман­овпен бірге аралап, әлеуметтік нысандар құрылысымен та­ныстық. Көшелер тегіс, жаңа­дан жөнделген, жаяу жүргін­шілер жолы да салынған. Әкім­­­нің айтуынша, алдағы ке­­­зеңде де жұмыс жалғаса­ды. Жергілікті бюджеттен бө­­лі­нетін 12,2 млн теңгеге Ба­­тырбаев тұйығы, Бесарна, Тен­­текөзек және Қоңыртөбе көшелеріне тас төсеу жоспар­ланған. Сондай-ақ орталық кө­шелерге 40 жол белгісі ор­натылып, таңбалар салы­нады. Бұл мақсатқа 4 млн теңге қа­растырылған.

– Автомобиль жолдарының ой-шұңқырларын жөндеуге 3,8 млн теңге бөлініп, ағым­дағы жөндеу жүргі­зі­леді. Ал Абай көшесіндегі тағы бір балалар ойын алаңына 22 млн теңге бағытталмақ. Биылғы төрт айда 890 млн 913 мың теңге қаржы қаралып, оның 890 млн 828,2 мың тең­гесі, нәтижесінде бюд­жет қар­жысы 100 пайыз иге­рілді, –  дейді ауыл әкімі.

Кәсіпкерлік – ауыл экономикасының қозғаушы күші

Қызылжарма ауылдық ок­ругінің жалпы жер көлемі 32 232 гектар,  9426 адам тұ­рады, белсенді халық саны 6 455 адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 1 092 адам болса, ресми жұмыссыздар са­ны 20 адам.

Шаруасы жылдан-жыл­ға көркейген елді мекенде ірі кәсіп­орын­дар болмаса да, есе­сіне шағын кәсіпкерлік жақсы дамыған. Дүкен, монша, шаш­тараз, кондитерлік цех, дәрі­хана, оқу орталығы, мейрам­хана ашқандар бар. Жастар да кәсіпке машықтанған. Ауыл­дық округте 406 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 176 мал шаруашылығы, 30 дүкен, 6 тігін, 5 дәнекерлеу цехы, 11 көлік тасымалы, 2 оқу орталығы, 2 жеке балабақша, кондитерлік цех, мейрамхана, асхана және өзге де кәсіп нысандары бар.

Мемлекеттік бағдарла­ма­лар аясында да қолдау көрсе­ті­луде. «Аграрлық несие кор­­по­рациясы» АҚ арқы­лы «Іс­кер» бағдарламасы бойын­ша 14,2 млн теңгенің 3 жоба­сының құжаттары жинақ­та­луда. Ал «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқы­лы 10 млн теңгенің бір жоба­сы комиссия қарауына ұсы­нылған. Сонымен бірге, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асы­руға арналған мемлекеттік гранттар бойынша 15 жоба жос­парланып отыр. «Байқо­ңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 13,2 млн теңгенің 2 жобасы қолдау та­уып, тағы 4 жоба комиссия қара­уына жолданған. Кәсіп­кер­лік дағ­дыларын арттыру мақ­са­тында «Бизнес-Бастау» оқу кур­сы аясында 34 ауыл тұр­ғыны білім алып, серти­фикат иеленді.

Жалпы алғанда, Қызыл­жарма ауылдық округінде жү­зеге асырылып жатқан жұмыстар ауылдың инфрақұ­ры­лымын жаңғыртып қана қоймай, тұрғындардың тұр­мыс сапасын арттыруға, кә­сіп­керлікті дамытуға және әлеуметтік тұрақтылықты қам­тамасыз етуге бағытталған. Алдағы уақытта да жүйелі жо­балар кезең-кезеңімен іске аса бермек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ