СЫР ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ҚАСИЕТТІ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

331

0

Сыр өңірінің Бас мешітінде мейірімділік пен ынтымаққа насихаттаушы Ұлық мейрам – Қасиетті Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, Бас имам Болатбек қажы Ұласқанұлы орталық мешітте Айт намазын оқуға жиылған жамағатқа уағыз айтып, барша халықты құттықтады.

Қасиетті мерекеге арнайы келген қонақтар облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемұлы бастаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов және облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Б.Камалов мырзалар облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының қала халқына жолдаған мерекелік құттықтауын жеткізіп, бейбіт заман, ырыс-ынтымақ, береке-бірлік тіледі.

«Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітіне келген барша жамағат Айт намазынан кейін Аллаға шүкіршілік айтып, ел үшін, дін үшін дұға еткен соң, мешіт алдында тігілген қазақы үйлердің мерекелік дастарқанынан дәм татты. Ерлер жағы боз кілемде «қазақша күрестен» күш сынасып, «арқан тарту», «қол күрес», «ләңгі тебу», «асық ату» секілді ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түссе, қалғаны қара домбыраның күмбірлеген үнін тыңдап, облыстық жыр-термешілер мен ақжаулықты әжелердің өнерін тамашалады.

Халықтың ауызбіршілігін арттыру мақсатында, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен, өткізілген игі шараға куә болған жамағат мерекелік көңіл күймен тарқады.

Жалпы облыс бойынша барлық мешітте Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде аталып өтіп, сыр халқын қуанышқа бөледі.


Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<